Паралимпиадашылар мәселесіне қатысты құзырлы министрлік өз жауабын жолдады
Фото: gov.kz
Orda.kz өткен аптада «Паралимпиадашылар: Маңдайдың тері еңбектің өтіліне татымайды» тақырыбымен мақала жариялап, ол жұртшылық арасында жақсы талқыланды. Онда Парижде өткен Паралимпиада ойындарында Қазақстан спортшылары қомақты жүлдеге қол жеткізіп, 9 медаль алып келгеннен кейін тілшімізге бірқатар мәселенің бетін ашқан болатын.
Атап айтқанда, спортшылар еңбек сіңірген спорт шебері зейнетке шығу үшін тек бір спорт түрімен айналысып, 20 жыл еңбек өтілі қажет екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, спортшыларымыз мемлекеттен берілген пәтердің тек 10 жылдан соң ғана өз аттарына ресми түрде рәсімдей алатыны қынжылтатынын сөз қылды.
Мақалада көтерілген мәселеге қатысты құзырлы министрлік редакциямызға жауабын жолдады.
Паралимпиада ойындары чемпиондары мен жүлдегерлеріне ақшалай ынталандыру төлеуге қатысты
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 27 маусымдағы № 156 бұйрығымен халықаралық спорт жарыстары, спорт түрлері (спорт түрлері бойынша ұлттық командалар), оның ішінде Паралимпиада ойындары чемпиондары мен жүлдегерлерін, Қазақстан Республикасы құрама командаларының жаттықтырушылары мен мүшелерін ақшалай көтермелеу мөлшері бекітілген.
«Онда көрсетілгендей Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындары чемпиондары мен жүлдегерлерін ақшалай ынталандыру мөлшері бірдей. Атап айтқанда: 1 орын – 250 000 доллар, 2 орын – 150 000 доллар, 3 орын – 75 000 доллар, 4 орын – 30 000 доллар, 5 орын – 10 000 доллар, 6 орын – 5 000 доллар» делінген хабарламада.
Министрлік келтірген мәлімет бойынша, Қазақстанда біржолғы төлемдер басқа елдермен салыстырғанда айтарлықтай жоғары екен. Мысалы, бір реттік төлемдер:
- Өзбекстан 1 орын – 200 000 доллар, 2 орын – 100 000 доллар, 3 орын – 50 000 доллар;
- Ресей 1 орын – 45 517 доллар; 2 орын – $28 448; 3 орын – $19 345;
– Франция – 1 орын – 87 000 доллар, 2 орын – 43 000 доллар, 3 орын – 22 000 доллар.
«Бұл ретте, жергілікті бюджеттен немесе демеушілік қаражат арқылы берілетін белгілі бір сомаға немесе автокөлікке сертификат түріндегі көтермелеу заңнамамен реттелмейтінін хабарлаймыз», деп мәлімдеді жауапты министрлік.
Тұрғын үй беру мәселесіне қатысты
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 20 сәуірдегі № 97 бұйрығымен Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындары чемпиондары мен жүлдегерлеріне тұрғын үй беру және пайдалану қағидалары бекітілген.
Ережеге сәйкес, алтын медаль алған чемпионға үш бөлмелі пәтер; күміс медаль иегеріне екі бөлмелі пәтер; Олимпиада және Паралимпиада ойындарының қола жүлдегеріне бір бөлмелі пәтер беріледі.
Көрсетілетін қызмет алушымен шарт 10 жылға жасалады.
«Көрсетілетін қызмет алушылар шарт жасасқан күннен бастап 10 (он) жыл өткен соң коммуналдық тұрғын үй қорынан өздері тұрып жатқан тұрғын үйге меншік құқығын өтеусіз алады», деп түсіндірді министрлік.
Бұл ретте қызметтік пәтер алушы допинг қолданған немесе қолдануға әрекет жасаған жағдайда спорттық нәтижені жою үшін «10 жылға» жасалған шарт бұзылады. Шарт бұзылған жағдайда қызмет берушіден шартты бұзу туралы хабарлама алған күннен бастап бір ай ішінде үйді қызмет берушіге қайтаруға тура келеді.
«Бұл шара спорттық нәтижелерге жауапкершілікті күшейту үшін қарастырылған, өйткені спортшының жарыстарға дайындалуы мен қатысуына бюджеттен қаражат бөлінеді», деп атап өтті жауапты құзырлы орган.
Бұл ретте, министрлік берген жауап бойынша – тұрғын үй берілген спортшы қайтыс (қаза) болған жағдайда оны меншігіне өтеусіз алу құқығы оның мұрагерлеріне басқа тұрғын үй берілгеніне және допинг сынамасының нәтижесі мен 10 жыл мерзім өтуіне қарамастан өтеді екен.
Өмір бойғы қаржылық қолдауға қатысты
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 29 мамырдағы № 158 бұйрығымен «Спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық көмек төлеу» мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары бекітілді.
Ережеге сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтары және Қазақстан Республикасы аумағында дене шынықтыру және спорт саласында кемінде жиырма жыл жұмыс өтілі бар спортшылар мен жаттықтырушыларға материалдық қолдау төленеді.
Айта кету керек, қаржыландыру Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес республикалық бюджеттен жүзеге асырылады. Ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін бірқатар мемлекеттік органдардың, мысалы, қаржы, ұлттық экономика, әділет және т.б. министрліктердің мақұлдауы қажет.
«Жоғарыда айтылғандар негізінде бұл мәселе еліміздің экономикалық мүмкіндіктерін ескере отырып, мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп қарастырылатын болады» делінген министрлік жауабында.
Жаңалықтар
- «Орданың» бас редакторының фейсбуктегі парақшасы өшірілді
- Тоқаев салтанатты түрде мемлекеттік туды көтерді
- Түркі мемлекеттері ұйымдарының келесі кездесуі Қазақстанда өтеді
- АҚШ Венесуэла жағалауына әуе шабуылын жасамақшы
- Елдегі салымға қатысты мөлшерлеме тарихи рекорд орнатты
- Шұғыла Өмірбек күрестен әлем чемпионатында тарихи алтын алды
- Головкин World Boxing президенті лауазымына кандидат атанды
- «Еліміздің көк туы бейбіт аспанда мәңгі желбіресін!»: Тоқаев халықты Республика күнімен құттықтады
- Ақтөбеде 12 адам қаза тапқан жол апатынан аман қалған жасөспірімнің жағдайы ауыр
- Түркістанда сотталушы қарауыл жасақты алдап қашып кетті
- Өз-өзін өртемек болған ананың ісін прокурор неге қарамайды?
- 600 мың теңгелік тортқа бола соттасып: Кондитердің абыройын төкті
- Бас прокуратура Нұрбол Назарбаевтың активтерін тексеріп жатыр
- Баян Алагөзова Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын алды
- «Қылмыс әлемінің серкелері қысым көрсетті»: Маңғыстаудағы теміржолшылар мәлімдеме жасады
- «Зорлады, ұрып соқты»: Түркістан полициясы неліктен 16 жастағы қызды қиянат жасаған адамға қайта қосты?
- Тоқаев Шавкат Рахмоновты ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады
- Алматыда жолаушылар автобусы аялдамаға соғылды
- «Орда» үшін талас-тартыс тоқтар емес: редакцияны басып алудың жаңа амалы
- Алматыда алғаш рет дроппер әйел ұсталды