Табысқа кетіп табытпен оралды: Құрылыста қайтыс болған жігіттің туыстары әділдік талап етіп отыр

cover

Алматыда құрылыс алаңында арқалықтан құлап мерт болған 23 жастағы Жасұлан Ташановтың туыстары әділ тергеуді талап етеді. Олар жауапты адамдар жазадан құтылып кете ме деп алаңдайды.

Алматыға табыс табамын деп келіп туған жеріне табытпен қайтқан марқұмның туыстары оқиғаға қатысты нақты қандай тексеріс жүріп жатқанынан да бейхабар.

«Үйленуге дайындалып жүрген еді»

Түркістан облысы Сарыағаш ауданында тұратын Ташановтар отбасы қапыда баласынан айрылып, қара жамылып отырғанына бір айға жуықтады. Жұмыс істеп, нәпақа табу үшін Алматыға кеткен балаларының денесін бес күн өткенде мәйітханадан алғанына әлі күнге сене алар емес. Баласынан айрылған ата-анасы күйзеліске түскен. Әкесінің қан қысымы көтерілген, анасы есін жинай алмай әлек.

– Жасұлан бес баланың үшіншісі еді. Інім еңбекқор, адамдармен тез тіл табысатын. Жұрттың бәріне қамқор болатын. Аяқ-қолы бүтін, дені сау еді. Қазанда үйленуге дайындалып жүрген. «Үйде бос отырғанша, жұмыс істеп ақша тауып келейін» деп Алматыға кеткен болатын. Көп өтпей үйге табытпен оралды, - дейді марқұмның әпкесі Жадыра Ташан көзіне жас алып.

Жасұлан 17 қыркүйек күні құрылысқа жалдамалы жұмысшы ретінде орналасқан. Бір ауылда туып-өскен жолдастарымен бірге қойма салуға кіріскен. Құрылыс кезінде арқалық (балка) майысып, жұмыс істеп жүрген бес адам шамамен төрт метр биіктіктен құлаған.

– Күнделікті жұмысымызды істеп жаттық. Бір кезде астымыздағы арқалық майысып кетті. Бір сәтте үстінде тұрған бес адам бірден құладық. Бір адам секіріп кетті. Бәрі көз алдымда болды. Құлаған кезде ол тірі еді. Ауруханаға жедел-жәрдеммен өзім алып бардым. Тілге келмей кетті. Әрең демалып жатты. Ауруханаға жеткеннен 20 минуттан соң кезекші дәрігер қайтыс болды деп айтты, - дейді оқиға орнында жарақат алған Самат Тұрғанбек.

Алматы қалалық сот экспертиза институты берген қайтыс болу туралы медициналық анықтамасында Жасұлан Ташан ауруханада бас жарақатынан қайтыс болғаны жазылған. Қайтыс болу туралы анықтама 20 қыркүйек күні шыққан.

«Әділ тергеуді талап етеміз»

Самат Тұрғанбектің айтуынша, Жасұланды бұл жұмысты бірге істеу үшін өзі шақырған. Марқұмды жерлеп келгеннен соң кәсіпорын жұмысшыларға материалға жауаптылық және қызметтік құпияны ашпау туралы құжатқа қол қойдырған. Жұмысшылардың еңбекақысы бітірген жұмыстың көлеміне қарай өтеледі деп ауысша келісілген. Еңбек келісім-шарты жасалмаған.

Orda.kz тілшісі Жасұлан құлап, мерт болған кәсіпорынға хабарласты. Өзінің аты-жөні мен қызметін айтудан бас тартқан қызметкер оқиғаға байланысты тергеу жүріп жатқанын, қауіпсіздік шаралары сақталғанын, еңбек-келісім шарты жасалғанын айтты.

Жадыра Ташан інісі жұмыс істеген кәсіпорынның (Жеке кәсіпкер «Тюльпан Асанова») басшылығы кешірім сұрап келгенін, бірақ ата-анасы кешірім бермегенін айтады. Оның сөзінше, олар бір ай өтсе де оқиғаға байланысты іс қозғалғаны, не қозғалмағанынан хабарсыз отыр.

– Бір сәтте қаралы үйге айналдық. Бауырымыздан айрылып қалғанымызға сене алар емеспіз. Інімнің денесін мәйітхана бір күн бойы бермей отырды. Неге бермеді бізге жұмбақ. Келген соң денесін көрдім. Бір құлағы жоқ. Басынан аққан қан тоқтамаған соң целлофан кигізіп қойыпты. Жұлыны жұлынып кеткен сияқты. Дене жарақаты туралы медицина анықтамасында бұл толық көрсетілмеген. Тергеу жүріп жатыр ма, жоқ па тағы хабарсыз отырмыз. Осының бәрі күдік туғызады. Әділ тергеу жүргізуді талап етеміз, - дейді марқұмның әпкесі.

Алматы қалалық полиция департаменті оқиға байланысты Қылмыстық кодекстің «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу» бабымен (277-бап) қылмыстық іс қозғалғанын, тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлады. «Сот-медициналық сараптама не басқа да сараптама нәтижесінде процессуалдық шешім қабылданатын болады» делінген хабарламада.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар