60 жыл орнатылмаған әжетхана: Сайран көліне не төгеді және онда шомылуға бола ма?

cover Коллаж: Orda.kz

Ресми түрде Сайран көлінде шомылу маусымы әлі басталмағанымен, суға түсіп жүрген ересектер мен балаларды көзіміз шалады. Жақында көл жағалауы абаттандырылды. Тіпті әжетханалар да қойылған (әзірге істемейді). Алайда шомыламын дегендерге ең басты мәселе – судың тазалығы болып тұр. Көлге және оған құятын Үлкен Алматы өзеніне түрлі лас нәрселерді төгіп, қоқыстарды тастағаннан Сайрандағы су сапасы бұрынғыдан да нашарлап кеткен.

Әдеттегі және бұған дейінгі жөндеу жұмыстарын жасағанда билік өкілдері суды ластауға жол бермейміз деп уәде берген еді. Orda.kz тілшісі өзеннің бойымен жүріп, бұл уәденің қаншалықты орындалғанын тексеріп көрді.

№28 автобустың соңғы аялдамасы мен Өткелді өзені Үлкен Алматы өзеніне құятын тұстан бастадық.  Абай даңғылы, одан төмен өзен Сайран көліне құятын жерге дейін жүріп қайттық.

Біз жеке тұрғын үйлер мен түрлі кәсіпкерлердің нысандарынан өзенге қарай тартылған қаптаған құбыршектерді (шланг), құбырларды және траншеяларды, сондай-ақ шашылып жатқан пластик, резеңке, шүберек, темір және басқа да қоқыстарды көрдік.

Өзеннің бойы түгел дерлік шашылған қалдықтарға толып қалған.

Өзенге жақын жерлерде түрлі дәмханалар мен демалыс аймақтары орналасқан.

Солардың бірінің үстіңгі жағында, биіктеу тұста, үш қабатты зәулім сарай тұр. Бұл жерде бұрын «Жан Тән» атты сауықтыру орталығы болған немесе әлі де жұмыс істеп тұр.

Орталықтың қоршауы мен құбырдың арасынан кәріз құдығы көрінеді. Осы құдықтан өзенге қарай қалың құбыршектер тартылған. 

 

Сәл төмендегенде PLATINA атты жұмыс істемейтін саунадан төмен қарай құбыршек тартылғанын байқадық.

Төменгі жақтарда басқа да демалыс орындары мен дәмханалар, жеке үйлер орналасқан. Бірақ бұталар мен ағаштар жауып тұрған соң нақты не төгілетіні көрінбейді.

Мысалы, Хан-Тәңірі шағынауданындағы Дулати көшесі, 171-үй маңында орналасқан дәмхана мен мейрамханадан өзенге қарай құбыршек тартылған.

Бұдан кейінгі аумақта жекеменшік сектор тұр. Мұндағы жағдай бағанағы жермен салыстырғанда ашық көрінеді. Өйткені өзен мен үйлердің арасында көлік жүретін жол және жаяу жүргіншілер жолы бар. Бұл – Хан-Тәңірі шағынауданы, Набережная мен Свежесть атты көшелер.

 Осы тұстарда да өзенге қарай шығарып қойған құбыршектер мен құбырлар өте көп.

 

Кей жерлерде олар – жіңішке пластик құбыршектер, ал кейбір жерлерінде қалыңдау резеңке немесе пластмас құбырлар, ал кейбірінде металл құбырлар тұр.

Сондай-ақ, кейбір азаматтар мен мекемелер өзенге лас суларын түнде төгіп, таң атқанша құбырларын жасырып қоятын айла шығарғанын жұрт айтып жүр. Тағы бір расталмаған дерекке қарасақ, кейде лас су таситын көліктер дәл осы өзенге қалдықтарды төгіп кетеді деген қауесет бар.

Жекеменшік сектордағы кей тұрғындар өзен үстіне жақтау салып, автокөліктерін қоятын орын жасап алған.

Жаңбыр немесе көлікті жуғанда ағатын су бірден өзенге құйылады. 

Қадірлі оқырман, Әл-Фараби даңғылынан жоғары орналасқан бөгетке дейінгі аумақтың жағдайы осындай.

Ал Әл-Фараби даңғылының төмен жағында құбырлар мен құбыршектер жоқ десек те болады.

Дегенмен жаңбырдың суын құятын құбырлар бар.

Қазіргі таңда өзеннің бойында көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүріп жатыр.

Өзеннің бойында басқа да түрлі құрылыстар жүріп жатыр.

Әл-Фарабидің жоғары жағында өзеннің бір бөлігі жерастымен кеткен.

 

Бұл су Сәтбаевтан төмен жақтағы бөлігінде қайта қосылады.

Бірнеше апта бұрын алматылық белсенді Вадим Шкляр осы мәселеге қатысты бейнежазбасын Facebook желісіне жариялады.

«Мен шомылуға тыйым салуы қажет қауіпті бірнеш жерді анық білемін. Мәселен, санитарлық қорғаныс аймағы мүлде жоқ Қасқабастағы (Казкабас) ірі мал қоралары. Олардың қалдықтары жақын маңдағы жылға арқылы өзенге құйылады. «Свежеcть» бау-бақша серіктестігіндегі Набережная мен Хан-Тәңірі көшелері де қауіпті. Мұндағы тұрғындар өзен үстіне жақтау салып, көліктерін қояды. Ал одан аққан май мен сұйықтықтар тура өзенге құйылады. Жеке үйлерден тартылған құбыршектер мен құбырлар тұр. Жолдар мен көшелер – жаңбыр мен қар ерігенде, бәрі өзенге ағады. Бірақ бұл көзге көрінетіні ғана ғой. Меніңше, жасырын төгетіндер де бар. Сондықтан үлкен тексеріс қажет. Тәуелсіз, ешкімге жалтақтамайтын инспекция керек. Олар бәрін тексеріп, айыппұл салып, заңсыз төгінділерді біржолата тоқтатуы тиіс», – деп атап өтті Вадим Шкляр. 

 

Ол Orda.kz тілшісімен сөйлескен кезде, тағы бірнеше жайтты атады. Оның сөзінше, Алма-Арасан шатқалындағы «Сұңқар» құсбегілік орталығы қоқысты сайға лақтырады. Ал ол жерде жылқылар жайылып жүреді. Аюсайдағы әжетханалардың тұндырғысы бар. Үлкен Алматы өзені мен Жандосов, Сәтпаев көшелері қиылысындағы арықтар өте көп лай су шығарады. Кейбір техникалық қызмет көрсету орындарынан да (СТО) өзенге химиялық заттар ағады.

«Оған қоса, өзен арнасы бетонмен жабылған тұстарда жаз мезгілінде ит пен мысықтар тұзаққа түседі. Олар су ішуге түседі де, қайта шыға алмай қалады. Мен өз көзіммен өзен ішінде қалып кеткен иттердің денесін көрдім», – дейді Шкляр. 

 

2015 жылы 160 миллион теңгеге жасалған реконструкция кезінде де, одан кейін де Сайран өзенінің тазалығы жайлы мәселе жиі көтерілген. Сол жылдың маусым айында «Градостроитель и К» ЖШС директоры Алтай Сатыбалдиев Сайран көлінде су тазарту қондырғыларына арналған ТЭО-ны Табиғи ресурстар басқармасы тапсырыс бергенін хабарлаған болатын. Ондағы көздегендері суды тазарту, шомылуға болатындай жағдай жасау еді.

 

2015 жылы 30 шілдеде Сайранда ұйымдастырылған баспасөз турына Алматы қаласы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының сол кездегі басшысы Еркебұлан Оразалин де қатысып, былай деген:

«Гидротехникалық нығайту мен тазарту қондырғыларын орнату бойынша жоба дайындалып жатыр. Қазір бұл жоба жайлы келісімге келіп жатырмыз. Күзге қарай бекітілсе, қала әкімдігі күрделі жөндеуді бастап, 2016 жылдың көктеміне дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Келесі жылы еш үзіліссіз шомылу маусымын қамтамасыз етуді мақсат еттік». 

Сол кезде Еркебұлан Оразалин судың ластануы туралы сұраққа да жауап берген:

«Біз бір ай бойы Үлкен Алматы өзенінің бойымен рейд жүргіздік. Нәтижесінде, өзенді ластаған жеке және заңды тұлғаларға 8 миллион теңге айыппұл салынды. Бұл жұмысты тұрақты түрде жалғастырамыз. Су қоймасын ластағаны үшін салынатын айыппұл мөлшері келтірілген зиянға байланысты. 10-нан 100-ге дейінгі АЕК. Судың шомылуға болатындай ету үшін Үлкен Алматы өзенінің бойындағы заңсыз төгінділердің бәрін жойдық. Қазір Сайранда ағатын тау суы бар, сондықтан жалпы алғанда, ол шомылуға жарамды», – деген болатын. 

 

Алайда, бұл уәделерге қарамастан, жергілікті тұрғындардың көбі Сайранда шомылуға жүрексінеді.
Кейбір деректерге қарасақ, өзенге қоқыс тастап, кәріз суларын ағызып, жағасында көлік жуып, кілем де жуып, тіпті дәрет сындырып кететіндер бар. Көлде қаңғыбастар жуынады. Бір қарасаң, дәрет сындырады деген сөз шындыққа жанасады. Өйткені Сайранда көп жыл бойы дәретхана деген мүлде болмаған.

Мұнда түрлі жұқпалы инфекциялар жиі табылып тұрды. 2020 жылдың маусым айында Алматы әкімдігі көлде шомылуға тыйым салды. Су құрамынан А гепатиті, дизентерия және сальмонеллез қоздырғыштары анықталды.

Сараптама нәтижелері бойынша су қоймасындағы ластану деңгейі белгіленген нормадан тоғыз есе асып кеткен.

«Лактоза оң ішек таяқшалары табылса, ол деген сөз нәжістен ластанған судың әсері. Ал коли-фагтар – вирустық ластанудың белгісі. Демек, адамдар шомылған кезде суды жұтып қойса, А гепатиті мен басқа да ішек ауруларын, дизентерия, сальмонеллез жұқтыруы мүмкін», – деді Алматы қаласы Алмалы ауданының тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғалиева. 

2022 жылы да Сайранда ішек таяқшасы табылып, билік су қоймасындағы суды толықтай ағызуға шешім қабылдады.

 

Су қоймасының ластануы жайлы мәселені тұрғындар үнемі көтеріп келеді, ал билік әр жолы оны шешуге уәде береді.

Orda.kz тілшісі бұл мәселеге қатысты Сайранды қайта құру жобасының авторы, ландшафтық сәулетші Нелли Лаптеваға сұрақ қойған болатын:

«Биыл мамыр айында Алматы қаласының әкімі Үлкен Алматы өзеніне кәріз суларының, оның ішінде жаңбыр суы деп сылтауратып ағызып жіберетін төгінділердің мәселесін шешуді тапсырды. Алайда бұл лас орындардың нақты қай жерден ағып жатқанын табу оңай емес. Мысалы, сол құрылыстың бойымен екі метр тереңдікке дейін қазып шығу мүмкін емес. Ал бұл төгінділер ешбір құжатта тіркелмеген. Дегенмен, Абай мен Төле би даңғылдарынан төмен орналасқан, халықтың көмегімен күмән тудырған жаңбыр суын құятын құбырлар алынып тасталды. Ал  келесі жобада Абайдан жоғары орналасқандары жойылады». 

Шындығын айтсақ, лай су, төгінді ағызатын жерлер бастан асады. Сайран суының тазалығы сын көтермейді. Шомылып жүрген адамдар өз денсаулығына қатер төндіріп отыр. Дегенмен, аптап ыстық пен Алматыда суға түсетін орындардың аздығынан амалы қалмаған кей тұрғындар түсіп жатыр.

 

Өзеннің жоғары жағында төгілген лас сулардан бөлек, Сайран аумағы да ластанып жатыр. Жақында ғана жүргізілген жөндеу барысында 60 жылда бойы салынбаған дәретханалар алғаш рет орнатылды.

Алайда Orda.kz редакциясының мәліметінше, 2025 жылғы 20 маусымдағы ақпаратқа сүйенсек, әжетханалар әлі іске қосылмаған. Серуендеушілердің қай жерге дәрет сындырып жүргенін ішіңіз білсін.

  Автор: Данил Утюпин

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар