«Ағза саудасы»: Бүйрек сатушылар елімізден Түркияға үш адамды жібергені белгілі болды

Алматы қаласы Наурызбай аудандық сотында 19 мамыр күні бүйрек сатқандар мен бүйрек сатып алғандардың кезекті сот отырысы өтті. Бүгінгі отырыста адам ағзасын саудалаған қылмыстық топтың басшысы деген айыппен айыпталып отырған Бауыржаннан (ред. есімі өзгертілді) жауап алынды. Бауыржан өзімен бірге айыпталып отырған бес айыпталушының ешқайсысын танымайтынын айтты. Ал айыпталушылардың бірі оның Түркияға бүйрек сатуға үш донор апарғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Orda.kz.
Айыпталушылардың жалпы саны — 6. Қылмыстық кодекстің 116-бабы 2-бөлімі 4-5-тармағы бойынша іс қаралып жатыр. Бүгінгі сот отырысында айыпталушы Ербол 37 адамның тізімін бергенін және үш куәгердің іске тартылмағанын айтты.
Еске салар болсақ, Orda.kz тілшісі алдыңғы сотқа қатысқан еді. Сол сот отырысында екі куәгерді күштеп алып келу туралы судья шешім шығарған болатын. Алайда прокурордың айтуы бойынша олар тұрғылықты жерінде жоқ болып шықты. Сол себепті бүгінгі сот отырысына оларды күштеп әкеле алмаған.
Сот отырысында адам ағзасын саудалаған қылмыстық топтың басшысы ретінде айыпталып отырған — Бауыржан сотта ешкімді танымайтынын және барлығы бірігіп ор қазып отырғанын мәлімдеді.
«Маған тағылған айыппен мен келіспеймін. Менің көлігімді, үйімді барлығын тексерді. Бірақ ештеңе таба алмады. Бір жарым жылға созылған тексеріс кезінде менің кінәм болса, дәлелденер еді. Мені үй қамаққа жіберген кезде мен ауруханада жаттым. Сол кезде тергеушілер келіп, кінәмді мойындасам, жазам жеңілдейтінін айтты. Мені біресе «бүйрек сатты» деп айыптады кейін «бүйрек сатып алды» деп айыптады. Сол себепті маған тағылған айыппен келіспеймін. Ислам Құрбанұлы менің өмірімді құтқарғандықтан біздің қарым-қатынасымыз жақсы», — деді Бауыржан.

Бауыржанның айтуы бойынша 2019 жылы Сызғанов ауруханасында Бауыржан өзінің бауырының бүйрегін салдырған. Ислам Құрбанұлы және Ернұр Бахытжанұлы, Баймаханов деген дәрігерлер ота жасағанын айтты.
Айыпталушының адвокаты «мына отырған айыпталушылардың ішінен кімді танысыз?» деп сұрақ қойды.
«Аталған есімдердің арасынан Абайды ғана танимын, ол жерлесім, досым. Бірақ қазір 3-4 жыл болды, оны түрмеге жапқаннан кейін араласпаймыз. Тергеуге дейін, яғни мені ұстағанға дейін жағдайым жақсы болды. Құзырлы органдардың қызметкерлеріне рахмет! Қазір гемодиалезде жүрмін. Менің денемде екі жерде аппарат тұр, бүйрегімде және жүрегімде және қант диабетімен ауырамын. Қазір мен жартылай адаммын. Мені уақытша ұстау изоляторына жапқан кезде полиция қызметкерлері мені азаптап, күніге ішетін дәрілерімді бермей қойды. Соның арқасында мен осындай жағдайға жетіп отырмын. Төрт күн дәрісіз жаттым, төрт күннен кейін қорғаушыларымды маған кіргізді. Солар мені ауруханаға апарды», — деді айыпталушы.
Жауап алу кезінде Бауыржан Қонаев қаласындағы аурухана өзіне зиянды дәрілерді салғанын айтты. Сонымен қатар 19 күннен кейін Сызғанов ауруханасына ауыстырылғанын мәлімдеді.
Естеріңізге салар болсақ Абай Бауыржанның оң қолы болған. Абай қазір кісі өлтірді деген айыппен бас бостандығынан айырылған.
Прокурор: «Ринат Саят не себепті сізге жала жауып отыр деп ойлайсыз?» деген сұрақ қойды.
«Демек оларға солай айтқызып отыр. Егер осы қылмыстық істі мен ұйымдастырған болсам, мен басқа жоспар құрар едім. Сонымен қатар байып кетер едім», — деді Бауыржан.
Судья Еркін Майшынов Ерболға: «сізді танымаймын деп жатыр, бұған не дейсіз?» деген сұрақ қойды.
«Иә, естіп отырмын және күлкім келіп отыр. Осы кісі мені және менің келіншегімді күтіп алып, біздің бүйрегімізді алды. Бетпердеден түрін көрмесем де даусынан танып отырмын. Бір емес, екі емес, бақандай жарты жыл бірге жүрдік. Жарты жыл бірге жүріп қалай мені танымай қалады?», - деді Ербол.
Судья келесі сұрағында Ерболға: «Бауыржан сізді жұмыс істеуге мәжбүрледі деп айттыңыз, бұған не дейсіз?» деді. Ербол Бауыржанның Түркияға 3 адамды аттандырғанын, соның біреуі бүйрегін бермей, ақшаны алып қашып кеткенін айтты. Ерболдың сөзінше сол «қашқынды» Бауыржан «ұста» деген. Алайда Ербол оның айтқанына көнбеген.
«Бұл жерде ең маңызды үш куәгер бар. Олар Бауыржанмен Түркия еліне бүйрек сатуға барған, бір қонақ үйде жатты. Олар да Бауыржанды жақсы біледі. Түркияға Қаскелеңнен барған үш азамат екеуі ота жасатып, біреуі ақшаны алып қашып кеткен. Сол кезде Бауыржан маған хабарласып, сол адамды әуежайдан күтіп алуды тапсырды. Мен бас тарттым. Міне, сол кезден бастап мені бопсалау, отбасыммен қорқыту басталды. Қашқан адамның анализдеріне кеткен ақшаны менің басыма іліп берді. Сен төлейсің сол адамды күтіп алмағаның үшін деп».
Естеріңізде болса, Ербол сот басталмастан бұрын Orda.kz редакциясының тілшісіне сұхбат берген еді. Сол сұхбатта дәл осы сөздерді айтқан болатын. Сотта Ербол осы маңызды үш куәгердің іске тартылмағандығына наразылық танытып, Бауыржанның қорқытып, күш көрсеткенін жасырмады. Ерболдың бұл сөзіне Бауыржан ешқандай жауап қатпады.
«Мен тергеу кезінде 37 адамның тізімін бергенмін. Мен бүйрегімді сатқан адам «сотта тегін берді» деп жалған айтып отыр. Бес айыпталушы әр қаланың тумасы. Алайда барлығымыздың бір адамды көрсетуіміз сәйкестік емес», — деді Ербол.
Судья Еркін Майшынов тергеу кезінде Ислам Құрбанұлының берген жауабын оқып берді.
«Бауыржанға 2020 жылы ота жасадым. Онымен тек науқас пен дәрігер қарым-қатынасындамыз. Ота жасалғаннан кейін бірнеше рет өзінің таныстарын, туыстарын жерлестерін жіберген. Мен оларға тек заң аясында ота жасайтынымды жеткіздім. Бірнеше науқастан Бауыржанның отаны жеделдету үшін 20 миллон теңге қаражат алатынын естігенмін. Кейін мен Бауыржанды жеке шақырып, олай ісьемеуді сұрадым. Ендігі маған ешқандай науқастарды жібермеуін өтіндім», — деп Судья Еркін Ислам Құрбанұлының берген жауабын оқып берді.
Сот отырысында бес айыпталушы Бауыржанды танитынын және бірге жұмыс істегенін айтты. Судья әрқайсысына берген жауаптарын толық мақұлдап, мақұлдамайтындарын сұрады. Барлығы тергеу кезінде берген жауаптарынан бас тартпайтындығын айтты.
Бауыржан дәрігердің берген жауабын естігеннен кейін оның сотқа келіп жауап беруін талап етті.
Судья Еркін өтінішін қабылдап, келесі сот отырысына аты аталған дәрігерлерді шақыруды прокурорға тапсырды. Келесі сот отырысы Бауыржанның ыңғайына қарай, яғни гемодиалезге бармайтын күніне ыңғайланып қойылды. Сот отырысында аталған Сызғанов ауруханасындағы хирургтар келесі сот отырысында жауап алынады. Сонымен қатар, жалған құжат жасаған нотариус қызметкері де сот алдында жауап береді.
Orda.kz тілшісі адам ағзасын саудаға салғандардың сотына әу бастан қатысып, ақпарат таратып келеді. Бұған дейін Наурызбай аудандық сотында 29 сәуір күні бүйрегін сатып куәгер әрі айыпталушы болғандар сот алдында жауап берген еді.
Orda.kz осы істі бақылап, алдағы уақытта ақпарат таратып отырады.
Жаңалықтар
- Олигарх Қайрат Боранбаевтың ағасы ұсталды
- Ақтөбеде тоқ соққан оқушы жансақтау бөлімінде жатыр
- Қазақтар шоғырланған Гүлістанға әуе соққысы жасалды: Ирандағы қандастар көмек сұрады
- «Биологиялық мүшеқап»: АҚШ-та ВИЧ-ке қарсы вакцина әзірленді
- Лиза Пылаеваның ісі бойынша нүкте қойылды
- «Кешірім бермесең, өзіңді соттаймыз»: Көкпардан кейінгі қантөгіс
- Желіде Атыраудағы қамысты қасақана өртегендердің бейнежазбасы тарап кетті
- Теміртаудың тумасын Ресейде мемлекетке сатқындық үшін 22 жылға соттады
- Қайрат Боранбаевтың ағасы екі жыл іздеуден кейін ұсталды
- Мұғалімді балағаттап НЗМ-нен қуылған оқушы аттестат алды
- Шерзаттың ісі: Айтбек Амангелдінің адвокаттары қомақты қаржы алғаны рас па?
- Қазақстан мен Ресей АЭС салу бойынша жол картасына қол қойды
- «Сұлтан Сүлеймен» сериалындағы атақты Рүстем паша сотталды
- «Екі аяғын кесті»: Әйелін қасақана көлікпен қаққан павлодарлық тұрғын 8 жылға сотталды
- Астанада балаларының көзінше әйелін пышақтаған ер адам терезеден секіріп кетті
- Илон Маск Ресейден саяси баспана сұрады
- Темірлан Еңсебек терроризм мен экстремизмді қаржыландыратын тұлғалардың тізіміне енді
- Сот жылдар бойы қудаланған желтоқсаншыны қуғын-сүргін құрбаны деп таныды
- Маңғыстау жеріне ұшқышсыз ұшатын дрон құлады
- Ғаламторға 16 миллиард логин және құпиясөз тарады