Қоқыс төңірегіндегі дау-дамай: Семей экологиясын миллиардтаған несие құтқара ма?

Семейде жаңа қоқыс полигонын салу жоспарланды. Оның жобасы жасалып, қажетті шығындар есептеліп, қаржыны несиеге алу жағы да шешілген болатын. Бірақ полигон құрылысын бастаудың орнына өңірде дау-дамай басталып кетті.

Қоқыс полигонын салуға ниетті барлық тұлғалар бір мәмілеге келгендей еді, бірақ аяқ астынан осы жұмыстарды жүргізетін «Келешек» кәсіпорны ЕБРР (Европа қайта құру және даму) банкімен несие туралы келісімшартқа қол қоюдан бас тартты. Orda.kz тілшісі Мақсұт Нығметовтың бұл бастаманы қолдаушы Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігі екендігіне қарамастан қоқыс полигонын салудан неге бас тартып отырғандығын анықтап көрді.
«Келешек» кәсіпорнының бастығы міндетін уақытша атқарушы Нығметов «бұл жоба экономикалық жағынан тиімсіз және семейліктердің ойынан шығатын жоба емес» - деп мәлімдеді ЕБРР банктің Қазақстандағы директоры Агрис Преймниске.
Оның ең бірінші себебі – тарифтер.


— ЕБРР банкімен келісілген қоқысты жинау мен оны жоюдың бастапқы бағасы 2021 жылға 1374 теңге, алайда бұл тариф 2025 жылы – 21 670 теңгеге жетіп, бастапқы құнынан 15 есеге өседі! Қоқыс жинау бағасының бұлайша шарықтау себебі — құрылыс жобасы сметасының құны өте жоғары болуынан, - дейді Мақсұт Нығметов.

Мысал ретінде ол Батыс Қазақстан облысындағы қоқыс полигонын келтіреді. Онда аумағы 4,88 гектар қоқыс полигонының құрылысын салу құны небәрі 200 млн. теңге болған. Орта есеппен полигонның 1 гектары 40 млн. теңгеден сәл-ақ асады. Ал Семейдің қоқыс полигоны Нығметовтың айтуынша, салыстырмалы түрде алғанда, әр гектарына 478 млн. теңге, ал жалпы құны 3 млрд. 830 млн. теңгеге шыққан. Бұл ЕБРР банктің жобасы бойынша.
—Біздің қаламызға мұншалықты қымбат полигон неге керек? Бәрі атүсті қаралуда. Жоба авторларына бәрібір. Ал халық несиеге салынған полигонға қалай ақша төлейді? 2025 жылы полигонға алынған несиені қайтару кезінде бұл мәселемен басқа әкім айналысады. Ал бүгінгі өңірдегі биліктің басты мақсаты – ЕБРР бөліп отырған қомақты қаржыны игеру, игергенде қазақстандық жемқорларға тән тәуекелділікпен пайдалану. Өз деңгейі мен абыройы бар халықаралық банктің мұндай іске қадам басуы мен үшін түсініксіздеу, – дейді Мақсұт Нығметов.
Кәсіпкердің осы мәлімдемесіне Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі өз пікірін білдіріп, Нығметовтың қоқыс полигонына несиеге бөлінген қомақты қаржысы туралы нақты цифрларды жоққа шығарды.

— Қоқыс тарифінің 21 мың теңге болатыны туралы әңгіме шындыққа жанаспайды. Тұрғындар үшін орташа тариф қабылданады, яғни, 2023 жылы қоқыс үшін бір адамнан 320 теңге, ал 2025 жылы – 450 теңге алынады. Орташа дегеніміз – жекеменшік үйлер мен көпқабатты тұрғын үйлер тұрғындары деп бөлінеді,- деді Энергетика және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары Нұрлан Рамазанов.
Аталған басқармадағылар шығыс-қазақстандықтар мен батыс-қазақстандықтардың қоқыс полигонының салыстыруға келмейтіні туралы айтты. Батыс қазақстандықтардың 200 млн. теңгеге салынатын қоқыс полигоны ауылдық жерде тұратын 5 мың адамның қоқысы жиналатын жер. Ал Семей халқының саны 340 мыңнан асады. Әкімдік пен ЕБРР банкі бірігіп жасаған жоба бойынша салынатын полигон халықаралық стандарттарға сай санитарлық-техникалық жақтары ескеріліп салынады.
Қоқысты сорттау мен оны механикалық биологиялық өңдеу негізінде жылына 100 мың тонна қоқыс өңдеу қарастырылған. Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинайтын арнайы орындар кеңейтіліп, жаңартылады. Бұрынғы ескі полигон жабылып, оның орны тегістеліп қалыпқа келтіріледі.
Жаңа полигонға 100 гектар жер бөлінді. Банк өкілі жаңа қоқыс полигонының халыққа экологиялық жағынан тиімділігіне сенімді. ЕБРР банктің Евразиядағы Департамент басшысының орынбасары Бахтиер Файзиевтың айтуынша, қазір қоқысты қайта өңдеу көлемінің төмендігіне байланысты қоршаған ортаға 32 мың тоннаға сәйкес көмірқышқыл газы таралуда.

— Көмірқышқыл газынан басқа қоқыстағы қалдықтардан бөлініп шығатын тағы да зиянды құрамдар бар. Біздің есебіміз бойынша, жоба іске асқан күнде ауаға бөлініп шығатын көмірқышқыл газының эквиваленті 20 мың тоннаға дейін азаяды. Алғашқы кезеңде қатты тұрмыстық қалдықтардың 20 пайызын өңдеуден өткізу арқылы қайта пайдалануға жарамды шикізаттар мөлшері көбейеді. Бұл жобада кешенді мәселелер қарастырылған. Полигон төңірегін қоршау ғана емес, полигонға қажетті құрылымдар, ғимараттар, қажетті техникалар мен жабдықтар алу көзделген, – дейді банк өкілі.
Қазіргі қоқыс полигоны әуежай маңында орналасқан. Зерттеу құралдары төңіректің ластану нормасының қалыпты жағдайдан өте жоғары екендігін көрсетуде. Сондықтан, Экология басқармасы да, Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы да 2023 жылы бұл полигон жабылып, жаңа полигон ашылуы тиіс деп санайды. Оның құрылысы 5,2 млрд. теңге тұрады. Оның 3,8 млрд. теңгесін ЕБРР банктен несиеге алынады деп жоспарлануда. Полигон құрылысының нақты бағасы жобалық-сметалық құжаттар аяқталғанда белгілі болады.
Ал Мақсұт Нығметовтың айтуынша, ол осы мәлімдемесінің арқасында қызметтен кетіп тынған. «Келешек» кәсіпорны басшысының қарсылығынан кейін биліктегілер оған «өз еркіңмен орныңды босат» деген. Бірақ, Нығметов күресті оп-оңай қолдан бере салмайтындығын білдірді. Қазір ол облыстық әкімдіктің Тұрғын үй - коммуналдық шаруашылық және энергетика басқармасына кеңейтілген түрде жауап жазуда…
Авторы: Зәуре Баженова, ШҚО
Аударған Баян Таңатарова
Жаңалықтар
- Қайрат Қожамжаровтың тобы: Бұрынғы арнайы прокурор Олеся Кексель ұсталды
- Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевты мерейтойымен құттықтады
- «Лас жүйеге мойынсұнбаймыз»: Түркияда үш қаланың әкімі ұсталды
- Астанадағы LRT: Мәжіліс депутаттары жаңа пойыздарды сынап көрді
- Режиссер Сламбек Тәуекел дүниеден озды
- Сағындық Тоғамбай Астанадағы Әлем кубогының қола жүлдегері атанды
- Алаяқтардың айласы: Ардагер журналист Кәкен Қамзин үйінен айырылып қалуы мүмкін
- Трамп салық және шығындар туралы заң жобасына қол қойды
- Павлодарда таң атпай алапат өрт шықты
- Атырау облысында тағы да бір ұшқышсыз ұшатын құрылғы құлады
- Ұлт рухының айнасы: Қазақстан академиялық тарихының алғашқы томы қаралды
- «Назарбаев болғым келеді»: Елбасының әулетіне қосылып табысты кәсіпкерге айналған академик Есполовтың немересі
- Алматыда алып қазақ қызының ақша басы орнатылды: Мүсіннің маңызы және жұмсалған қаражат жайлы
- Жалғызбасты мүгедек анасын асырап жүрген сарбазды әскерге күштеп әкетіп, жындыханаға жатқызды
- Ақтөбеде қарызға батып бүйрегін сатпақ болған азамат сот залынан босатылды
- «Емделуге кеткен әкем табытпен оралды»: Қызы президенттік аурухана дәрігерін немқұрайдылық танытты деп айыптайды
- Батыс Қазақстанда киік ату басталды
- Қайрат Қожамжаровтың тобы: Антикордың экс-басшысы ұсталды
- Іс сотқа өтті: Қасақана өлтіріп, Жайыққа тастаған бойжеткеннің мүрдесі табылмады
- «Өлтіріп жатыр» деп айқайладым: Әншінің жұбайы күйеуі ұрып-соққанын айтты