Айсұлтан Назарбаевтың жерленген жерін неге жасырады?

cover

ORDA. Кеңсай зиратында бұған дейін құпия болып келген біраз фактілерге көз жеткізіп қайтты.

Кеңсай Алматының  шығыс бөлігінде өте биік жотада орналасқан. Биіктен бүкіл оңтүстік астананың көрінісін тамашалауға болады. Бұл  жотаның етегін алып жатқан сай өте кең болғандықтан осы жердің Кеңсай аталуы да сондықтан болса керек. Ал осы маңдағы зираттар Кеңсай-1, Кеңсай-2 болып бөлінеді.

ХІХ ғасырдың ортасынан бастап Кеңсай Қазақстанның саяси, мәдени және бизнес элитасының жерленетін орны болып келеді. Қарапайым жұрттың қайтыс болғандары үшін мұнда жерлену мүмкіндігі жоқ деуге де болады. Бұл жерде қазір еліміздің мемлекеттік және мәдениет қайраткерлері, ҰОС-ның (Ұлы Отан Соғысының- ексерту ORDA) батырлары, өнер қайраткерлері, танымал музыканттар мен басқа да еліміздің өркендеуіне үлес қосып, есімдері тарихта қалған атақтылар жерленген.

Кеңсайға келушілер осында жерленген Дінмұхамед Қонаевты, Талғат Бегельдиновты, Бауржан Момышұлын, Заманбек Нұрқаділовты, Ержан Татышевты, Алтынбек Сәрсенбаевты, Батырхан Шүкеевті еске алып, олардың рухына құрметпен тағзым ету үшін келеді. Осындай  құрметке лайық адамдардың өмірінің ең соңғы күндері мен ең соңғы сәттері ұзақ уақытқа дейін белгісіз болып келді және әлі күнге дейін ашылмаған құпияларды да кездестіруге болады.

Жақында осы зиратта тағы бір бейіт пайда болды. Оның төңірегінде де түрлі алып-қашпа сыбыстар бар.

Солардың бірі бұл жерде Ұлыбританияда белгісіз жағдайда биылғы жылдың 16 тамызында қайтыс болған Айсұлтан Назарбаев  жерленген дейді. Алайда оның осы зираттың дәл қай жерінде  жерленгені айтылмайды. Бірақ оның қайтыс болғаны туралы хабар тарасымен – ақ Кеңсай зиратының қақпасы келушілер үшін тарс жабылды. Басты себеп - санитарлық жұмыстардың жүргізілуі - деп хабарланды. Ал зират қайта ашылғанда келушілер Тимур Құлыбаевтың анасы Раиса Құлыбаеваның моласы жанында тағы бір жаңа мола пайда болғанын байқады. Жорамалшылардың айтуы бойынша бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі жерленген мола  болуы мүмкін.

Әуелгі кезде мұнда Раиса Құлыбаеваның жерленуіне де жергілікті тұрғындар тарапынан наразылықтар болды. Өйткені өзінің Facebookтегі парақшасында жергілікті тұрғын атап өткендей, бұл мола зираттағы өзге молалардан едәуір қашықтықта болғанмен адамдар тұрып жатқан мекенге жақын жерленуі - санитарлық нормаларды сақтамау және тиісті заңдылықтарды бұзу болып есептеледі.

Қазір Раиса Құлыбаевадан басқа бұл шығыстағы ең биік жотаның оңтүстігінде бірнеше мола пайда болған. Болжам бойынша сол жақ шеттегісі Айсұлтан Назарбаев жерленген мола.

Осы материал дайындалып жатқан кезде ORDA. журналистері Кеңсай зиратына барып қайтқан болатын. Алайда Раиса Құлыбаеваның моласы мен Айсұлтан Назарбаевтың болжамды моласына жақындаудың сәті түспеді. Қазір ол жерде мемориалды кешенді құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Мазардың төңірегі күзетілуде. Барлық жер бейнебақылауда.

Ал ORDA. редакциясының Медеу аудандық әкімдігіне «Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі Кеңсайға жерленгені рас па?» деген ресми  сауалына әкімдік «бұл біздің құзырымызға жатпайтын мәселе» деген  жауап қайтарды. «Жерлеу рәсімдері» Арнаулы комбинатының директоры Мэлс Толысбаев та мекеменің ішкі тәртібіне сүйене отырып «мұндай ақпаратты тек жақын туыстары ғана білуі тиіс» - деген жалтарма жауап берді.

Негізінде Кеңсай-1 қазір ресми түрде жабық деп саналады. Бұл  зираттан жер алу немесе сатып алу мүмкін емес. Бірақ ОRDA. редакциясы шешілмейтін түйін жоқ екенін анықтады. Осы орайда «Жерлеу рәсімдері» агенттігінің қызметкері Светлана зиратқа байланысты келісімшарттардың схемасымен таныстырды:

«Қазір Кеңсай-2 зираты ашық. Сол жерде жерлеуге болады. Қайтыс болғаны туралы анықтама болса, орын таңдап алып, кассаға 88 мың теңге төлейсіз. Бұған 2,5 х 2 метр жер аласыз жерлеуге. Егер жерді кеңірек алам десеңіз бәрі келісімді. Ал Кеңсай-1 келер болсақ,  ол ресми түрде жабылған. Прокуратура ол жерді тексеріп тұрады. Орын жоқ. Бірақ дәл сол жерге жерлеймін десеңіз мәселені келісіп шешуге болады. Зират әкімшілігінен «бұған кім жауапты?» деп сұрайсыз. Мен бірақ олардың нақты бағасын білмеймін. Қазір Кеңсай-1 зиратындағылар жер сұраушылармен өте сақтық жағдайда  сөйлеседі.  Десе де прокуратура тексереді дегенмен,олар ақшадан бас тарта  қоймас, тіпті прокуратура болса да.  Бірақ, телефонмен мәселе шешілмейді, әрине. Менің ойымша, тиісті  бағадан басқа 50 мың теңге берсеңіз жерлейтін жер алуға болады»,- деді Светлана.

Кеңсай-1 зиратының қызметкерлері жерлеу рәсімдері агенттігі қызметкерінің сөзін теріске шығармады.

«Сағат 8-де келсеңіз әкімшілік осы жерде болады, сізді апарып жерді көрсетеді, сол жерде бәрін келісесіздер, біз ештеңе айта алмаймыз, бәрін басшылық шешеді», - деп мәселенің мән-жайын нақты білу  үшін зираттың бастығы Дастан Смайыловқа сілтеді.

Осы зираттан қосымша жер сатып алу тәртібін жақында анасын сол Кеңсай -1 жерлеген қоғам қайраткері  Әміржан Қосан түсіндірді.

1997 жылы Кеңсай- 1 әкесі жерленген екен. Анасы да сол жерге өзін жерлеуді өтінген соң, жерді сол жерден қосымша сатып алуға тура келген.

Елу жылдан астам уақыттан бері Кеңсай зираты Қазақстанның  элитасы жерленетін жерге айналды. Бұл зиратқа жерлену адамның атағы мен даңқынан хабар беріп тұрғандай. Моласына тұрғызылған мазар немесе құлпытасқа қарап, ол неғұрлым қымбат болса жатқан адамның да әлеуметтік мәртебесі солғұрлым жоғары екенін байқайсыз. Таңдаулылардың мәңгілік мекеніне айналған Кеңсай зираты қымбат құлпытастарымен ғана емес, молада жатқан жандардың тіршіліктен кетердегі тылсым құпиясымен де ерекшеленеді.

Кеңсайдағы бағалары бірнеше миллионға жететін мавзолейлер мен құлпытастардың архитектуралық сәулеті нағыз өнер туындылары  деуге де болады. Олар Алматы мен еліміздің тарихи дамуынан сыр шертіп тұрғандай. Қазір Кеңсай зираты кеңіп, оның үшінші аумағы да салынып жатыр. Кеңсай -3 те құпиясы мол элиталық зират болуы ықтимал. Өйткені бақилық болған әр адам ішкі сырын, ғұмырқұпиясын өзімен бірге ала кетеді емес пе?..

Автор: Сауле Саденова

Аударған: Айнура Дарибаева

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар