Әлеуметтік желідегі қандай пікірлер үшін нақты жаза тағайындалуы мүмкін?
Сурет ЖИ көмегімен жасалды
Қазақстандықтар интернеттегі жарияланымдардың қылмыстық және әкімшілік істерге себеп болатынына күн өткен сайын көздері жетіп жүр. Қазақстанда әлеуметтік желілерге «жай ғана ойын-сауық» ретінде қарау әлдеқашан тоқтаған. Orda.kz әлеуметтік желідегі қандай пікірлер үшін нақты жаза тағайындалуы мүмкін екенін саралап көрді.
Қазақстанда әлеуметтік желілердегі жарияланымдар үшін жауапкершілік мәселесі соңғы жылдары ерекше өзекті тақырыпқа айналды. Бұрын интернеттегі пікірлер мен жазбалар еркін ой білдіру алаңы ретінде қабылданса, бүгінде олар заң тұрғысынан нақты бағаланып, құқықтық салдары бар әрекет ретінде қарастырылады. Көптеген қазақстандықтар әлеуметтік желідегі бір ғана жазбаның немесе пікірдің әкімшілік немесе қылмыстық іске себеп болатынын өз тәжірибесінде көріп отыр.
Ең алдымен, жала жабу мәселесіне тоқталу керек. Егер адам басқа біреудің абыройы мен беделіне нұқсан келтіретін жалған ақпарат таратса, бұл заң алдында жауапкершілікке әкеледі. Мұндай жағдайларда тек пост жазу ғана емес, біреудің жазбасына қалдырылған пікір, сторис немесе репост та дәл сондай жарияланым ретінде қарастырылады. Сот тәжірибесінде әлеуметтік желіде біреуді негізсіз айыптағаны үшін айыппұл төлеген немесе әкімшілік жазаға тартылған азаматтар аз емес.
Келесі маңызды мәселе – жалған ақпарат тарату. Егер жарияланған ақпарат шындыққа сәйкес келмесе және қоғамда үрей немесе түсінбеушілік туғызса, бұл қылмыстық жауапкершілікке дейін апаруы мүмкін. Мысалы, пандемия кезінде немесе төтенше жағдайлар барысында жалған мәлімет таратқан адамдарға қатысты нақты істер қозғалған. Кей жағдайларда мұндай әрекеттер үшін айыппұл ғана емес, бостандықты шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған.
Осыдан он жыл бұрын Facebook-тағы пікір немесе Instagram-дағы эмоциялық жазба асүйдегі әңгіме сияқты қабылданатын. Бүгінде бұл – толыққанды қоғамдық кеңістік. Бұрын дөрекі сөз үшін адам ең көп дегенде блокқа түсіп немесе хейтке ұшыраса, қазір бірнеше жол жазба үшін қылмыстық істің кейіпкеріне айналып шыға келуі мүмкін.
Мұндай істердің басым бөлігі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабы барысында қаралады. Бұл бап әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздықты қоздыруға қатысты. Баптың тұжырымдамасы кең болғандықтан, оның айналасындағы дау да көп. Құқық қорғаушылар бұл норма сөздерді тым еркін түсіндіруге мүмкіндік береді деп санайды. Ал мемлекет ұстанымы бойынша, интернеттің ықпалы бүгінде теледидардан да күшті, сондықтан желідегі қақтығыстар шынайы жанжалдарға ұласуы мүмкін.
Заң бойынша 174-бап арқылы жаза жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруға жетуі мүмкін. Егер іс топпен жасалса немесе ауыр салдарға әкелсе, жаза мерзімі одан да ұзарады.
Алайда жауапкершілік тек осы баппен шектелмейді. Қазақстан заңнамасы интернеттегі басқа да жарияланымдар үшін жауапкершілік қарастырады.
Мысалы, әлеуметтік желідегі жария қорлау үшін Қылмыстық кодекстің 131-бабы бойынша жаза қарастырылған. Бұл тек дөрекілік емес, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін әдепсіз түрде қорлауға қатысты. Мұндай жағдайда айыппұл, қоғамдық жұмыс немесе түзету жұмыстары тағайындалуы мүмкін.
Сондай-ақ жала жабу, адамның беделіне нұқсан келтіретін жалған ақпарат тарату да заңмен жазаланады. Кейбір жағдайларда іс әкімшілік қамауға алу немесе ірі айыппұлмен аяқталуы мүмкін. Мұнда тек пост емес, пікір, сторис, репост немесе видео астындағы жазба да жарияланым болып саналады.
Ең ауыр салдар елдің аумақтық тұтастығын бұзуға шақыру, сепаратизм, экстремистік мәлімдемелер және жаппай тәртіпсіздікке үндейтін жазбалар үшін қарастырылған. Мұндай істер Қазақстанда жиі сотқа дейін жетеді. Құқық қорғау органдары тек мәтінді ғана емес, оның контекстін, аудиториясын, қамту ауқымын және қолданушылардың реакциясын да ескереді.
Тағы бір тәуекел аймағы – заңсыз митингілер мен акцияларға шақыру. Егер жарияланым келісілмеген шараға шығуға немесе тәртіпсіздікке қатысуға ашық үндесе, бұл да әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Заңгерлер әлеуметтік желідегі жазба іс жүзінде жария сөзге тең екенін жиі ескертеді. Адам постты «тек өз адамдарым үшін» жаздым деп ойлағанымен, скриншоттар бірнеше сағат ішінде чаттар мен Telegram-арналарға тарап кетуі мүмкін. Сол сәттен бастап жазба жеке пікір емес, тексеру нысанына айналады.
Жауапкершілік тек өз мәтініңіз үшін ғана емес. Қазақстанда жеке деректерді, дәрігерлік, банктік және заңмен қорғалатын өзге де ақпаратты таратуға тыйым салынған. Сондай-ақ тергеу жүріп жатқан адамдарды сот шешімінсіз қылмыскер деп жариялауға болмайды.
Тағы бір маңызды мәселе – моральдық зиян. Егер жарияланым адамның беделіне нұқсан келтірсе, ол сотқа жүгініп, өтемақы талап ете алады. Мұнда тек қорлау емес, жалған мәлімет тарату, жеке деректерді жариялау, бөтен суреттерді пайдалану немесе адамның ар-намысына тиетін ақпарат тарату да негіз бола алады.
Соңғы уақытта Threads платформасы осындай жағдайлармен ерекше назар аудартып жүр. Қысқа уақыт ішінде ол қазақстандықтар арасында өте танымал болып, әзіл ретінде «қазақстандық әлеуметтік желі» аталып кетті. Алайда қысқа әрі жылдам пікір форматы оны қақтығыстар, арандатулар және саяси даулар алаңына айналдырды.
Дәл осы Threads-та қазір Қылмыстық кодекс шегінде тұрған контент жиі пайда болады. Ашық ұлтшылдық пікірлер, тілдік немесе діни белгілер бойынша қорлау, агрессия – жазбалар мен пікірлер күнделікті даулардан шығып, заң бұзушылыққа ұласыр жүр.
Жағдайды боттар мен аноним аккаунттардың көптігі де ушықтырады. Көптеген профильдер нақты ақпараттық себептерге байланысты арандату тастау үшін уақытша ашылады. Соның салдарынан қазақстандық интернет кеңістігінде өшпенділік деңгейі қолдан көтеріліп жатқандай әсер қалдырады. Алайда бұл боттардың ұйымдасқан әрекеті болса да, пікірталасқа араласқан нақты қолданушылар жауапкершіліктен босатылмайды.
Қазақстан интернет кеңістігі «виртуалды» ұғымынан толықтай алыстап, нақты құқықтық алаңға айналды. Бүгінде әлеуметтік желідегі пікір мінберден айтылған сөзбен тең. Әлеуметтік желілер қоғамдық көңіл-күйге көбірек әсер еткен сайын, мемлекет бақылауды да күшейтіп келеді.
Бұл жерде мүдделер қақтығысы анық байқалады: бір жағынан – ксенофобия мен радикализмді шектеу талпынысы, екінші жағынан – сөз бостандығы шекарасы туралы пікірталас.
Алайда енді агрессивті жазбаны эмоцияға, сарказмға жатқызып немесе «жай пікір білдірдім» деп ақтау мүмкін емес. Бүгінде желідегі кез келген сөз – нақты салдары бар жария мәлімдеме болып отыр.
Әлеуметтік желідегі ең ауыр құқықбұзушылықтардың бірі – ұлтаралық, діни немесе әлеуметтік араздық қоздыру. Мұндай мазмұндағы пікірлер, тіпті әзіл немесе эмоциямен жазылған болса да, заң алдында өте қатаң бағаланады. Қазақстанда осы бап бойынша нақты сотталған адамдар бар, олардың кейбірі тек пікір жазғаны үшін жауапқа тартылған. Бұл бап бойынша жаза бірнеше жылға бас бостандығынан айыруға дейін барады.
Сонымен қатар, жеке өмірге қол сұғу да жиі кездесетін құқықбұзушылықтардың бірі. Біреудің рұқсатынсыз оның жеке фотосын, видеосын немесе жеке деректерін жариялау заңмен тыйым салынған. Әсіресе, соңғы жылдары «доксинг» деп аталатын – адамның жеке мәліметтерін әдейі тарату жағдайлары көбейген. Мұндай әрекеттер үшін де айыппұлдан бастап қылмыстық жауапкершілікке дейінгі жаза қарастырылған.
Тағы бір қауіпті бағыт – экстремизм мен терроризмді насихаттау. Қазақстан заңнамасында тыйым салынған ұйымдардың материалдарын тарату, тіпті оларды жай ғана бөлісу (репост жасау) да ауыр қылмыс ретінде қарастырылады. Мұндай істер бойынша бірнеше жылға бас бостандығынан айырылған адамдар бар. Бұл жерде ниеттен гөрі әрекеттің өзі маңызды рөл атқарады.
Маңызды бір жайт – заң алдында жарияланымның формасы емес, мазмұны есепке алынады. Яғни пост, комментарий, сторис, лайк немесе репосттың бәрі құқықтық тұрғыдан бірдей қаралуы мүмкін. «Мен тек бөлістім» немесе «жай пікір жаздым» деген уәждер жауапкершіліктен босатпайды.
Бүгінде әлеуметтік желілер Қазақстандағы толыққанды құқықтық кеңістікке айналды. Әрбір қолданушы жариялаған ақпараты үшін жауап береді. Сондықтан интернетте пікір білдірмес бұрын ақпараттың рас-өтірігін тексеріп, эмоцияға берілмей, заң талаптарын ескерген жөн. Бұл тек жеке қауіпсіздік емес, қоғамдағы тұрақтылық пен өзара құрметті сақтаудың да маңызды шарты.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- Әлеуметтік желідегі қандай пікірлер үшін нақты жаза тағайындалуы мүмкін?
- АҚШ грин-карта алу ережелерін қатаңдатты, өтініш беру үшін шетелдіктер елден шығуы тиіс
- Лионель Месси долларлық миллиардер атанды
- Зеленский: Украина Еуроодақтың «қауымдастырылған мүшесі» болмайды
- Алматыдағы Моттың концертіндегі шу: Бишілер рэпермен сахнаға шықпай қойды
- Әзербайжан туын жерден көтеріп орнына қойған оқушы екі елдің сүйіспеншілігіне бөленді
- Астанада екі пәтерді жалға алып есірткі дайындаған адам ұсталды
- Ұлттық банк 2027 жылдан бастап несие санына шектеу енгізеді
- Алматы полициясы түлектердің ата-аналарына ескерту жасады
- Алматыда мәдениет қызметкерлеріне 60 пәтер мен 13 мемлекеттік марапат табысталды
- Қоғам белсендісі Оразалы Ержанов төрт жылға бас бостандығынан шектетілді
- Ерлан Қошанов президентке Ата заң нормаларын іске асыратын жеті конституциялық заң қабылданғанын баяндады
- Ақтауда пластикалық отадан кейін депутат қайтыс болды
- Бес адам сотталған өлім ісі: Туыстары полиция әрекетіне күмән келтірді
- Жетісу облысында мақсатсыз пайдаланылған мыңдаған гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды
- Тбилисиде халықаралық іздеуде жүрген есірткі қылмыскерлері ұсталды
- Қазақстанда амнистия арқылы қандай жазалар кешіріледі?
- Тоқаев: Жапония — Еуропа мен Азияны жалғайтын Орталық Азиядағы басты хаб
- Электромобиль сатылымы әлемнің 100 елінде рекордтық көрсеткішке жетті
- Криштиану Роналду Сауд Арабиясының «Әл-Наср» клубына жеңіс сыйлады