Алматыда алып қазақ қызының ақша басы орнатылды: Мүсіннің маңызы және жұмсалған қаражат жайлы

cover Фото: Orda.kz

Алматының көлік қаптап жүретін, у-шуға толы көшелерінің қиылысында ерекше мүсін қойылды. Ұлттық нақыштағы, екі бұрымды, биіктігі 12 метр болатын, абстрактілі өнер туындысында алып әйелдің басы жасалған. 

Orda.kz тілшісі мүсіннің ашылуына қатысып, оның не себепті орнатылғанын біліп қайтты.

Алматы мұражайы ресми түрде әлі ашылмағанымен, оның аумағында өнерге қатысты түрлі шаралар өтіп жатыр. Әл-Фарабимен Назарбаев көшелерінің қиылысында бүгін ерекше іс-шара өтті.

Каталониялық мүсінші Жауме Пленсаның туындысының ашылуы 3 шілдеге жоспарланған еді. Бірақ алып мүсіннің қалаға келгені жайлы қауесет ресми ашылуға дейін-ақ таралып кеткен. Себебі туындының көлемі өте үлкен. Алыстан-ақ менмұндалап тұр. 

Матаға оралғанда пішініне қарап нақты не нәрсе екенін тұспалдау қиын. Көшеден байқаған жолаушылар, жүргізушілер оған қызығып, не нәрсе екенін болжап көрді. Ашылуы болатын күні, шамамен сағат 17:00-де, музей маңына халық жиналды. Жиналған жұрт мүсіннің айналасына жарты шеңбер секілді тізіліп тұра қалды. Абыр-сабырда мұражай қожайындары мен жобаға қатысушылар сөзін тыңдауға шақырып, сөйлегендер болды.

Сахна төрінде жүргізушілер Нұрлан Смағұловты таныстырды. Бұл азамат Almaty Museum of Arts ғимаратын тұрғызып, бүгінгі өнер мерекесін ұйымдастырып отыр. Нұрлан Смағұлов — Қазақстанның ең ауқатты кәсіпкерлерінің бірі. Astana Group, «Астана Моторс», MEGA Alma-Ata, MEGA Park, MEGA Silk Way және тағы басқа жобалар осы кәсіпкердікі.

Ол ораулы тұрған мүсіннің алдында тұрып, былай деді:

«Бұл – мейірімділіктің, тазалықтың, сұлулықтың бейнесі. Меніңше, бұл мүсінге қараған әр адам ішкі әлемін тазартқысы келеді. Әлде бір биік, әлдебір жарық дүниеге ұмтылғысы келеді. Сондықтан… міне, сол сәт келіп жетті. Ал сценарий бойынша кім сөйлейді?.. Тағы сөз сөйлейтіндер бар ғой, иә?», — деді Нұрлан Смағұлов.

Күннің аптап ыстығында жиналғандар Смағұловтың сөзін қысқа қайырғанына, әрине, риза болды. Телефонмен түсіріп тұрған бірнеше адам құрылғыларының қызып, жұмыс істемей қалған соң абдырап қалғандай көрінді.

Мүсіннің көлеңкесі кішкене ғана еді. Сол көлеңкеде сөз сөйлегендер тұрды. Ал қалған қонақтардың бәрі шақырайған күнінің астында, диктофон мен камера ұстап, маңдайынан тер сорғалап тұрды.

Смағұлов жұбайын шақырып, оның шабыт бергенін, әрдайым қолдау көрсететінін айтып өтті.

Білгісі келіп, тыпыршып тұрған журналистерге ақыры бұл мүсіннің мақсаты туралы айтты. Ұйымдастырушылардың сөзінше, бұл өнер туындысы әрбір жан тыныштығын сезіндіруі тиіс. Әсіресе, осы абыр-сабыр болып жататын көше қиылысымен өтетін жүргізушілердің көңіл күйін бір арнаға түсіруге сеп болатын көрінеді. 

«Надэс» атты мүсін полиэфирлі шайыр, шыны мен тот баспайтын болаттан жасалған. Шынайы өмірдегі Надэс есімді бойжеткен осы өнер туындысына прототип болған.

Ақыры көпшілік күткен сәт туды. Ұйымдастырушылар мүсіннің шымылдығының жібін тартып қалды. Ақ көйлек киіп, қос бұрымы көз тартқан сұлу қыз биді бастап кетті. 

Жүзіндегі тыныштық күйі бар, қос бұрымды қазақ қызының мүсінінің шымылдығы ашылғанда жиналғандар өзгеше күй кешті. Әрине, түнде де абыр-сабыр болып жататын, иін тіресіп жүретін Алматы халқы үшін мұндай ішкі сезім күшін көрсететін, байсалдылық пен сабырға толы арудың бейнесі өзгеше әсер ететіні анық. Тілшілер мен қонақтар бір ерекше рухани тазарғандай (катарсис) күй кешті.

Осылайша шымылдық ашылды.

Құдды бір қос бұрымды биші қыз мүсінге ұқсайтындай, ал алып мүсін биші қызға ұқсайтындай көрінді.

«Надэс» қаншалықты көркем болса да, оның жанында ұзақ тұруға ешкім батпады. Суретке түсіп болған соң тілшілер осы ғажайып туындыдан алған әсерін ой елегінен өткізу үшін дәмханаға беталды. 

Ал Orda.kz тілшісі салтанатты ортада Almaty Museum of Arts көркемдік жетекшісі Меруерт Қалиевамен тілдесіп, мүсін жайлы сауалдар қойды.

Мүсін неге дәл осындай пішінде жасалғанын айтып беріңізші...

— Жауме Пленсаның бірнеше серия туындылары бар. Соның бірі – әріптермен жасалған адам кейпіндегі мүсіндер. Мүмкін, сіздің есіңізде бар шығар. Esentai Mall маңында сондай мүсін орнатылған болатын. Ал екінші сериясында ол үлкен, созылған, абстракционизм бағытындағы әйел бейнелерін жасап шықты. Әдетте ақ немесе қара түсте болған еді. Бұл топтамасын ол «жан дүниенің портреттері» деп атайды. Өйткені мүсіндердің көздері жұмылып тұр. Мұнда ол нақты бір адамның бейнесін емес, адамның ішкі әлеміне үңілуді, рухани тереңдікке назар аудартуды көздеген.

Ол бұл серияны бұрын бастаған. Сондықтан осы сияқты мүсіндері әлемнің түрлі қалаларында орнатылған. Мысалы, Мадридтегі Колумб алаңында, Нью-Джерси жағалауында (оны Манхэттеннен, Гудзон өзенінің арғы бетінен көруге болады) және басқа да маңызды орындарда туындылары тұр.

Біз Жауме Пленсаға мұражай мен қала үшін бірегей мүсін жасау жөнінде ұсыныс жасағанда, ол дәл осы «жан дүниенің портреттері» топтамасынан мүсін жасауға шешім қабылдады. Өйткені біз Алматының ең қарбалас, әрі шулы көшесі Назарбаев және Әл-Фараби даңғылдарының қиылысында тұрмыз. Бұл көшелер қаланың күретамырындай, көбінің өмірі осы «арналармен ағып» жатыр. Адамдар үнемі асығыс, күйзелісте, қарбаласта жүреді. Мүсінші осы скульптураны көретін адамдарға бір сәтке болса да тоқтап, толғанып, ішкі әлеміне үңіліп, тыныстап, аз уақыт болса да ойлануға шақырғысы келді. Сол себепті ол осы серияны таңдап отыр.

– Сіз мүсіншіні шабыттандырған бір арудың бар екенін және осы мүсінді соның атымен атағанын айттыңыз. Жауме Пленса бұл жолы кімнің бейнесін суреттегені белгілі ме?

— Ол бұл қыздың қай жақтың тумасы екенін, кім екенін айтпайды. Біз де сұрадық: «ешкімге айтпаймыз, тек бізге айтыңызшы» деп. Жоқ, ол әдейі жасырды. Қыздың аты – Надэс. Бізді құрметтеп, дәстүрімізді ескере отырып, мүсінді қос бұрымды етіп бейнеледі. 

– Мүсінге қатысты қандай да бір талаптар болды ма? 

— Біз Алматыға «аспаннан түскен бөгде ғаламшарлық» сияқты емес, географиясына, тарихы мен мәдениетіне сай мүсін болуы қажет екенін талқыладық. Сондай-ақ ғимарат архитектурасымен және қала кеңістігімен үйлесуі қажет еді. Меніңше, суретші осының бәрін ескеріп жасады. Ол ұсынған мүсінге толық көңіліміз толды, бірден мақұлдадық.

Біз оған 2021 жылдың соңында жүгіндік. 2022 жылы жазда ол эскиз бен 3D-модель ұсынды. Мүсінді дайындау Барселонада 18 айға созылды. Оның үлкен шеберханасы бар, жұмысты сонда жасаған. Бірақ мүсіннің қандай болатынын өзі де білмеген.  Өйткені шеберхана төбесінің биіктігіне сыймаған. Мүсін сегіз бөліктен тұрады. Әр бөлігін жеке жасаған. Оны тұңғыш рет дәл осы Алматыда толық жинап тұр. Мүсін төрт контейнерге тиеліп, алдымен теңіз арқылы, кейін теміржол арқылы және фуралармен тасу арқылы жеткізілді. Орнату жұмыстары мамыр айында, бір апта бойы оның шеберханасынан келген мамандардың бақылауымен жүргізілді. Жауме Пленса қыркүйекте өтетін мұражайдың ашылуына өзі келуді жоспарлап отыр.

— Бұл жобаға қанша қаражат кетті?

Мұражайда біз туындының бағасы жайлы айтпауға тырысамыз. Бұл бағаны жасыру емес. Біздің тілегіміз — адамдар мүсінді ақшасына қарай емес, маңызына қарай бағаласа екен дейміз. Бағасын айтсақ, бәрінің назары тек сол ақшада болады. Ал біз үшін адамдардың осы туындыдан алған әсері, оның қала үшін, әлем үшін, мәдениет үшін қаншалықты мәні бар екені.

«Надэс» атты қыз бейнесі – мұражай ішінде емес ашық кеңістікте орналасқан жалғыз ірі туынды ғана болып қалмайды. Жуырда осы аумақты нигериялық-британдық суретшінің «Жел» атты жұмысы және өзге де әлемге танымал шетелдік авторлардың ірі туындылары көркейте түседі.

Мұражай ішінен де отандық таланттарға арналған орындар ашылады. Сол жерлерде Нұрлан Смағұловтың жеке коллекциясы да жұрт назарына ұсынылады.

Мұражайдың ресми ашылуы қыркүйек айына жоспарланып отыр.

Автор: Александр Мохирева


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар