Уайым, толқу, қобалжудан құтылудың жолы бар ма?Психологтың кеңесі керек пе?

cover шаршау

Биыл бұрынғыдан өзгерек. Былтыр карантин талаптары күшейтіліп, 9 сынып оқушыларының жолы болды. Олар мемлекеттік емтихан тапсырмады. Орта білім беретін оқу орындарына ешқандай сынақсыз қабылданды.

Биыл карантин талаптары өзгермеді. Соған қарамастан 9 және 11 сыныпты тәмамдайтын шәкірттер білім байқауына қатысады. Бір жыл бойы қашықтан оқыған жасөспірімдердің тест сынағы алдында қобалжуы мен ата-аналардың «байқауда балам сүрініп қалмасын» деген уайымы басым.

Алматылық Айжанның айтуынша карантин жағдайында ҰБТ тапсыру, оқу орнын таңдау да оңай емес.

- Ұлым биыл ҰБТ дайындалып жатыр. Балам қандай балл алады деп уайымдаймын. Сабағына кедергі жасағым келмейді. Дегенмен күндіз де, кешке де төмен балл алса не болмақ деген ойдан қажыдым. Балам биыл 9 сыныпты тәмамдайды. Жыл бойы компьютерге телміріп отырды. Бір рет дауыстап үй тапсырмасын айтып, жауап бергенін естімедім.

Оның білімін ұстаздары қалай бағалады? Жаңа тақырыптарды меңгерді ме? Ол жағын білмеймін. Мектепте емтихан тапсырып, ауру жұқтырып алмай ма? Осындай сауалдар мазалайды. 28 мамырда алғашқы емтихан. Күнде дайындал деп ұлымды да қажып біткен сияқтымын. Балам жүдеп кетті. Сары уайымға салынып біттім, - дейді үш баланың анасы Әлия.

Биылғы мектеп түлектері білім байқауына дайын ба? Ата -аналар, ұстаздарды мазалаған сұрақ толқу, қобалжудан құтылудың жолы бар ма?

Көпшілікті толғандырған сұрақтарға жауап іздеп, Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының психологы, психология ғылымдарының кандидаты Сандуғаш Құдайбергеновамен сұхбаттастық.

Психология ғылымдарының кандидаты Сандуғаш Құдайбергенова

- Мен өзім де анамын. Биыл ұлым мектепті бітіреді. Емтиханға дайындалып жатыр. Жасөпірімдер үшін өте маңызды және жауапты сынақ. Ата-аналар, мұғалімдер және балалар да емтиханға психологиялық тұрғыдан да сақадай сай болуы керек.

Біріншіден толқу, мазасыздық бойды шектен тыс билеп алғанда күш-қуатымызды сүліктей сорып тастайтыны анық. Мектеп оқушысына қуат, жігерді емтихан кезінде жұмсаған пайдалы. Ең алдымен ескеретін жәйт, жасөспірім мен ата-ана емтиханды, ҰБТ -ны қарапайым жаттығу немесе әдеттегі емтихан ретінде қабылдауы керек.

Көп жағдайда «ҰБТ өте қорқынышты, мен оны тапсыра алмаймын» деген үрейді өршітіп, соған өзімізді иландыруға бейім тұрамыз. Мұның себебі тест тапсыру сынағын алынбас қамалға теңеу, оның ауқымын кеңейтіп, нақтырақ айтқанда асыра сілтеудің салдары балаға кедергі жасайды және оның бойындағы алаңдаушылықты күшейтеді. Сондықтан балалар, ата-аналар, сіз спортшы болсаңыз емтиханды жаттығу немесе күнделікті тест сынағы ретінде қабылдауға тырысыңыз. Дүрбімен қарағандай білім байқауын шамадан тыс үлкейтіп бағалауды доғарыңыз.

- Толқу кезінде кейбір оқушы тығырыққа тіреліп, білген жауапты ұмытып қалуы мүмкін. Қандай кеңес бересіз?

- Емтиханға дейін уақытыңызды ұтымды пайдалануға бойды үйретуге бейімделу өте маңызды. Алдымен стратегиялық жоспар құруға кеңес беремін. Мұның себебі, емтихан басталғанда барлық сұрақтарды бірнеше минутта жылдам қарап, оларды орташа, жеңіл және ауыр деп бөлген тиімді. Сіз алдымен орташа немесе жеңіл тапсырмаларды орындайсыз. Көбінесе уақыттың тапшылығы туындағанда бойда толқу өршиді.

Уақыт неге жеткіліксіз? Өйткені оқушы бірінші күрделі сұраққа жауап беруге тырысады. Бірақ оны шешу мүмкін емес. Сол үшін алаңдайды. Толқындай бұлқынған толқуды басқаруға қауқарсыз болады. Одан әрі ойы шатасып, іштей дүрбелең басталады. Сондықтан дайындық барысында жұмысты дұрыс ұйымдастырған маңызды. Күрделілігіне байланысты тапсырманы бөлу және уақытты бақылауды ұмытпау керек. Бұл өте тиімді әдіс.

Қатты уайымдағанда әдеттегідей емес, тыныс алуы жиілейді. Дәл осы кезде жүректің соғысы жиілеп, импульсі жоғарылайды. Ми жүректің жиі соғуын қауіптің белгісі ретінде қабылдайды. Осыған байланысты гормондардың көп мөлшері бөлінеді. Соның әсерінен жағдай ушықты деп есептейміз. Егер бірнеше тыныс алу жаттығуларын үйреніп алсаңыз, оның пайдасы өте зор және өте пайдалы.

Мысалы, терең тыныс алып, қысқа дем шығару, 3 секундтан кейін сіз ұзақ және толық дем ала аласыз. Сіз осындай қарапайым жаттығуларды меңгеру арқылы өзіңіздің тыныс алу мүшелеріңізді бақылауға мүмкіндігіңіз болады. Толқу, қобалжуды бәсеңдетеді.

- Үрейден арылудың қарапайым ережесі бар ма?

- Дене емтиханға дайын болуы керек екенін ұмытпау керек. Емтихан алдында жасөспірім ұйықтап, демалу керек. Көбінесе емтиханнан 2-3 күн бұрын немесе түнде балалар емтиханға дайындалып, нәтижесінде дамыл таппайды. Сондықтан соңғы күні қарбаласып кетеді. Дұрыс тамақтануды ұмытпаңыз. Осындай сынақ алдында ата-ананың қамқорлығы ауадай қажет.

Жасөспірім дәруменге бай тағам жеу керек. Білім байқауына бір күн қалғанда, мысалы, жалбыз, түймедақ қосылған жылы ванна қабылдау керек. Бұл шөптердің ағзаны тыныштандырады. Таңертең ұйқыдан сергек оянасыз. Емтиханда мазалайтын толқумен арпалысу үшін кішкентай физикалық жаттығулардың пайдасы зор.

Адам қатты уайымдағанда бұлшық еттері жиырылады. Одан арылу үшін басыңызды артқа сүйеп, баяу оңға, солға бұрыңыз, иығыңызды құлағыңыздың тұсына көтеріп, бірнеше секундтан кейін төмендетіңіз. Қолыңызға жеңіл массаж жасаңыз. Бұл қарапайым және оңай физикалық жаттығулар бойды кернеген қобалжуға қарсы амалдардың бірі екені есіңізде жүрсін. Қобалжу - ол қалыпты реакция, ол реакция, адамдар робот емес. Бірақ оны басқару - біздің қолымызда.

Жазира Бегалы, Алматы

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар