ҚБТУ кімдікі? Динара Құлыбаева тарихи ғимаратқа қатысты мәселеде мемлекетті өз ыңғайына көндірді
Коллаж: Orda.kz
Orda.kz редакциясы Қазақстан-Британ техникалық университетінің (ҚБТУ) ғимараты кімге және қандай шартпен тиесілі болатынын анықтады.
Прокуратура бастамасымен бірнеше жылға созылған соттағы дау аяқталды. Екі жаққа да қолайлы шарт қойылды.
Тарихи ғимарат мемлекет меншігіне өтеді. Ал оқу қызметін «NNEF» (Нұрсұлтан Назарбаев білім қоры) қоры әрі қарай жүргізеді. Қор өз студенттерін басқа ғимараттарға көшіру үшін жаңа корпустар салғанға дейін ғана оқытады деуге болады.
Бірде қоғамдық, бірде жекеменшік, бірде мемлекеттік болған КБТУ қалай қолдан қолға өтті?
Тарихи ғимараттың иелерінің алма-кезек ауысуы Кеңес Одағында басталды. 1936 жылы ғимарат жобасы дайындалып, оған қажет қаражат мөлшері — 14 млн рубль деп белгіленді. Сол тұста бұл миға қонбайтын қаражат еді. Соғысқа байланысты жоба тоқтатылды. 1951 жылға дейін қазіргі зәулім тіректері бар ғимараттың орнында тек қазылған орын ғана тұрды. 1957 жылы құрылыс аяқталып, осылайша Қазақ КСР Үкімет үйі пайда болды.
1991 жылы осы жерде Қазақстан тәуелсіздігін бекітіп, құжаттарын рәсімдеді. 1993 жылы Конституция дәл осы ғимаратта қабылданды.
Ғимарат республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне енген.
Университет ретінде ғимарат 2000 жылы өз мәртебесін алды. Сол кезде тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев пен сол кездегі Ұлыбритания премьер-министрі Тони Блэр меморандумға қол қойды. Сол жылдан бастап актив иегерлері ретінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігі (Британ кеңесі арқылы) аталып келді.
2003 жылы Үкіметтің қаулысымен «ҚБТУ» АҚ-ның бірден бір акционері ретінде «ҚазМұнайГаз» АҚ белгіленді. 2018 жылы жекешелендіру бағдарламасы аясында «Қазақстан-Британ техникалық университеті» АҚ-ның 100% акциясын қоғамдық «Нұрсұлтан Назарбаев білім қоры» (NNEF, 2023 жылы атауын өзгертті) сатып алды.
NNEF жоғары оқу орнын 11,37 млрд теңгеге сатып алған.
Қазір қордың негізін қалаушылар — Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара Құлыбаева мен Галина Самарская. Қордың басшысы — Светлана Мырзабекова. Сонымен қатар, NNEF қоры «Astana IT University» ЖШС-нің, «Инновациялық және ақпараттық технологиялар орталығы» ЖШС-нің және «SOS Қазақстанның балалар ауылдары» корпоративтік қорының жұмысына да қатысады.
Динара Құлыбаева «Алмекс Холдингтік тобы» АҚ және «Алмэкс проект» ЖШС ұйымдарын құрды. Компаниялардың құрылтайшыларының бірі — Динараның жұбайы, еліміздегі ірі бизнес өкілдерінің бірі Тимур Құлыбаев.
Қор өкілдерінің айтуынша, NNEF КБТУ-дың иесі ретінде кірген кезде университетке айтарлықтай қаржы салу қажет болған. Әңгіме бірнеше миллиард теңге жөнінде. Алайда бұл қадам нәтижесін берді. ҚБТУ-дың тасы өрге домалады. Студенттер саны көбейді, білім беру бағдарламалары артты, ең бастысы — түлектер еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандар ретінде таныла бастады.
2023 жылы Алматы прокуратурасы осы қордың қалай активті жеңіп алғанын және байқаудың нәтижесін қайта қарауды талап етті. Бұл шағымдар көп дәлелдер келтіріп, қоғамның наразылығын күшейтті. Кім білсін, қайтарып алғанда оған құятын қаржының мөлшерін ойлады ма, жоқ па? Әйтеу, алматылықтар жоғары оқу орнын мемлекет меншігіне өткізуді бірнеше рет сұрады.
Прокуратура ҚБТУ-дың жеке қолға әділ әрі таза жолмен өткеніне күмән келтірді. Себебі, университет тым арзан бағаға сатылған еді. Аудит нәтижелері бойынша, мәміле алдындағы ҚБТУ активтері 14,5 млрд теңге болса, бүкіл компаниялар тобы 17,1 млрд теңге. Ал оқу орнын 11,37 млрд теңгеге сатқаны жазылған. Қауіпсіздік органдары бағаны жасанды түрде төмендеткенін, ал Baker Tilly Kazakhstan Advisory жүргізген бағалау дұрыс жасалмаған және негізгі активтер ескерілмегенін алға тартты. Мысалы, Қазақстандық теңіз академиясын құруға «Теңізшевройл» компаниясынан берілген 25 миллион доллар демеуші көмегі жалпы қаражаттың құрамына енгізілуі тиіс еді. Сондай-ақ прокуратура пікірі бойынша «ҚБТУ ИИИТ» еншілес кәсіпорнының активтері де едәуір төмен бағаланған.
Нұрсұлтан Назарбаев атындағы білім қоры барынша қарсыласты. Олар прокуратураны «сандарды әдейі айналдырып көрсетіп отыр» деп айыптады және деректерді өз бетінше талдап көрсетіп отыр деп мәлімдеді. Қордың нұсқасы бойынша, университет нарықтық бағадан төмен емес, керісінше жоғары бағамен сатып алынған. Baker Tilly ҚБТУ-ның 100% акциясын 11,36 млрд теңгеге бағаласа, Назарбаев қоры 11,37 млрд теңге төледі, ал бөліп-төлеу есебінен бұл құн тіпті 12 млрд теңгеден асты (нақты көрсеткіш — 12 110 187 000 теңге).
Екі тарап та бағалаушылардың жұмысына көңілі толмаған. Қарсы тарап бір-бірінің есебіне сенімсіздік танытқан.
Ал прокуратураның келесі ескертуі — тендердің өту тәртібіне қатысты болған. Тергеушілердің айтуынша, қор жеңіп шыққан байқау тек көзбояушылық болған. Үш қатысушының екеуі — «Юг басқарушы компаниясы» мен AGDS Group — қағаз жүзінде ғана бар, бір күндік фирмалар болып шыққан. Олар Гүлзана Серікова деген бір кәсіпкердің қолымен «жасалып» отыр деп күдіктенеді. Прокуратура дерегінше, осы компаниялар арқылы жалған келісімшарттар жасалып, жабдық жеткізу туралы шарттар рәсімделген. Бірақ іс жүзінде ешқандай тауар жеткізілмеген. Ақша айналдырып, қайта қайтарылған.
Қор өз уәжін нақты сандар мен аталған компаниялардың қаржылық айналымдарын ашық көрсете отырып қорғады. NNEF өкілдері прокуратураның бұл істі қозғауға құқығы жоқ екенін, себебі талап қою мерзімі өтіп кеткенін алға тартқан. Дегенмен, қанша қасарысқанына қарамастан NNEF өкілдері мемлекетке ҚБТУ-дың басты ғимаратын — Төле би, 59 мекенжайындағы бұрынғы Үкімет үйінің тарихи ғимаратын қайтаруға дайын екенін мәлімдеді.

Тек бір шарт қойылды: университет уақытша сол жерде қалып, лицензиясы мен оқу процесін үзбеуі керек. Бұдан бөлек, қор нормативтік талаптарды сақтау үшін 5% акцияны мемлекетке беруді де ұсынған.
Алайда сол жылы тараптар келісімге келе алмады. 2025 жылғы 27 ақпанда Қазақстан-Британ техникалық университеті (ҚБТУ) және оның құрамындағы екі институт — Д. В. Сокольский атындағы отын, катализ және электрохимия институты мен А. Б. Бектұров атындағы химия ғылымдары институты Қайтарылған активтерді басқару комитетінің (ҚУВА) қарамағына өтті. Ал 4 наурызда бұл активтер мемлекет меншігіне ресми түрде берілді.
Сол кезде Динара Құлыбаева дереу мәлімдеме жасап: «Біз бұл шешімге қатысты шағымданамыз» деді. Айтса айтқандай, расымен кейіннен тараптардың бәрінің оң жамбасына келетін шешім қабылданды. Бәлкім, бұл жағдайға прокуратураның міндеті мен бағытының өзгеруі де әсер еткен шығар. Іс қаралып жатқан уақытта заңсыз алынған активтерді қайтарумен айналысқан ведомствоның атауы мен қызмет бағыты өзгеріп, ол инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті болып қайта құрылды.«Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» демекші, енді жерде мемлекет активтерді тартып алып алудың орнына мүлде басқаша тәсілге көшті.
Автор: Александра Мохирева
Жаңалықтар
- Бекіре балығы мен уылдырығын сатып алғандар да жазаланады
- Алматы көшесінде қолының қаны сорғалап жүрген адам жұрттың зәресін алды
- Еш жерде жұмыс істемей, жұртты бопсалап, уыс-уыс ақша шашып жүргендер сотталды
- Қазақ поэзиясының нәзік лирикасы — Күләш Ахметованың туғанына 80 жыл
- Филиппиннің экс-президенті 76 адамды өлтіруге қатысы бар деп айыпталды
- Танысын балталап өлтіріп, мәйітін кереуеттің астына тығып қойған әйелге үкім шықты
- Тоқаев «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысып, ағаш отырғызды
- Макрон Еуропаны «оянуға» шақырып, Ресей, Қытай мен АҚШ қарсылығын еске салды
- Ату жазасы АҚШ-та өлім жазасын орындау тәсілі ретінде қайта енгізілді
- Абай облысында жүргізушіге ескерту жасаған шекарашыны ұрып кетті
- Ақ үй Уиткофф пен Кушнердің Пәкістанға бет алғанын растады
- Талдықорғанда асханада болған жанжал әйел өлімімен аяқталды
- Алматының арықтары нөсер жаңбырды ағыза алмайды, әкімдік не дейді?
- Түркістан облысында турнирге бара жатқан балалар жолда опат болды
- Алматыда оқушы мектепке балта көтеріп келіп, оны адамдарға қарсы қолданбақ болған
- Астанада автобуста жолаушы ана мен балаға тап беріп, балағаттады
- Лобода мен Қайрат Нұртас бірлесіп трек жазды
- Бұрынғы Оңтүстік Корея президентіне 30 жыл түрме жазасы сұралды — БАҚ
- 52 адамның пойызда уланғанына байланысты көлік министрі жаңа ақпарат берді
- Тоқаев Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығын аралады