«Тек жәбірленушінің жауабымен соттады»: 15 және 25 жылға сотталғандардың туыстары дабыл қақты

cover Фото: Orda.kz

23 шілдеде Алматыда сотталған азаматтардың туыстары мен адвокаттары баспасөз мәслихатын өткізіп, кәмелетке толмағандарды зорлады деген айыппен ұзақ мерзімге сотталған ер адамдардың істерін қайта қарауды талап етті. Олардың айтуынша, екі түрлі қылмыстық іс болғанымен, екеуінде де дәлелдеу барысында заңбұзушылықтарға жол берілген. Бір іс бойынша азамат 15 жылға, екіншісі 25 жылға бас бостандығынан айырылған. Orda.kz тілшісі жай-жапсарын біліп қайтты.

Баспасөз мәслихатына қатысқандардың айтуынша, бір істе сараптама талапқа сай жүргізілмеген болса, екіншісінде сараптама айыпталушының пайдасына шыққанына қарамастан сот айыптау үкімін шығарған. Олар істердің жан-жақты әрі әділ қаралмағанын айтып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қоғамнан қолдау сұрады.

Адвокат Ермек Тілеукеев 25 жылға сотталған азаматтың ісіне тоқталып, үкіммен келіспейтіндерін мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта бұл іс бойынша Жоғарғы сотқа шағым берілген. Адвокаттың сөзінше, үкім негізіне кәмелетке толмаған жәбірленушінің қылмыстық-процестік заң талаптарын бұза отырып алынған жауаптары қойылған.

Ол кәмелетке толмаған жәбірленушінің айғақтарын алдын-ала жазу кезінде айыпталушының өзі де, қорғаушысы да қатыспағанын айтты. Адвокат мұны бірінші сатыдағы сот жіберген өрескел заң бұзушылық деп бағалады.

Оның пікірінше, бірінші сатыдағы сот Қылмыстық-процестік кодекс талаптарын бұза отырып алынған алдын-ала жазу айғақтарды заңсыз дәлел ретінде тануы тиіс болған. Бірақ соған қарамастан дәл осы айғақтар үкімнің негізіне алынған. Нәтижесінде сот айыпталушыны 25 жылға бас бостандығынан айырған. Адвокаттың айтуынша, іс материалдары 15 томнан асқанымен, үкімнің негізгі дәлелі ретінде тек кәмелетке толмаған жәбірленушінің жауабы алынған.

«Басқа куәгерлер жоқ, оқиғаны көзімен көрген адамдар жоқ», – дейді адвокат Ермек Тілеукеев.

Сонымен қатар адвокат геномдық және биологиялық сараптамалардың да күмән тудыратынын айтты. Оның сөзінше, бірінші сатыдағы сот қорғау тарабы ұсынған ресми қосымша сараптама қорытындысын қабылдамаған.

Адвокат қазіргі таңда Қазақстанда Қылмыстық кодекстің 120, 121 және 122-баптарына қатысты істердің өзектілігі жоғары екенін атап өтті. Ол мұндай істердің қоғамда үлкен резонанс тудыратынын мойындай отырып, өз тәжірибесінен бір мысалды келтірді.

Адвокаттың айтуынша, өзіне қазір 20 жастағы қыз жүгінген. Оның сөзінше, өзі 13–14 жасында жалған жауап берген, сол жауаптың негізінде әкесі өмір бойына бас бостандығынан айырылған. Қазір ол шындықты айтқысы келетінін жеткізген.

«Сол кезде небәрі 13–14 жаста болғандықтан жағдайды толық түсінбегенмін. Қазір бәрін түсінемін. Інім әкемді сағынады. Мен шындықты айтқым келеді» деп келтірді қыздың сөзін адвокат Ермек Тілеукеев.

Осыған байланысты қорғаушы соттар мен тергеу органдары жәбірленушінің айғақтарын дәлел ретінде қабылдағанда оларды міндетті түрде басқа дәлелдермен де растауы қажет деп санайды. Ол өзінің педофилдерді немесе өзге де ауыр қылмыс жасаған адамдарды қорғамайтынын ерекше атап өтті.

Алайда адвокаттың айтуынша, тәжірибесінде отбасылық жанжалдардың салдарынан кәмелетке толмаған балаларды құрал ретінде пайдалану фактілері де кездескен. Ол ерлі-зайыптылар ажырасқаннан кейін балалардың туған әкесі жыныстық сипаттағы әрекет жасады деген айып тағылған істер болғанын айтты.

Адвокаттың пікірінше, мұндай жағдайда құқық қорғау органдары мен бұқаралық ақпарат құралдары ақпаратты жариялаған соң қоғам бірден балалардың жағына шығады. Сонымен қатар ол жәбірленушінің жауабынан бөлек нақты дәлелдер болған жағдайда ғана мұндай айыптарды толық қолдайтынын жеткізді.

Ал дәлелдер жеткіліксіз болса, тек жәбірленушінің айғағына сүйеніп үкім шығаруға болмайды деп есептейді. Оның пікірінше, Қылмыстық-процестік кодекске өзгерістер енгізіп, жәбірленушінің жауабынан бөлек өзге дәлелдемелердің болуы жөніндегі талаптарды күшейту қажет.

Адвокат ересек әйелдерді зорлау істерінде де көп жағдайда негізгі дәлел ретінде жәбірленушінің жауабы алынатынын айтып, мұндай істер бойынша дәлелдеу стандарттарын қайта қарау қажеттігін көтерді. Сонымен қатар ол арыз құқық қорғау органдарына бірнеше жылдан кейін түсетін жағдайларда да қосымша дәлелдер міндетті түрде талап етілуге тиіс деп санайды.

Orda.kz редакциясы журналистік стандарттарды сақтай отырып, аталған қылмыстық істер бойынша сот актілерін, құқық қорғау органдарының ұстанымын және жәбірленуші тараптың пікірін жариялауға дайын.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар