«Құмар ойын және әскерилер»: Бәс тіккен бір гарнизондағы 120 әскери адам

cover Коллаж: Orda.kz

Қазіргі таңда лудомания қоғам үшін өте өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Қарапайым азаматтармен қатар әскерилердің де осындай ойынқұмарлыққа салынуы қоғам үшін өте қауіпті. Осы мәселе бойынша Orda.kz тілшісі Жетісу облысы Алакөл ауданы Үшарал гарнизонының әскери бөліміне барып, әскери полиция бөлім бастығының заң мәселесі бойынша орынбасары, анықтау және іздестіру бөлімшесі бастығының міндетін уақытша атқарушысы әділет майоры Нұржан Келісұлынан сұхбат алды.

Қоғамдағы тәртіпті, соның ішінде әскерилер арасындағы тәртіпке жауапты әскери қызметкерлер әскерилер арасындағы ойын құмарлықтың өте өзекті мәселе екенін атап өтті. Тілшімізге сұхбат берген Нұржан Келісұлы осы 2024 жылы тек профилактикалық шаралармен шектелмей, талай букмекерлік кеңселерді аралап, табалдырығын тоздырғанын айтты. Ондағы адамдардың тізімін алып, әр қайсысын тексеріп, әскери адамдардың бар-жоғын анықтағанын айтты. Нәтижесінде Үшарал қаласының бір ғана гарнизонының өзінде ойынқұмарлыққа бейім 120 адам анықталған. 

Фото: Orda.kz, Үшарал гарнизоны әскери полиция бөлімінің штабы

2024 жылы қылмыс жасаған 157 мың адамның 20 пайызы ойынқұмар

Әскери полиция Нұржан Келісұлы құмар ойынға құныққандар қылмыс жасауға дейін баратынын атап өтті. Өзіне-өзі қол салғандардың қатарында да лудомандар жетерлік.

«Қазір ғасыр дертіне айналған ойын құмарлық елімізде өршіп тұр. Елімізде 350 мыңнан астам азамат құмар ойынның инесіне отырған. 2019 жылмен салыстырғанда өткен жылы құмар ойындар мен бәс тігу 40 есе көбейген. Өкінішке қарай, оның ішінде әскери қызметшілерде бар. Әлемдік БАҚ-та жарияланған мақалаларды көрсеңіз, мұның себебін бірі әлеуметтік фактормен, ал бірі психологиялық фактормен жиі байланыстырады. Бір анығы – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «лудоманияны» құмар ойындарға патологиялық әуестігі бар адамдардың дерті деп ресми мойындаған. Тағы бір айта кететін себеп ол қазір екінің бірінде смартфон бар, интернет қолжетімді, мобильді қосымшалар көп. «Ұнағанын таңда да, қалауыңша ойнай бер». Оның ішінде казино да, бәс тігуге болатын спорттық ойындар да жеткілікті. Сонымен қатар қазіргі жастар мол ақшаға жеңіл жолмен қол жеткізгісі келеді. Олар ойындарға ақша тігу арқылы ауқымды ұтысқа кенелемін деп ойлайды. Басында ұтуы мүмкін, бірақ кейін он есе ұтылатынын ұқпайды. Құмар ойынның құрығына түсіп, құтылар жол таппай құзға құлағандар қазір қылмыс әлемінің табалдырығын таптап жүр. Елімізде өткен жылы 157 мыңнан астам қылмыс жасалса, соның 20 пайызы құмар ойынға құныққандардың мойнында екен. Суицид жасаған 3 676 адамның әр бесіншісі лудомания дертіне шалдыққаннан болған», - деді Нұржан Келісұлы.
Фото: Orda.kz, Нұржан Келісұлы, әскери полиция

Нұржан Келісұлының сөзінше, еліміздегі отбасылардың ажырасуына да осы құмар ойын себеп болып отыр. Елімізде ажырасқан 10 отбасының жетеуіндегі жанжал лудомания дертіне шалдыққандардың шатағынан шыққан екен.

Фото: Orda.kz
«Бұл жұт секілді өте қауіпті дерт десек, артық айтқандық болмайды. Себебі қару асынған әскери қызметкердің ойынға құмар болуының арты үлкен қылмысқа апарып соқтыруы мүмкін. Сол үшін Үшарал гарнизоны Әскери полиция бөлімі өткен 2024 жылы наурыз айында «Өмірді сақта» ведомстворалық бағдарламасын іске асыру және құқық бұзушылықты алдын алу  жөніндегі іс-шараларының Бірыңғай жоспары негізінде, «Құмар ойындарды тоқтату» акциясын өткізді. Осы аталған акция аясында  Үшарал гарнизоны Әскери полиция бөлімінің қызметкерлері Үшарал гарнизоны әскери бөлімдері мен мекемелерінің  барлық санаттағы әскери қызметшілермен құмар ойындарды тоқтатуға арналған әр түрлі профилактикалық жұмыстар жүргізді», - деді әскери полиция.

Нұржан Келісұлы өткен жылы тіпті әскерилердің үйіне барып, әйел, бала-шағасын көріп, қандай мәселесі, қанша несиесі бар екенін тексеріп, зерттегендерін айтты.

Фото: Orda.kz, Штабтың кіре берісіндегі көрініс

120 әскери адам бәс тіккен

Біз әскери штаб түрлі қылмысты бақылауда ұстап, тергеу шараларын жүргізетіндіктен ерекше қорғауға алынғанын байқадық. Әскерилер арасындағы, әскерге келген сарбаздар арасындағы түрлі қылмысты ауыздықтайтын бұл органның қатаң тәртіпке бағынатыны көрініп тұр.

Фото: Orda.kz

Әскери полиция тілшімізге 2024 жылы әскерилердің ерекше бақылауда ұстағандарын және сол тәртіпті қатаң түрде 2025 жылы да жалғастырып отырғандарын айтты. Өткен жылы әскери полиция 120 қызметкердің букмекерлік кеңселерге бәс тіккенін анықтапты. Қазір әскерилерге е-GOV қосымшасы арқылы шектеу қойғанын және олардың әр қадамы бақылауда екенін баяндады.

«Өткен 2024 жылы аталған акция аясында Үшарал гарнизоны әскери бөлімдері мен мекемелерінің 120 әскери қызметшілері букмекерлік кеңселерге бәс тікеннін анықтап, Үшарал гарнизондық жиналыста оларға әскери бөлімдері мен мекемелерінің басшыларымен бірлесіп, е-GOV мобильдік қосымша арқылы құмар ойынға шектеу қойдым. Бұл дегеніміз, болашақта құмар ойын ойнауға тіркелген немесе ойнаған әскери қызметкерлер енді ешқандай букмекерлік кеңсеге тіркеле алмайды. Оған e-Gov арқылы шектеу, яғни, тыйым салынады. Бұл болашақта ойынқұмар азаматтардың азаюына, әскер қатарында қызметте жүргендердің лудоманияға шалдықпауы үшін жасалған профилактикалық тиімді жұмыс деп танығанымыз абзал», - деді Нұржан Келісұлы.

«Қызметтен шығарамыз»

Әскери полиция есепке тұрғандар егер тағы да құмар ойынға бәс тігіп жатса, олардың жұмыстан босатылатынын айтты.

«Біз бұл азаматтарды профилактикалық есепке алып отырмыз. Біздің бақылауымызға қарамастан тағы да құмар ойынға бір рет бәс тіксе заңға сәйкес қызметтен шығарамыз. Жеке сұхбаттар арқылы сөйлесіп отырып және кеңселерге барып сұрау сала отырып әскерилердің бәс тіккенін анықтадық», - деді Нұржан Келісұлы.
Коллаж: Orda.kz

Әскери полицияның сөзіне қарасақ, букмекерлік кеңселерге хабарласып, жұмыс істей өте тиімді болып отыр. Оның сөзінше, түрлі кеңселерді шарлап, тізімдерін ақтарып, біраз адамды есепке қойған соң, ойын ойнайтындар азайған, тіпті қойып кеткендер көбейген.

«Кейбір әскери қызметшілер бұрын қызметте уақыт өткізу үшін бәс тіккен болса болса, кейбіреулері футбол командаларына жанкүйер болған. Қазақстанның әлемге танылған даңқты боксшысы Генадий Головкиннің жекпе жектеріне жанкүйер болып букмекерлік кеңселерге бәс тіккендер де бар. Ең өкініштісі кейбір қолына қару ұстап Отанын қорғауға Антын берген әскери қызметшілер құмар ойынға әуестеніп кеткені болып отыр. Лудомания дертіне шалдыққан құмар ойынға әуестенген әскери қызметші әрқашан келесі ойында қалай «джекпотты соғып» оңай байып кететінін ойлайды немесе қайдан ақша тапсам екен деп әлек болады. Қыруар ақшаға қарыз болған ол қарызды өтеу үшін қылмыс жасауға және суицид жасауға баруы мүмкін, барлық моральдық-адамгершілік құндылықтардан бас тартып, халқына, президентіне, Отанына берген Антын ұмытады. Құмар ойынға әуестенген әскери қызметші мемлекет алдындағы жауапкершілігін сезінетін толыққанды азамат болмайды», - деді Нұржан Келісұлы. 

Лудомания қарапайым адамның өмірін құрдымға жіберіп, адамгершіліктен аттатып, абыройдан жұрдай етіп, суицид, қылмыс т.б. қасіреттерге ұшыратады. Ойын құмар адамдардың әскери қызметшілердің арасында болуы да өте қауіпті жағдай.

Еске сала кетсек, ойын құмарлыққа салынған Семейде әскери штабтың топография басшысы қызметтік бабын асыра пайдаланып, топографиялық құралдарды ломбардқа қойған болатын. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, 2 жыл 6 айға  сотталған болатын. 


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар