Онлайн-университеттер дәстүрлі жоғарғы оқу орындарымен бәсекелесе алады

cover

Пандемияның басталғанына бір жыл болды. Бірыңғай оқу платформасы әлі де жоқ.

Orda.kz редакциясының осы және басқа да сұрақтарына электронды контент жасаушы Bilim Media Group компаниясының директоры Рауан Кенжеханұлы жауап берді.

Bilim Media Group компаниясының директоры Рауан Кенжеханұлы

Сапалы білім деген не?

– Сапалы білім дегеніміз оқушылардың қазіргі уақытқа, өмірге бейімделуіне мүмкіндік беретін, олардың тұлға, маман ретінде қалыптасуына жағдай жасайтын білім. Әлемдегі кез келген мемлекетті алып қарасаңыз, ешқайсысының өздеріндегі білім беру сапасына көңілі толмайды. Заман талабы сондай, барлығы өзгеруге, өзгертуге ұмтылыс жасап жатыр. Оқытудың, үйретудің, тәрбие берудің жаңа амалдарын іздестіру үстінде. Біздің білім беру саласы да сол сыртқы өзгеріске ілесуге тырысып жатыр. Өзгерістерге жылдам бейімделе алмасақ, сапалы білім бізден алыстай береді. Оны қуып жете алмайсыз.

Шапшаң қимылдап, алға қарай ұмтылмасақ, сапалы білімге жетеміз деген мақсат алыстап қана қоймай, бір уақытта сағым, тіпті елеске айналуы ғажап емес. Сондықтан негізгі міндет – білім беру саласын осы заманға лайықтау.

Білім беру саласына үлес қосуға не шабыттандырды?

– Шабыттан бұрын, менің ойымша, бұл қажеттіліктен туындады. Ең алдымен бұл өзімізге қажет. Мен үнемі оқуға, жаңа нәрселерді үйренуге, дамуға, жаңа дағдылар қалыптастыруға тырысамын. Заман мен уақыт тез өзгеріп жатыр. Ол өзгерістер бізді өзіне тез бейімделуге міндеттейді. Екіншіден, бала тәрбиелеп отырмыз, өсіп келе жатқан жаңа ұрпақ бар. Заманға сай сапалы білім жүйесін бізге біреу жасап бермейді. Сондықтан шамамыз келгенше осы жұмысқа араласып жатырмыз. Үшіншіден, әрқайсымыз азамат ретінде, барлығымыз қоғам ретінде және жалпы мемлекет болып білім беру саласына, оның сапасына жүйелі түрде кеңінен қарауымыз керек. Білімнің сапасын көтеру – тек мемлекеттің жұмысы емес. Ол барлығымызға ортақ міндет.  

Себебі, қазіргі білім беру саласында алшақтық бар. Қала мектебі мен ауыл мектебі, жеке және мемлекеттік мектеп, халықаралық және жергілікті мектептегі білім сапасындағы айырмашылық теңсіздікке әкеліп жатыр. Білім сапасындағы алшақтық, өз кезегінде, қоғамдағы теңсіздікті күшейте түседі. Біз «бай байи түседі, кедей кедейлене береді» дегенді жиі айтамыз. Оның түп тамыры білім беру саласында жатыр деп ойлаймын. Біз бәріне ортақ жақсы, сапалы білім беру жүйесін қамтамасыз ете алмасақ, онда білім беру жүйесінен шыққан теңсіздік барлық салаларға, соның ішінде, әлеуметтік теңсіздік пен топтардың өзара түсініспеушілігіне алып келеді, әрі түрлі қиындықтарға соқтырады. Сол себепті білім беру саласына жоғары деңгейде көңіл бөлу, оның мәселелерімен жүйелі түрде айналысу мемлекеттің ғана шаруасы емес, қоғамдық ұйымдардың, оның ішінде кәсіпкерлердің де міндеті деп санаймын. Сондықтан біз осындай жауапкершілікті сезініп, саналы түрде осы салаға келдік.

Қазір электронды контент жасауда он жылдық тәжірибесі бар компания жұмысы қалай басталды? Басты ұстанымдарыңыз қандай? Компания қызметкерлерін не біріктіреді?

– 2011 жылы көктемінде Америкадағы оқуымды аяқтап, Қазақстанға оралдым. Сыртта алған білімім, зерттеген дүниелерім, өзге де көрген-білгенім осы шешімге итермеледі. Мемлекеттік қызметтен кетіп, білім беру мен технологиялардың тоғысқан жерінде білім сапасы мен оның қолжетімдігін арттыруға арналған жобаларды бастауға бел будық. Себебі, білім беру саласындағы сапа мәселесін, ол сапалы білімді қолжетімді ету міндетін технологиялар тиімді шеше алады. Қазір ақпараттық технологиялардың, интернеттің мүмкіндігі күннен күнге артып келеді.

Осыдан 10 жыл бұрын, біз жобамызды бастаған уақытта жағдай мүлде басқаша болатын. Қазір мүмкіндіктер әлдеқайда көп. Сондықтан EdTech немесе білім беру технологиялары деп аталатын сала бөлек индустрия ретінде жеке бөлініп шықты. Дүниежүзі бойынша осы бағытта жұмыс істеп жатқан ілгері компаниялар мен ол компаниялардың жетістіктерінің жақсы мысалдары да бар. Ал 10 жыл бұрын бұл көпшілікке беймәлім, енді ғана қалыптасып жатқан сала болатын. Бұл сөзсіз үлкен болашағы бар бағыт деп ойлаймыз. Ақпараттық технологиялар мен цифрлы индустрияның кезең-кезеңімен түрлі салаларды өзгертіп жатқандығын көріп отырмыз.

Мәселен, банк жүйесі, өзіміз күнделікті қолданатын ақша аудару жүйелері не болмаса логистика, кино көру, музыка тыңдау, кітап оқу, баспа ісі, транспорт... Осы салалардың барлығын ақпараттық технологиялар қысқа ғана уақыттың ішінде адам танымастай етіп өзгертті. Осындай үлкен өзгерістердің алдында тұрған келесі үлкен сала – бұл білім беру саласы. Біз сол өзгерістердің бел ортасында жүрміз.

Біздің миссиямыз – баршаға қолжетімді сапалы білім. Осы ұстанымға кәміл сенеміз. Технологиялардың негізінде білім сапасын көтеруге, оның қолжетімдігін арттыруға жақсы мүмкіндіктер бар. Компания қызметкерлері мен серіктестерімізді осы идеяға, миссияға деген сенім біріктіреді.

Электронды контент жасауда көптеген жобаларды жүзеге асырдыңыздар. Сіздің ең cәтті жобаңыз қандай? Ол қандай көрсеткішке жетті?

– Ерекше сәтті деп біреуін ғана бөліп айту қиын. Барлық бастамаларға үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Әрқайсысы біз үшін өте маңызды. Өйткені, әр жобаның өз аудиториясы, өзінің алып жүрген қоғамдық маңызды жүгі бар. Мәселен, кезінде біз қазақша Wikipedia-ны бастадық, қысқа ғана уақытта, екі жылдың ішінде мақалалар саны 7000-нан 200 000-ға дейін жетті. Қазір Wikipedia-ның қазақша бөлімін айына 14-15 миллион рет қаралады. Менің ойымша, бұл – өте үлкен жетістік.

Wikipedia жобасы Google-Translate жүйесіне қазақ тілін кіргізуге негіз болды. Өйткені Wikipedia-да аударылған мақалалар Google-ға енді, соның нәтижесінде Google тез арада қазақ тілін игеріп, жүйеге қазақ тілін қосуға мүмкіндік туды. Әрине, барлығы өздігінен бола қойған жоқ. Өте көп жұмыс істелді.

Көп көлемде мәтін, аудиоматериалдар, аударма мәтіндер жасалды: оларды тауып, салуға, көп еңбектенуге тура келді. Google-мен 10 жылдай қатар бірге жұмыс істедік. Бұл да үлкен нәтиже.

Осыдан 2-3 апта бұрын Google Translate жүйесі қазақ тілінде тек мәтін емес, сонымен бірге қазақша дауыс танитын болды, яғни қазақша айтылған сөзді жүйе түсініп, сол жүйедегі 100-ден аса басқа тілдерге автоматты түрде аударуға мүмкіндік туғанын жарияладық. Қазір ай сайын осы жүйені миллионнан аса адам пайдаланады.

Мұның барлығы тегін жұмыс істеп жатыр. Қазақ тілінің өміршеңдігін көрсетіп, оның кең қолданылуына жол ашқан бастама. Осы жобаларды жүзеге асыруға бізге көмектескен, демеуші болған, атсалысқан ұйымдар мен еріктілер бар. Барлығына алғыс айтамыз.

Төмен нәтиже көрсеткені бар ма?

– Барлығы да өз дегендеріне, өзінің діттеген межесіне жетіп жатыр. Кейбір бастамалардың әлі уақыты келе қойған жоқ. Сәті келгенде ол жобалардың өз қолданушылары, жалпы қоғамға деген ықпалы немесе коммерциялық нәтижелері бола жатады. Сондықтан мен мына жобамыз сәтсіз, нәтижесіз болды деп айта алмаймын.

Онлайн-университеттер дәстүрлі жоғарғы оқу орындарымен бәсекелесе ала ма?

– Иә, бәсекелесе алады, қазірдің өзінде бәсекелесіп жатыр. Әлемде де, Қазақстанда да ондай мысалдар жетіп артылады. Байқасаңыздар, осыдан 2 апта бұрын Coursera деп аталатын онлайн-бағдарламалар, онлайн-диплом, онлайн-курстар ұсынатын халықаралық платформа IPO-ға шықты. Сол IPO-ның аясында бұл компания 5 млрд доллардан аса қаражатқа бағаланды. Мәселе ақшада ғана емес, оны қолданушы ортаның күшейгендігі мен көбейгендігінде.

Әсіресе, коронавирусқа байланысты карантин жағдайында көп адамдар жаңа мамандық іздеді, жаңа дағды қалыптастыруға тырысты, оқу орындары қашықтан оқытуға көшті. Осы жағдайда бұрын онлайн-университетке күмәнмен қарайтын ортаның ойы өзгере бастады. Бұл жүйе, оның технологиялық құралдары мен әдіс-тәсілдері өзінің өміршеңдігін және тиімділігін дәлелдеді. Оның әрі қарай кеңінен дами беретініне еш күмән жоқ.

Мәселен, қазір Ұлыбританиядағы студент саны бойынша ең үлкен университет студенттерді негізінен қашықтан оқытатын Open University. Оның 174 мың студенті бар. Мұндай студент саны бар Ұлыбританияда басқа оқу орны жоқ. Тура сол сияқты, АҚШ-тағы студенттер саны көп ең үлкен университет University of Phoenix жарты миллион студентке білім береді. Ол студенттер өзіне керек дүниені тапты, білім сапасы көңілдерінен шықты, сондықтан міндетті ақысын төлеп, осы жүйелерге жазылып, қажет білімін алып жатыр. Экономикалық тұрғыдан да, оқу сапасы мен қолданушылардың қанағаттану тұрғысынан да, жалпы онлайн-оқыту форматы өзінің өміршеңдігін әбден дәлелдеді.

Қазір Қазақстанда біздің есебіміз бойынша кемінде 30 мыңдай студент осындай қашықтан оқытатын оқу орындарында білім алады. Бірақ біздің заңнама, біздің «Білім туралы заңында» осы тетіктерді реттейтін баптар уақыт ағымынан, әлемдік өзгерістерден қалыс қалып жатыр. Аталған заңға өзгеріс енгізіп, елімізде онлайн-университеттердің заңды негізде жұмыс істеп, диплом бере алуына жағдай жасауымыз керек. Мұны қазір бастамасақ, кейін сырттағы оқу орындарымен бәсекелесу қиынға соғады. Біз жастарға шетелдік онлайн-университеттерден білім алуға тыйым салып, оларды шектей алмаймыз.

Қаласақ та, қаламасақ та, бұл өзгерістер болады. Сондықтан оған бейімделуге міндеттіміз. Неғұрлым тезірек бейімделсек, соғұрлым жақсы. Егер соза берсек, онда ұтыламыз, студенттерімізді жоғалтамыз. Қазақстаннан шықпай-ақ халықаралық университеттерде оқып жатқан жастар өз еліне, өз еліндегі өзгерістерге, мұндағы мүмкіндіктерге де басқаша қарай бастайды. Яғни, ілгері басатын емес, керісінше, шектеуі көп, кері тартатын орта өзіміз болып отырмыз. Осыған назар аудару керек деп санаймын.

Жақында пандемияның енгізілгеніне 1 жыл болды. Алайда, Қазақстанда бірыңғай білім беру платформасы жоқ. Оның себебі неде?

– Бірыңғай ұлттық платформаның қажеті де жоқ. Өйткені оны іске асыру қиын. Екінші жағынан ол тиімсіз деп ойлаймын. Монополия, бұл салада бір ғана платформаның болуы қолданушыларды шектейді, бәсекелестікті жояды. Қазір Қазақстанның электронды білім беру нарығында бір емес, бірнеше платформа жұмыс істеп жатыр. Мемлекет те, Үкімет те бұл бағыттың дұрыс екенін түсініп, оны растады. Бір ғана білім беру платформасын жасау идеясының өзі қазіргі заманға лайық емес. Бәсекенің арқасында білім сапасы артады, бағасы төмендейді, халықаралық ілгері тәжірибе келеді, контент дамиды. Басқа елдердің де тәжірибесі осыны көрсетіп отыр. Бұл сала индустрияға берілгендіктен оны нарық өзі реттейді.

Қазір әлі де кирилл қарпінен латын қарпіне көшу мәселесі қызу талқыланып жатыр. Латын қарпінің соңғы үлгісіне сіздің көзқарасыңыз қандай?

– Жалпы латын әліпбиіне тездетіп көшу керек. Біз бұны тәуелсіздік алғалы талқылап келеміз. Шешім енді ғана қабылданды. Енді латын қарпіне нақты өту, оны қолданысқа енгізу мәселесін созбақтап жүрміз. Неғұрлым тегеурінді және тез қимылдасақ, соғұрлым жақсы. Әрине, жаңа алфавитке көшу оңай емес. Бірақ біз латын қарпіне көшеміз деген шешім қабылдау арқылы қандай ұлт екенімізді, қандай өркениетпен бірге және қай бағытта қозғалғымыз келетінін бүкіл әлемге жарияладық. Өзгерістердің, жаһанданудың ортасында болғымыз келетінін айттық. Оған қоса, жаһандану заманындағы өзгерістерді халқымыздың ерекшелігіне сай бейімдеу арқылы өзіміздің кім екенімізді, қандай жағдай болмасын мүддемізді сақтай алатынымызды көрсетіп отырмыз.

Ал енді қай нұсқасын қолдайсыз деген сұрағыңызға келер болсақ, ол екінші кезектегі мәселе. Диакритика пайдаланамыз ба, диграфтар пайдаланамыз ба? Әлемде көптеген алфавит түрі бар. Технологиялардың қай-қайсысы да әртүрлі алфавиттерде тәп-тәуір жұмыс істеп жатыр. Ол қолданушылардың, елдің дағдысы. Үйреніп кеткеннен кейін кез келген алфавит ыңғайлы болып көрінеді.

Шындығына келгенде, біз қазір қолданып жүрген кирилл алфавиті өте ыңғайсыз. Жазылу тұрғысынан да, шрифт жасау тұрғысынан да. Біз мысалы күнделікті қазақша мәтін теретін адам болғаннан кейін пернетақтадағы бұл әріптердің орналасуы өте ыңғайсыз екенін білеміз. Соған қарамастан қолданып жүрміз. Мәселен, ағылшын тілінің алфавиті, жазу ережесі де өте ыңғайсыз. Жазылуы мен оқылуы басқа. Десек те, бүкіл әлем сол тілде сөйлейді, сол тілде емін-еркін жазады. Барлығының көңілінен шығатын алфавит нұсқасын жасау мүмкін емес. Ең бастысы, мамандар келісіп, ыңғайлы нұсқасын бекітіп, соны кеңінен қолданысқа тездетіп енгізуі керек. Ал үйреніп кету, оны кеңінен қолдану аз ғана уақыт алады. Қазір саяси шешім қабылданды. Ендігі үлкен қадамдар білім беру, медиа және басқа салаларда жасалуы керек. Насихаттау, кең қолданысқа енгізу жұмыстарына кірісу қажет.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар