«Төлемесең — масқараңды шығарамын»: Шымкентте мемлекеттік қызметкерлерді бопсалады деген күдікпен блогер ұсталды

cover Бейнеден кадр

Шымкентте полиция Instagram желісінде acko.balkybaev атымен танымал блогер Асқат Балқыбаевты ұстады. Ол бопсалау және алаяқтық жасады деген күдікке ілінген, деп хабарлайды Orda.kz.

Блогермен бірге тағы екі адам ұсталды. Қазіргі уақытта тергеу олардың қамауға алыну мәселесін қарастырып жатыр.

Күдікті бопсалаушылар тобын Шымкент қалалық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері әшкерелеген. Тергеу нұсқасына сәйкес, топ мүшелері адамдардан ақша талап етіп, әлеуметтік желілерде оларды әшкерелейтін бейнематериалдарды жариялаймыз деп қорқытқан.

«Instagram желісінде шамамен 150 мың жазылушысы бар жергілікті блогер үш сыбайласымен бірге кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметкерлерді әдейі бейнежазбаға түсірген. Бұған қызметтегі тәртіптік заңбұзушылықтар мен бизнестегі ықтимал кемшіліктер себеп болған»,  деп мәлімдеді полиция өкілдері. 

Ведомствоның мәліметінше, блогер бұл жазбаларды қысым көрсету құралына айналдырған. Бейнематериалдарды жарияламау үшін ол ақша талап еткен.

 


Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Еске салсақ, жақында Астанада полиция туралы ролик түсіріп, жариялаған блогер жазаланды.

Ер адам полицияның арнайы формалық киімін пайдалана отырып, полиция қызметкерлері әрекетін қаралайтын бірқатар бейнероликтер жариялаған.

Тексеру барысында 30 жастағы құқық бұзушы анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Аталған дерек бойынша ол арнайы айырым белгілері бар киімді заңсыз кигені үшін, сондай-ақ құқыққа қайшы контент орналастырып, таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар