Өзгермейтін жүйе һәм келесі президент кім?

cover

2019 жылдың 9 маусымында мерзімінен бұрын Қазақстан президентінің сайлауы өтті. Сайлауда билікшіл Nur Otan партиясынан ұсынылған кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылар даусының 70,96 пайызын жинап, жеңіске жеткен болатын. Сол күні дауыс беруге құқылы қазақстандықтардың бір бөлігі сайлау учаскесіне, бір бөлігі сайлауды «заңсыз» деп танып, байкот жариялау үшін рұқсат етілмеген митингке шыққан еді.

Митинг Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан және ірі қала Алматыда екі күн қатарынан болды. Тарихта қалатын күннен кейін арада екі жыл уақыт өтті. Келесі президент сайлауына тура сондай уақыт қалған кезде әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары келесі президенттің кім болатыны туралы сөз қозғай бастаған. Қазақстанның келесі президенті кім бола алады? Тоқаев екі жылда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көлеңкесінен шыға алды ма?

Осы сұрақтар төңірегінде ORDA.KZ журналисі сала сарапшаларының пікірін сұрап көрді.

Мәулен Әшімбаев президент болуы мүмкін

Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың 19 наурызында президенттік өкілеттілігін тоқтататыны туралы үндеу жариялады. Содан кейін заңға сәйкес сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенті лауазымын уақытша иеленді. Араға екі айдан аса уақыт салып, мерзімнен бұрын өткен сайлауда жеңіске жетіп, заңды президент лауазымын алды. Жаңа қызметіне кіріспес бұрын Тоқаев ҚР Парламент сенатының төрағасы болған.

2024 жылы болатын президент сайлауына дейін мерзімінен бұрын Тоқаев өкілеттілігін тоқтатқан жағдайда заң жүзінде Ақордаға қазіргі сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев отыруы тиіс немесе Тоқаев басқа кандидатура ұсынып сенат төрағасын ауыстыруы да мүмкін. Бұл – заңды нұсқа. Қасым-Жомарт Кемелұлы ел басқару қызметіне келмес бұрын өзінің президент болатынын білгенін жасырмады.

Ол Еuronews-тің «Глобальный диалог» бағдарламасына берген сұхбатында «Үш жарым жыл бұрын ол (ред. Қазақстанның алғашқы президенті Н. Назарбаев) маған «келесі президент сен боласың» деді. Уақыт өте келе біз оңтайлы сәтті таңдадық» деген болатын. Сонда елдің болуы мүмкін «болашақ президенті» жаңа қызметке баратыны туралы біле ме?

Қазақстанның келесі президенті болатын адам көп

Дос Көшім: «Олар балалары мен немерелері үшін қорқады» | DalaNews
Саясаттанушы Дос Көшім

Саясаттанушы Дос Көшімнің пікірінше, келесі президент болуға лайықты адам көп, бірақ оларды халық танымайды.  

— Келесі президент сайлауы Тоқаевтың денсаулығы дұрыс болса уақытымен өтеді. Егер оған дейін қызметін атқаруға денсаулығы жарамайтын болса кезектен тыс сайлау өтуі әбден мүмкін. Президент болатын адамдар бар және өте көп деп ойлаймын. Бірақ оны қазіргі БАҚ, бюджеттік газет-журналдар шығара алады ма?

Осы уақытқа дейін ондай адамдарды БАҚ бетіне шығарған емес. Халық ондай адамдардың бар екенін және кімдермен салыстыратынын білмейді, елге үміткерлер жоқ сияқты көрінеді. Шындығында ондай адамдар өте көп. Олардың көзқарастары биліктің көзқарасымен жараса қоймайды, сондықтан ондай адамдар әр уақытта шетте қалып қояды.

Оның айтуынша Қазақстанды басқарушы жүйе – бір.

— Кейбіреулер айтады ғой бізде Ақорда бар, кітапхана бар, екеуі екі түрлі деп. Ол біреу-ақ. Назарбаев бола ма, Тоқаев бола ма билік жүйесі бір. Сондықтан мен оларды екіге бөлмеймін. Тоқаев сол Назарбаевтың билігін жалғастырушы. Реформа жасап, жаңа өзгерістер алып келгісі келді, бірақ ол ойы жүзеге асқан жоқ, өкінішке қарай. Мысалы, саяси реформа, саяси партия, сайлау туралы, бейбіт шерулер туралы бірдеңе өзгертеміз деді, онысы жүзеге аспады. Мен ешқандай өзгеріс көріп отырған жоқпын.

Шалқар Нұрсейітов: Тоқаев Назарбаев көлеңкесінде қалып қойды

Шалқар Нұрсейітов, саясаттанушы: 2019 жыл «Жастар жылы» емес, «Қос  президент» жылы болды
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов

Саясаттанушы Нұрсейітовтың айтуынша, Қазақстанның келесі президенті кім болары маңызды емес.

— Тоқаевтың екінші мерзімге баратынына күмәнім бар, ол көлеңкеде қалып қойды. Үшінші президенттің кім болатыны аса маңызды емес, себебі біздің елде жүйе онсызда авторитарлық жүйе, ол жерде атқарушы билік үстемдікке ие. Сол себепті ол сақталып қалады. Ең бастысы біз қаншалықты билік тармақтарының тепе-теңдікте жұмыс істейтініне көшуге мән беруіміз керек.

Келесі президенттің барынша парламент пен сот билігіне үстемдігін азайтуға мән беруіміз керек. Барлығы Назарбаев жүйесінің өнімі болған соң, жүйе өмірін ұзарту үшін косметикалық өзгерістер болады. Себебі ешкім өз қолына балта шаппайды. Одан өкінішке орай қоғамға алып келетін пайдасы шамалы. Оны біз соңғы екі жылда байқадық.

Шалқар Нұрсейітовтың айтуынша «отбасы» басқаратын билік Назарбаев саясаттан толық кеткеннен кейін ғана әлсірейді.

— Президент уақытынан бұрын қызметінен кететін болса, сенат спикері, мәжіліс спикері немесе үкімет басы келуі мүмкін. Назарбаев түбегейлі биліктен кеткен соң «отбасы» билігі міндетті түрде әлсірейтін болады. Бірақ отбасы билігінің ішінен Дариға Назарбаевадан басқа Тимур Құлыбаев, Әлия Назарбаева секілді бизнесте, саясатта ықпалды адамдардың бар екенін ұмытпауымыз керек.

Көбінің ойы Дариға Назарбаеваның жағына кеткен секілді, бірақ ол кісіден саяси ықпалы кем емес адамдар бар. Одан бөлек Болат Назарбаев, Қайрат Сатыпалды, Самат Әбіш бар. Болашақта режимнің қай бағытта жалғасатыны осы отбасы мен саяси ықпалды топтардың өзара тіл табыса алуына байланысты.

1990 жылдың 24 сәуірінен Қазақстан тарихында небәрі екі президент болды. Біріншісі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Ол бес сайлау нәтижесі бойынша ел президенті болып қайта сайланды. Екіншісі қазіргі заңды президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Тоқаев Елбасының жолымен жүріп қайта сайлана ма, жоқ па уақыт көрсетеді.

Мысалы 30 жылдың ішінде Америка Құрама Штаттарында алты президент ауысқан.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар