Құрбан айт мейрамының тарихы һәм мұсылман халықтары қалай тойлайды?

cover

Құрбан айт – мұсылман халықтарының ең басты ұлық мейрамы. Халқымыздың салт-дәстүріне баланысты үш күнге созылатын мейрам жыл сайын мұсылман күнтізбесі бойынша ораза айт мейрамынан жетпіс күн өткеннен кейін басталады.

Orda.kz журналисі мұсылман халықтарына ортақ болған ұлық мейрамның тарихын, мұсылман халықтардың бұл мейрамды қалай тойлайтынын зерттеп көрді.

Құрбан айт күні барлық мұсылман халқы ерте тұрып, таза киімдерін киеді. Хош иістеніп, мешітке барады. Ең бастысы, құрбандыққа мал сойып, адамдар бір-біріне жақсы сөз айтады, құрмет көрсетеді. Мінеки, мұсылман баласының игі амалдары артатын күннің бірі бұл – Құрбан айт мейрамы.

Құрбан айт мейрамының тарихы

Қазақ халқының алғаш рет құрбан айтты тойлауы туралы деректер ХІХ ғасырдағы орыс жазбаларында кездеседі. Тарихи құжаттарда қазақ жерінде 1926 жылға дейін «Рамазан айт» үш күн, «Құрбан айт» үш күн, «Наурыз» бір күн ресми мереке ретінде тойланғаны жазылған. Құрбан айтты тойлау және құрбан шалу салты Орталық Азияға ислам дінінің келуімен байланысты.

– Аллаға құрбандықтың еті де, қаны да жетпейді, Аллаға сендердің сенімдерің ғана жетеді. Алла сендерді тура жолға салушы, ал сен оны өзіңнің ізгі істеріңмен қуандыр, - делінген Хаж сүресінің 37-аятында.  

Құрбандыққа мал шалу дәстүрі қалай пайда болды?

Бұл дәстүрдің тарихи тамыры тереңде жатыр. Құрбан айт Алланың Ибраһим пайғамбарға жіберген сынағынан кейін пайда болған. Сексен алты жасына дейін бала сүймеген Ибраһим пайғамбар ұлды болады. Аты – Исмаил. Алладан әмір келіп, Ибраһим ұлын құрбандыққа шалмақ болады. Алланың бұйрығына қарсы келмеген ұлы әкесінің шешімімен келіседі. Осылайша, бұйрықты орындауды бастаған сәтте Алла Ибраһим пайғамбарды тоқтатып, құрбандыққа қой шалуды бұйырған екен. Мінеки, дәл осы сәттен бастап құрбандыққа мал шалу басталған.

Құрбандық шалудың әдебі

Малдың аяқтарын байлап, құбылаға қаратып жатқызып, дұға оқиды: «Аллаһумма һәзә минкә уә иләйкә, фатақаббәл минни». Қазақша мағынасы «О, Раббым, мұны Өзің бердің, әрі Өзіңе арнап отырмын, менен қабыл ете көр». Дұғаны айтып болған соң, «Бисмиллә, Аллаһу Акбар» деп құрбандыққа шалынатын малды бауыздайды.

Хадисте құрбан шалатын адамның пышақты жақсылап қайрауы керек екені айтылған.

Құрбандыққа арнап сойылған мал үшке бөлінеді:

Біріншісі -  жетім-жесірге таратылады;

Екіншісі – туыс-туғанға;

Үшінші бөлігі өз отбасына қалады.

Құрбандыққа таңдап алынған малдың сау, мінсіз болуы шарт. Құрбандыққа қой, ешкі, ірі қара немесе түйе шалынады. Малдың еркегі де, ұрғашысы да жарайды.

Пандемия жағдайында құрбандық шалу қалай іске асады?

Бұл туралы Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен 12 шілдеде өткен Құрбан айт мерекесіне орай ҚМДБ қызметкерлері мен имамдардың жиынында айтылды.

– Қазіргі таңда біздің тарапымыздан құрбан шалуға байланысты екі жолды ұсынып отырмыз. Оның біріншісі мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары тарапынан рұқсат берілген жергілікті қасапханаларда санитарлық ережелерді қатаң сақтай отырып құрбан шалу рәсімін офлайн режимде, яғни дәстүрлі жолмен ұйымдастыру, - деді Бас мүфти.

Құрбан айт мейрамын мұсылман халықтары қалай тойлайды?

Башқұртстан

Башқұрт мұсылмандары бұл күнді дәрет алудан бастайды, мерекелік киімдерін киіп, мешітке таң намазына барады. Кейін олар құрбандық шалу үшін арнайы бөлінген орындарға аттанады.Башқұртстанда құрбандыққа шалынған малдың қаны арқылы адамның күнәлары кешіріледі деп есептеледі. Ал мұқтаж адамдарға құрбандыққа шалынған малдың етін үлестіру керек деп саналады.

Ингушетия

Құрбан айт мейрамында Ингушетия халқы құрбандыққа қой немес сиыр шалады. Сонымен қатар, құрбандық шалғанда белгілі бір ережелерді қатаң сақтай отырып және дұға оқу арқылы малды бауыздау керек. Мұсылмандар етті кедейлерге, туыстары мен достарына үлестіріп беруі керек, қалғаны отбасында қалады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш күн ішінде жеген жөн.

Татарстан

2021 жылы Татарстанда мұсылмандардың Құрбан айт мерекесі 13 мамыр мен 20 шілдеде атап өтіледі. Бұл жарлыққа Республика Президенті Рустам Минниханов қол қойды.

Құрбан айт мерекесі таңертең ерте басталады. Мерекелік киім киген мұсылмандар мешіттерге жиналып, дұға оқиды сағат 03: 30-да Татарстан мешіттерінде Құран оқылады. Содан кейін сағат 04: 30-да мұсылмандар құрбандық шалу үшін мал сойылатын жерге барады. Дәстүр бойынша құрбандық етін сою және тарату үш күнге созылады.

Шешенстан

Шешенстанда Құрбан айт мерекесіне байланысты 19 шілде мен 21 шілде аралығында үш күн демалыс жарияланды. Тиісті жарлыққа республика басшысы Рамзан Қадыров қол қойды.

Биыл Құрбан айт мерекесі 20 шілдеде аталып өтеді. Шешенстандағы коронавирустық пандемияға байланысты мешіттерді  толтыру деңгейі 50% -бен шектелген. COVID-19-ға қарсы вакцина алмаған адамдарға кіруге тыйым салынады.

Түркия

Сонау 1928 жылы Түркияның тұңғыш президенті болған Мұстафа Кемал Ататүрік діни сенімдерге байланысты шектеулер енгізді. Осылайша, ол Түркия Республикасының зайырлы мемлекет болуына күш салды. Бүгінде Түркия Республикасына барған шетелдік азаматтарірі туристік орталықтарда діндарлықтың айқын көріністерін аз байқайды. Алайда, елдегі барлық мұсылман мерекелерін қастерлейді және бұрынғыдай атап өтеді.

Құрбан байрам күні ресми түрде елдің барлық тұрғындары демалады.

Түркияда Құрбан айтқа дайындық алдын ала жүреді, әсіресе дастарқанға тамақ уақытынан бұрын сатып алынады. Мерекенің бірінші күні таңертең дәрет алынып, мүмкіндігінше адамдар жаңа киім киеді. Осыдан кейін тұрғындар мешіттегі уағызға барады. Бұл күндері адамдар бейіт басына барып, қайтыс болған туыстары мен достарын еске алады, содан кейін мерекелік дастарханға жиналады.

Түрікменстан

Түркіменстанда Құрбан Байрам - халықтың ең сүйікті мерекелерінің бірі. Әрбір өзін-өзі құрметтейтін мұсылман дәстүрлі түрде құрбандық шалу рәсімін жасап, үйінде құрбандыққа шалынатын малдың етінен тағам дайындауы керек. Қонақтар келіп дәмнен ауыз тие алады.Құрбан Байрамда көбіне құрбандыққа шалынатын малдар қатарына қойлар жатады.

Түркіменстанның Құрбан Байрамында әткеншек тебу дәстүрлі ойын-сауық болып саналады. Түркіменстанда Құрбан Байрам күндері әткеншекке міну күнәлардан тазартады деп саналады.

Өзбекстан

Өзбекстанда Құрбан айт мейрамын тойлайтын күндері мұсылмандар құрбандық шалу рәсімін жасап, құрбандыққа шалынған малдың етінен тағам әзірлеуі керек. Қонаққа туыстары, достары, көршілері келеді. Дәстүрлі мерекелік тағам - палау барлық жерде пісіріледі, айналадағы тұрғындар, қарттар мен аз қамтылған отбасылардың адамдары дастарханға шақырылады.

Бұл мерекедегі маңызды дәстүр - туыстарының қабірлеріне зиярат ету, адамдар зираттарды тазалап, оларға іргелес аумақты ретке келтіреді.

9 шілде күні болған «Ашық алаң» жобасында Shopan-atа қой өсірушілер ұлттық қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев еліміздің бас мүфтиіне ұсыныс жасаған еді. Жөн-жосықсыз мал союдан сақтану керек деген ол, тірі малды алып қалу керек екенін жеткізді. Сондай-ақ, Алмасбек Садырбаев Маңғыстау мен Қызылордаға көмектесуге ұсыныс жасады. Садырбаевтың бұл пікірімен келіскендер де, қарсы шыққандарда болды.

Бүгін осы жағдайға байланысты Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы үндеу жасады.

Наурызбай қажы Тағанұлы

Айт күндері халық тарапынан мал сатып алуға деген сұраныстың арта түсетіні белгілі. Осы ретте еліміздегі барша шаруа қожалықтарының қожайындарын ұлық мейрам – Құрбан айттың құрметіне мал құнын шарықтатпай, халыққа оңтайлы бағаны ұсынуға шақырамын. Сонымен қатар, барша кәсіпкерлерді тұрғындар күнде тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеймін.

Құрбан айттың негізгі мәні мұсылмандар арасында өзара мейірімділік, жомарттық, қайырымдылық, қанағат сынды адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру. Алланың рақым нұры төгілетін құрбан айтта жұртымызға жақсылық жасап, көпшіліктің ризашылығына бөленейік, - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар