Рамазан және Наурыз: бұл мерекені тойлау дінге қайшы ма?
Фото: Envato
Наурыз – табиғат пен адамзаттың үйлесімінен туған мереке. Алайда биыл ол Ораза айына тұспа-тұс келіп отыр. Orda.kz тілшісі Наурыз мейрамын тойлау дәстүріне бұл жағдай әсер ете ме? деген сұраққа жауап іздеп көрді.
Наурыз мерекесінің шығу тегі
Ораза мен Наурыз қатар келгендіктен, қазақ қоғамында қай мереке әуелден тойлана бастады? деген сұрақ туындайды. Бұл үшін Наурыз мейрамының тарихына көз жүгіртейік.
«Қазір көпшілік Наурызды парсы тілінен аударып, оны "жаңа жыл" деп түсіндіреді. Тарихта парсыларды қазақтар "Қызылбастар" деп атаған. Көп жерде Наурызды "Қызылбастың мейрамы" дейді. Тарихшылардың оны парсы тілінен аударуы осыдан шығар. Бірақ шын мәнінде, Наурыз біздің тарихымызбен тікелей байланысты, оның парсы мәдениетіне еш қатысы жоқ. Себебі 22 наурыз күні туатын "Наурыз" атты жұлдыз бар. Егер ол сол күні жарқырап шықса, жыл жақсы болады, ал көлеңкеленсе, қиындық көп болады деп болжанған. Сондықтан Наурызды парсыдан алдық дегенше, парсылар бізден алды деп неге батыл айтпаймыз?!» – дейді этнограф, ғалым Байахмет Жұмабайұлы.
Ал этнограф Нұргүл Маулина қазақ жеріне ислам діні келмей тұрып-ақ Наурыздың тойланғанын алға тартты.
«Наурыз – ислам діні енгенге дейінгі ұлттық мереке болып саналған. Ислам діні қазақ даласына Өзбек ханның тұсында күшпен енгізілді. Бірақ халық Наурызды әуелден тойлап келеді. Оны күн мен түннің теңелуі, табиғаттың жаңаруы ретінде атап өтеді», – дейді ол.
Байахмет Жұмабайұлы Наурыз туралы деректер Орхон-Енисей жазбаларында, Қытай ғалымы Сыма Цяньның еңбектерінде, «Жеті қаған» дастанында кездесетінін айтады. «Қыз Жібек», «Ер Тарғын» жырларында да бұл мереке туралы жазылған. Осыдан-ақ Наурыздың ислам дінінен әлдеқайда бұрын пайда болғанын аңғаруға болады.
Наурыз бен діннің байланысы
Наурыз – наным-сенімнен туған мереке. Бірақ кейбір мұсылмандар бұл мерекені атап өтуге қарсы. Ал дінтанушы Елнар Берікбаев бұған араб елдерінде оқып келген қазақстандықтарды кінәлайды.
«Наурыздың өзіндік ежелгі тарихы бар. Ол Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) дүниеге келгенге дейін мың жыл бұрын тойланған. Исламның таралуымен Наурыз жойылып кетпеді, керісінше, басқа реңге енді. Біздің ата-бабаларымыз исламды қабылдады, бірақ ұлттық әдет-ғұрыптарынан бас тартқан жоқ. Бұрын мұндай мәселелер болмайтын. Барлық әңгіме қазақстандықтардың шетелде діни білім ала бастаған кезінен басталды. Араб елдерінде ислам дінін меңгеріп келгендер барлық жағынан арабтарға еліктеуге тырысты. Енді қарасаңыз, арабтар ешқашан Наурызды тойламаған, оларда мұндай дәстүр болған емес. Сондықтан кейбіреулер Наурызды Ислам дініне қайшы деп қате тұжырымдайды, осы арқылы қазақ дәстүрлеріне қарсы шықты», – дейді дінтанушы.
Наурыз мерекесі кезінде қандай дәстүрлер болған?
Этнограф Байахмет Жұмабайұлының айтуынша, ертеректе Наурыз қарсаңында халық жиналып, ел ішіндегі алауыздықтарды шешуге тырысқан. Табиғатқа, адамдарға жақсылық тілеп, қайырымдылық жасаған.
«Наурыздың бірінші күні елдің тыныштығын бұзатын бұзақыларға жаза қолданылған. Ұсақ-түйек тәртіпсіздік жасағандар әртүрлі жаза алған. Ал халықтың мал-мүлкіне зиян келтіргендерге "қасқалау" деген жаза қолданған. Бұл халықтың бейбіт өмірін сақтау үшін жасалған.
Сондай-ақ, Наурыз мейрамына дайындық ретінде бұлақ көзін ашу, тал егу, аулаларды тазалау сынды игі істер атқарылған».
Дінтанушы Елнар Берікбаев та Наурыз бен Рамазан айындағы дәстүрлердің ұқсастығын атап өтті. Қазақстанда Наурыз мерекесі бір күнмен шектелмейді. «Наурызнама» деп аталатын он күндік іс-шаралар өтеді.
Наурызнаманың кейбір күндері ислам қағидаттарына ұқсайды.
- 14 наурыз – Көрісу күні. Адамдар туыстарымен көрісіп, жастар үлкендерден бата алады. Бұл дәстүр құрметке, мейірімділікке тәрбиелейді. Исламда да туыстық қарым-қатынасты сақтау – маңызды құндылық.
- 15 наурыз – Қайырымдылық күні. Мұқтаж жандарға көмек көрсетіледі. Оразада да әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға садақа беру сауапты іс саналады.
- 17 наурыз – Шаңырақ күні. Отбасылық құндылықтарды дәріптейтін күн. Ал Рамазан – жақындармен қарым-қатынасты нығайту уақыты.
Наурыз мерекесі кезінде ораза ұстауға бола ма?
Ораза ұстаған жандар Наурыз мерекесі кезінде ақ дастарханнан дәм тата алмайды. Осыған байланысты имам Қабылбек Жұмабеков пікір білдірді.
«Наурыз мерекесі күн мен түннің теңелетін уақыты. Ауыз ашқаннан кейін ақ мол болсын деп, тілектерімізді айтып тойлауға болады. Рамазан айына Наурыз мерекесі сай келіп тұр. Ол күні көп тілек айтып, дұға қылу керек. 22 наурыз күні ораза ұстамай тұруға болмайды. Наурыз – дәстүр болса, Рамазан айындағы ораза – парыз. Ол парыз оразаны әдейі ашуға, бұзуға болмайды. Кімде-кім ауызын әдейі ашып, ораза ұстамаса, айт мерекесі өткен соң 2 ай бойы қайта ораза ұстауы керек. Қазасы солай өтеледі. Наурыз күні екен деп ораза ұстамау күнә болады».
Сондай-ақ, ел ішінде Наурыз күні тырнақ алуға, шаш қиюға болмайды деген наным бар. Бірақ имам бұл түсініктің қате екенін айтты.
«Бұндай наным-сенімдер дұрыс емес. Бұл күні шаш алуға да, тырнақ алуға да болады. Әдеттегі істеліп жатқан амалдардың бәрі баяғыша жасала береді. Бұл күнді қандай күн деп бағаласақ, тек күн мен түннің теңесетін күні», – дейді Қабылбек ұстаз.
Дінтанушылар да мерекенің оразаны бұзуға себеп болмайтынын ескертті.
«Мерекелер оразаның бұзылуына себеп бола алмайды. Рамазан айында Наурызды оразаның нұсқамаларын бұзбай атап өтуге болады. Мұсылмандар жаппай мерекелерге қатыса алады, концерттік бағдарламалар мен спорттық жарыстарға қатыса алады, ал «наурыз көже» дәстүрлі тағамын күн батқаннан кейін де ішуге болады», – дейді Елнар Берікбаев.
Қорытынды
Қазақ халқы – дәстүрді берік ұстанатын ұлт. Ал ислам діні – қазақ дүниетанымының ажырамас бөлігі. Сондықтан Наурызды тойлау – қазақылықтың белгісі. Ұлыстың ұлы күнімен құттықтай отырып, Рамазан айында ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын деп тілейміз!
Жаңалықтар
- Мәскеуде Тоқаевты «Жоғары мәртебелі» деп қарсы алды
- Мұрат Әбділдә түрме сахнасында өнер көрсетті
- «Хуторсыз Талғар, сынған әйнек, дүрбелеңге түскен туыс»: Хасан Қасымбаевтың соңғы соты қалай өтті?
- Қазақстандық шенеуніктердің Украинаға заңсыз оқ-дәрі сатуы мүмкін екені анықталды
- Ресейлік БАҚ қазақ тарихшысын «Гитлерді ақтады» деп айыптады
- «Біздің заманның батыры»: Денсаулық сақтау министрлігі Астанада зардап шеккен фельдшер туралы пікір білдірді
- «Жатырын алып тастамағаныма рахмет айт»: Алматы перзентханасында дәрігерлердің салғырттығынан сәби көз жұмды
- Бас прокурор қаза тапқан сарбаздардың аналарын қабылдауға уәде берді
- ҰБТ алдағы 3 жылда толық өзгеріп, халықаралық стандарттарға сай әзірленеді
- Берік Уәли сотталған адаммен түскен фотосына қатысты түсініктеме берді
- Хромтау қаласының әкімі пара алды деген күдікпен қамауға алынды
- Әкежан Қажыгелдин Қазақстанға жасырын келгенін айтты
- «Ат баптағандар Еуропаға кетіп қалады»: Алматының тарихи ипподромын бұзғалы жатыр
- Түркістан облысында криминалдық полиция қызметкері ұсталды
- Түркістан облысында қызды зорлап өлтірген мигранттардың ісі жабық сотта қаралады
- «Министрлік кінәлі»: митиңге шыққан марқұм сарбаздардың аналары ұсталды
- «Орыс тілі — қоғам өмірінің ажырамас бөлігі» — Тоқаев
- Ресейлік блогер қазақтарды «лас ұлт» деп қорлады
- «Жүрегі жарылды»: Түркістанда құрдастары 9-сынып оқушысын моланың қасында сабап өлтірді
- Көрнекті мәдениет қайраткері Ғалым Доскен қайтыс болды