«Емделуге кеткен әкем табытпен оралды»: Қызы президенттік аурухана дәрігерін немқұрайдылық танытты деп айыптайды

Юлия Д. әкесінің өліміне дәрігерді кінәлайды. Оның сөзі тек жанайқай емес, тұтас жүйеге шығарылған үкім. Николай Г. – зейнеткер, бірнеше созылмалы дерті бар еді. Бірақ қызының айтуынша, оны Астанадағы ҚР Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының ауруханасының дәрігерінің салғырттығы өлтірді. Бұл – елдегі ең беделді медициналық мекемелердің бірі. Бірақ Юлияның қолында енді тек әкесінің мәйіті мен жауапсыз қалған сұрақтар ғана бар.
Әкесінің өлімінің себебін білгісі келген Юлия Orda.kz редакциясынан көмек сұрады.
Зейнеткер ауруханаға өт жолдарының бітелуі диагнозымен түсті. Қант диабеті сияқты созылмалы аурулары ескеріліп, отбасы оны елордадағы беделді медициналық мекемеге жатқызуды жөн көрді — кәсіби әрі қауіпсіз ем алуға үміттенді. Алайда көрініп тұрғандай, мұндай сапалы ем тек жоғары лауазымды тұлғаларға ғана қолжетімді секілді. Николай Г. – ардагер, бүкіл өмірін адал еңбекке арнаған, ел игілігі үшін қызмет еткен жан. Бірақ ол ешқашан мансап пен мәртебе қуған емес.
«Әкемді өзім ауруханаға алып бардым. Ол өз аяғымен кірді. Бір жарым айдан кейін оның денесін алып шықтым. Ал оның өмірін сеніп тапсырған дәрігерім ештеңе болмағандай басқа клиникаға жұмысқа ауысып кетті. Аурухана басшылығына жүгінгеннен кейін де ешқандай тексеру болмады. Өйткені менің әкем жоғары лауазымды адам емес еді. Ол жай ғана адам болды. Ал бұл жүйеде ондайларды үнсіз өлтіруге болады», — дейді Юлия көзіне жас алып.
Аурухана таңдағанда ол елдегі ең беделді клиникалардың біріне тоқтаған. Шарт жасасқанда нақты талап қойған: кез келген медициналық араласу тек өз рұқсатымен жасалуы керек еді. Алайда Юлияның айтуынша, бұл талап ескерілмеген.
Ота мен ем үшін отбасы ресми түрде 2 миллион 150 мың теңге төлеген.
«Мен келісімшартқа арнайы жаздырдым: “Барлық шешім қызымның рұқсатымен қабылдануы тиіс”. Бұл — менің қырсықтығым емес, жауапкершілік еді. Бірақ дәрігер Г.Б. мұны елемеді», — дейді ол.
Барлығы алғашқы отадан басталған. Юлия клиникаға жеткенде оған: «Ол қазір операцияда. Бәрі штаттық режимде өтіп жатыр», — деген. Бірақ әкесінің диабеті туралы әңгіменің арты дәрігердің жеке Kaspi-шотына 100 мың теңге аударуды талап етуімен аяқталғанын айтады қызы.
«Диабет туралы сөйлескеннен кейін дәрігер Г. Б. менің өз инсулинімді егу үшін 100 мың теңге сұрады. Айтты: “Аудармасаңыздар — көмектеспеймін”. Біз қорқып аудардық, өйткені әкемнің өмірі үшін уайымдадық».
Ауруханада жасалған алғашқы ота сәтсіз аяқталған. Бір аптадан кейін Юлия консилиум өткізуге өтініш білдіргенімен, дәрігер оған кеңес қажет емес деп сендірген. Кейін денсаулық сақтау министрлігінің тексерісі консилиум өткізілмегенін және бөлім меңгерушісінің сол кезде еңбек демалысында болғанын анықтады. Сондай-ақ, отаны біліктілігі артпаған дәрігер жасағаны белгілі болды.
«Бәрі жақсы» дейді. «Сіз дәрігер емессіз, сондықтан түсіне алмайсыз» деп қайталайды. Бірақ талдау нәтижелері күн сайын нашарлап жатты. Бір аптадан соң өзі де мойындады: операция сәтсіз шыққан, тағы бір ота қажет деді. Сол кезде мен консилиум өткізуге талап қойдым. Олар болса: «Өткізілді, шешім қабылданды» деп жауап қатты. Бірақ кейін Президент Іс Басқармасының ішкі тексерісі мұндай кеңес мүлде болмағанын көрсетті. Бізді алдады», – дейді Юлия.
Кейін зейнеткер үйіне шығарылды. Алайда туыстарына оның жағдайына байланысты нақты қауіптер толық түсіндірілмеген. Юлияның айтуынша, алғашқы берілген эпикризде шындыққа сай келмейтін диагноздар көрсетілген. Ол қателікті көрсеткеннен кейін құжатты қайта рәсімдеп берген. Алайда онда дәрігердің қолы да, мөрі де болмаған.
«Құжаттарда жалған ақпарат жазылды. Эпикризге (ауруханадағы емнің қорытындысы жазылатын медициналық құжат — ред.) өтірік диагноздар енгізілген. Мен оны көрсеткен соң, “жаңасын” жазып берді. Не ыңғайлы, соны жазды», – дейді ол.
Юлия барлық талдаудың нәтижесін мұқият бақылап отырған. Бірақ көрсеткіштер күн сайын нашарлай түскен. Ол әкесін қайтадан ауруханаға жатқызуды немесе басқа мамандардан кеңес алуды сұраған. Алайда дәрігер еш алаңдайтын себеп жоқ деп, бәрі бақылауда екенін айтқан. Сонымен бірге, басқа дәрігерлерге жүгінуге рұқсат бермеген. Бұл жағдайды операциядан кейінгі қалыпты кезең ретінде түсіндірген.
Әкесі әлсірей бастағанда, дәрігер жағдайдың күрделі еместігін айтып, таңертең бәрі жақсаратынын жеткізген. Алайда Юлия бұған сенбей, дереу жедел жәрдем шақырып, әкесін басқа облыстағы ауруханаға ауыстырған. Сол кезде ғана мәселені ертерек анықтап, алдын алуға болатыны белгілі болды. Ал екінші рет ауруханаға жатқызылғанда науқасқа тағы бір операция жасалды — бұл жолы да еш ескертусіз, келісімсіз жүргізілген.
«Тағы бір процедура тағайындады. Артынша тағысын жасады. Бәрі де алдап, алдын ала ескертпестен, келісім алмай, менің шешім қабылдау құқығымды аяққа таптап жасалды. “Тоқтатыңыздаршы” деп жалынғанда, Б. Г. тек: “Бір тамшы наркоз ғана. Ештеңе болмайды” деді. Әкем наркоздан оянбай жатса да: “Бұл науқасқа жақсы әсер етеді. Таңертең көреміз” деп жұбатып қоя салды. Әкем сол сәтте дәрігердің көзіне тік қарап: “Мен өмір сүремін. Айығамын” деп жауап берген».
Николай Г. бірнеше сағаттан соң есін жимастан көз жұмды. Сол түні дәрігер туыстарынан мәйітті ашуға тыйым салатын қағазға қол қоюды талап етіп, «егер бас тартсаңыздар, денесін бермейміз» деп қорқытқан.
«Түнде сол қағазға қол қойдырды, ал таңертең өзі қайта қоңырау шалды: “Ашу жасатасыздар ма?”. Мен шокта болдым. Бірақ ойланып, таңертең шешімімді өзгерткім келді. Ол болса: “Сенбі. Жедел. Денені бермейміз. Үлгермей қаласыздар” деп қысым көрсетті», — дейді Юлия.
Жағдайдың ең сорақы тұсы — марқұмның жеке заттарын жинау болған. Оны немересіне өз қолымен жинауға тура келіпті. Дәрігерлер көмектесуден бас тартып, «қолымыз бос емес» деп жауап берген.
Әкесінен айырылған Юлия Президент әкімшілігіне, Бас прокуратураға, денсаулық сақтау министрлігіне, Антикор, тіпті омбудсменге дейін шағымданған. Барлық тексеру нәтижелері бірқатар заңбұзушылықты растады:
- Консилиум өткізілмеген;
- Қажетті тексерулер жүргізілмеген;
- Жағдайдың ауырлығы жасырылған;
- Дәрігерлердің біліктілігі талапқа сай болмаған;
- Ақылы қызмет көрсетуге мәжбүрлеген.
Алайда ешкім нақты жауапкершілікке тартылмаған. Белгілісі — дәрігер өз еркімен жұмыстан шығып, қазір басқа клиникада жұмыс істеп жүр.
«Егер бұл шенеуніктің туысы болғанда — консилиум да болар еді, үздік дәрігерлер де, бақылау да болар еді. Ал менің әкем қарапайым адам. Оны өлтіріп, ештеңе болмағандай үнсіз қалуға болады», — дейді Юлия.
Ол қолында барлық дәлелдер бар екенін айтты: түбіртектер, хат алмасулар, жазбалар, комиссия қорытындылары. Ол кек алуды емес, әділдіктің орнауын қалайды — мұндай дәрігерлердің енді пациенттерге жоламауын сұрайды.
«Мен кек алуды қаламаймын. Тек олар адамды өлтірмей, емдеумен айналыссын. Әр дәрігердің алдында жай науқас емес, біреудің өмірі, біреудің отбасы, біреудің жүрек жарасы тұрғанын түсінсін. Шенеуніктер қағаз жүзінде жауап бермей, “Мұны қалай жіберіп алдық? Енді кімді аман алып қала аламыз?” деп ойлансын», — дейді Юлия.
Николай өмір сүргісі келді. Бірақ бұл жүйе оны аман алып қала алмады. Ел алдындағы еңбегі үшін берілген «Намыс — Ардагер» медалі енді оның көрінің басында жатыр — өзі көре алмай кеткен соңғы марапаты.
«Әкем өмір сүре алар еді. Ол өмір сүргісі келді. Енді ол жоқ. Мен тоқтамаймын», — дейді Юлия.
Денсаулық сақтау министрлігі Orda.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында барлық материалдың қылмыстық қудалау органына жолданғанын, қазіргі кезде іс сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бір бөлігі екенін мәлімдеді. Министрлік мәліметінше, бұл ақпаратты жариялауға тыйым салынған, себебі мұндай әрекет қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.
«2025 жылғы 11–24 маусым аралығында ҚР Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығына қарасты ауруханада жоспардан тыс тексеру жүргізілді», — деп хабарлады ведомство.
Алайда тексеру нәтижелері әлі жарияланған жоқ.
Жаңалықтар
- «Тарихи мұра»: Қазақстандағы көне таңбалар бар жерге Қытай компаниясы зауыт салады
- Қазақстан Ауғанстандағы теміржол құрылысына жарты миллиард доллар инвестиция салады
- Тілін кесті: Ақтөбеде саябақта тоқ соққан баланың анасы кінәлілерді жазалауды талап етті
- Азаматтыққа қабылдау үшін қазақ тілі мен тарихын білу талаптары өзгеруі мүмкін
- Наразылық пен балалардың үндеуіне қарамастан, Алматыдағы балалар үйі Қонаевқа көшірілмек
- Қызылордада полицияны басынған жасөспірімдер мен олардың ата-аналары жазаланды
- Алматы Сеулге айналды: Үнді фильмінің түсірілімі қаланың келбетін қалай өзгертті?
- Ректор болу үшін 200 мың доллар төлеген Айман Мұсақожаева алаяқтарға жем болды
- Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды
- «Ем-домды карцерде жасады»: Денсаулығы нашарлаған Думан Мұхаммедкәрімнің түрме басшылығына жазғаны
- Тасмағамбетовтің күйеу баласы украиналық «БТА Банкті» сатылымға шығарды
- «Бір кереует 1,2 млн теңге»: Қызылорда облыстық инфекциялық ауруханасындағы былық ашылды
- «Азаттық радиосы» журналистері Сыртқы істер министрлігін сотқа бермек
- Алматы тауларында жоғалған ҚБТУ студентінің мүрдесі табылды
- Дикий Арманның сыбайласы Дубайдан экстрадицияланды
- Тоқаев Назарбаев айырылған лауазымға ие болды
- Ресейде тағы бір қазақстандықты «мемлекетке опасыздық жасады» деп 17 жылға соттады
- Алматы облысында 10 жастағы баланы иттен құтқарып қалған тұрғын марапатталды
- Назарбаев дәуірінің ізі: ҚТЖ-ның жаңа басшысы Талғат Алдыбергенов туралы не белгілі?
- Жамбыл облысының тұрғыны көмекке келген фельдшердің кеудесіне оқ атты