«Қаржаубай мылтықпен үйіме келді»: Сотталушылардың жақындары үкімнен соң не айтты?

Талдықорған қаласында судья Ержан Жанұзақов Шерзат Полаттың өліміне қатысы бар сотталушыларға прокурор сұраған жазаны берді. Сот үкімі оқылған соң, наразы болған сотталушылардың жақындары сот залының есігін теуіп, айқай шығарды. Олар Қаржаубайды жазалауды талап етті. Ата-аналарының бірі Қаржаубайдың мылтық ұстап үйіне келгенін алға тартты, деп хабарлайды Orda.kz.
Соттан кейін сотталушылардың жақындары айқай-шу шығарып, әділ шешім шықпағанын айтып наразы болды. Кейбір ата-аналардың көз жасы көл болып, есінен танып қалған соң жедел-жәрдем келіп алғашқы медициналық көмек көрсетті. Сотталушы Нұрқияс Ілиястың әкесі мен жақындары Қаржаубай Шерзатты жерлеп келген соң мылтықпен үйлеріне келгенін айтты.
«Қызым, немерем бәрі үйде... Соны шошытуға бола ма енді? Полиция шақырып, сол күні жазғанмын. Оны да көрсеткен жоқ. Қаржаубай өзі мылқтықпен келіп... Баласын қойған күні кешке жақын келді. Баласын қоя салып, сол күні кешке келді. Сырттағы үйге кіріп келе жатқан көршінің баласына айтыпты: "әкеңді шақыр, қанға қан, жанға жан" деп. Енді "Балаларыңа пышақ салып, өлтіріп сотталамын" деп айтты. Қайсы сотталғаны? Қалды ғой?», — деді Нұрқияс Ілиястың әкесі.
Нұрқияс Ілиястың әкесі осы жолы да Қаржаубайдың пышақ ұстағанын, сол жақтың бірінші болып мылтық атқанын алға тартты.
«Пышақ шығарған кім? Қаржаубай. Ұрған кім? Баласы марқұм. Олар ұрмаса, олар пышақ шығармаса, Қаржаубай сол жерде таяқ жегеннен кейін апарып тастаса үйіне. Ондай болмайтын еді. Шақырмайтын еді, ешкімді ешкім. Ана Дархан жүре алмайтын болғаннан кейін, байғұс ол жетім бала, екі аяғын көлік басып кеткен. Жетім бала жүре алмағаннан кейін ана жолдасын шақырып отыр, Нұрболды. Сол жерде үйіне апарып тастап, болды таяқ жеп қалыпты менің баламнан, енді апарып тастайын деп апарып тастаса ондай ештеңе болмайтын еді. Артынан мылтық атады. Ана баламды, баланы ұрады», — деді Нұрқияс Ілиястың әкесі.
Оның қасында тұрған Нұрқиястың туысы да осы сөзді қоштай кетті.
«40 жасқа дейінгілердің бәрін мүгедек қыламын деп айтқан Қаржаубайдың өзі. Есігімізге келіп, тарсылдатып, бәріміз отырғанда үйімізге кірген. Әділ шешім болған жоқ. Әділ Қазақстан, әділ шешім қайда? Аппеляцияға береміз. Өздерінің бір кінәсін олар біліп отырған жоқ», — деді Нұрқияс Ілиястың туысы.
Тағы бір әйел әлдекімнің ақша жинағанын айтып қалды да, кім екенін сұраған тілшіге жауап бермеді.
«Үкіметтен ақшаны алып-алып... Бүкіл ақшаны жинады ғой...», — деді Нұрқияс Ілиястың әкесі.
Тоқтаубаев Нұрбол мен Азаматтың анасы 16 жасар сотталушының кінәсіз екенін айтып, жазықсыз кетті деп шырылдады.
«Мен Тоқтаубаев Нұрбол мен Азаматтың анасымын. Сот үкімімен мүлде келіспеймін. Біз заң шеңберінде шешіледі деп ойладық. 13 бала деген Қаржаубайдың айтқан, аузынан шыққан 13 баланы теріп жүріп, әкеліп қамады. 16 жастағы кінәсі жоқ баланы әкеп қамады. Жарайды, біздікілер үлкен жігіт. Ол баланың бұл жерде жазығы не? Қорыққандарынан істеп отыр, біздің билік», — деді Нұрбол мен Азаматтың анасы.
Азамат пен Нұрболдың әкесі Жансерік Маратбек Тоқтаубайұлы Қаржаубайдың сотқа қатыспағанына наразы болып, оның өзі төбелесті ұйымдастырғанын айтты.
«Балаларды жинаған – Қаржаубай. Мылтықты әкелген де – Қаржаубай. Қазір сөз бостандығы бар. Төбелесті ұйымдастырған – Қаржаубай. Отқа май құйған да Қаржаубай. Егер шынымен мықты болсаң – неге сотқа қатыспадың? Онлайн қатысып. Таза болмағанан кейін сотқа қатыспады қашып», — деді Азамат пен Нұрболдың әкесі Жансерік Маратбек.
Ал басты күдікті Абзал Шынасылдың адвокаты Жұмат Құсайынов аппеляциялық шағым беретіндерін айтты. Ол Абзалдың кінәсіз екенін растады.
«Біздің мемлекетте адамды мойындату, айтқызу оп-оңай. Сол аузынан қағылды. Өзара келісіп айттық дегені рас. Қасындағы жігіттер: «сенде пышақ болды, сен мойындай сал. Болмаса бәрімізге тағады. Бәрімізге ауыр болады» деген. Аппеляциялық шағым береміз. Егер біз тағылған айыптан Шынасылды айырып алатын болсақ, моральдық шығын да төмендейді», — деді адвокат Жұмат Құсайынов.
Айта кету керек, еліміздегі ең атышулы қылмыстық іске Талдықорған қаласында судья Ержан Жанұзақов үкім оқыды. Басты күдікті Абзал Шынасылға 23 жыл жаза тағайындалды. Равиль Сакиев 20 жыл, Дидар Қалиахмет – 293-баптың 3-бөлігі – 7 жыл, Нұрбол Тоқтаубаев – 293-баптың 3-бөлігі – 7 жыл, Дархан Әскентай – 293-баптың 3-бөлігі – 7 жыл, Шыңғыс Белғожаев – 293-баптың 3-бөлігі – 7 жыл, Нұрқияс Ілиясов – 293-баптың 3-бөлігі – 9 жыл, Азамат Тоқтаубаев – 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық), 188-бап (ұрлық) бойынша – 15 жыл, Думан Ысқақ (кәмелетке толмаған) – 434-бап (ауыр қылмыс туралы хабарламау) – 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айырылды.
Осы үкімі оқылған соң, сотталушылар өздері отырған орынның әйнегін сындырып, есігін теуіп, наразылық білдірді. Олардың ата-аналары мен жақындары осыдан кейін өре түрегеліп, айқайға басты. Ал Перизат Нұрымова мен адвокат Мейірман Шекеев сот залынан шығып бара жатқанда сотталушылардың қоқан-лоқы көрсеткенін айтты.
Перизат Нұрымованың сөзінше сотталушылардың бірі: «бізді шықпайды деп ойлайсыңдар ма?» деп астарлай сөйлеген.
Жәбірленуші Перизат Нұрымова шикілік жіберген Айтбек Амангелдінің командасының іс қағаздарды кешіктіріп әрең бергенін мәлімдеді. Ол Айтым мырзаның командасы және тергеушілер комитетінің қателіктері өте көп екенін, істің топтық қылмыс емес, бұзақылық ретінде қаралып жатқаны содан екенін де айта кетті.
Бұл оқиға қазақ қоғамын дүр сілкіндіріп, қызу талқыға түсті. Оқиға былтыр Талғарда 4 қазан күні болған еді. Бір топ адам, соның ішінде осы сотталушылар бар дүкен иесі Қаржаубаймен, ұлы Шерзатпен және ағасы Нұрғанатпен жанжалдасып, арты кісі өліміне ұласты. 16 жасар Шерзат қаза болды.
9 желтоқсан күні таңертең жасөспірім Шерзат Полаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі марқұм Шерзаттың зиратының қасынан табылды. 12 қазан күні Азат ауылындағы марқұм болған Шерзаттың отбасының үйі өртеніп кетті.
Жаңалықтар
- Олигарх Қайрат Боранбаевтың ағасы ұсталды
- Ақтөбеде тоқ соққан оқушы жансақтау бөлімінде жатыр
- Қазақтар шоғырланған Гүлістанға әуе соққысы жасалды: Ирандағы қандастар көмек сұрады
- «Биологиялық мүшеқап»: АҚШ-та ВИЧ-ке қарсы вакцина әзірленді
- Лиза Пылаеваның ісі бойынша нүкте қойылды
- «Кешірім бермесең, өзіңді соттаймыз»: Көкпардан кейінгі қантөгіс
- Желіде Атыраудағы қамысты қасақана өртегендердің бейнежазбасы тарап кетті
- Теміртаудың тумасын Ресейде мемлекетке сатқындық үшін 22 жылға соттады
- Қайрат Боранбаевтың ағасы екі жыл іздеуден кейін ұсталды
- Мұғалімді балағаттап НЗМ-нен қуылған оқушы аттестат алды
- Шерзаттың ісі: Айтбек Амангелдінің адвокаттары қомақты қаржы алғаны рас па?
- Қазақстан мен Ресей АЭС салу бойынша жол картасына қол қойды
- «Сұлтан Сүлеймен» сериалындағы атақты Рүстем паша сотталды
- «Екі аяғын кесті»: Әйелін қасақана көлікпен қаққан павлодарлық тұрғын 8 жылға сотталды
- Астанада балаларының көзінше әйелін пышақтаған ер адам терезеден секіріп кетті
- Илон Маск Ресейден саяси баспана сұрады
- Темірлан Еңсебек терроризм мен экстремизмді қаржыландыратын тұлғалардың тізіміне енді
- Сот жылдар бойы қудаланған желтоқсаншыны қуғын-сүргін құрбаны деп таныды
- Маңғыстау жеріне ұшқышсыз ұшатын дрон құлады
- Ғаламторға 16 миллиард логин және құпиясөз тарады