Ресейдің Қазақстанға көзқарасын әшкерелеген құпия құжат жарияланды
Иллюстрация нейрожелісі Kandinsky көмегімен жасалған.
Ресей билігі Батыс елдерінің Орталық Азия мемлекеттеріне, соның ішінде Қазақстанға, тым үлкен ықпал етіп жатқанына алаңдаулы. Қазақстанға қатысты «батыстық қысым» туралы қауіптері баяндалған үкіметтік құжаттары желіге тарап кетті, деп хабарлайды Orda.kz.
Британдық The Financial Times басылымының мәлімдеуінше, бұл құжат Ресей үкіметінің ішкі пайдалануына арналған презентация. Ол 2024 жылдың сәуірінде Ресей премьер-министрі Михаил Мишустиннің жетекшілігімен өткен стратегиялық сессияда таныстырылған. Жиынға ондаған үкімет мүшесі мен Ресейдің жетекші мемлекеттік корпорацияларының топ-менеджерлері қатысқан.
Желіге тараған құжат Украинадағы соғыстың Ресей мен Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынасқа қалай әсер еткенін көрсетеді. Ресей билігі «батыстық қысым» аймақ елдерін қайта өз саяси орбитасына қайтаруға және «жаһандық Оңтүстіктегі» экономикалық байланыстарды нығайтуға кедергі келтіреді деп санайды. Құжат авторлары Батыс санкциялары Мәскеу мен оның ең жақын сауда серіктестері арасындағы алшақтықты тереңдете түскенін мойындайды.
«Мәскеу жаһандық саудаға қайта қол жеткізуді көздейді, Ресейді Еуразиялық сауда блогының орталығына айналдыру арқылы оны АҚШ, ЕО және Қытайдың экономикалық ықпалымен бәсекелес деңгейге шығаруды жоспарлайды. Ресей «макроаймақ» құруды ұзақ мерзімді стратегиялық жоба ретінде қарастырады. Бұл жоба Украинаға қатысты Батыспен жүргізілетін кез келген келіссөздерден тыс өміршең болып, РФ-ның әлемдік аренадағы позициясын нығайтуға көмектесуі тиіс», - деп жазады The Financial Times.
Кремльдің ойынша, мұндай блоктың қатысушылары Ресеймен тек көлік маршруттары мен қаржылық қатынастар арқылы ғана емес, «ортақ дүниетаным» негізінде де байланысуы керек. РФ-ның мақсаты аса ауқымды – «жаңа әлем үшін ережелер қалыптастыру және өзіне тән санкциялық саясат жүргізу».
Мәскеу бұл блокқа Орталық Азия елдерін де қосуды көздейді, алайда оларды өз ықпал аймағына тарту оңай болмайтынын мойындайды.
Презентация авторларының айтуынша, Батыс «жаза және сыйақы» тәсілін қолданып, Орталық Азия елдерін Ресеймен жақындасудан және санкцияларды бұзудан тиімді түрде сақтандырды. «Сыйақы» ретінде бұл мемлекеттерге жаһандық нарықтарға, Ресейге тәуелсіз көлік дәліздеріне және жеткізу тізбектеріне қол жеткізу ұсынылды. Сонымен қатар, аймақ елдері соғыстан кейін Ресейден қоныс аударған бизнес пен шетелдік компаниялардың көшуінен айтарлықтай пайда көргенін де құжатта жазылыпты.
«Құжатта Орталық Азия елдері «өз дүниетанымын өзгертіп», «ортақ тарихты қайта қарастырып» жатқанын атап өтеді. Олар орыс тілі орнына ағылшын тілін екінші тіл ретінде енгізіп, батыстық білім беру стандарттарына көшіп, элита өкілдерін оқуға Батысқа жіберуде. Бұл елдер «Ресеймен қарым-қатынастары бойынша шешім қабылдауға тиіс», деп түйіндейді презентация авторлары», - дейді The Financial Times.
Орталық Азияны өз ықпалында ұстап қалу үшін Мәскеу «ұзақ мерзімді ойын» жүргізуді жоспарлап отыр. Кремль посткеңестік елдердің ортақ тарихын алға тартып, олардың тәуелсіздігіне «құрмет көрсететінін» көрсетуге тырысады. Ресей билігі бұл тұрғыда Беларусьті үлгі ретінде келтіреді, өйткені ол экономикалық әртараптандыруға бірнеше рет талпынғанымен, ақырында «әрдайым Ресеймен біртұтас болатынын» мойындады.
Құжатта Орталық Азиядағы ең ірі экономика ретінде Қазақстанның Ресей-Украина соғысына қарсы екені, Украинаның оккупацияланған аумақтарын Ресейдің бір бөлігі ретінде мойындамағаны және Батыс санкцияларын сақтауға ұмтылатыны ерекше атап өтіледі.
Презентацияда Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) дамуы «жүйелі проблемаларға» тап болғаны атап өтілген. Олардың қатарына санкциялық тәуекелдер мен әртүрлі төлем жүйелерін қолдану мәселелері кіреді. Ал РФ премьер-министрінің баспасөз қызметі The Financial Times-тың «желіге тараған» үкіметтік құжатқа қатысты сұрауына жауап бермеді.
Мәскеудің Астананы өзінің ықпалында ұстауы үшін қолдануы мүмкін құралдардың бірі – Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысы. Бұл жобаға «Росатом» ерекше қызығушылық танытып отыр, осыған байланысты жақында ҚР Энергетика министрлігі арнайы мәлімдеме жасады.
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық