«Домбыраны таста деуіміз мүмкін»: Дарын Мүбаровты тыңдауға бола ма?
Заңсыз миссионерлік қызметі үшін, сот алдында жауапқа тартылған атышулы Дарын Мүбаров қазіргі кезде жұрт алдына шығып, пікір білдіріп жүр. Ол жақында Нұрсейіт Жылқышыбайдың YouTube арнасына сұхбат берді. Сол сұхбатына «дінге қызмет еткен» адам болса, домбыраны қой деп айтуымыз мүмкін деп жауап берген болатын. Сонымен қатар дін, дәстүр тақырыбында біраз әңгіме қозғалды.
Orda.kz сұхбатты 300 мыңнан аса адам көріп, белгілі бір дәрежеде көпшілікке әсер ететін болған соң, туындаған сұрақтарды арнайы мүфтиятқа жолдап, Дарын Мүбаровты тыңдауға болатыны, я болмайтыны жайлы анықтап көрдік.
Төрт әйелі бар молданың Tik-Tok парақшасы
Дарын Мүбаровтың youtube-та 78,4 мың оқырман қарайтын арнасы бар. Онда ол түрлі уағыздар айтады. Бірақ оның сөздерін құзырлы органдар қадағалап отыр ма? Әрине, ақпарат заманында әр молда, «дін»туралы ауыз ашқан әрбір адамның сөзін қадағалап отыру қиын жұмыс. Алайда жұрт алдына шығып, әлеуметтік желілерде парақша ашып, көп адамның назарын аударған адамдардың қоғамға ықпалы ерекше екенін ескеру керек.
Қазіргі таңда Дарын Мүбаровтың Tiktok желісінде жеке парақшасы бар. Онда 7 881 оқырман және ең көбі 100 мыңға жуық қаралымы бар. Пікірлерде оны қолпаштап жатқан адамдар қарасы көп.
Одан бөлек 5000 оқырманы бар тағы бір парақшаны байқадық. Ол жерде де «Дарын Мүбаров ұстаздың ресми парақшасы» деген жазу тұр.
Марқұм Әбдіғаппар Сманов оны «ақидада адасқан» деп мүфтият қайырды деді. «Осы уақытқа дейін мүфтияттың пәтуасымен жүргендер қамалмады. Дарынның уағызын тыңдамаңдар» деген сөзі бар. Сондай-ақ көпшілікке белігілі имам Арман Қуанышбаев та оның ақидада қателесетінін айтқан болатын.
«Ол аяғын аңдап басады»
Orda.kz тілшісі осындай дін таратып, күдікке ілінген адамдарды қадағалаумен айналысатын құзырлы органдарда істейтін азаматпен тілдесті. Ол қызмет бабына зияны тимес үшін, өз атын жасыруды сұрады.
Қайсардың (аты өзгертілді – ред.) сөзінше Дарын Мүбаров өте ақылды, қу адам. Бұған дейін талай тергеуде болған соң, ол әр аяғын «аңдап басады». Құзырлы орган қызметкерінің пікірінше, Қазақстанда Дарын Мүбаров шын мәнінде исламның дәстүрлі түсінігі сәләфизмді насихаттайды. Оның айтуынша, сәләфизм Қазақстанда пайғамбар суннасын ұстанатын адамдарды көрсету үшін қолданылатын термин саналады. Ал олар өздерін «ахлу сунна уаль джамаа», яғни сүннет жолымен жүрушілер деп санайды.
Қайсардың айтуынша, соңғы жылдары радикалдық топ құрылымында айтарлықтай өзгерістер болды. Олардың көпшілігі бұрынғыдай назар аудартпай, тасада жүре бастады.
«Ол ұзақ уақыт бойы көзге түспей кеткен. Жалпы, біз оны терминологиямызда «сәләфит» деп атайтын болсақ, солай екені рас. Ол исламды таза күйінде насихаттайтын адам. Қазақстанда ғана «сәләфизм» деген термин бар. Қазақстаннан басқа жерде бұл термин іс жүзінде қолданылмайды. Бірнеше рет қарым-қатынас орнатып көрдік. Олар ешқашан өздерін салафит деп атамайды. Олар өздерін «ахл сунна уаль жамағат» деп атайды. Яғни, пайғамбардың сүннетін ұстанатын адамдар. Көбіне олар құрандағы өздеріне қолайлы жерлерді тілге тиек етеді. Сирияға соғысқа барғандардың бәрі дерлік Құранды мүлде оқымаған. Олар адамдарды тарту үшін ең алдымен қысқаша сөздерге сүйенеді. Артынша түрлі топтарға шақырып, пәтерлерде жиын өткізе бастайды. Әңгімелескенде біреуі естігенін жеткізеді, ал қалғандары соған сеніп отырады», — деді Қайсар.
Қайсар олардың арасында «әмір» деген түсінік бар екенін айтты.
«Әмір дегеніміз — адамдарды соңынан ертіп жүретін адам. Әмір не білсе, бәрін өз ыңғайына сәйкес баяндайды. Сөйтіп, алдымен еркектерді жұмақпен және хор қыздарымен қызықтырады. Ол үшін Аллаһ жолында өлу жеткілікті, сонда жұмаққа кіруге болады. Олардың сөзінше бұл азапты болса да, өлуге тұрарлық жол», — дейді Қайсар.
Демократия және теріс ағымды ауыздықтау
Қызметкер сондай-ақ, қазіргі демократияның кең шеңберінде құзырлы органдардың жат ағымдарды ауыздықтауына қиындық туғызатынын айтты. Ол мұндайдың алдын алу үшін заңнаманы қайта қарастыру қажет деп санайды.
«Біздің заңымызда айылын жимайтын зайырлылық және демократия бар. Түрлі дін ағымын мұндай кең демократия тұрғанда бақылау қиынға соғып жатыр. Заңды өзгерту керек, оны реформалау керек», — дейді ол.
Қайсардың пікірінше, теріс ағымдарға қарсы күресудің тиімді жолдарының бірі — білім деңгейін көтеріп, жастарға өз қабілетін ашып, көтерілуіне жағдай жасау.
Сонымен қатар ол еліміздегі дін мәселесіндегі басты проблема – ұлттық идеологияның болмауы екенін атап өтті.
Домбыраны харамға балағаны қауіпті үрдіс
Сондай-ақ, осы мәселе бойынша Orda.kz дінтанушы Әл-Фараби Болатжанға хабарласып, Дарын Мүбаровтың YouTube арнасына берген сұхбаты жайлы сұрадық.
Дінтанушы Дарын Мүбаровқа «адасты» деп айдар тақпауды жөн көретінін айтып, бірақ оның қателесетінін де жоққа шығармады.
«Жалпы мен біреуге адасты деп «ярлық» тақпауды жөн көремін. Себебі жеке басына өткім келмейді, бұл этикаға сай емес. Ал енді оны қателеседі десем дұрыс болар. Оның бірқатар пікірімен келіспеймін әрі оларды қауіпті санаймын», — деді Әл- Фараби Болатжан.
Дарын Мүбаров YouTube арнасына берген сұхбатында «домбыра, қобыз, терме, күй, айтыс, сыңсу харам ба?» деген сұраққа «музыкалық аспаптарға рұқсат жоқ» дегенді айтып, Дина Нұрпейісова жайлы мысал келтіреді. Сөзінше, кеңес өкіметінің адамдары күйіне таңқалып, тағы шертіп беруін сұрайды. Бір күй шертіп береді. Тағы бір сұрағанында Дина апамыз «Молдалар айтады ғой, домбыра ақыретте жақсылық бермейді. Сол үшін осы бір тартқанымды қанағат қылыңдар» депті. Атақты күйші Дина Нұрпейісова расымен молдалар айтқан соң қойды ма? Әлде кеңестің әскерилеріне күй шертіп бергісі келмеді ме?
Дарын Мүбаровтың айтып жүрген уағыздарының ауанына қарасақ, мысал ретінде үнемі тарихи деректерді сөзіне қосып жүр. Бірақ, сол астарлап, жалтарып жауап берген тоқсан ауыз сөзінің тобықтай түйіні «дін жолына түсем деген адам болса, музыкалық аспаптарға рұқсат жоқ, сондықтан бас тарт деп айтамыз» дегенге саяды. Ал енді оның әлдекімге бұлай айтуға қақы бар ма?
Бұл жайлы дінтанушы Әл- Фараби Болатжан домбыраны харамға балағаны қауіпті үрдіс екенін айтты. Имамның дәл осы сөздері жастарға кері әсерін тигізуі мүмкін.
«Алайда домбыраны харамға балағаны қауіпті үрдіс. Себебі домбыра деген ұлттық сана сезімімізде ерекше орын алады. Дәп осы сөздері менің ойымша жастарға кері әсер тигізуі әбден ықтимал. Себебі мәдениетінен арылған ұлттың бірегейлігі жойылуы мүмкін. Құранның еш жерінде музыка, музыкалық аспаптар харам делінбеген, ал хадистерге келсек Мұхаммед пайғамбар «әр елдің өз мейрамы бар» деп Әбу Бәкір сахабасына бір елге өз мейрамын музыкамен тойлауына кедергі етпесін деген бұйрығы келтірілген. Домбыраға олай негізсіз тіл тигізуге болмайды деп есептеймін. Еш адамның Алла мен Оның пайғамбарының атынан музыка харам деп пәтуа шығаруына Алла алдында хақысы жоқ деп санаймын», — деді Әлфараби Болатжан.
Осы мәселе бойынша Қазақстан дін істері басқармасына арнайы сауал жолдаған едік. Жауап бір-екі апта кешікке соң, «тыңдауға бола ма? болмай ма?» деген сауалға «иә», «жоқ» деген жауап алып беріңізші дедік.
Алайда мүфтият 29 күннен кейін жауап қайтарды. Соның өзінде екіұшты мәтін жіберіп, «түсінген адамға бәрі жазылып тұр» деп жіберді. Дәл Дарын Мүбаровты тыңдауға болады немесе болмайды деген ашық сөзі жоқ мәтінді назарларыңызға ұсынамыз.
«Дарын Мүбаровтың сөзі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының көзқарасын, ұстанымын білдірмейді. Өйткені аталған азамат Діни басқарманың қызметкері емес. Діни басқарма мүфтияттың діни ұстанымына, шығарған пәтуаларына қайшы келетін азаматтардың діни пікірлерін қолдамайды. Шариғат дін негіздеріне қайшы келмейтін салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды жоққа шығармайды, керісінше құптайды», — деп жауап берді мүфтият өз мәлімдемесінде.
Елімізде теріс ақидаға, теріс ағымға кеткен адамдар саны көбейіп, діни ахуал өршіп тұрған шақта мүфтияттың безбенмен қатар тартып, турасын басып айта алмауы нені білдіреді?
Ал журналистер атышулы Дарын Мүбаровтан сұхбат алып, оны көптің назарына ұсынып жүр. Пікірде оны қолдап-қолпаштап жатқан адамдар өте көп.
Еске сала кетсек, 2018 жылы Дарын Мүбаров заңсыз миссионерлік қызметі үшін Қарағанды қаласының ауданаралық мамандандырылған соты ҚР Әкімшілік құқыз бұзушылық туралы Кодекстің 490-бабы 3-бөлігі бойынша Дарын Мүбаровты жауапкершілікке тартты.
Санасын жат ағымның уағыздары улаған азаматтар шетел асып кетіп те жатыр. Оның бір қатары «Жусан» операциясымен елге қайтарылды.
«Бірнеше жыл бұрын «Бүкіләлемдік Ислам Халифатын» құру идеясымен уланып Сирияға қарай жол тартқан жүздеген қазақстандық азаматтар да дәл осындай күйге тап болған. Сол кездің өзінде бұлардың көпшілігі ақиқатпен бетпе-бет келіп, алданып қалғандарын түсінген болатын. Бұл жерде ешқандай шариғаттың өзі де жоқ, ізі де жоқ. Олардың «әмірлері» пайда үшін жандарын шүберекке түйіп, кешегі «діндес бауырларын» беттері бүлк етпестен сатып кетіп жатты», деп мәлімдеді ҰҚК.
«Шектен шыққанның бәрі — у» деген сөз бар. Күмәнді «имамдардың» уағызын тыңдап, талай ұрынған азаматтар бар.
Дін атын жамылып, 13 жасар қызға жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткендер жайлы мына материалдан оқи аласыздар.
Жаңалықтар
- «16 жасар баланың қазасы»: Талғарда әділдік сұраған жұрт көшеге шығып, жолды жауып тастады
- Көкшетауда ХҚКО бұрынғы қызметкері заңсыз ісі үшін сотталды
- Талғарда қаза болған 16 жасар баланың әкесі ашық сот өткізуді талап етті
- Елена Рыбакинаның көрсеткіші әлемдік рейтингте төмендеді
- Атырау облысында қамыс өртеніп, қала түтінге тұншықты
- Ішкі авиарейстерді субсидиялауға 6,4 миллиард теңге бөлінеді
- Жетісу облысында жантүршігерлік жол апатынан 3 адам мерт болды
- Генетиканың жаңа деңгейі: Нобель лауреаттары микроРНҚ-ның маңызын ашты
- Қазақстанның екі өңіріндегі өрт бір тәулікте 21 мың гектарға дейін жерді шарпыды
- 19 жастағы бойжеткен 14-қабаттан құлап, мерт болды
- Алматылық 2 тұрғын жалған доллар сатып келген
- Пәкістанның Карачи қаласында терракт болды
- Ресейлік 2 олигарх Қазақстанның шетелдік инвесторлар кеңесінен шығарылды
- Референдум шын мәнінде қалай өтті?
- «46 млн теңге»: Қарағандыда қарақшылық қылған азамат Ресейде ұсталды
- Петропавлда үй өртеніп, 3 адам қаза тапты
- Лай көшкінінен 18 адам қаза болды
- Атырауда ер адам ата-анасын өлтіріп, артынша өз-өзіне қол салды
- Скриптонит пен Jah Khalib-ке тыйым салынды
- Күдікті ер адамды соққыға жығып, тонап кеткен