Айсұлтан Назарбаевтың Ұлыбританиядағы әскери оқуы: Қазақстанның әуе қорғанысы Ресейге қаншалықты тәуелді?

Айтыла-айтыла жауыр болған көп жаңалықтың бірі секілді 6 маусымда қол қоя бастаған Қазақстан мен Ұлыбританияның әскери ынтымақтастық жөніндегі жоспары да жұрттың назарынан тыс қалар еді. Алайда осы оқиғадан кейін болған күтпеген жағдайлар қоғамның назарын аударды. Екі күн өткен соң қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов кенеттен қызметінен босатылды. Бұл кезде анонимді Telegram-арналар министрдің ел басшылығынан жасырын әрекет еткені туралы қауесеттерді тарата бастады. Бірнеше күннен кейін Қорғаныс министрлігінің сайтынан жоспар туралы баспасөз хабарламасы да аяқ астынан ғайып болды.
Ғайып болған құжаттың мазмұнына қарасақ, бар болғаны жұртты мезі ететін офицерлерді оқыту, тіл курстары мен БҰҰ шеңберінде өтетін бірлескен оқу-жаттығулар жайлы жаңалық секілді көрінеді. Соған қарамастан ол неліктен резонанс тудырды?
Қазақстанға британдық әскери мамандар не үшін қажет?
Әскери сарапшы әрі тәуелсіз заңгер Дәулет Жұмабековтың сөзінше, мұндай келісімдер Қазақстанға кәсіби байланыстар мен әскери құзыреттерді дамытуға мүмкіндік береді.

«Бұл – екі елдің қорғаныс ведомстволары арасындағы күнделікті жұмыс тәртібіндегі құжат. Қазақстан бұған дейін де көптеген мемлекеттермен, соның ішінде НАТО-ға мүше Түркия елі және Италиямен де осыған ұқсас келісімдерді жасап келген. 2020 жылы дәл осындай құжатқа Қазақстан Ұлыбританиямен бірге қол қойған болатын. Ол кезде бітімгерлік, инженерлік-залалсыздандыру бойынша және әскери-медициналық дайындық сияқты келісімдер болды», – дейді Жұмабеков.
Дегенмен ақпараттық алаңда Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовты ел басшылығына ескертпестен Ұлыбританиямен келісім жасаған деген болжамға қарасақ. Бұл «біз шабуылдың қайдан болатынын нақты білеміз» деген кеңестік дәуірдегі сөзді еске түсірді.
Алайда сарапшылардың айтуынша, мұндай тұжырымдар нақты деректерге жанаспайды, тіпті мүлде қисынсыз.
«Бүгінге дейін бұл нұсқаны бірде-бір ресми орган растамады. Менің ойымша, бұл алып-қашпа сөздер ең алдымен, министрдің не себепті отставкаға кеткені ресми түрде айтылмағандықтан тарады. Түрлі конспирологиялық теориялардың туындауы да содан. Менің пікірімше, келісімге қол қойылу мен министрдің қызметтен кетуінің арасында тікелей байланыс жоқ. Тек уақыт жағынан сәйкес келіп қалуы мүмкін. Бұған дәлел – 2020 жылы дәл осындай келісім жасалғанда қорғаныс министрі ешқандай қызметінен босатылған жоқ», – дейді Дәулет Жұмабеков.
Оның пайымдауынша, мұндай әңгімелер ішкі реакциядан гөрі сыртқы қысымның көрінісі болуы ықтимал:
«Меніңше, мұндай конспирологиялық болжамдар алдымен Ресейде таратылды. Бұл біздің элиталарға сырттан жолданған белгі іспетті. Ресей біздің сыртқы саясаттағы әрбір қадамымызды қызғанышпен бақылап отыр және ҰҚШҰ (ОДКБ) аясында емес, басқа елдермен әскери келісімдер жасауымызға сенімсіздікпен қарайды», – деп түйіндеді Жұмабеков.
Сала сарапшысы, Cosmos.kz компаниясының басшысы Нұрлан Әселқанның айтуынша, бұл келісім бұрыннан бар әріптестікті жалғастыру ғана.

«Шын мәнінде, британ тарапы бар болғаны келісімнің мерзімін ұзартты. Астана мен Лондон арасында әріптестік бұған дейін де жүзеге асып келген. Мысалы, қазақстандық әскери кадрлар Ұлыбританияның жоғары әскери оқу орындарында білім алып жүр»,
– дейді ол.
Нұрлан Аселқан бұл тәжірибенің тамыры тереңде жатқанын еске салады. Айталық, Қазақстанның бұрынғы президентінің немересі Айсұлтан Назарбаев Ұлыбританиядағы ең беделді оқу орындарының бірі – Сандхерст корольдік әскери академиясында білім алған. Бұл – кезінде Уинстон Черчилль мен фельдмаршал Бернард Лоу Монтгомери секілді әйгілі тұлғалар түлек атанған академия.


Сондай-ақ, Қазақстан 2006 жылдан 2019 жылға дейін АҚШ және Ұлыбританиямен бірлесіп «Дала бүркіті» атты көпжақты оқу-жаттығу шараларына қатысқан.
«Бұл былай болатын, әскери-көлік ұшағы америкалық немесе британдық – Қапшағай маңындағы оқу полигонына қонатын. Одан кейін «жасыл береттегі» арнайы жасақ немесе британ командостары түсіп, қазақстандық әскери мамандармен бірлескен дайындық жүргізілетін»,
– деді Нұрлан Аселқан.

Оның айтуынша, қазіргі жоспар – нәтижеге жеткен нақты істі қолға алу. Бұл жолы басымдық офицерлерді оқытуға, әскери терминологияны ағылшын тілінде меңгеруге және халықаралық миссияларға қатысуға берілді.
Сарапшы атап өткендей, Ұлыбритания үшін бұл келісім әскери одақ құру емес. Бұл олар үшін аймақтардағы стратегиялық белсенділікті сақтап тұрудың амалы.
«Ұлыбритания – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі әрі ядролық держава. Мұндай келісімдерге келуі – өз алдына маңызды қадам және түсініктеме талап етпейді. Мұнда ешқандай заңға қайшы әрекет жоқ», – дейді ол.
Нұрлан Аселқан бұл келісімді министр Жақсылықовтың қызметінен кетуімен байланыстыруға еш негіз жоқ деп есептейді.
«Меніңше, Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың отставкасын осы тақырыптағы жаңалықтармен байланыстыру орынсыз. Ұлыбританиямен арадағы қарым-қатынасымыз тұрақты әрі конструктивті сипатта. Келісімдер Қазақстан басшылығымен және Ұлыбританияның сыртқы істер министрімен соңғы ресми сапарлар барысында талқыланып, мақұлданған. Сондықтан мен бұл жағдайда алаңдауға еш негіз көріп тұрған жоқпын», – деп түсіндірді сарапшы.

Ол сондай-ақ бұл жаңалықтың жарияланған кездегі халықаралық ахуалға да тоқталып өтті.
«Ұлыбритания қазіргі қақтығыста Украинаға ең табанды әрі жүйелі қолдау көрсетіп отырған елдердің бірі. АҚШ-та белгілі бір саяси ауытқулар байқалса да, Британия өз ұстанымынан тайған жоқ. Бұл елдегі ішкі саяси өзгерістерге де байланысты. Соғыстың шарықтау шегі Консерваторлар партиясы билік құрған кезеңге сәйкес келді. Сол уақытта үкімет басында Борис Джонсон, кейін Риши Сунак болды. Жуырдағы сайлаудан соң билікке Кир Стармер бастаған лейбористер келді. Дегенмен, Британияның Украинаға қатысты саяси ұстанымы титтей де өзгерген жоқ», – дейді Нұрлан Аселқан.

Оның сөзінше, болып жатқан жағдай тым қарапайым.
«Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы қарым-қатынас жүйелі, орнықты сипатқа ие. Бұл – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болып саналатын маңызды елмен серіктестік. Ал қоғамда туындаған шудың сипаты, тіпті, Ұлыбритания Қазақстанға ядролық қару сатып жібергендей әсер қалдырды. Негізінде бұл тек кадр даярлау, бірлескен жаттығу, әскери саладағы үйлестіру, техникалық және рәсімдік мәселелерді – мысалы, шекара маңындағы немесе әуе кеңістігіндегі шиеленістерді болдырмау шараларын қамтитын жайт», – деп түйіндейді сарапшы.
Қазақстан өз әуе шабуылына қарсы қорғаныс (ӘШҚҚ) жүйесіне қатысты ұлттық егемендігін сақтап келеді. Сонымен қатар, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (ТМД) біріктірілген ӘШҚҚ жүйесіне де мүше. Бұл міндеттемелер елдің ұлттық заңнамасында нақты бекітілген және берік құқықтық негізге сүйенеді. 1995 жылғы көпжақты келісімнен бастап (оған Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстан және Тәжікстан қатысқан) қазіргі Ресеймен жасалған екіжақты шарттарға дейін.
Осылайша, қорғаныс саласындағы байланыстар тек ынтымақтастық үшін құрылуы мүмкін.
«Бұл қандай да бір әскери одақ құру немесе дайын әскери одаққа қосылу емес. Бұл – мүлде бөлек нәрсе», – деп атап өтті әскери сарапшы, тәуелсіз заңгер Даулет Жұмабеков.
Ол Ресей мысалға келтірді. Ресей де әскери келісімдерді басқа серіктестерімен ешкімнің рұқсатынсыз жасап жүр.
«Ресей Қытаймен, Иранмен, Солтүстік Кореямен және басқа да көптеген елдермен әскери саладағы ынтымақтастық туралы келісімдер жасасқан. Бұл келісімдердің ешқайсысы Қазақстанмен келіспеген. Тіпті, Солтүстік Кореямен арадағы келісімде тараптардың бірі екіншісінің әскери қақтығыстарына тікелей қатыса алады деп жазылған. Яғни бұл, шын мәнінде, Ресейдің әскери одаққа кіруі деген сөз. Ол мұны ҰҚШҰ-ның мүшесі бола тұра, ұйымның басқа мүшелерімен келіспестен жасаған», – дейді Жұмабеков.

Сарапшы бұрынғы Қорғаныс министрі туралы да пікір білдіреді. Оның отставкасы төңірегінде тараған «қамауға алынды» деген қауесеттер кейін жоққа шығарылғанымен, бұл жағдайдың артында қарапайым жемқорлық болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
«Қазақстандағы шенеуніктер туралы бір белгілі адамның сөзі бар. «Мен сендердің әрқайсысыңды жетектеп, сотқа алып бара аламын». Өкінішке қарай, содан бері ештеңе өзгерген жоқ», – дейді Даулет Жұмабеков.
Сарапшы елдегі шешім қабылдау жүйесіне де тоқталады:
«Бізде президенттік, тіпті суперпрезиденттік басқару формасы бар. Яғни, кез келген маңызды саладағы күн тәртібін Президент айқындайды. Әрине, шешім қабылдау барысында халықаралық әріптестердің ықпалын да ескеруге тура келеді», – дейді ол.
Жаңа министр жайлы да өз ойын айта кетті.
«Жаңа тағайындалған министр — жүйенің өкілі, жоғарыдан берілген бұйрықтарды адал орындайтын адам. Қазіргі жүйеде басқа адамдардың жоғары қызметке көтерілуі екіталай. Сондықтан бұл адамнан түбегейлі реформалар немесе батыл, дербес әрекеттер күтуге себеп жоқ», – дейді Нұрлан Аселқан.

Ол кадрлық өзгерістер мен қол қойылған келісім арасындағы байланысты тым артық бағаламауға шақырады:
«Кәсіби ұшқыштардың Қазақстан әскеріндегі рөлі бұрыннан белгілі. Бір кездері Қорғаныс министрлігін кәсіби ұшқыш Мұхтар Алтынбаев басқарған. Дәл сол кезеңде әскер авиация мен аэромобильді күштерге басымдық берді деген пікір бар. Қазір мұндай көзқарас сынға ұшырап отыр. Әскерді құрлық сарбаздарынан шыққан әмбебап генерал басқаруы керек деген ұстаным күшейіп келеді. Алайда тарихи тұрғыдан алғанда, ұшқыштар — Қорғаныс министрлігінің негізін қалаушылардың бірі (егер саяси басшылықты есепке алмасақ). Әуе күштері мен ӘШҚҚ – бұл ең технологиялық сала. Мүмкін, бұл бағыттың офицерлері күрделі жүйелермен жұмыс істеуде ең тәжірибелі болғандықтан да шығар», – деп пайымдайды Аселқан.

Ол өз сөзін үкіметтің әскердегі әлімжеттікті тоқтататын адамды қажет етуі мүмкін екенін айтып түйіндеді.
«Үкімет қазір әскерде тәртіп орнатып, жүйелі жұмыс жүргізе алатын, әсіресе адам шығынын азайтатын — өз-өзіне қол жұмсау, төтенше оқиғалар сияқты жағдайлардың алдын алуға қабілетті әскери басшыны қажет етіп отырған болуы мүмкін. Яғни, жаңа тәсілі бар, тиімдірек басшы керек сияқты», – деп түйіндейді сарапшы.
Геосаяси шындық және жаңа министрдің маңызы
Орталық Азия бойынша сарапшы, саясаттанушы Аркадий Дубнов болып жатқан өзгерістерге геосаяси тұрғыдан қарауға кеңес береді. Оның сөзінше, Ресеймен қарым-қатынас бұл жай сырт көз үшін жасалған ресмилік емес, шешуші фактор.

«Осы жақында Ташкентте Ресей күніне орай елші Олег Мальгинов Өзбекстан президенті Мирзиеевтің сөзін келтірді: «Ресей мен Өзбекстан әрқашан бірге болған, бірге болады». Бұл болашаққа бағытталған мәлімдеме тәрізді. Біртүрлі астарында анты бар ұстаным. Ал Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынаста дәл осындай сөздер күдікпен қабылданады. Өйткені Қазақстан – Өзбекстан емес. Бұл – әлдеқайда сезімтал әрі ушығуға бейім қарым-қатынас. Мұндай байланыстарды үнемі қайта қарап, шынайылықпен бейімдеп отыру керек. Себебі жаңа сын-қатерлер үнемі туындап жатады», – дейді Дубнов.
Оның ойынша, бұл өзгерістерге кең ауқымда қарау керек. Әсіресе Президенттің қойған мақсаттары тұрғысынан қараған дұрыс.
«Даурен Косанов бұрын Қорғаныс министрінің орынбасары болған, енді жоғары лауазымға көтерілді. Бұл жерде Президенттің түсіндірмесіне мән берген жөн. Ол жаңа министрге қандай міндеттер жүктеді? Бұл тағайындау елде аумақтық қорғаныс күштерін құру туралы шешіммен тұспа-тұс келді. Сонымен қатар армияда цифрландыруды арттыру, резервтегі әскер мен азаматтық қорғаныс құрылымдарын құру көзделіп отыр».
Саясаттанушының пікірінше, бұл расымен жаңа бағыт.
«Енді ойлап қарасақ, неге аумақтық қорғаныс күштерін күшейту қажет болды? Қазақстанға қандай қауіп төніп тұр? Қай бағыттан? Мұндай кең ауқымды елде қарулы қарсылық күштерін нығайту не үшін керек? Бұл сұрақтардың жауабы айқын. Мұндағы мәселе тек ішкі емес, жаһандық деңгейдегі қауіп. Сондықтан президент алдын ала әрекет етіп отыр», – дейді ол.
Ол президенттің бұл шешімді Ресейге қатысты қабылдаған болуы мүмкін екенін ашық айтты.
«Қарап отырсақ, біз де, сіз де, ең басты қауіп қай жақтан екенін ішімізден түсінеміз. Аумақтық қорғаныс күштерін құру туралы шешім Қазақстан мен Ресей арасындағы қазіргі қарым-қатынасты ескере отырып қабылданған деуге болады».
«Бүгінгі таңда Еуропадағы соғыс аяқталған жоқ. Оның қашан аяқталатынын, кімнің қандай ұтысқа ие болатынын да болжау қиын. Сондықтан қазір әр мемлекет өз ұстанымын күшейтуге тырысып жатыр. Бар жағдайға дайын болу үшін».
Ол әлемнің ешбір мемлекеттің өз-өзіне сенімді бола алмайтын дәуірге аяқ басқанын айта кетті.
«Бүгінгі әлем жаңа дәуірге аяқ басты. Бұл біздің еркімізден тыс дүние. Қазір болашаққа сеніммен қарау қиындап кетті. Әлемдік тәртіп қайта құрылып жатыр. Әскери милитаризация өте жылдам қарқынмен жүріп жатыр. Бәріміз де алаңдаймыз. Өйткені ешкім болашақтың нақты бейнесін көріп тұрған жоқ. Мен Тоқаевтың шешімін осы тұрғыдан түсінуге тырысамын. Бұл шешімді не мақұлдай алмаймын, не сынай алмаймын. Бұл менің жұмысым емес. Мен тек түсінуге тырысамын. Алдымыздағы кезеңдер оңай болғалы тұрған жоқ. Белгісіздік уақыты басталды», – деп қорытындылайды Аркадий Дубнов.
Оның сөзінше, жалпы тұрақсыздық аясында Қазақстан географиясының өзі-ақ бәрін түсіндіреді.
«Бұл жағынан алғанда, Өзбекстанның жағдайы жеңілірек. Олар бұрынғы метрополиямен шекаралас емес. Ал бізде жағдай мүлде басқа. Жеті жарым мың шақырым ортақ шекара, ал Каспий теңізін қосқанда — сегіз мыңға жуық», – дейді сарапшылар.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 8 маусым, жексенбі күні Руслан Жақсылықовты қызметінен босатты.
Келесі күні бұрынғы қорғаныс министрін құқық қорғау органдары ұстады деген ақпарат тарады. Бұл жағдайды біз мына жерден оқыңыз.
Сонымен қатар жаңа тағайындалған министр жайлы және бұрынғы министрдің кезіндегі қоғамды дүр сілкіндірген әскердегі қайғыды оқиғалар жайлы мына материалдан оқыңыз.
Автор: Камила Ермаханова
Жаңалықтар
- «Тарихи мұра»: Қазақстандағы көне таңбалар бар жерге Қытай компаниясы зауыт салады
- Қазақстан Ауғанстандағы теміржол құрылысына жарты миллиард доллар инвестиция салады
- Тілін кесті: Ақтөбеде саябақта тоқ соққан баланың анасы кінәлілерді жазалауды талап етті
- Азаматтыққа қабылдау үшін қазақ тілі мен тарихын білу талаптары өзгеруі мүмкін
- Наразылық пен балалардың үндеуіне қарамастан, Алматыдағы балалар үйі Қонаевқа көшірілмек
- Қызылордада полицияны басынған жасөспірімдер мен олардың ата-аналары жазаланды
- Алматы Сеулге айналды: Үнді фильмінің түсірілімі қаланың келбетін қалай өзгертті?
- Ректор болу үшін 200 мың доллар төлеген Айман Мұсақожаева алаяқтарға жем болды
- Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды
- «Ем-домды карцерде жасады»: Денсаулығы нашарлаған Думан Мұхаммедкәрімнің түрме басшылығына жазғаны
- Тасмағамбетовтің күйеу баласы украиналық «БТА Банкті» сатылымға шығарды
- «Бір кереует 1,2 млн теңге»: Қызылорда облыстық инфекциялық ауруханасындағы былық ашылды
- «Азаттық радиосы» журналистері Сыртқы істер министрлігін сотқа бермек
- Алматы тауларында жоғалған ҚБТУ студентінің мүрдесі табылды
- Дикий Арманның сыбайласы Дубайдан экстрадицияланды
- Тоқаев Назарбаев айырылған лауазымға ие болды
- Ресейде тағы бір қазақстандықты «мемлекетке опасыздық жасады» деп 17 жылға соттады
- Алматы облысында 10 жастағы баланы иттен құтқарып қалған тұрғын марапатталды
- Назарбаев дәуірінің ізі: ҚТЖ-ның жаңа басшысы Талғат Алдыбергенов туралы не белгілі?
- Жамбыл облысының тұрғыны көмекке келген фельдшердің кеудесіне оқ атты