Оңай табыс іздеген жастарымыз есірткі таратушыға айналып барады

cover Фото: gov.kz

Жалпы әлем бойынша қазіргі заманның ең өткір және алаңдатарлық әлеуметтік мәселелерінің бірі синтетикалық препараттар мен психотроптық заттарды тарату болып отырғаны жасырын емес. Статистикаға cүйенсек 2023 жылы елімізде 7000 нан астам есірткіге байланысты қылмыс әшкереленген.

Осы өзекті мәселені жою үшін есірткі дүкендерінің жарнамасы мен таратылымының алдын алу мақсатында жыл сайын әртүрлі  форумдар мен жиындар өткізіліп, түрлі сайттар зерделененіп, тақырыптық сараптамалық материалдар мен есептер жарияланып отырады. 

Осы ақпарат ішіндегі назар аударарлық жайттың бірі  көбіне қолға түсіп, ұсталып, қудаланатыны – есіркіні жасырушылар екен. Оларды заманауи тілде кладмендер деп атайды. Кладмен деген есірткі дүкені мен сатып алушы арасындағы делдал. Осы есірткі жасырғыштардың арқасында келісімге келген екі жақтағы басқа адамдар жасырын қалады. Олардың негізгі жұмысы –  есірткіні көп көлемде алып, майдалап, бірнеше бөлшекке бөліп, қажет болса қалталарға салып, сұраушының қалаған жеріне немесе жол көрсетуші кураторы жазып жіберген аумаққа барып, басқа адамдардың қолы жетпейтін жерге жасыру.  Олар осындай бір жұмысы үшін 1000 - 2000 теңге көлемінде ақы алады екен. 

Қалай «жасырушы» атанады? 

Бір қызығы есірткі жасырушылардың көбі бұл арам жұмысқа өз еріктерімен барады. Жұмысқа қабылдау шарттары да өзгеше. Ең басында таңдау беріледі. Олар  жұмысқа кіріп отырған «дүкенін» ақшаға немесе «тауарға» алдап кетпеу үшін кепілдік ұсынады. Ол белгілі көлемде ақша  салады, сол арқылы ақшасы бар екенін, есірткі сатып ала алатынын және  «дүкенді» тауарға алдап кетпейтінін дәлелдейді. Сенімге кірудің екінші жолы – өзінің жеке куәлігін суретке түсіріп жібереді. 

Бұл болашақта осы жұмыскермен қиыншылықтар туып жатқан жағдайда оны оңай тауып алудың тағы бір кепілдік нұсқасы. 

«Жасырушыларды» қалай байқауға болады? 

Кладмендердің ең басты ерекшелігі олар беттерін көлегейлеуге тырысады, капюшон, кепка, медициналық маска тағып, барынша көзге түспеуге тырысады. Сонымен қатар «жасырушы» болып жұмыс істейтіндердің басым бөлігі  өздері осындай есірткіні қолданатындар. Көбінесе арық денелі, жабық киінген, бір зат іздеп жүрген азаматты көрсеңіз – біліп жүріңіз, ол кладмен болуы әбден мүмкін. 

«Жасырушы» болатындар тек кедейлер деген аңызға бергісіз, өтірік әңгіме. Статистикаға сай олардың басым бөлігі орташа жағдайдағы отбасынан шыққандар. Кейбіреулері қызық, адреналин үшін жүреді. Ал екіншілері есірткіні өздері қолданатындар, өйткені есірткі дүкендері өздерінің жұмыскерлеріне жиі жеңілдіктер жасап, арзан алуға мүмкіндік береді. 

Олардың көбі түрмеде 

Қазіргі таңда түрмеге жаңадан түскен «жасырушылардың» жасы 16-22 аралығындағы азаматтар. Бәрінің бабы бір – есірткі тарату. Түрме иерархиясы бойынша «жасырушылар» ең төмен сатылардың бірінде. Сондықтан оларды түрмеде ұрып соғады, ақша талап етеді, қысқасы күн көрсетпейді. 

Басында ойланбай азын-аулақ ақшаға алданып, жаман іске ұрынатын жастардың ең қатты өкінетін кездері де осы тұс. Әр «жасырушының» баратын жері түрме екені даусыз.

Мәселен «дүкен» бастықтарының аты түгілі түрі  қай елде болмасын жасырын қалады. Сондықтан «айран ішкен құтылып, шелек жалағандар» тұтылып жатады. Осындай қатаң ононимдік салдарынан «жасырушылар» қолға түскен күннің өзінде тапсырма бергендердің атын атап, түсін түстеп бере алмайды. Сондықтан да негізгі соққыны өздеріне алады. Қазіргі жеңіл ақша табуға қызығатын, өзін бұл «уақытша тірлік» жеп жұбататын,  осындай жұмыс іздейтін жастардың құлағына жетіп, миына құйып алар бір кеңес: «бұндай жұмыс жайында ұсыныс келсе – бірден бас тартыңыздар, себебі екі  айдан кейін түрмеде отырасыз». 

Заң не дейді?

Қолданыстағы заң бойына Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 296-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыс, яғни есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істегені үшін  – 80 АЕҚ-ға дейінгі мөлшерде айыппұл салынады немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары, яғни  80 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, не 20 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған.

Жақында Алматыда сенаторлар, мәжілісмендер мен полицейлер есірткі қылмысына қарсы күрес шараларын талқылады. Сонда көптеген ата-аналардың мектеп оқушыларын  есірткіге тексеруге  қарсы екені сөз болды.

Жиында Алматы қалалық ІІД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Әлмағамбетов Алматы қаласындағы жағдайға тоқталды. Оның айтуынша, жыл басынан бері есірткінің заңсыз айналымына қатысты 283 қылмыс тіркелген. Күдіктілердің көбі 15 пен 23 жас аралығындағы жастар.

Полицейлер арнайы зерттеу жүргізетін зертхана құрылғыларының ескіргенін айтады.  Қазір қалада 1996 жылғы техника бар екен, қажетті зерттеу жұмыстарын жүргізуге 30 күн қажет болып шықты. Осы уақыт ішінде болжамды қылмыскердің ізін де таппай қалу ғажап емес.

Айтпақшы, 2019 жылдан бастап Қылмыстық кодекске есірткіні жарнамалағаны және насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастыратын нормалар енгізілген. Үкімет қабылдаған бақылауға жататын есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың тізімінде барлығы 368 зат бар.

Есірткі қылмысына қарсы заңды қатайту керек

Алайда, көптеген шаралардың барына қарамастан, есірткіге тәуелділер саны, сонымен қатар есірткі қылмыстарының саны да азаяр емес. Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 18,5 мыңға жуық нашақор есепте тұр.

Ішкі істер министрлігі жақында ұсынған мектеп оқушылары есірткіге тексеру шарасына ата-аналар қарсылық білдірді. Еліміздегі  нашақорлықпен күреске мемлекеттік органдар ғана емес, жеке және үкіметтік емес ұйымдар да қатысады. Дегенмен бұл саладағы заңды қатайтпай, қылмыстың азаймасы белгілі.

 Бұл іс бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес, мүлкі тәркіленіп немесе тәркіленбей, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Есірткі заттарымен байланысты құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершілік он алты жастан бастап көзделген.

Есірткі сатушылар есірткі таратқаны үшін қатаң жазаға тартылатынын біледі, сондықтан олар бұл іске мектеп, колледж оқушыларын қолдануға тырысады, студенттерге есірткіні жасырын орындарға қойып кету үшін ақша ұсынады. Бұндайға келіскен жасөспірімдер тек оңай ақша табу мүмкіндігін ғана көреді, ал қылмыстық жауапкершілікке тартылатыңдығын көбіне түсінбей де жатады.

Нашақорлық және заңсыз есірткі айналымы қоғамның дамуына барған сайын жойқын әсер етіп, қылмыстың, зорлық-зомбылықтың өсуіне түрткі болады. Сондай-ақ ол  ұлтына, әлеуметтік жағдайына, жынысына немесе дініне қарамастан адамдардың өміріне дендеп енсе, күйретіп тынады. Сондықтан ұлт болашағын қазірден қолға алғымыз келсе, жастардың азын-аулақ ақша үшін өмірін өксітпейік десек; есірткі қылмысына қатысты солқылдақ заңымызды қатайту бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі дер едім.

Авторы: Амиржан Мухаммед, ҚазҰУ журналистика факультетінің 3 курс студенті.

Жетекшісі: Н.Б.Рушанова, аға оқытушы.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар