Өмір саудасы: Адам ағзасын саудаға салып талайдың өмірін қиратқан тағы екі қылмыстық топ анықталды

cover Коллаж: Orda.kz

Айдың күннің аманында астыртын ағза саудасын жасайтындар бар деп ойламайсың. Алайда Қазақстанда ағза сататын бір емес, тағы екі ұйымның бар екені белгілі болды. Алматы қаласында Наурызбай аудандық сотында адам ағзасын, яғни бүйрек алып сатқандарға қатысты кезекті сот отырысы өтті. 

Orda.kz тілшісі бұған дейінгі сотқа қатысып, ақпарат таратқан еді. Бұл жолы да осы атышулы оқиғаға қатысты тың деректерді назарларыңызға ұсынғалы отыр.

Қысылтаяң кезеңде, ақшадан қиналған азаматтар түрлі әрекеттер істейді. Сондай бір жұрттың төбе шашын тік тұрғызған оқиғаға тоқталсақ. Ол өмірдің саудасы десек артық айтқандық емес шығар. Себебі жаны қысылып тұрған азаматтардың жағдайын пайдаланып, әккі қуаяқтар бүйрегін алып, қаражатын толық бермей, түрлі сұм қылмысты жасаған. Ең өкініштісі, бүйрегінен айырылған азаматтар денсаулығынан да, заң бойынша тыйым салынған соң, бас бостандығынан да айырылады. 

Бүгін сол атышулы істің сот отырысы өтті. Жалпы іс аяқталуға таяп қалды. Сызғанов ауруханасының дәрігерлеріне донор тауып беріп отырған сотталушы жалғыз Бауыржан ғана емес екені анықталды. Сөйтсек бұған дейін тура солай бүйрек алып, сатқаны үшін Ұзақбай Ислам деген азамат сотталыпты.

Бүгінгі сот отырысында судья Майшынов прокурор мен айыпталушы тараптардың қолдарындағы дәлелдемелердің бәрін талқылауына рұқсат берді.

Судя Майшынов дәл осы оқиғаға ұқсас екі қылмыстық топтың сотталғанын атап өтті.
Фото: Orda.kz
Айыпталушылардың жалпы саны — 6. Қылмыстық кодекстің 116-бабы 2-бөлімі 4-5-тармағы бойынша іс қаралып жатыр. Сот егер Бауржанды кінәлі деп таныса, оған 10 жыл бас бостандығынан айырады.

Еске салар болсақ, алдыңғы сот отырысында іске қатысы бар қандауырды қолы қалт етпей ұстап, ота жасаған дәрігерлер сот алдында сөйлеген еді. Сонымен қатар, отаға кіргізу үшін «туысқан екенін» растайтын жалған құжатты жасаған нотариус қызметкері де жауап берді. Сызғанов ауруханасының екі дәрігері сөз сөйледі. Айыпталушылардың бірі Бауыржанның осы дәрігерлерге донор тауып беріп отырғанын ашық айтты.

Фото: Orda.kz

Прокурор Саят Ринат дәлелдемелерді оқу кезінде Ұзақбай Ислам деген азамат туралы айтты.

Ұзақбай Ислам Сызғанов ауруханасының Елшат есімді дәрігеріне донор тауып беріп отырған.

Дәл осыған ұқсас оқиға бойынша істі болып сотталған. Прокурор Исламның ісіне қатысты бір куәгердің хатын оқып берді.

«Әкем өмірден озғаннан кейін қаржыдан қысылып, жағдайым нашарлап кетті. Бір күні киноға бардым. Көрген фильмім бүйрек сату туралы болды. Сол фильмнен кейін маған өз бүйрегімді сату туралы ой келді. Интернет желісінен іздей бастадым. Бір күні маған Telegram-арнама Айман есімді азаматша хабарласты. Ол маған: «бүйрегіңізді 8 миллионға аламыз» деп айтты», — деп куәгерлік берген.
Ұзақбай Ислам мүгедектігіне байланысты шартты түрде сотталған. Оған бүйрегін берген куәгер тек 5 млн ғана беріп, 3 млн ақшаны өзі алатын айтқан Исламның ұсынысына да келіскенін айтқан.
«Астанадан Алматыға келдім. Мені Ислам күтіп алды. Ол: «Саған бес миллион маған үш миллон» деді. Мен оған да келістім. Сөйтіп Сызғанов ауруханасына барып Елшат есімді дәрігерге кірдік. Ол біздің туыс емес екенімізді білді. Ислам туыстық құжаттарды өзі жасады. Солай ота жасалып өз еркіммен бүйрегімді бердім», — депті куәгер.

Айыпталушылардың бірінің үйін тінтігенде ала сөмкеден үш адамның төл құжаты мен 2 700 000 теңге тәркіленген. Томдарды оқығанда куәгер бүйрек берушілер айыпталушының үйіне өздері іздеп келетінін айтты. 

«Анам ауырған соң, ақша керек болды. Ербол деген досымның адам ағзасын саудаға салып жүргенін білетінмін. Досыма хабарласып бүйрегімді сатқым келетінін айттым. Ол мені Алматыға шақырды. Мені әйелі екеуі күтіп алды. Сосын Сызғанов ауруханасына бардық. Алматыда тұратын жерім болмаған соң, Ербол досымның үйіне барып тұратын болдым», — деді куәгер.  

Сот барысында Ерболдың досы куәгер ретінде танылған. Бірақ сот кезінде бірнеше рет шақырту алса да, сотқа келмеді.

«Сол үйде тұрып жүргенде он шақты адамның келгенін көрдім. Бәрі бүйрек сатқысы келетінін айтты. Мен бүйрек ауыстыру үшін анализдер тапсырып жүргенде Бауыржанмен таныстырды. Сол кезде Бауыржанның жалған құжаттардың барлығын жасайтынын және бәрін бақылауда ұстайтынын білдім. 6 млн деп келіскенбіз маған бары осы деп 5 млн берді», — деді куәгер.  

Қазіргі таңда 25 томдық істі қайта оқып зерделеп жатыр 30 маусымда жарыссөз болады деп отыр. Айта кетер болсақ, айыпталушылардың арасында екі ерлі зайыптылар бар, екі отбасыда бүйректерін сатып істі болып отыр. Бірақ олардың қазір денсаулықтары өте нашар. Себебі алдыңғы сот отырысын айыпталушылардың бірі жансақтау бөліміне түскен соң кейінге шегерген еді. Осы іске байланысты жиырмадан астам бүйрек сатушылар мен сатып алушылар істі болған. Бірақ өз кінәсін мойындап кешірім сұраған соң, іс сотқа жетпей қысқартылған.

Orda.kz тілшісі адам ағзасын саудаға салғандардың сотына әу бастан қатысып, ақпарат таратып келеді. 19 мамыр күні басты күдікті Бауыржан өзімен бірге айыпталып отырған бес айыпталушының ешқайсысын танымайтынын айтты. Ал айыпталушылардың бірі оны өте жақсы танитынын айтып, оның бүйрек сатып қана қоймай, Түркияға бүйрек сатуға үш донор апарғанын ашық мәлімдеді.

Еске сала кетсек, бұған дейін Наурызбай аудандық сотында 29 сәуір күні бүйрегін сатып, сотта куәгер әрі айыпталушы болғандар сот алдында жауап берген еді. 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар