Пандемия кезіндегі сенім телефондары қызметі және психологиялық дағдарыс

cover

Желіде сенім телефондарын бірі даттаса, бірі жақтауда. Олардың мақсаты – көмекке жүгінген адамдарға қызмет көрсету.

ORDA 150 ұлттық сенім телефоны қызметімен танысты.

Сенім телефонына әдетте кімдер және қандай мәселелермен қоңырау шалады?

Одақ: «Дағдарыс орталықтары одағы» заңды тұлғалар бірлестігі (бұдан әрі - Одақ) әйелдер мен балалардың құқықтарын гендерлік негізде қорғайды. Сонымен қатар, қоғамда мәдениетті, зорлық-зомбылықсыз қатынастар құндылықтарын қалыптастырады.

«Дағдарыс орталықтары одағы» қызметіне «Балалар мен жастарға арналған ұлттық сенім телефоны» кіреді. 150 нөмірлі балалар мен жастарға арналған ұлттық сенім телефоны Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетімен және Ішкі істер министрлігімен серіктестікте 2005 жылдан бастап жұмыс істейді. Қазіргі таңда ол халықаралық стандарттарға сай.

Көбіне орталыққа:

  • Өмірлік дағдарысты тоқтату және қиын өмірлік жағдайдан шығу жолын табу;
  • Суицидтік мінез-құлық және ойлардан арылу;
  • Жеке проблемалардан (өзін-өзі бағалаудың төмендігі, мазасыздық, депрессия, қорқыныш, ашу, психосоматика және басқа психологиялық аспектілер бастан өткен кезде) арылу;
  • Тұрмыстық зорлық-зомбылықты әшкерелеу;
  • Төтенше жағдайды жариялау шеңберінде қоғамнан мәжбүрлеп оқшауланған жағдайдан арылу;
  • Басқа төтенше жағдайлардан шығу жолдарын табу;
  • Қайғы-қасірет және т.б. ауыр дене жарақаттары мен аурулардан арылу;
  • Ақпараттық-анықтамалық көмек алу үшін хабарласады.

Сенім телефоны адамдарға қандай көмек ұсына алады?

Одақ: Психолог-консультанттар шұғыл психологиялық көмек көрсетеді, ақпараттандырады, сонымен қатар қызмет құзыретті органдардың жедел араласуына ықпал етеді. Сенім телефоны күнделікті демалыссыз екі тілде қызмет көрсетеді.

Пандемия кезінде көмекке жүгінетіндердің саны артты ма?

Одақ: Карантин және өзін-өзі оқшаулау кезеңінде белсенділіктің жоғарылауы байқалды, адамдар ұзақ уақыт отбасында болуға мәжбүр болды. Олар ақпараттық вакуумда болды, қоғамда жаппай COVID-19 ауруымен, әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктердің төмендеуімен, жұмыс тапшылығымен және т.б. байланысты жоғары мазасыздық орын алды. 2020 жылдың 1 қаңтар – 31 желтоқсан аралығында тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша 3 377 қоңырау келіп түсті, бұл 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 654 қоңырауға көп.

Елдегі әлеуметтік-экономикалық шиеленіс кезінде барлық негатив адамдардың жақындарына бағытталды. Біздің елде отбасылық зорлық-зомбылық анықталған жағдайда агрессорлар әкімшілік жаза мен 15 күнге бас бостандығынан айырылып қана қояды. Осыған байланысты олар жазасыз қалатындықтарын біліп, мінез-құлықтарын еш өзгеріссіз қалдырады. Ауыр жаза қолданбайтындығын білетін агрессорлар психологиялық қысым мен экономикалық бақылау жасап, тіпті жақындарына қатысты жыныстық зорлық-зомбылыққа дейін барады.  

2020 жылы сенім телефоны арқылы қанша көмек көрсетілді?

2020 жылы 150 сенім телефонына 32 335 қоңырау түсті, оның 6689-ы 18 жасқа дейінгі балалардан және 25 646 ересектерден.

«Дағдарыс орталықтары одағы»

Жақында жас курсант әскери бөлімде өзіне қол жұмсады. Осыған қатысты не ойлайсыздар? Сіздерге қаншалықты жиі осындай жағдайлармен адамдар қоңырау шалады? Қандай көмектер көрсетіледі?

Одақ: Мұндай шағымдармен хабарласатындар жиі кездеседі. Бізде бұл мәселені шешудің белгілі бір алгоритмі қарастырылған. Бірақ ол туралы біз ашық айта алмаймыз.

Сенім телефоны жайлы халықтың бәрі біле ме? Білмесе, оның себебі неде?

Одақ: 150 ұлттық сенім телефонының негізгі міндеттеріне телефон қызметі туралы халықты ақпараттандыру да кіреді. Бұл қызмет мемлекеттік қолдаусыз жұмыс істейтіндіктен, өз ресурстары мен мүмкіндіктері арқылы хабарландыру жұмыстарын жүзеге асырады. Атап айтқанда, адамдар Іnstagram-да @soyuz_kz, Facebook-те @soyuzkazakhstan парақшалары арқылы ақпараттандырылады. Сенім телефонын білетін адамдар жиі хабарласып тұрады. Ал халықтың 30%-ы біз туралы бір-бірінен біліп жатады. Сонымен қатар, 15 жылға жуық БАҚ өкілдері де өз көмектерін ұсынып жатыр. Оларға деген алғысымыз шексіз!

Сенім телефоны ұйымы қалай қаржыландырылады?

Одақ: Ұйым 2005 жылдан бастап халықаралық гранттар мен жеке қаражат есебінен қаржыландырылып келеді. Кеңсе Одақтың меншігі болып табылады, оның бүкіл қызметі барысында серіктестер қолдау көрсетеді. Олар бізге ақпараттық қамтуда көмектеседі, аймақтардағы адамдарға қажетті қолдау көрсетеді.

https://www.youtube.com/watch?v=jkHu1Vbbi8Q

Хабарласқан адамдардың жеке деректері сақтала ма?

Одақ: Сенімділікті арттыру үшін біздің қызмет телефон арқылы кеңес берудің барлық ережелерін сақтайды. Біз «Full Child Helpline International» мүшесі болғандықтан және өз жұмысымызды жасырын және құпиялылық қағидаттары негізінде құратындықтан, біз оның қажеттіліктерін, пікірін ескере отырып, адам құқықтарын қорғау бойынша барлық сұрақтарға жауап береміз.

Сұхбатыңызға рақмет!

Айта кетсек, ORDA желідегі сенім телефондарына деген шағымдарды да тексерді. 150 байланыс телефоны қоңырауды 30 секундта, ал 111 байланыс телефоны қоңырауды бір минутта көтеріп, өте сыпайы жауап берді.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар