Тұңғыш әйелдер: тас бұзған тағдырлар

Orda.kz редакциясы халықаралық әйелдер мерекесіне орай Қазақ елінен шыққан, тарихта қалған аты мен мансабы халықтың назарынан тыс қалған, алғашқы ғалым, алғашқы ұшқыш, металург және тағы басқа қазақтың қыздары жайлы тарихты қопарып іздеп көрді. Бұл тарихта қалған аналарымыздың өмірбаянымен тағдырларын көздері тірі кезінде бағалай алмасақ та, атын жадымызда сақтап ұрпағымызға осындай аналарың бар деп, дәріптеп ұмытпас үшін ұсынамыз.
Қазақтан шыққан тұңғыш палеонтолог Балдырған Қожамқұлова
Қожамқұлова Балдырған Сералықызы – қазақтың тұңғыш палеонтолог. Алматы қаласының орталығында орналасқан ҚР БҒМ ҒК «Ғылым ордасының» табиғат музейіне келген адамның көзіне ерекше түсетін экспонат – мамонт қаңқасы. Оны 1957 жылы Зоология институтының 3 курс аспиранты, қазіргі таңда әлемге белгілі ғалым, қазақтың тұңғыш палеонтолог қызы Қожамқұлова Балдырған Сералықызы қазып алып келген еді.
2025 жылы қазақ ғалымы, палеозоология ғылымының алғашқы көшбасшыларының бірі Балдырған Сералықызы Қожамқұлова 95 жасқа толар еді. Студент кезінен бастап, оның бүкіл шығармашылық өмірі ғылыми зерттеулерге байланысты болды. Балдырғанның музыкалық дарынынан ата-анасының үміті мол еді. Әйтсе де табиғатқа деген сүйіспеншілік бала кезден ерекше болса керек, өнер жолын емес биология мамандығын таңдаған Балдырған Сералықызы 1949-1954 жылдары С.М.Киров (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің биология факультетінде білім алды. 1954-1957 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы Зоология институтының аспиранты болды. Алғашқы ұстазы Қазақстанда палеозоология ғалымын зерттеушілердің бірі В.С.Бажановтың жетекшілігімен ежелгі заманда тіршілік еткен, қазір тасқа айналған жануарлардың сүйектерін зерттеген.
Балдырған Сералықызы ежелгі жануарлардың сүйектерін зерттеуге маманданған кезде, әкесі Сералы академик Қаныш Имантайұлы Сәтпаевтан бұл қандай мамандық екенін сұрап, қазақтар мұндай жұмысты ешқашан таңдамағанын айтқан екен. Қаныш Имантайұлы ол кісіге Балдырған – ерекше тұлға, бұл өте қажет мамандық және оны мақтан тұту керек деп сендірген екен. Қаныш Имантайұлының айтқаны келді.
Кеңес одағының әскери барлауында шифыршы болған қазақ қызы Ақжібек Мұқашева
Ақжібек Темірғалиқызы Мұқашева 1919 жылы Орынборда туған, көз жұмған жылы белгісіз – КСРО Қорғаныс министрлігінің Бас Барлау басқармасында істеген қазақ қызы, саяси қуғын-сүргін құрбаны. 1940 жылы Мәскеу университетінің механика-математика факультетін бітіргеннен кейін арнайы курстан өтіп, 1941 жылы көктемде КСРО Қорғаныс министрлігінің Бас штабының Бас Барлау басқармасының шифрлаушылар бөліміне жұмысқа алынды.
Ол Брюссельдегі кеңес барлаушысы «Кенттің» (Уругвай азаматы Витсент Сиерра – шындығында барлаушы Анатолий Маркович Гуревичтің, КСРО МІК архивіндегі деректер бойынша – Виктор Сукулов) жеке шифрлаушысы. Мұқашева осы қызметін атқарып жүріп А.Гитлердің КСРО-ға соғыс ашуға дайындалып жатқанын жоғары басшылыққа алғаш жеткізушілердің бірі болды. Бірақ ол өзінің 1930-60 жылдары КСРО-ның Батыс Еуропада әрекет еткен әйгілі барлау тобы «Қызыл капеллаға» қызмет еткенін білген жоқ. Сол кездегі қалыптасқан жағдайға байланысты барлаушылардың жіберген мәліметтеріне Мәскеу сенімсіздікпен қарады.
Осыған байланысты көптеген барлаушылар неміс немесе ағылшын барлау қызметіне жұмыс істеді деген күдікпен ешқандай себепсіз ұсталып, НКВД-ның түрмелерінде отырды. Осындай сотталғандар арасында Мұқашева да болды. Ол 1942 жылы желтоқсанда ұсталып, 25 жылға сотталды. Кейінгі тағдыры белгісіз...».
Қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш биология ғылымының докторы, профессор Нәйлә Базанова
Нәйлә Оразғұлқызы Базанова 1911 жылы Бішкекте дүниеге келген — қазақстандық ғалым, қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш биология ғылыми докторы, профессор, Қазақстан ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылыми қайраткері. Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітірген. 1932–1947 жылдары сол институтта ассистент, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі, 1948–1951 жылдары эксперименттік биологиялық инститтутының директоры, 1951–1966 жылдары Қазақстан ғылым академиясының биологиялық және медициналық бөлімінің академигі-хатшысы, 1966–1986 жылдары Физиологиялық институтының директоры, ал 1986–1993 жылдары сол институттың құрметті докторы болды.
Негізгі ғылыми еңбектері ірі қара малдың ас қорыту ерекшеліктерін және жас төлдің өсуі мен физиологиясын зерттеуге арналған. Ол малдың ішек-қарнындағы мембраналы ас қорыту механизімін ашып, ішек-қарын кенерісіндегі ас қорыту күйіс малына да тән екенін дәлелдеді. Малды пропион қышқылды ашытқыш қосылған сүрлеменің жаңа түрімен азықтандыруды ұсынды. Ленин орденімен, Қазан төңкерісі, Еңбек Қызыл Ту ордені, екі рет Құрмет белгісі ордендерімен марапатталған.
Қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш инженер-металлург – Мәдина Бегалиева
Мәдина Қожбанқызы 1899 жылы Бөкей ордасында дүниеге келген. Адай руынан шыққан әкесі Қожбан Басқұншақ тұз өндіру кәсібімен айналысқан. Әкесінен ерте айрылып, анасы Әлиманың қамқорлығында бой жетеді.
Анасы жалданып жұмыс істеп, қызын оқыту үшін қаражат жинаған. Сөйтіп 1907 жылы Мәдина Ордадағы қазақ қыздарына арналған екі жылдық мектепке оқуға түседі.
М.Бегалиева мектеп жылдары былай деген: «Тек аздаған қыздар ғана мектепті бітіретін еді. Бірінші сыныптан кейін оқушы қыз үйіне демалысқа кететін еді де, ол жақта күйеуге берілетін». Ол 1931-1935 жылдары Мәскеудегі Өнеркәсіп академиясында оқиды. «Балқаш мыс қорыту зауытының жобасы» атты тақырыпта диплом жобасын «өте жақсы» қорғап, инженер-металлург атанады.
Өзінің қазақ қыздарының құқығын қорғау жолына түсу себебін М.Бегалиева былай деп түсіндіреді: «Біздің ауылда сұлу қыз деп танылған менің құрдасым Бадиша Сейдалиеваны үлкен қалың мал үшін 60 жастағы бай – әйелі өлген Есқали Сәрсеналиевке сатты. Есқалидың балалары Бадишадан да үлкен болды, ал үлкен ұлының жұбайы онымен жасты еді. Бадиша анасы мен ағаларына қанша жалынып, әкесінің моласына барып жылағанымен, оған ештеңе көмектесе алмады, 14 жастағы Бадиша шалдың әйелі болды. Бүкіл ауыл қарсы болып, әйелдер мен қыздар Бадишаның ағаларын қарғағанымен, оған ешкім көмектесе алмады. Адамға осылайша қорлық көрсету – менің жанымды түршіктірді. Мен осы кезден бастап патриархалдық тәртіпке қарсы күресуге бел байладым».
Қазақ елінен шыққан тұңғыш, әрі жалғыз ұшқыш, штурман-атқыш Хиуаз Доспанова
Хиуаз Доспанованың әскердегі құрбылары оны кішкентай және нәзік Катя деп атаған. Ержүрек ұшқыш қыз алған жарақаттарының көптігіне қарамастан, көкке ұмтылып, кескілескен шайқасқа дайын тұрған.
Хиуаз Доспанова 1922 жылы Атырау облысында дүниеге келді. Ақылды әрі білімді қыз соғыс басталатынына 1 жыл қалғанда, орта мектепті алтын медальмен бітіреді. КСРО ұшқыш-батырларының ерлігіне тәнті болып, бала жасынан ұшқыш болуды армандаған. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде жергілікті аэроклубты бітіріп, запастағы пилот куәлігін қоса алды. Хиуаз Мәскеудегі Жуковский атындағы әскери-әуе академиясына құжат тапсырғанымен, жолы болмады. Академияға ер адамдар ғана қабылданатын еді. Қыз Медицина институтына оқуға түседі. Бірінші курс бітірген соң, 1941жылдың жазында соғыс басталды.
Көп ұзамай, Хиуаз әйелдерге арналған жаңа полк ашылғанын білді. Бұл полкті Марина Раскова басқарды. Хиуаз оқуға қабылдау туралы өтініш жазып, басқа қыздармен Саратов қаласындағы әскери әуе училищесіне аттанады.
Хиуаз қауіпсіз белдігін тақпайтын. Бәлкім, бұл әдеті оны өлімнен құтқарған болар. 1943 жылдың көктемінде ұшу алаңына қонуда Пашкова мен Доспанованың ұшағы Макогон мен Свистунова басқаратын ұшақпен соқтығысып қалды. Көп ұзамай, апат болған жерге жедел-жәрдем де келіп жетті. Макогон мен Свистунова мерт болды. Доспанова мен Пашкова дала әскери ауруханасына жеткізілді. Юля операция үстелінде көз жұмды. Хиуаздан да тіршілік нышаны білінбей, оны мәйітханаға апарып, әскери құрбысымен қатар жатқызып қояды. Сосын медбикелер оның жүзі өлі адамға ұқсамайтынын байқап қалады. Қызды ажалдан құтқарып алуға дереу кіріседі. О, ғажап, әлден уақытта кірпігі қимылдап, қыз көзін ашады. Дәрігерлер бiрнеше күн мен түн оның өмiрі үшін күресті.
Хиуаздың денесі жансыздана бастады, аяғын кесу туралы мәселе көтерiлдi, дегенмен, дәрігер: «Жоқ, мен бұл қызды аяғынан айыра алмаймын! Егер есін жинаса, оған аяқ керек болады!», — дейді. Хиуаз тірі қалды. Алғашқы кезде Хиуаз таяқшаға сүйеніп жүретін, бірақ әуедегі шайқастарға қатысуын жалғастырды. Оны ұшаққа мінгізіп, кейін одан шығуға көмектесіп жүрді. Уақыт өте келе, Доспанова байланыс штабының басшысы болып тағайындалды.
Қазақтан шыққан тұңғыш балерина – Нұрсұлу Тапалова
Нұрсұлу Тапалова 1923 жылы 13 қыркүйекте Ақтөбе облысының Ойыл ауданында өмірге келген. Талапты қыз бала мектеп қабырғасында жүргенде-ақ өнерге қызығып, көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі болады. Ол небәрі 24-ақ жасында Қазақ ССР еңбек сіңірген әртісі деген атаққа ие болған дарында биші.
1934 жылы жаңа құрылған Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрі Алматыдан Ойылға гастрольмен келеді. Ұжымды ұйымдастырушы және басқарушы Ахмет Жұбанов бастап келген өнерпаздар ойылдықтарға үш күн рухани ләззат сыйлап, ауылды думанға, мерекеге бөлейді. Аталған ұжымның ауылдағы сапары кезінде ауыл балалары да өнер көрсетеді. Олардың ішінде талантты жазбай таныған Ахмет Жұбанов 11 жастағы Нұрсұлуды өнер деген үлкен салаға бағыттап, кәсіби білім алуға жол сілтейді. Мектепте би үйірмесіне қатысып, ауыл сахнасына шығып жүрген Нұрсұлу атағы дүрілдеп тұрған қазақтың атақты әншісі Күләш Байсейітова мен биші Шара Жиенқұловалар жүрген ортаға жетуді армандайды.
Жеті жылдық мектепте оқып жүргенде көркемөнерпаздар байқауында іріктеуден өткен ол 13 жасында Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театры жанындағы би мектебіне түседі. Онда Күләш Байсейітованың қамқорлығында болып, Шара Жиенқұлованың көмегін көреді. Биші болып қалыптасуына А.Александров, Г.Уланова, Е.Лифанова, Ю.Ковалев сияқты өнер иелерінің әсері тиеді. Балетмейстер А.Александровтың шыңдауынан өтеді. Оқытушысы және театрдың көркемдік жетекшісі Қ.Жандарбеков талапты жастың талантын ұштап қана қоймай, Москва және Ленинградтағы хореографиялық училищенің біріне оқуға барып, ұлттық би бөлімінде білімін, шеберлігін жетілдіруге кеңес береді. Бірақ Нұрсұлу театрдан кетпейді, кәсіби білімі болмаса да, табиғатынан талантты болып туған ол театрдың балет бишісі болып шыға келеді.
Қазақтан шыққан тек Әлия мен Мәншүк қана емес, батыр аналар жетерлік. Білім саласына, медицина, өнер саласына өз үлестерін қосып кеткен қаншама аналарымыз бар. Біз тек тарихта өз орнын қалдырған қыздардың өмірлерінен тек үзінді ғана ұсындық. Әрине, әр қайсысына том-том кітап жазуға болады.
Жаңалықтар
- 2025 жылы Түркістанда Ислам институты ашылады
- Маңғыстау облысындағы жерасты Бекет-Ата мешіті көгілдір отынмен жылитын болды
- Трамп: Әлемде менен басқа Путинді тоқтата алатын ешкім жоқ
- Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 80 жылдығына орай 42 мың адам мерейтойлық медаль алады
- Еліміздің үш облысында су басу қаупі бар
- Украина мәселесі Украинасыз талқылануда: Эр-Риядта АҚШ-Ресей келіссөздері басталды
- Алматы әуежайында билет беру кешікті, «Эйр Астана» ұшағы Бакуде апатты жағдайда қонды
- Оңтүстік Корея елдегі орман өртін – ұлттық апат деп жариялады
- Экрем Имамоғлы Түркия президенттігіне үміткер атанды
- Ким Чен Ын Кремльге Украинаға қарсы соғыста «бекем» қолдауға уәде берді
- Көкшетауда ақ кимешекті аналар шеруі рекорд орнатты
- АҚШ пен Украина арасындағы Эр-Риядтағы келіссөздер аяқталды
- Ақтау көшелерінен 350 текше метр су шығарылды
- «Ең үлкені 100 жаста»: Ақтауда ұлттық киім киген 5 мың адамның басын қосқан кім?
- Депрессия салдарынан атыраулық әйел екі баласын тұншықтырып өлтірді
- Алматыдағы «Ақсай» су қоймасы 80 пайыз дайын
- Отанымыздың табиғатын сақтау тақырыбында «Жер сағаты» акциясы өтті
- Жауын-шашын салдарынан Маңғыстау облысын су басты: Халық зардап шегуде
- Алматы облысында қар көшкіні жүрді
- Елшілік Түркияда жүрген Қазақстан азаматтарына үндеу жолдады