Светлана Жолманова: мен ұлтқа қауіп төндіріп отырған жоқпын

cover

28 сәуір күні Медеу ауданының соты Светлана Жолманова кейбір тұлғалардың пайдасына сот шешімдерін шығаруға көмектескен деген айыппен күдікке ілініп, бұл жайлы ақпарат әлеуметтік желіге тез тарады.

Светлана Жолманова тергеу ісіне ҰҚК кіріспеуі керек деп санайды. Сол себепті де ол Бас прокуратураға өтініш жіберген. Сондай-ақ өзінің жұмыс кабинетінен табылған 10 мың доллар көлеміндегі ақшаның да бұл іске еш қатысы жоқ, ол «Отбасы банктен» баспана алуға дайындалған қаражат деп сендіреді.  

Құқық қорғаушы Жанна Меркушева да бұл ақшаның пара еместігін алға тартуда.

—Біз парамен ұсталғанда қалай болатынын көріп, мұндай сәттердің куәгері болып жүрміз. Қолма-қол пара алу жағдайында ақша арнайы сәулелендіру арқылы тексеріліп, санақ жүргізіледі. Ал мына жағдайда ондай үрдістер жүргізілмеді. Яғни бұл ақша пара алу жолымен келген жоқ. Әлі күнге дейін бұл қылмыстық іске не түрткі болғаны белгісіз, - дейді Меркушева.   

Конференция барысында Жолмановадан басшылықтың қандай шешімдерімен келіспейтінін сұрады, алайда, жауап беруші бұл сұраққа түсініктеме беруден бас тартты.

— Егер, тексеріс жүргізілсе, бұл іс жөнінде Жоғарғы Сот қана өтінім бере алады. Бұған қатысты ештеңе айта алмаймын, себебі мен әлі де сот қызметкерімін,- деді Жолманова. Сондай-ақ ол үлкен көлемдегі жеке қаражатын өз үйінен гөрі, жұмыс орнында сақтауының себебін қауіпсіздік шарасы ретінде түсіндіреді.

— Менің үйімде балаларым бар, жұмыста түнгі 1-2-ге дейін жүреміз. Сондықтан да бұл қаражатты үйде сақтау қауіпті болды. Аталмыш соманы құрбымнан қарызға сұрап алған едім. Пәтер сатушылар мені асықтырып, 2 апта ғана уақыт берді, - дейді сот қызметкері.

Ал өзінің тергеу ісін тек екі апта өткен соң ғана көпшілікке жариялауының себебін осы күнге дейін уақыты болмағанымен, әлеуметтік желілерді қолдана алмайтындығымен түсіндірді.

— Мен көпшіліктің адамы емеспін, сотта қызмет етемін. Сондықтан да әлеуметтік желілерде отырмаймын. Түннің ортасына дейін жұмыс істейтіндіктен, жаңалық оқуға да уақытымыз жоқ. Мен 30 сәуірде сұхбат бердім, тек содан кейін ғана әлеуметтік желілерге тіркеле бастадым.

Ол соттың санкциясы шықпастан өз кабинетінде тексеру жұмыстарын жүргізуге қалайша жол берілгенін де түсіндіріп берді.

— Мен сот ісінде отырғам. Маған сол кезде төраға қызметін орындаушы келіп, қалалық соттан қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері келгенін айтып, жоғары көтерілуімді сұрады. Өз кабинетіме көтерілген соң бірнеше ер адам баса көктеп кіріп келді. Мен шошып кетіп, не болғанын сұрадым. «Біздің тінту жұмыстарын жүргізуге рұқсатымыз бар» деп алыстан қағаз көрсетті. Онысын дұрыс көре алмадым. Мен оның қандай құжат екенін, бас прокуратураның келісімі бар ма деп сұрадым. Олар "бар" деп жауап берді. Солай деген соң қарамадым да, ҰҚК-не сеніп қалдым, - дейді Жолманова.

Соттың айтуынша Қалалық сот басшылығы мен Алматы қалалық ҰҚК-нің қызметкері оның соңына жеке бас келіспеушіліктеріне байланысты түскен. Өзінің тәуелсіз ұстанымын қорғап, соттардың қызметіне кедергі келтірмеу үшін оларға қарсылық танытқаны себеп болды дейді.   

Мен ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіріп отырған жоқпын. Сол себепті де аталмыш істің не себепті ҰҚК-нің жүргізіп жатқанын түсінбеймін. Бұған дейін сотқа қатысты істің барлығы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жүргізген. Заң бойынша ҰҚК алаяқтық пен жемқорлыққа қатысы бар істі жүргізе алмайды. Мұндай істерді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен кей жағдайларда полиция қызметкерлері жүргізеді, - деді онлайн конференция барысында Жолманова.

Сейфті ашуды талап еткен кезде, Светлана Жолманова ҰҚК қызметкерлеріне ол жерде банктен шешіп алған өзінің ақшасы жатқандығын ескерткен. Жолманова ол ақшаны үй салушылардан алмағандығын айтады. Керісінше, үй салушылардың мүддесіне қайшы келетін шешімдер қабылдаған яғни, «Европолис» тұрғын-үй кешенінің енгізу актісін заңсыз деп тапса, «Esentai City»-ге қатысты жерлерді көршілес жер телімдеріне қосып, ортақ пайдалануға шешім қабылдаған.  

Авторлар: Әсем Гумарова, Аделаида Ауеспекова

Аударған Сабина Зәкіржанқызы

 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар