Смартфонға тәуелдік һәм оны жеңудің жолдары

cover

Фаббинг – кездесу барысында қолындағы ұялы телефонынан ажырай алмайтын адамдарды сипаттайтын әлеуметтік құбылыс.

«Fabbing» (ағылшынша: рhone (телефон) + snubbing (елемей қарау)) термині 2012 жылы мамырда Сидней университетінде пайда болған. Ал оны әлемге танытқан – фаббингпен күрес жүргізетін австралиялық STOP PHUBBING кампаниясы.

Қазір қоғамда фаббингерлер (фаббингке шалдыққандарды солай атайды – ред.) өте көп. Солардың бірі – Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті Дулат Қапаров (кейіпкердің өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді). Ол бір жыл бойы онлайн ойын ойнап, оқуын аяқтай алмай қалған.

«Мен өзімді интернет ойынының құрбанымын деп есептеймін. 22 жастағы ақыл тоқтатқан адам екендігіме қарамастан, 3 курстан бері «PUBG» деген онлайн ойын ойнап жүрдім. Бастапқыда ермек көрінгенімен, уақыт өте ол ойынды ойнамасам өзіме ауа жетіспей тұрғандай сезінетінмін. Өмірлік мақсаттарым, сабағым жайына қалды. Маған керегі тек ойындағы кезеңнен кезеңге өту болды. Сөздің ашығы виртуалды әлемге тәуелді болдым.

 4 курсқа көшкенімде дипломдық жұмысты жазу ойыма кіріп шықпайтын. Себебі оны диплом қорғауға бір апта қалғанда жазып, түсірілу керек фильмімді екі күнде түсіремін деп жоспарлаған едім. Бірақ бәрі мен ойлағандай жеңіл болмады. Тіптен 9 айдың қалай өткенін аңғармай да қалдым. Ақыр соңы жазған дипломдық жұмысым, түсірген фильмім жарамай, келесі жылға қалып қойдым. Қарап тұрсаңыз, ұялы телефондағы қарапайым ғана ойын. Ал оны осындай үлкен проблемаға ұластырады деп ойламадым», - дейді Дулат.

STOP PHUBBING кампаниясының дерегі бойынша, фаббингке шалдыққандардың негізгі белгілері:  

  • Тамақтану кезінде де қолынан смартфонды тастамау;
  • Жаяу жүргенде де смартфонын қолында ұстайды;
  • Адамдармен бетпе-бет кездескенде де назары смартфонға ауытқып отырады.

Психолог Ержан Мырзабаевтың айтуынша, фаббингерлер шынайы қарым-қатынасқа концентрация жасай алмайды. Оның мысалынша, егер адам телефонға қарап кетіп бара жатып біреуге соғылып қалса және оны байқамаса, онда ол адам – фаббингер. Айтуынша, бұл дерт жас талғамайды, дегенмен фаббингке шалдыққандардың басым бөлігі – жастар мен жасөспірімдер.

«Жастардың телефонға тәуелдігі – бұл шынайы өмірге қызығушылықтың болмауынан. Егер де ата-ана шынайы өмірде баласының күнделікті өмірін, уақытын, тұрмысы мен жүріс-тұрысын қадағалай алмаса, бала онда осындай оңай және тез ләззат сыйлай алатын нәрселерге тез ауытқып кете алады», - дейді психолог.   

Психолог Е. Мырзабаев. Фото: elbasy.kz

Ержан Мырзабаевтың айтуынша фаббингпен күресудің бірнеше жолы бар. Олар:

1. Бір күнді интернетсіз өткізу керек. Яғни, аптаның бір-екі күнінде гаджетті мүлде қолданбау қажет. Оның орнына табиғатқа шығып серуендеп немесе өзіңді тануға, хоббимен айналысуға уақыт арнау керек.

2. Достармен көңіл көтеруге жиналар алдында ұялы телефон әкелмеуге уағдаласу немесе отырыс алды смартфондарды жинап алу керек. Сонда ғана жастар бетпе-бет қарым қатынастың құндылығын түсіне алады.

3. Уақытты қадағалау керек. Ұялы телефон функцияларында арнайы мұндай бағдарлама бар. Оның ерекшелігі сол, сіз белгілеген уақыттан кейін телефонның барлық функциясы тоқтатылады.

Психологтың пайымдауынша, бар мәселе телефонда емес, оны қолданып жатқан адамдарда.

«Мынаны ұмытпауымыз керек, телефон, әлеуметтік желі, смартфондар – бұл тек қана құралдар. Ал құралды жасаушы – адамдар. Сондықтан да адам баласы өзі ойлап тапқан құралдарын өзі басқара білуі керек. Әйтпегенде, құрал сені басқарады», - дейді Ержан Мырзабаев.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар