«Көлік басқару құқығынан айырамыз, бірақ көлікті жүргізе бер»

cover

25 наурыз күні Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданының тұрғыны 1984 жылғы Жамбыл Көбейсінге байланысты судья Босшағұлов жүргізген онлайн форматты сот өтті. Азамат көлік басқару құқығынан айрылғанына қарамастан 19 наурыз күні көлік жүргізді.

Бұл жайлы Orda.kz хабарлайды.

Қарап отырсақ аталған азамат көлік басқару құқығынан айрылған, соған қарамастан көлікті айдаған адамға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық іс жүргізу қалыпты шара. Бірақ мәселе бір жақты емес.

Айыпталушы Жамбыл Көбейсін атты азамат Facebook парақшасына жарияланған бейнеде жағдайға өз тарапынан түсініктеме береді. Оның айтуынша полиция қызметкері оған көлік басқару құқығынан айрылғанына қарамастан көлікті жүргізе беруге болатынын айтқан.

Соттың түсініктемесі мынадай:

— 2021 жылы 19 наурызда 17:30 уақыт шамасында жүргізуші Көбейсінов көлік басқару құқығынан айрылса да, өзіне тиесілі «Ваз» маркалы көлікті жүргізді.

Айыпталушы бәрін растап, өз іс-әрекетін мойындады. Бірақ, Көбейсіновтің айтуынша бұл митинг қарсанында жасалып жатқан шара:

— Ішкі істер департаментінде экстремизмге қарсы басқарманың бастығы Бекбол дейтін болған. Бұдан 5-6 ай бұрын мені оперлер митингке шықты деп қудалаған. Сол кезде мен жол ережелерін бұзғанмын. Маған «бір жыл алты айға көлік басқару құқығынан айрыласың, бірақ сен көлікті айдай бер, саған ешкім ешнәрсе демейді», - деп экстремистік бөлімнің бастығының өзі айтқан.

Одан бері 5 ай көлік жүргіздім. Кеше ұсталдым. Тағы да бір митинг деп жатқан шығар, соған бола маған тағы да іс қозғап жатыр.

Соттың «экстремизмге қарсы күрес басқармасы бастығының сөзі заң емес, сізге соттың қаулысын, заңды орындау керек» деген сөзіне Жамбыл Көбейсін полиция қызметкері оған өзі хабарласып көлікті басқара бер деп сендіргенін айтқан.

— Өзі хабарласып, «Жәке айдай бер, кім саған не дейді?» деп айтты. Мен заң қайда десем, заң жоқ... Бізде заң жоғы бәсенеден белгілі ғой. Егер сен биліктің жағында болсаң заң саған екі ұшты, қарсы болсаң заң қатаң.

Нәтижесінде 612 баптың 3 бөліміне сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматы Жамбыл Көбейсін 2027 жылға дейін көлік жүргізу құқынан айрылып, 10 күнге арнайы қабылдау орындарына жіберілді. Сот процесінде прокурор болмады.

— Сол 27 наурыз қарсаңындағы қорқыту, қысым көрсету мақсатында жасалып жатқан шаралар ғой, 10 күнде қауышамыз, - деп қорытындылады айыпталушы.

Бейненің толық нұсқасы:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар