Алматыда апортты алқаптар жойылып жатыр. Parmigiano Group-тың бұған қатысы қандай?

Алматының таулы жотасының бұған дейін жайқалып апорт өсіп тұрған алмалы алқабында жаңа тұрғын үй кешені салына бастады. Ол коттедж қалашығының иесі кім, Алматыда қанша апорт алқабы аман қалды және Parmigiano group компаниясының бұл жерге қандай қатысы бар? ORDA. осы сұрақтарға жауап іздеді.
Бұған дейін де біз Каменка жотасында апорт алқаптарының шабылып, Іле-Алатау Ұлттық паркі мен еліміздегі тұңғыш Обсерваториялық зертхана жанынан тағы бір коттеджді қалашық салынып жатқанын баяндаған едік. Жергілікті тұрғындар да көп жылдардан бері апортты алқаптардың оталып, ағаштары мен қаратопырағы машиналарға тиеліп сатылып жатқанын хабарлаған болатын. Алма ағаштарының орны лай көшкіні қаупін тудыратын алқапқа айналғанына қарамастан мұнда тұрғын үй салуға дайындық жұмыстары жүргізіле бастады.
Галина Харитонова – В. Г. Фесенко атындағы Обсерваторияда алпыс жылдан астам жұмыс істеп келеді, өзі Каменка жотасында тұрады. Ол Алматыға 3 жасында ата-анасымен соғыс жылдары Киров атындағы машина жасау заводымен эвакуацияланып келген.
«Анам мен әкем, атам бәрі машина жасау заводында жұмыс істеді. Әкемді соғысқа алып кетті. Көк шалғынды қала мен гүлдеген алма ағаштарына оранған қаладан алған менің алғашқы әсерім әлі күнге есімде қалды.
Елуінші жылдары алма ағаштары Каменка жотасының сәні мен қаланың көз тартатын көрікті жері болатын. Алма ағаштары гүлдеген кезде оны көруге серуеншілер барлық жақтан келетін. Алма бақты жұрт табиғаттың тамашасы деп әсерленетін».
Галина Александровнаның айтуынша Каменка жотасындағы Обсерваторияны шығысынан да, батысынан да алма бақтары қоршап тұратын. Осы алмабақтардың зерттеулерге қажетті атмосфералық және температуралық көрсеткіштерін теңестіруге әсері бар еді.
«Обсерваторияның шығысында алманың апорт түрі өсетін. Ғалымдардың айтуынша апорт дүниежүзінің басқа еш жерінде өспейді. Ғылыми қызметкерлер күзде алма жинауға қатысатын. Жазда мұнда алманың иісі аңқып тұратын. Әр алманың салмағы 500 граммға жететін. Сол алмалардың дәміне жететін алма жоқ қазір. 2005 жылы апорт ағаштарын шабу басталды. Әлдебіреулер бұл алма алқаптарын иесі жоқ жер деп есептеп, оны сатуға, сыйлауға немесе біреулердің атына тіркеуге болады деп шешкен».

«Аяқ астынан «заңды»қожайындар пайда болды. Ашық айтқанда негізінде ол жер халыққа тиесілі жер болатын. Апорт та халықтыкі. Сондай киелі, қасиетті жерді меншіктеп шауып жатқандар кім? Қазір апортты алқапта болып жатқан іс – қылмыспен тең!»
Жер Кодексінің 92, 93, 94 баптарында өз бағытында бір жылдан аса пайдаланылмай жатқан жер, заңдылықтарды бұзып пайдаланылып жатқан жер, жердің құнарлылығын бұзып пайдалану немесе экологиялық зияндылыққа әкелетін жағдайда жер иесінен немесе жер пайдаланушыдан мемлекет пайдасына қайтып алынады - делінген.

Олай болса ондаған жылдар ішінде шабылып, жойылған қымбат алма алқаптары неліктен Жер Кодексі бойынша мемлекет иелігіне қайтарылмаған?
Өткен күзден бастап Каменка жотасында апорт алқаптарының орнында құрылыс жұмыстарына дайындықтар жасала бастады. Тіпті стратегиялық нысан деп саналатын Обсерваторияның жақын іргесінде үйдің тасы қаланатын 30 қазандық шұңқыр қазылып қойылған.

Ал ауыр жүк көлігі жүретін жол салынуы үшін алма, алмұрт, алхоры өсіп тұрған көпжылғы жеміс бағы шабылды.

Құрылысқа дайындық көпшіліктің пікірінсіз, келісімінсіз басталып, қоршау да жасалып қойды.

Құрылысты жүргізетін компания - Parmigiano group екен. Бұл компанияның аты көптеген сайттарда құрылыс компаниясы ретінде де, жылжымайтын мүлік сататын компания ретінде де тіркелген. Бірақ, бұл компанияның жобалар беттерінде «Solar Homes» коттеджді қалашығы көрсетілмеген. Аталған тұрғын үй комплексінің таныстырылымында құрылысшы компаниясы ретінде Almaty Vilnius Architects көрсетіліпті. Аталған екі компанияның да негізін салушы және басқарушысы бизнесмен Алмас Әбдіғаппаров.
ORDA. Алмас Әбдіғаппаровпен байланысқа шыққанда, ол айтылған жаңа коттедж құрылысына қатысы жоқ екенін, бірақ оның жобасымен айналысатынын жасырмады.
Parmigiano group басшысы алма алқаптарының шабылуына да еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Алайда, компанияны «апорт алқабын шапты» деп айыптаған бұқаралық ақпарат құралдарымен соттасатынын және алқап иесінің сотқа шағымы дайындалып жатқанын жеткізді.
Solar Homes меншік иесінің аты-жөнін немесе байланыс нөмірлерін беру туралы өтінішімізге Әбдіғапаров «бұл туралы мәліметтерді мемлекеттік органдардан алыңыз» деген ақыл айтты.
Ашық деректерден коттеджді қалашықтың иесі 1989 жылы туған Фатима Канаева екені белгілі болды. Олай болса жер иесі ретінде ол алмалы алқаптағы барлық мәселеге жауап беруші болып табылады.
Атап айтқанда, лай көшкіні жүретін жерде тұрғын үй салатыны үшін де. Өйткені апорт алаңы шабылғалы бері ол жерде үш рет лай көшкіні орын алған болатын.

Parmigiano group компаниясы менеджерлерінің мәліметі бойынша бұл жерге салынатын тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің бағасы 550 мың теңге болса, «Solar Homes»-тің былтырғы жылы төлеген салығы 463200 теңге ғана болыпты. Айырмашылық көзге ұрып тұр.

Коттеджді қалашықтың жарнама парақшасында тұрғын үй кешенінің ең ұтымды тұсы оның Обсерваторияға жақындығы деп аталады. Ал қалашықтың жақындығы Обсерваторияның ғылыми жұмыстарына қандай кедергі келтіретіні айтылмайды.
Орналасуы

«Solar Homes» коттеджді қалашығы Медеу ауданында Обсерватория мен Астрофизикалық институты жанында орналасқан. Достық даңғылынан 10 минуттық жерде. Бұл жер өте таза тау самалымен, жанға жайлы микроклиматымен ерекше. Аудан теңіз деңгейінен 1450 метр жоғарыда орналасқан. Терезеден тау көрінісі, жоталар мен қала көрінісі, төңірек көкорай шалғынмен көз тартады.
Бізге белгілі болғаны, Solar Homes-тің жобалық-сметалық құжаттары жоқ болып шықты, қажетті инженерлік-геодезиялық зерттеулер, сараптау-экспертиза жұмыстары жүргізілмеген. Соған қарамастан шаршы метрлерді сату жұмыстары өте қауырт және белсенді түрде жүріп жатыр. Parmigiano group менеджерлері жаңа үйлер туралы кеңес беріп шабылуда. Ал рұқсат құжаттарын рәсімдеу туралы өтініштерге құлақ асқысы жоқ.
Қала құрылысы мемлекеттік басқармасы жобалық-сметалық құжаттарды бекітуден бас тартты. Алайда басқа да құжаттары рәсімделмегеніне қарамастан лай көшкіні жүретін қауіпті жерде құрылыс жұмыстары басталып кетті. Қазандық шұңқырлар қазылып жатыр.
Үлескерлердің кепілді қорының тізімінде Solar Homes жоқ. Сондай-ақ құрылыс орнында құрылыс иесі, тапсырушы, орындаушылар, аяқталу мерзімі көрсетілген құрылыс нысанының төлқұжаты жоқ.
Forbes-тің өткен жылғы рейтингінде бұл болашақ коттеджді қалашық Алматыдағы тұрғын үй нарығындағы ең қымбаты болып хабарланған. Бұл жерде сауна, бассейндер салынады, ал үйлер бағаналы-тіреулі болады деп жоспарланған.
Архитекторлар одағының төрағасы Сергей Мартемьяновтың мәлімдемесі бойынша мұндай жерде бағана-тіреулі үй тұрмақ, тіпті қандайда бір құрылыс жүргізуге мүлдем тиым салынады.
Өйткені Обсерватория тұрған жер 10 баллдық жер сілкінісі болуы ықтимал аумақта орналасқан стратегиялық нысан, ал оның төңірегі қадағаланатын аймақ. Мұндай жерде капиталды құрылыс жүргізуге қатаң тиым салынған.
«Жол болған жерде көлік те жуылады, үй болған жерде гүл өсіріліп-ол суғарылады, оған бассейнді қосыңыз. Судың топыраққа сіңуі кез келген жағдайда болып жатады».
Ол жерлерге кезінде апорт ағашы бекерден бекер отырғызылған жоқ дейді, Сергей Мартемьянов. Ағаштардың тамырлары тау беткейі топырағының бекуіне әсер ететін.
«Ағаштар егілген жерде көпжылғы шөптің, ағаштың тамырлары топырақ қабатының бекуіне әсер етіп, ол жер жылдар бойы өзгеріссіз тұра беретін. Ондай жерге үй салғанда жер бедері бұзылып, су жер қабатына сіңіп үйлер тұрған жерінен жылжи бастайды немесе жарықшақтанып бұзыла бастайды. Ел ондай үйден кету керек екенін түсінеді».
Алматы 10 баллдық жер сілкінісі аумағына жатады. Оның алдын алу немесе жер қабатында болып жатқан өзгерістерді білу, оған әсер ете алу әзірге адамзаттың қолынан келмейтін іс.
Тәжірибелі архитектор «мамандардың, инженер-геологтардың пікірі ескерілмей жатса төтенше жағдайлар туындай қалған сәтте адамдардың өмірі үшін кім жауап береді?», - деген мәселе көтеріп отыр.
«Бұл жерде мынадай бір сұрақ туындап тұр. Құрылыс жұмыстарын жүргізуге кім рұқсат беріп отыр? Біріншіден, космостық маңызы бар стратегиялық нысанның маңайында құрылыс жүргізуге тиым салынған. Екіншіден, лай көшкініне бейімді аумақта ешқандай құрылыс жұмыстарын жүргізуге болмайды. Бұл бәріне белгілі ереже».
Галина Александровна – астрофизикалық станцияның аға ғылыми қызметкері, ғылыми станция өзінің барлық бақылау-зерттеу жұмыстарын шығыстан бастайтынын айта келе, тұрғын үй құрылысы басталса станция ол ғылыми бақылауларды жүргізу мүмкіндігінен айырылатынын жеткізді.
«Коттедж қалашығы салына бастаса космостық бақылауларды жүргізе алмаймыз. Оның нәтижесі обсерваторияның жабылуына әкелуі мүмкін. Біз космос еліміз. Обсерваторияның жабылуы ғылымға деген зор кедергі әкеледі. Бұрын ғылымға көп қолдау жасалушы еді. Ал апорт алаңдарының жойылуы – ол да еліміз үшін үлкен қиянат».
Космостық мемлекет бола тұра соғыс кезінде ашылған ең тұңғыш тарихи астрофизикалық обсерваторияны осылайша жабылуға әкеп тіресек, бұл Қазақстан үшін кешірілмес жағдай.
Қазақстан космодромынан қаншама адам ғарышқа ұшып, аспан төрінде зерттеулер жүргізіп жатқанына қарамастан, мектептер мен университеттерде қазір Астрономия пәні жоғалғалы қашан! Ал Обсерваторияға бөлінетін қаржы - жеңіп алған гранттарға тәуелді болғанына не дерсің!
Обсерваториядағы еңбек өтілі 60 жылдан асқан аға ғылыми қызметкерінің айлығы небәрі 75 мың теңге! Бұл еліміздегі орташа айлық мөлшерінен бірнеше есе аз.
Ғарыш айлағы бар мемлекет саналатын Қазақстан ғылымға қалай көңіл бөледі, егер Обсерваторияның тағдыры апортты шауып орнына тұрғын үй салайын деп жатқан жеке үлескер құрылысшыға тәуелді болып тұрса?
Евгений Сальников, селекционер және агроном, алманың «Восход» сортын шығарушы.
«70-ші жылдары жеміс ағаштарының санын есептегенде алманың апорт түрінің саны елімізде 3 млн. 700 мың түп болатын. 1991 жылы - 100мың апорт бағы қалған. 1995 жылдан жалпы алма бақтарының саны тез азайып кетті.
91 жылғы 100 мың алма бақтан 10 жыл ішінде 90 пайызы жоқ болды. Қазір 10 мыңнан сәл ғана асатын бақтар қалды. Алматының апорт бақтары мүлдем жойылып кетті. Олардың орнына коттедждер салынып жатыр. Бұл – трагедия!»
Сальниковтың орынды сұрағы: соншама жеріміз бола тұра, неліктен біз үйді дәл алма бақтар тұрған жерге, алма ағаштарын шауып тастап, дәл сол орынға үй саламыз? Апортты жоғалту қала үшін де, еліміз үшін де орны толмас өкініш.
«Мен Алматыда туып-өстім. Алматы Кеңес одағындағы ең жасыл 3 қаланың бірі болатын. Киевтен кейін Алматы болатын. Қазір Алматы жер шарындағы ең лас қалалардың бірі болды».
Агрономның ойынша, апортты әлі де сақтап қалуға болады. «Апортты қала» деген атақты Алматыға қайтаруға да болады.
«Мен селекционер ретінде апортты қайта жаңғыртуға болады дер едім. Ол үшін мемлекеттің батыл шешімі керек. Елімізде апортты сақтау үшін оны қорғаушылардың дауысы керек. Апорт - еліміздің мақтанышы».
Жергілікті тұрғындар апорт ағаштарының жойылып жатқаны туралы барлық тиісті орындарды хабардар етті. Олардың ішінде Экология Министрлігі, экополиция, прокуратура, Жер комитеті, әкімдіктер бар.
Апорт бағының орнына салынатын үйлердегі адамдар тағдырына төтенше жағдай бола қалған жағдайда кім жауап береді?
Адамдардан басқа, мысалы, төтенше жағдайда - лай көшкінінен элиталы үйлер бұзылып жатса оның құнын кім төлейді?
Құрылыс жұмыстары басқа нысандарға, жолдарға зиянын тигізетіні айтылып, ескертіліп жатқанына қарамастан Solar Homes болашақ тұрғын үйлерін сатып жатыр.
Ал заңсыз түрде алмалы алқапты меншіктеп, ондағы ағаштарды жойып, орнына ешбір рұқсат құжаты рәсімделмеген болса да коттедж қалашығын салайын деп жатқан құрылысшыдан ол жер неліктен мемлекет меншігіне қайтарылмай жатыр?
ОRDA.- ның редакциясында жер иелері туралы құжаттар бар. Апорт бағының қолдан қолға өтуі бір адамдардың ғана арасында жүргізілгені белгілі. Бұл туралы ақпараттың әлі жалғасы бар.
Авторы: Сауле Саденова
Аударған: Баян Таңатарова
Жаңалықтар
- «Мен оны теледидардан көріп өстім»: депутаттар Сара Назарбаева туралы не дейді?
- Садыр Жапаров қазақтар мен қырғыздарды арандатушылыққа жол бермеуге шақырды
- Египетте Қазақстан, Ресей және Өзбекстан азаматтары жаппай ұсталып жатыр
- Ақтөбе соты марқұмды туыстарына айтпай жерлеген полиция басқармасын жазалады
- Нұрсұлтан Назарбаев бірінші жұбайымен қоштасу үшін Алматыға келді
- Ақтауда жаяу жүргінші өтетін жолақта 2 баланы көлік қағып кетті
- Астанада экс-депутат ақша жымқырғаны үшін сотталды
- Павлодарда мәңгілік алауда би билеген қыздарға қатысты сот отырысы өтті
- Сара Назарбаева дүниеден озды
- Қазақстанда қыз алып қашқандар 7 жылға дейін сотталады
- Тоқаев көлік министріне сөгіс жариялады
- Грекияда 6,1 балдық жер сілкінісі болды
- Парижде алғаш рет қазақ-қырғыз айтысы өтеді
- Таразда мәслихат депутатының не үшін соққыға жығылғаны белгілі болды
- Алматыда Тасмағамбетов сатқан жер телімі заңсыз болып шықты
- Танымал адвокат Шерзаттың сотындағы прокурорлардың өрескел қателіктерін көрсетті
- Моншадағы қызды жасырын камераға түсіріп, бүкіл ауылға таратқан жасөспірімдер ұсталды
- Қостанайда өгей қызын зорлаған ер адам асылып қалды
- Жаназада бір бума ақша шашу дәстүрде бар ма?
- Шымкентте лайк баспаған қызметкерлерін жазалаған шенеунік қызметінен босатылды