Қазақстанда қару-жарақ қалай қадағаланады?
Татарстан астанасы Қазан қаласындағы оқиғадан соң көршілес елдерде қару-жарақ ұстау және сатып алу туралы заңды күшейту керек деген мәселе көтеріле бастады. Қазақстанда да бұл мәселе шет қалмады.
ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз:
— Бүгін басталған «Қару» жедел алдын алу іс-шарасы аясында қару-жарақ пен оқ-дәрілердің сатылу заңдылығы, қару-жарақ дүкендерінде, оқты қарудың иесі саналатын заңды және жеке тұлғаларда олардың қауіпсіз сақталу талаптары тексерілетін болады, - деді Ішкі істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында.
Татар жұртын орны толмас қазаға ұшыратқан қанды Қазан оқиғасынан кейін жалпы «елімізде қару алу үшін не істеу керек?» «қандай талаптарды орындау керек?» деген сауал мазалады. Психикасында ауытқуы бар Галявиев қаруды заңды жолмен алғанның өзінде, оны қолдану кезінде ойланбағаны анық... Сондықтан да, біз қару алудың жөн-жосықтарымен танысып көрдік.
Біздің елде қаруға деген талап онсыз да қатал екен. Мұны «Қорамсақ» қару-жарақ қауымдастығының атқарушы директоры Сергей Катнов айтты.

— Шынында, қару ұстауға қатысты тәртіпті қатаңдатудың еш жөні жоқ. Өйткені қаруға рұқсат алудың қазақстандық жүйесі әлемдегі ең қатал жүйе. Мәселен, Қазанда болған оқиға кейіпкеріне екі апта ішінде психикалық тұрғыдан қалыпты екендігі туралы куәлік берген көрінеді. Ол оны қалай алды? Міне, осыған мән берген жөн. Ал заңға бағынатын қару иелерін қудаламау керек, - дейді.
«Қару-жарақ дүкендеріне қысым көрсетуден еш нәтиже шықпайды» деген қауымдастық басшылығы елімізде Австриядағыдай жүйе қажет деп санайды. Ол жерде қару алуға ниет білдірген адаммен 2 сағат бойы психолог жұмыс істеп, нәтижесінде оның қару ұстауға мүмкіндігі бар-жоғын анықтайды. Тек содан кейін ғана қару алуға рұқсат алатын көрінеді. Ал бізде ше?
Елдегі террорлық әрекеттерден кейін талап күшейген
Бізде заң қатал, талап күшті. Қару-жарақ дүкендеріне деген талап елдегі қантөгісті оқиғалардан кейін күшейе түскен. Естеріңізде болса, елімізде бірнеше рет болған террорлық әрекеттер осы қару-жарақ дүкендерімен байланысты.
Мәселен, 2011 жылы Тараз қаласында Мақсат Қариев есімді жанкешті «Мәке» қару-жарақ сататын дүкеніне баса-көктеп кіріп, 5 полицей мен 2 қала тұрғынын мерт қылды. Ол ҰҚК-нің ғимаратына оқ жаудырып, артынша өзін жарып жіберген еді. Сонымен бірге 2016 жылдың 5 маусымында Ақтөбеде «Паллада» қару-жарақ дүкені мен ұлттық гвардия бөлімшесіне жасалған террорлық әрекеттер де ел есінде. Ал 2016 жылдың 18 шілдесіндегі лаңкес Руслан Күлекбаевтың қырғыны да ұмытылған жоқ. Бұл оқиға кезінде 10 адам қайтыс болды. Оның 8 полиция қызметкері, 2 қарапайым азаматтар. Нәтижесінде, қылмыскер өлім жазасына кесілді. Алайда, 2003 жылғы мораторийге байланысты ол өмір бойы бас бостандығынан айрылды.

Қазан оқиғасы бұл мәселеге тағы да бет бұрғызды. ІІМ қаруды, қауіпсіздікті өз назарына алды. Осыған байланысты біз де қару-жарақ дүкендерінің бұл талапты қаншалықты орындап жүргенін білмек үшін дүкен иелеріне хабарласып көрдік. Өкінішке орай бір дүкен өздеріне тікелей жарнама жасаған жағдайда ғана пікір беретінін айтса, екіншісі біздің сауалымызға жауап беруге уақыттары тапшы әрі «ерігіп отырған ешкім жоқ» екендігін алға тартып, мәселені талқылауға құлық танытпады.
Расымен де, «Қару» жедел алдын алу іс-шарасы басталатынын естіген соң, қауырт жұмыстары мен реттейтін құжаттары көбейіп кеткен шығар деп түйдік. Десе де, сөз арасында тақырыбымызға талғажау болар ақпарат суырып үлгердік. Мәселен, дүкен иелері «Қару» жедел алдын алу іс-шарасының жылына төрт рет болатын тексерістен еш айырмасы болмайтынын, онсыз да тоқсан сайын тексеріс өтіп тұратындығын айтты.
Сондай-ақ олар өздерінен ешқандай күмәнді дүние немесе құжат таба алмайтынына да сенімді. Себебі, дүкенге келген сатып алушылар тек ІІМ берген құжатпен ғана суық қаруға ие бола алады екен. Бұл құжат болмаса, тіпті дүкен ішінде қаруды қолға беріп, ұстап көруіне де жол берілмейді! Оқ-дәрі де, қатал тәртіппен беріледі. ІІМ-нен бұл құжатты алу үшін, бірнеше мекеменің анықтамалары сұратылады екен.
Қаруды қазақстандықтар қалай алып жүр?
Қазақстанда 18 жасқа толған әрбір азамат тегіс ұңғылы қару алуға құқылы. Алайда бұл заң бүгінде қайта қарастырылуы мүмкін. Депутаттар 21 немесе 24 жасқа дейін көтеруді ұсынып жатыр. Азамат 18-ге толған соң да, қаруға оңай жете қоймайды.
Мәселен, қару алатын адам сотталмаған және психо-неврологиялық, наркологиялық тіркеуде болмауы керек. Электронды кілт арқылы алынатын бұл анықтаманы растау үшін арнайы психолог пен наркологтың қабылдауы қажет. Оны өткен соң арнайы оқ ату курсына жазылып, қару ұстаудың талап-тәртіптерін меңгереді. Осы құжаттарды алған соң, ІІМ-нен анықтама беріледі.
Одан басқа міндеттелген төлем түрлерін де өтеуі тиіс. Осы қадамдардан өткеннен кейін қару сақтайтын орын дайындайды. Иә, иә, қару сақтаудың талаптары орындалған кезде ғана қолыңызға қару береді. Ол үшін үйге арнайы қару қоятын сейф керек және ол сейфтің қақпағына дабыл орнатылуы міндетті. Ал ойық ұңғылы қаруды алудың жыры көп. Ол үшін азаматтар кемінде үш жыл тегіс ұңғылы қару ұстап жүре тұруы керек. Міне еліміздегі қару ұстауға қойылатын талаптар осындай.
Мектептер қорғаусыз қалмайды
Атап өтер тағы бір мәселе, еліміздің Ішкі Істер министрлігі Қазан оқиғасынан кейін тек қару-жарақты ғана емес, мектептер мен ондағы балалардың қауіпсіздігіне де ден қоя бастады. Бұдан былай Қазақстанның барлық мектептерінің қауіпсіздігі қатаң тексеріледі. Бұл мақсатта арнайы бақылау камераларын орнатып, дабыл батырмасы қойылады. Сондай-ақ балаларды қорғау мақсатында зорлық-зомбылыққа үгіттейтін теріс бағыттағы ғаламтор ресурстары қадағалауға алынды. Бүгінгі күні жүргізілген жұмыс нәтижесінде 4500 порнография мен экстремизмді, есірткі мен зорлық-зомбылықты насихаттайтын шетелдік контент анықталып, бұғатталған.
Сонымен бірге мектептер мен мектепке дейінгі білім ошақтарында бейне бақылау нүктелерін көбейтіп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы мамандандырылған күзет ұйымдарының қызметіне сүйену мәселесі де қарастырылады. Мәселен, елдің ірі қалаларындағы 408 мектеп бүгінде арнайы күзет жасақтарымен қорғалса, мыңнан аса мектепке дабыл батырмасы орнатылған.
Сабина Зәкіржанқызы
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық