Қара нарық құрығы: Қазақстандықтар заңсыз ағза саудасының құрбанына қалай айналуда?

cover Коллаж: Orda.kz

Orda.kz бұған дейін бүйрегін сатып істі болған Нұрболдың оқиғасын жазған болатын. Редакция осы іске қатысты зерттеу барысында халықаралық қылмыстық топты  анықтады. Бұл қылмыстық топқа жалғыз Қазақстан емес, Түркия мен Индияның қатысы бар болып шықты.

Нұрбол Әділмұрат/ Фото: Orda.kz

Нұрбол есімді 28 жастағы азамат бүйрегін сатып, осы қылмыстық топтың қолына түсіп, істі болып жатыр. Тергеу абақтысында отырған кезде ол Думан Мұхамедкәрімнің көмегімен президент Қасым – Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдады. Бұл ашық хатта Нұрбол осы топтың арбауына қалай түсіп,  ақшасыз және бүйрексіз қалғанын толық жазған. Нұрбол біздің редакциямызға жалпы бұл топтың құлдығында болғандағы көрген-білгенімен бөлісті.

Ота жасалғаннан кейін Нұрбол ақшасыз әрі бүйрексіз қалды. Нұрболдың бүйрегін алып қана қоймай, қорлық-зорлық көрсетіп, ақшасын бермей құлдықта ұстаған. Әбден тығырыққа тіреп, әйелінің де бүйрегін беруге мәжбүр етті. Уақыт өте келе оны полиция қызметкерлері осы ҰҚТ-қа қатысы бар деп, 8 ай тергеу изоляторына қамайды. Нұрбол ұсталған бетте тергеушімен келісімге отырып, бар шындықты айтып береді. Ол полиция қызметкерлеріне 37 адамның тізімін берді. Кейін тергеу изоляторында 14 рет суицид жасамақ болды. Қазіргі таңда үй қамақта отыр және ең өкініштісі -  әйелі екеуі бұл істе ұйымдастырушылар ретінде танылып отыр. 

Халықаралық ұйымдасқан қылмыстық топ 

Бұл тізімде клиниканың төрт хирургі, нотариус қызметкерлері, Б.Серәлінің жанында жүретін қолшоқпарлары, «Халыққа қызмет көрсету орталығы» (ХҚКО) қызметкері мен Түркия еліндегі қазақстандық донорлармен жұмыс істейтін адамдар бар. Нұрболдың айтуы бойынша, Б.Серәлі мен оның басшысы Ержан, қазақстандықтарды Түркия мен Үндістан елдерінде ота жасатып, бүйректерін сатумен айналысқан. Бірақ, қазіргі таңда, тергеудегі 10 адамның төртеуі бүйрегін бергендер, төртеуі бүйрек сатып алушылар, екеуі осы ҰҚТ-тың басшысы Ержан мен Серәлі. 

Ержан туралы ақпарат аз. Нұрболдың айтуы бойынша, барлық жұмысты Серәлі орындаған. Яғни, Серәлі әлеуметтік желідегі жарнамаға ақпарат қалдырған бүйрек сатушыға хабарласып, Алматыға шақырып, дәрігер К.Исламмен таныстырады. Бүйрек сатып алушы Болатпен де, Қарлығашпен де Серәлі жүрді. Отаға дейінгі, кейінгі істердің барлығын Серәлі мен оның досы Абай атқарады. Тіпті, көлікте отырып Болаттан ақша алғандарын Нұрбол жасырмай айтты. 

Серәлінің қолшоқпары Абай қазіргі таңда кісі өлімі бойынша 8 жылға сотталып, түрмеде отыр.

Түркиядағы байланыс 

Нұрболдың айтуынша, Серәлі Қаскелең қаласынан 3 азаматты Түркияға апарып, бүйректерін сатқан. Сол 3 азаматтың екеуіне ота жасатып, үшіншісі қашып кеткенде Серәлі Нұрболды оны әуежайдың алдынан күтіп алуға жұмсаған. Күтіп алудан бас тартқан Нұрболдың басы тағы дауға қалып, Серәлі «қашып кеткен адамға кеткен шығын 24 млн. теңге, соны төлейсің немесе қашып кеткен адамды қолыма әкеліп бересің» деп қысым көрсеткен. Амалдың жоғынан, қашып кеткен азаматтың орнына әйелі өз бүйрегін берген.

«Серәлінің Түркияда Жансая есімді қызметкері бар. Сол Түркиядағы барлық жұмыстарды істейді. Олар тек Қазақстанда емес, Түркия және Үндістан елдерінде адам ағзасын сатумен айналысады. Тайландпен келісім жүргізе бастағанда Серәлі ұсталып қалды», - дейді Нұрбол.

Orda.kz тілшісі Стамбұлдағы жеке «Флоренс Найтингейл» ауруханасының онко-гематологы Айгүл Жантайға хабарласып, жалпы ағза ауыстыру бағасы қанша және қандай ережелері бар екенін білді.

Айгүл Жантай / Фото: жеке мұрағатынан
«Жалпы бүйрек алмастыру бағасы Түркия елінде 9 млн.теңге. Әрине, бізде ең жақын туысы бере алады, егер жасушалары сәйкес келмеген жағдайда кросс жасалынады. Кросс – айырбас, яғни бүйрек беретін туысының жасушасы сәйкес келмеген жағдайда, сәйкес келетін донорды тауып, сонымен алмасады», – деді Айгүл.

Әрине, ағзаның қара нарықтағы бағасы әлдеқайда жоғары.

Әлеуметтік желідегі жарнамалар

Orda.kz журналистері әлеуметтік желілерде осындай топтардың бар-жоғын тексеруді ұйғарды. Тексеру нәтижесінде, қажетті сөздерді іздеу жолағына жазсаңыз болғаны, бұл топтарды оңай табуға болатыны белгілі болды. Мұның бәрі ағза саудасына тыйым салатын заңнамаға қарамастан жарқырап жатыр.

Бұл топтарда қолданушылар көбінесе бүйректерін сату немесе сатып алу туралы хабарландырулар жариялап, донорлық мәмілелерді ашық талқылайды. Қазақстандықтардың өз органдарын ресейліктерге сатуы немесе керісінше жағдайлар кездеседі. Ресейде де ағза саудасына тыйым салатын заң бар, бірақ бұл топ ақпаратында ол туралы ашық жазылған.

 «Бүйрегімді сатамын, қан тобы осындай. Шұғыл ақша керек, осы нөмірге хабарласыңыз...» — мессенджерлерде немесе «ВКонтакте», Facebook және басқа да әлеуметтік желілерде құрылған топтарда осындай хабарландыруларды көптеп кездестіруге болады.

Хабарландыру авторлары қылмыстық қудалау қаупіне қарамастан, өз есімдерін, телефон нөмірлерін және басқа да байланыс деректерін ашық жариялайды. Бұл олардың өте қиын жағдайға тап болғанын және аман қалу үшін заңды бұзуға мәжбүр екенін көрсетеді. 



Мұндай топтар «Донорство Казахстан» немесе «Доноры и реципиенты» сияқты әртүрлі атаулармен жұмыс істейді. Олар белсенді түрде модератор тексеруінен өтсе де, ұйымдастырушылар құқық қорғау органдарының назарынан аулақ болуға тырысып, түрлі тәсілдерді қолданады.

Біз осындай хабарландырулардың біріндегі нөмірге қоңырау шалдық. Телефон тұтқасын көтерген ер адам сұрақтарға ашық жауап берді. Ол бүйрегін сататынын растады, бірақ «нарықтағы» баға туралы хабарсыз болғандықтан, өзіне керек соманы айтты.

«Дәл білмеймін. Негізі мен 30 млн теңге сұрағым келген, 25–30 млн теңге», — деді ол.

Нұрбол да осындай топтардың бірін «ВКонтакте» желісінен тауып, өз телефон нөмірін қалдырған. Кейін оған қанының тобы туралы сұрау үшін хабарласқан. Бірнеше сағаттан кейін оған Серәлі және кейінірек түрмеге түскен досы Аман қоңырау шалған. Олар: «Алматыға кел», – деп айтқан.

Нотариус және ХҚКО қызметкері

Қазақстанда азаматтарға өз ағзасын сатуға тиым салынған, сол себепті сатып алушы мен донор туыстық қатынаста болуы керек. Серәлі басқа адамдарды тауып әкеліп, Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы құжаттарын ауыстыртып, донор мен алушынының  туыстық қатынасын реттеп отырған. Нотариус қызметкерлері сатушы мен сатып алушы арасында ешқандай ақша жоқтығын көрсететін келісім шарт жасаған.

Нұрбол отаға өз құжатымен кірген жоқ, ол құжат бойынша сатып алушының бауыры боп кірген. Түркістан облысындағы Серәлінің адамы жалған құжат жасап, осындай қызмет атқарып отырды. Осылайша Нұрбол Болаттың (Нұрболдың бүйрегін сатып алушы) алыс ағасы болып шыға келеді. Нұрбол мен Болат ота алдында комиссияға кірер кезінде Болаттың туған-туысын, аталарын жаттағанын айтты.

Клиниканың бұл қылмыстық топқа қандай қатысы бар?

Нұрболдың айтуы бойынша, барлық отаға дейінгі тексеріс Қ.Ислам арқылы жасалып отырған. 

«Алматы қаласына келген кезімде мені клиникаға апарды. Сол жерде Қ.Исламмен таныстырды. Ол кісі Серәліден «алдыңғы донор секілді денсаулығында проблема болмайтын шығар» деп сұрады. Исламның жанында Ильшат, Елнұр және Болатбек деген дәрігерлер де бірге Серәлімен жұмыс істеді. Әйелім донор болар кезде Исламның 5 миллион алатынын естіп қалды. Комиссия алдына кірер кезде де, уайымдама, сол жердегі дәрігерлер кім екеніңді біледі, бәрі «доляда» деп айтты», - деді Нұрбол.

Orda.kz тілшілері бірнеше рет заңсыз ота жасалған клиникаға барды. Мекемеде хирург Қ.Ислам  іссапарда екенін айтты. Телефон нөмірін алып, хабарласып көрдік, бірақ қоңырауымызды алмады. Әріптестерінен Қ.Ислам жайлы сұрадық.

«Биыл он адам «Денсаулық сақтау үздігі» атағын алды. Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігінен көптеген басқа да марапаттар табысталды», - деді әріптесі.

Осы іске қатысты, жалпы бүйрек ауыстыру отасы қалай жасалады, қандай ережелері бар екенін білу мақсатында осы клиниканың дәрігерімен тілдестік.

Бүйрек трансплантациясы қалай жасалады?

Бүйрек трансплантациясы қалай жүзеге асады? Бастапқы кезеңнен бастап: адамнан өтініш қалай түседі және одан әрі қалай жалғасады?

«Пациент бізге бүйрек жетіспеушілігінің терминалды сатысымен келеді. Бұл соңғы кезең, яғни науқастар диализде болады. Кейде диализге кірмеген, бірақ бүйрек трансплантациясы қажет пациенттер келеді. Мұндай жағдайда олар бізге жүгінеді. Қазақстанда тек туыстық трансплантация жүргізіледі. Қазіргі уақытта тек жақын туыстар ғана донор бола алады. Бұл ата-анасы, ағасы, әпкесі, қарындасы, яғни ең жақын туыстары. Біз оларды тексереміз, қан тобы анықталады. Қан топтары сәйкес келуі керек. Кейбір туыс адамдардың қан топтары өзара сәйкес келеді. Осыдан кейін біз оларды Республикалық қан орталығына жібереміз. Ол жерде тіндік сәйкестік тексеріледі. Егер сәйкестік бар болса, одан әрі біздің орталықта қосымша тексеру жүргізіледі», - деді хирург.

Дәрігердің айтуынша, қосымша тексерулер жасалады: кардиолог қарайды, пациент толық медициналық тексеруден өтеді. Донордың денсаулығы толықтай дұрыс болуы керек. Денсаулығы сау адам донор болуы қажет. Денсаулығында ешқандай проблема болмауы тиіс, себебі, трансплантациядан кейін донор да қиын жағдайға тап болуы мүмкін. Сол себепті донордың денсаулығын тәуекелге салуға болмайды.

«Донор денсаулығы өте жақсы адам болуы қажет. Орган алынғаннан кейін де ол мүгедек болып саналмайды. Мүгедектік тағайындалмайды. Бір бүйрекпен де адамдар толық өмір сүре алады», - деді ол.

Осы мезетте айта кететін жағдай Нұрболдың әйелінің донор болмай тұрып-ақ  бүйрегі ауыратын. Бірақ, соған қарамастан Нұрболдың әйелі донор бола алды.

«Этикалық комиссия жұмыс істейді. Әр облыста шамамен 10 адамнан тұратын арнайы комиссия бар. Оның құрамында заңгер, денсаулық сақтау басқармасының өкілдері, бас дәрігерлер және сарапшылар отырады. Біз донор мен реципиенттің барлық тексеру нәтижелерін, олардың туыстық қатынастарын растайтын құжаттарды толығымен дайындап, этикалық комиссияға жібереміз. Комиссия олардың шын мәнінде туыс екенін тексереді. Комиссия шешім шығарып, «Иә, туысы екен. Бүйрек трансплантациясын жасауға болады» деген рұқсат береді. Осыдан кейін ғана операцияға жатқызамыз. Бүкіл процесс шамамен бір жарым айға созылады», - деп түйіндеді хирург.

Еске салар болсақ, бұл комиссиядан Нұрбол мен Болат та өтті, бірақ Нұрболдың айтуы бойынша, комиссия мүшелері "туыссыңдарма" дегеннен басқа сұрақ қоймаған. Себебі, Серәлі барлық комиссия мүшелерімен келісіп қойғаны.

 Денсаулық сақтау министірлігінің бұйрығы

Әбілқайыр Олжас / Фото: Facebook парақшасынан

 Жалпы ағза тасымалдау ісіне қатысты заңгер Әбілқайыр Олжас денсаулық сақтау министірлігіне сауал жолдап, сол сауалдың жауабын редакциямен бөлісіп, өзінің пікірін білдірді.

«Өз ағзаларын сатуға болмайды деп білеміз. Бірақ бұл бұйрықта, донор мен бүйрек алушының арасында туыстық қарым-қатынас болмаса да, бірақ жасушалары сәйкес келген жағдайда кез келген мүшені ауыстырып сала беруге болады. Ең басты мәселе - сауда болмауы керек. Мысалы, жастар жалған құжат жасап бүйрегін сатады. Негізінде бұйрыққа қарасаңыз, жалған құжат жасамай-ақ бүйрегін беруге болады деп көрсетілген. Тек жасуша сәйкес келсе болды, дәрігерлер ауыстыра береді. Бұл келген хаттан толық жауап табу қиын. Нұрболдың ісі бойынша, ол бүйрегін саттым дегеннен кейін істі болып жатыр. Егер өз еркіммен, жаным ашып бүйрегімді бердім десе, туыстық қатынасы болмаса, ол жерде қылмыс ретінде қаралмайтын еді. Менің бұл жерде айтайын дегенім, біздегі Денсаулық сақтау министірлігінің бұйрығында ағза мүшелерін сатуға қалдырып қойған мүмкіншілігі. Заңды айналып өтуге ешқандай проблема жоқ. Бұл жердегі менің уайымым, наркомандар, лудомандар, тіпті ақшадан қысылған адамдарға оңай ақша табуға бұл бұйрық мүмкіндік беріп отыр. Бұндай бұйрықтар заң бұзушылыққа алып келеді»,- деді заңгер Олжас мырза.

Жалпы Қазақстанда ағза саудалаумен айналысатын топтарға қандай жаза бар? Бұл ақпаратпен адвокат Төлен Қайратұлы бөлісті.

«Заңсыз ағза трансплантациясына ұлттық заңнама бойынша тыйым салынған. ҚР Қылмыстық кодексінің 116-бабында бұл әрекеттерге қатысты норма көрсетілген. Оның диспозициясы келесідей: Адам ағзалары мен тіндерін трансплантациялау немесе өзге мақсаттар үшін мәжбүрлеп алу, заңсыз алу, сондай-ақ,  адам ағзалары мен тіндеріне қатысты заңсыз мәмілелер жасау», - деді адвокат.

Төлен Қайратұлының айтуынша, аталған бап бойынша ең жоғары жаза – 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру.

Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 209-бабының 4-бөлімі 1, 2, 3-тармақтарына сәйкес келесі әрекеттерге тыйым салынады:

  • Адамнан оның органдарын (немесе органының бір бөлігін) және (немесе) тіндерін (немесе тінінің бір бөлігін) мәжбүрлеп алу;
  • Адамды өз органдарын (немесе органының бір бөлігін) және (немесе) тіндерін (немесе тінінің бір бөлігін) беруге мәжбүрлеу;
  • Адам органдарының (немесе органының бір бөлігінің) және (немесе) тіндерінің (немесе тінінің бір бөлігінің) саудасы.

 Редакция егер олар өздері байланысқа шығуды қаласа, бұл оқиғаның екінші тарапымен байланыс орнатуға дайын. Біз бұл сұмдық оқиғаға қатысты тергеу бойынша Алматы облыстық полиция департаментінен ресми пікір сұрадық. Мақала жарияланған сәтте жауап әлі келіп түспеді. Orda.kz жағдайды бақылауда ұстайды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар