Паралимпиадашылар: Маңдайдың тері еңбектің өтіліне татымайды

Парижде өткен Паралимпиада ойындарында Қазақстан спортшылары жүлдеге қол жеткізіп, 9 медаль алып келді. Дегенмен Паралимпиада спортшылары Orda.kz тілшісіне бірқатар мәселелерді қозғады.
Атап айтқанда, еңбек сіңірген спорт шебері зейнетке шығу үшін тек бір спорт түрімен айналысып, 20 жыл еңбек өтілі қажет. Сонымен қатар, берілген пәтерді спортшының өз атына рәсімдеу үшін 10 жыл күтуі керек.
Парадзюдошы, паралимпиаданың қола жүлдегері Даяна Федосова спортшыларды Париж паралимпиадасынан кейін аймақтардағы марапаттау және ай сайынғы жалақыда айтарлықтай айырмашылық бар екенін айтты.
«Біз бәріміз бірдей медаль әкелдік, ол бірдей жарқырайды және бұл бірдей еңбек. Бірақ неге кейбір аймақтар өз спортшыларын қолдаудан аянбайды, ал басқаларында қолдау аз? Жалақыда үлкен айырмашылық бар. Мысалы, біреулер үш есе көп алады, ал басқалары үш есе аз. Неге олай? Бұл — үлкен мәселе. Менің ойымша, бұл өзгеруі керек, барлық аймақта Қазақстан бойынша ортақ жалақы жүйесі болуы қажет»,– дейді спортшы.
Федосованың айтуынша, Қарағанды облысынан жеңіл атлетикадан қола жүлдегер Дастан Мұқашбеков екеуіне әрқайсысына 7 миллион теңгеден сыйақы берілген. Алайда бұл сома спортшыларды аса қатты шабыттандырмаған. Олар өздерінің наразылығын білдіргенде «Алғыс айтыңыздар, біз сіздерге 1,5 миллион теңге ғана бермекші едік»,– деп қысқа қайырыпты. Бұл жағдайды Қарағандыда су тасқыны болғандықтан барлық бюджет сол жаққа жұмсалды деп түсіндірген.

«Бірақ су тасқыны Қазақстанның басқа да бөлігінде болғанын ұмытпайық. Басқа аймақтарда премиум-класс көліктер мен қомақты ақшалай сыйақылар берілді. Әр саланың өз бюджеті болуы керек, су тасқынына, спортқа, білімге бөлек қаржы бөлінуі тиіс. Әлем чемпионатынан кейін бізді спорт министрлігі шақырды, сол кезде министр бізге олимпиадалық және паралимпиадалық спорт түрлеріне қомақты бюджет бөлінетінін айтты. Яғни, бюджет өте қомақты. Бірақ неге сол үлкен бюджетті су тасқынына кеткенімен түсіндіреді?»,– деп қосты Федосова.

Сонымен қатар, спортшыларымызды мемлекеттен берілген пәтердің тек 10 жылдан соң ғана өз аттарына ресми түрде рәсімдей алатыны қынжылтады. Федосованың айтуынша 10 жылдың ішінде кез-келген жағдай болуы мүмкін, ал мүмкіндігі шектеулі спортшы үшін басында нақты баспана болғаны маңызды.
«Мен осы мәселені депутат Айдарбек Қожаназаровқа жеткіздім, ол оны назарға алды. Олар заң қабылдауды жоспарлап отыр, сол арқылы паралимпиадашыларға пәтерді бірден өз атына рәсімдеу құқығын бермек. Әзірге бұл мәселе мәжілісте қаралып жатыр, бірақ ол бірден бола қоймас. Дегенмен осы мәселеге назар аударылғанының өзі үлкен жетістік», — деп қосты спортшы.
«Менің айтайын дегенім, спорт — менің хоббиім емес, бұл — менің жұмысым, өмірімді арнаған ісім. Мен талай жарақат алдым, қолымды, арқамды сындырдым. Осы деңгейге жету үшін көп нәрсені құрбан еттім. Сондықтан мен мұндай мәселелерге бей-жәй қарай алмаймын», — деді Федосова.
Біз дәл осы сұрақтарды ұлттық Паралимпиада комитетінің президенті Қайрат Боранбаевқа қойдық. Оның айтуынша спортшыларды қалай марапаттау әр аймақтың өзі шешеді екен.
«Әрине, мұндай мәселе бар. Бірақ әр облыстың өз мүмкіндіктері бар екенін түсіну керек. Олар спортшыларды шақырып, қандай да бір көмек көрсетсе, бұл да жақсы. Себебі, әрбір медаль үшін мемлекет тарапынан арнайы қаржылық төлемдер қарастырылған. Бұдан бөлек, ал аймақтардағы көмек — мүлдем бөлек. Сондықтан айырмашылық болуы заңды. Кейбір облыстар көбірек қолдау көрсетсе, басқалары азырақ береді. Оны салыстыруға болмайды деп ойлаймын. Себебі әр аймақтың өз бюджеті, өз мүмкіндіктері бар. Бұл қалыпты жағдай», — деді комитет басшысы.
Ал пәтердің тек 10 жылдан соң ғана спортшының меншігіне өтетініне қатысты ол заң талабы, себебі барлық спортшылар антидопингтік бақылауда болатынымен түсіндірді.
Спортшылардың 20 жылдық еңбек өтіліне деген көзқарасы қандай?
Паралимпиадашылармен сұхбаттасу барысында тағы бір мәселе спортшыларымызды алаңдататын анықтадық. Бұл туралы 2016 жылы Риодағы паралимпиада чемпионы, ал Парижде өткен додада қашықтықты 43,75 секундта жүзіп өтіп, 7-орынға ие болған Зулфия Ғабидуллина баяндады.

«Еңбек сіңірген спорт шебері үшін жеке зейнетақы бар. Оған қол жеткізу үшін 20 жылдық еңбек өтілі керек. Мысалы, мен 22 қарашада 59 жасқа толамын. Спортқа 24 жасымда келдім, ал біздің өтілімізді тек 2016 жылдан бастап есептей бастады. Біз 20 жылдық талапты 10 жылға дейін қысқартуды сұраймыз»,– дейді Ғабидуллина.
Нұрдәулет Жұмағали Токиода қола медаль алса, Париждегі Паралимпиада ойындарында 100 метрге брасс әдісімен жүзуден күміс медаль иеленді. Оның айтуынша, кез-келген медаль иеленген спортшы келесі Олимпиада ойындарына дейін келісім шарт бойынша жалақы алады. Мұндай сәтте сенің 4 жылың тағы есептелмейді.

«Еңбек сіңірген спорт шебері атағын алу үшін екі дүркін әлем чемпионы немесе Олимпиада жүлдегері болу керек. Мен Токиода 21 жасымда осы атақты алдым, бірақ осы зейнетақыны алу үшін 20 жыл еңбек өтілі керек. Егер мен басқа спорт түрімен айналысқым келсе ше? Мүмкін, мен болашақта спортты қойып отбасыммен болғым келсе ше? Сонымен қатар, ол өтілді жинау үшін сен спорттың бір ғана түріне жұмыс істеу қажетсің. Келісімшарт бойынша жалақы аласың, бірақ бұл өтілге қосылмайды. Осылайша, 4 жылдық еңбек босқа кетеді. Ал менің былай қарап отырсаң 20 жылдық өтілімнің 8 жылы есептелмейді. Себебі мен қатарынан екі рет Олимпиада жүлдегері болып отырмын және келісімшарттық кезеңдер өтілге қосылмайды»,– деді Жұмағали.
Дәл осы заң жаттықтырушыларға қатысты екен. Олимпиада чемпионын дайындаған жаттықтырушы келісімшарт бойынша 4 жыл бойы жалақы алады. Олимпиада жүлдегерін дайындау оңай емес екенін бәріміз білеміз. Кейбір жаттықтырушылар чемпионды 50-60 жастарында дайындап шығарып жатады.
Сонда 20 жылдық жұмыс өтілін жинап, арнайы төлемге олар 80-90 жасында қол жеткізе ме деген заңды сұрақ туындайды. Ол жаста мемлекеттің берген арнайы зейнетақысының қаншалықты керегі бар деген тағы бір сұрақ көкейде тұр. Нәтижесінде, жаттықтырушы 20 жылдық өтілді 30-40 жыл ішінде жинауы мүмкін.
Әрине, жоғарыда айтылған мәселеге мемлекет назар аударуы қажет. Өйткені қозғалған мәселе шын мәнінде спортшыларды алаңдататын, олардың өмір сүру жағдайы мен спорттағы жетістіктеріне, қала берді отбасы мен денсаулықтарына тікелей әсер ететін негізгі фактор.
Жаңалықтар
- Биыл Бикен Римова театрына 50 жыл толды
- Субұрқақтағы баланың өлімі: Іс неге сотқа жетпеді?
- «20 мың террорист»: Сот Атбасардағы азаптаушы түрме қызметкерлерін ақтады
- Швейцария прокуратурасы Динара Құлыбаеваның ісіне қызығушылық танытты
- Астанада лифтте зардап шеккен баланың анасы оқиғаның егжей-тегжейін айтты
- «Барлығын Америкаға өткізіп қойғанбыз»: неге шетел агенті заңы бізге керек емес?
- Астанада 2020 жылдан бері өткізілмеген парадқа 2,5 миллиард теңге жұмсалмақ
- «Үйде балалар болған»: Белгісіз ер адам алматылық тұрғынның үйіне қасақана өрт қойды
- «Дереу жұмыстан қуылады»: Қырғыз билігі мемлекеттік қызметкерлерді жазалайтын жаңа әдіс ойлап тапты
- Қарағандыда Назарбаев даңғылына қарсы петиция жарияланды
- Депутат елімізде «шетел агенттері» туралы заң қабылдауды ұсынды
- Алтынбек Сәрсенбаевтың өлімі: ІІМ экс-басшысы Мұхамеджанов тергеуде не айтты?
- Түркияда қазақстандық азамат қаза тапты
- Сергей Шойгу келіссөздер бойынша Астанаға келді
- Алматыда қоқысты қайта өңдеу аумағында әйелдің денесін бөлшектеп кеткен
- Ақтауда 18 жастағы мүгедек ұл бала зорланды
- Құлыбаевтың құлқында кеткен 1 млрд доллардың қайтуына қатысты Бас прокуратура нақты жауап қатпай отыр
- Жамбыл облысында полиция қызметкері көз жұмды
- Саяси террор құрбаны: Алтынбек Сәрсенбаевтың кітаптары жарық көрді
- Абай облысында терроризмді насихаттады деген күдікпен ер адам ұсталды