«Пайдасын олигархтар көреді, халық табысы өспейді»: Сарапшы елдегі жағдайды талдады
Фото: Orda.kz
Қазақстан экономикасы ресми деректер бойынша өсіп жатыр. Бірақ бұл өсімді халық қаншалықты сезіп отыр? Orda.kz тілшісіне сұхбат берген экономист, экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жобаев елдегі нақты жағдайды тарқатып берді.
Экономика өсімі: қағаздағы көрсеткіш пе, әлде шынайы нәтиже ме?
Сапарбай Жобаевтың айтуынша, пандемиядан кейін Қазақстан экономикасы қалпына келіп, жыл сайын 5–6% өсім көрсетіп отыр.
«Қазақстан сияқты дамушы ел үшін, әлемдегі экономика көлемі бойынша алғашқы 50 елдің қатарына кіретін мемлекет ретінде бұл қалыпты өсім саналады. Әрине, жыл сайын 6–7% өсім болса, тіпті жақсы болар еді. Бірақ мұндай өсімге кедергі келтіретін бірқатар факторлар бар. Олар – бюджет тапшылығының өте жоғары болуы, Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінің жоғары болуы, сондай-ақ бюджетті қамтамасыз ететін салық-бюджет саясатының бүгінгі талаптарға толық сай келмеуі. Сондықтан экономиканың 5–6% деңгейінде өсуі – қалыпты көрсеткіш», – дейді сарапшы.
Экономистің айтуынша, қазіргі ақша-кредит саясатының басты мақсаты – инфляцияны тежеу. Сарапшының пікірінше инфляция өте жоғары.
«Сондықтан базалық мөлшерлеме де жоғары – шамамен 18%. Экономикалық саясат екі үлкен бағытқа бөлінеді: фискалдық саясат (бюджет және салық саясаты) және монетарлық саясат (ақша-кредит саясаты). Алдымен монетарлық саясаттан бастайық. Неге Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде ұстап отыр? Бұл – инфляцияны шектеу үшін. Өткен жылы инфляция шамамен 13% болды, бұл өте жоғары көрсеткіш. Мұндай инфляциялық қысым инвесторларға тұрақты табыс алуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан Ұлттық банк мөлшерлемені көтеріп, инфляцияны тежеуге тырысып отыр. Мысал ретінде Ресейде пандемиядан кейін 2022 жылы базалық мөлшерлеме 22%-ға дейін көтерілгенін айтуға болады. Бұл бізден де 4%-ға жоғары болды. Қазір Ресейде шамамен 16%, ал бізде 18%», – дейді Жобаев.
Сарапшының пікірінше, 2026 жылы бұл саясат өз нәтижесін бере бастады – инфляция 10–11%-ға дейін төмендеп келеді.
Бюджет тапшылығы: Ұлттық қорсыз экономика өмір сүре ала ма?
Сапарбай Жобаев ең үлкен проблемалардың бірі ретінде бюджет тапшылығын атады.
«Менің ойымша, 2026 жылы біздің монетарлық саясат өз мақсатына жетіп жатыр: инфляция жылдық есеппен 10–11%-ға дейін төмендеп келеді. Екінші мәселе – фискалдық саясат, яғни бюджет және салық саясаты. Бізде республикалық бюджет тапшылығы өте жоғары. Егер Ұлттық қор қаражаты болмаса, тапшылық бюджет кірісінің 40–45%-ына дейін жетер еді. 2025 жылы үлкен салық реформасы жүргізілді, бірақ оны толық сәтті деп айту қиын. Бір қадам жасаймыз дегенде, жарты қадам ғана жасалды. Сондықтан бюджет тапшылығы әлі де жоғары. Әдетте тапшылық ЖІӨ-нің 3%-ынан аспауы керек, ал бізде ол шамамен 10%-ға дейін жетеді. Бұған дейін тіпті 30–40% деңгейінде болған, бірақ ол Ұлттық қор есебінен жабылып отырды», – дейді ол.
Сарапшы Жабаевтың айтуынша жыл сайын Ұлттық қордан шамамен 5–6 триллион теңге, яғни 10–12 миллиард доллар алынады. Қор қаражаты доллармен есептеледі. Осы тәуелділікті азайту үшін салық реформасы жүргізілді. Биыл шамамен 3 триллион теңге алу жоспарланып жатқанын жеткізді. 2025 жылы салық реформасы жүргізілгенімен, сарапшы оны толық сәтті деп санамайды:
«Сондықтан экономика өсіп жатқанымен, проблемалар да аз емес. Себебі өсім негізінен бюджет инвестициялары арқылы қамтамасыз етіледі: жолдар, зауыттар, әлеуметтік нысандар – барлығы мемлекеттік қаржы есебінен. Үшінші мәселе – теңгенің жағдайы. 2025 жылы доллар бағамы орта есеппен 525–530 теңге болды. 2026 жылдың қаңтарында импортты шектеу әсері байқалды. Ресейде де осындай жағдай болды: санкцияларға қарамастан рубль нығайды. Бізде де дедолларизация саясаты жүріп жатыр, сондықтан доллар әлсіреп, теңге күшейді. Бір доллар шамамен 475 теңгеге дейін түсті. Бұл экспорттаушылар үшін тиімсіз. Мысалы, бұрын 1 миллион долларлық өнімнен 525–530 млн теңге түссе, қазір 470–475 млн теңге ғана түседі. Сондықтан экспортты қолдау үшін Ұлттық банк доллар бағамын шамамен 525–530 теңге деңгейінде тұрақтандыруы керек. Төртінші мәселе – халықтың жағдайы. Қазақстанда халық табысы номиналды түрде өсіп жатыр. Орташа жалақы шамамен 400 мың теңгеге жетті. Бірақ нақты (медиандық) табыс шамамен 250 мың теңге деңгейінде. Инфляция салдарынан халықтың сатып алу қабілеті төмендеп жатыр», – дейді сарапшы.
Сапарбайдың айтуынша, үкімет әлеуметтік шығындарды қысқартуға көшті. 2025 жылы бюджет шығындарының 40%-ы әлеуметтік салаға бағытталса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 38%-ға дейін төмендеді. Бұл дұрыс емес бағыт. Үнемдеуді әлеуметтік әлсіз топтардан емес, ірі капитал мен олигархиялық сектордан жасау керек екенін айтты.
Девальвация бола ма?
«Девальвация қаупі әзірге жоқ. Себебі мемлекеттік қарыз төмен. Сыртқы қарыз шамамен 14–15 млрд доллар (ЖІӨ-нің 7–8%-ы). Жалпы қарыз 35–40 млрд доллар. Бұл – қалыпты деңгей. Экономикалық өсім бар ма? Иә, бар. Сауда, көлік, қызмет көрсету, логистика жақсы дамып жатыр. Мұнай-газ секторы ЖІӨ-нің 12%-ын ғана құрайды, бұл Таяу Шығыс елдеріне қарағанда әлдеқайда төмен. Бірақ басты мәселе – квазимемлекеттік сектор. Олар бюджеттен қаржыландырылады және негізгі табысты алып отыр. Ал халықтың табысы өспейді. Сондықтан бұл секторды жекешелендіру қажет. Президент 243 кәсіпорынды жекешелендіруді тапсырды, бірақ нәтиже жоқ. Биыл 500 кәсіпорынды жекешелендіру тапсырылды, бірақ процесс баяу жүріп жатыр. Бюджет қаражатының шамамен 40%-ы экономикаға кетеді, бұл қаражат көбіне олигархтардың қолына түседі», – дейді ол.
Сарапшы Сапарбай Жабаев сөз соңында мемлекетке өзінің ұсыныстарын ұсынды:
- Квазимемлекеттік секторды жекешелендіру қажет. Қытайда мемлекеттік сектор ЖІӨ-нің 22–24%-ын ғана құрайды, ал бізде – 60%.
- Ауыл шаруашылығында да мәселе бар. Жер толық жекешелендірілмеген. Жер әкімдердің бақылауында. Сондықтан жастар ауылда бизнес аша алмай, қалаға кетіп жатыр.
- Жерді халыққа беру керек.
- Сонымен қатар, біз барлық саланы емес, 6–7 негізгі бағытты дамытуымыз керек: ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, энергетика, мұнай-газ, металлургия, химия, машина жасау, туризм, медицина.
- Бақылаушы органдарды қысқарту керек, себебі олар жемқорлықты арттырады. Негізгі бақылауды салық органдары мен Жоғары аудиторлық палата жүргізуі тиіс.
«Экономика бар, бірақ әділет жоқ»
Сарапшының қорытындысы қарапайым:
Қазақстан экономикасы өсіп жатыр. Бірақ бұл өсім негізінен бюджет есебінен және квазимемлекеттік сектор арқылы жүзеге асып отыр. Ал халықтың нақты табысы мен әл-ауқаты бұл өсімді толық сезінбей отыр.
«Экономиканы дамыту үшін мемлекет емес, бизнес пен инвестиция басты рөл атқаруы керек», – деп түйіндеді Сапарбай Жобаев.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- Дарын Мубаровқа 865 000 теңге айыппұл салынды
- АҚШ Иранға ядролық қызметті 20 жылға «тоқтата тұруды» ұсынған — The New York Times
- Блогер Эльмира Төлегенова сотта кінәсін мойындады
- БЖЗҚ зейнетақы активтері 25,8 трлн теңгеге дейін өсті
- «Пайдасын олигархтар көреді, халық табысы өспейді»: Сарапшы елдегі жағдайды талдады
- Билік қазақ экономикасы 3 пайызға өскенін мәлімдеді
- Жүргізуші куәлігін алу тәртібі өзгереді
- Қырғызстанда ҰҚМК төрағасының тағы бір экс-орынбасары мен бірнеше қызметкер ұсталды
- Өскеменде автобуста қыздарды қол жүгірткен адамнан арашалаған жігітке депутат телефон сыйлады
- Иранның Ормуз бұғазын аша алмау «себебі» белгілі болды
- Германияның ең ірі ұлттық авиатасымалдаушысы Lufthansa қызметкерлерінің ереуілі үдей түсті
- Хиллари Клинтон: Трамп «мүлдем алжи бастады»
- Астанада Абай даңғылының бір бөлігі 20 сәуірге дейін жабылады
- Иран АҚШ-тың қарулы соғысына «логистикалық соғыспен» жауап беріп, стратегиялық тығырыққа тіреді
- Блогер Қайсар Қамза Вьетнамда ұсталды
- «Біреудің ала жібін аттап кеттім бе?» — Ерболат Жанәбіловтің сот алдындағы сөзі
- «Аспаннан түскен байдың баласы емеспін»: Ерболат Жанәбілов кінәсін ішінара мойындады
- Алдағы күндері Алматыда найзағай ойнап, Астанаға қар жауады
- Астанада өрттен үш бала опат болды: Құтқарушылардың жолын жапқан көлік жүргізушісі жазаланды
- ҰҚШҰ бас хатшысы Тоқаевқа алдағы жоспарын таныстырды