«Қазақстандағы сот былықтары»: Әділдік іздеп шарқ ұрған шекарашылар
2020 жылы пара алды деген күдікпен сотталған шекарашылар 2022 жылы бірі толық, бірі жартылай ақталып шықты. «Шекара бастығы жала жапты» деп, әділдік іздеген әскерилер осыған дейін бармаған жері, баспаған тауы қалмай, жігері құм болып отыр.
Orda.kz тілшісі мәселенің анық-қанығына жету үшін сол оқиғаның бас кейіпкерлерінің бірі, екі жылдай сот пен абақтының ортасында сенделген Бақыт Қорабайұлы Нұрмаханбетовпен сұхбаттасып көрді.
«Жаптым жала, жақтым күйе»
Қордайдағы «Сарытөбе» шекара бақылау бөлімінің аты-шулы ісінен кейін 27 әскери қызметкер сотталып, 7-8 жылға бас бостандығынан айырылған. Тіпті, олардың әскери лауазымы мен шенінен айырып, өмір бойы әскери қызметпен айналысуына тиым салынған да болатын. 2022 жылы солардың біршама толық ақталып шықса, кейбіреуі жартылай ақталып, бостандыққа шықты.
Бақыттың сөзінше, куәгер болып кеткен касса қызметкерлерімен мен бастық басқа құзырлы органдармен бірлесіп сарбаздарды нақақтан-нақақ қамаған. Сол істе куәгер болған Біржан Сыздықбаевтың сөйлегенде жазып берген қағазға қарап отырған бейне жазбасы біздің телеарналарымызда бар.
Бір қызығы, ақталып, қызметіне оралған әскерилердің 4-уі ісімен әділетсіздікке қарсылығын көрсетіп кеткен. Қызметке оралғаннан кейін бір айдан кейін 4 әскери қызметкер қайта жұмыстан шығып кеткен. Осылайша шекарашылар қиын кезде жалғыз тастап, өз басын ала қашқан басшылыққа деген қарсылығын көрсеткен.
Дегенмен киноның бәрі, болмаса сол кинодағы кейіпкерлердің өмірі «happy end» болып біте бермейді. Бүгінде жазықсыз екі жыл өмірі қапаста өтіп, толық ақтала алмаған әскери қызметкер тауға да, тасқа да басын соғып, әділдікті аңсап жүр. Бақыт Нұрмаханбетов сөзімді тыңдайтын, іске ынта-шынтасымен кірісетін адам болса дейді.
«Жындыханаға апарып таста. Өзі-ақ жылап хабарласады»
Бақыт Нұрмаханбетовтың айтуынша, ол іс басталғанда еңбек демалысында болған. Одан жай жауап аламыз деп шақырып алып, қолына кісен тағып, таңнан кешке дейін ұстаған. Тіпті қоқан-лоқы көрсетіп, кінәні өз мойнына алуға үгіттеген.
«2019 жылы Қордай ауданындағы 2038 әскери бөлімінде әскери қызметші болып істегенмін. 2019 жылдың қаңтар айында еңбек демалысына шықтым. Маған кезекші майор қоңырау шалды. «Бастығың пара беріп, ұсталып қалыпты» деді. Тергеуге Алматыға шақырып жатқанын айтты. Көрген-көрмегенімді айтып куәлік етіп, қайта қайтатынымды айтты», — деді Бақыт.
Содан ол Алматы қаласына тергеу комитетіне барған. Оның айтуынша, кіргеннен бастап қолына кісен тағып, таңғы 9-дан бастап түнгі 11-ге дейін ұстаған.
«Дәлізге қылмыскер құсатып кісенмен тұрғызып қойды. Түнгі 11-де «Ақша алдың ба? Мойында» деді. Мен ақша алмағанымды, ақ екенімді айттым. Олар 1 миллион 200 мың теңге төлеп кете берсем болатынын айтты. Өздері айыппұл деп есептеп шығарып қойыпты. Сөйтсем менің алдымдағы 4-5 балаға мойындатқызыпты», — деді Бақыт.
Ол өзінің сол кезде мойындамағанын айтты. Сол күні түнде 11-де ертең 9-да келетінін айтып жіберіпті.
«Таңертең келсем, тағы да кісен тағып тұрғызып қойды. Бұл күні кешкі сағат 8-ге дейін тұрдым. Мойындамадым. Алматының қасындағы абақтыға жалғыз жататын жерге 2 күнге қамап қойды. Сол жерде жаттым. 2 күннен кейін, қайта тергеу комитетіне әкелді. «Ойландың ба?» деді Мен ойланатын түгі жоқ екенін, өзімнің кінәсіз екенімді тағы да айттым, — деді Бақыт.
Сосын Алматылық тергеу комитетінің бастығы «жындыханаға апару» жайлы айтып қорқытқанын айтты.
Тергеу комитетінің бастығы мойор Дұсқазиев келді де қол астындағы қызметкерлеріне былай деді: «Неге жалынып тұрсыңдар. Жындыханаға апарып тастаңдар. 2 сағаттан соң өзі хабарласып жылайды. Өзі-ақ мойындайды» деді. Мен «Жібере беріңдер» деп, тағы кінәсіз екенімді айттым», – дейді Бақыт Нұрмаханбетов.
«Сот мырза, мен мұнда өз аяғыммен келдім!»
Тағы бір қызығы, алғашқы сотта судья тіпті істі зерттемеген де. Бұл қатысушылардың шамына тиген. Дегенмен прокурор мен сот жылы жауып, екі ай санкция берген. Сол уақыт аралығында сотталушыға психологиялық қысым көрсетіп, барынша мойындатуға тырысқан.
«Алғашқы сот болды. Судья, прокурор, үкіметтің жіберген адвокаты қатысты. Адвокатты танымаймын да. Отырдық. Сот мырза іспен танысқан да жоқ. Прокурор 2 ай санкция деді. Ақылдасу залына бармады да. Есіктен шықты да, қайта айналып кіріп, 2 ай санкцияны мақұлдады», – дейді Бақыт Нұрмаханбетов.
Сондай-ақ, ол сол жерде судьядан рұқсат сұрап сөз сөйлегенін айтты.
Сот мырза, мен мына жерге өз аяғыммен келіп тұрмын. Қашып кетпедім. Сіз мына істі қарамайсыз ба? Ары-бері зерттемейсіз бе?» дедім. Ол тыңдамай бұрылды да, шығып кетті. СИ-18-ге жіберді. Сол жақта жаттым. Таңертең 9-дан кешкі 6-ға дейін жай тұрғызып қояды. Ешқандай сұрақ қоймайды, тек тұрғызып қояды. Күнде осылай жалғаса берді. Арасында келіп, «Мойындайсың ба?» деп мысқылдап кетеді. Менің бастығым мойор Әбікешовты дәлізбен былай да, олай да өткізіп қояды. Қалтасына қолып салып алып, ол жүре береді. Психологиялық қысым жасаған түрлері ғой. Мен солай үндемей жүрдім. Екі айдан кейін туған әпкемді «комитетчик» шақырып, соны араға салып жүріп мойындатты. Содан соң барып «алдым» дедім. Келісімшартқа отырдық. Санкцияның бітуіне 4 күн қалғанда «Жібересіңдер ме?» деп едім, олар мақұлдады. Ауылдағы әке-шешемнің қара шаңырағын 6,5 миллион теңгеге залогқа қойып, сол жерден шықтым», — деді Бақыт.
«Түрмеге Дубайға кеткендей шығарып салды»
2019 жылдың наурызында бостандыққа шыққан соң, 2020 жылдың қаңтарында қайта сотқа шақырту келген. Аяқасты келген хабардан соң 2-3 ай бойы сот болып, Бақыт Нұрмаханбетов 8 жылға бас бостандығынан айырылған. Бір қызығы, ол әділдік таппайтынын білді ме, сотқа сөмкесін жинап, дайындалып барған.
Сотталған соң ол Тараз қаласында 8 ай жатып, қайта шыққан. Алматыда онлайн сот болып, Б.Нұрмаханбетовты ақтап, бірақ 366-бап бойынша кінәлі деп тапқан.
«Таразда 8 ай жатып, қайта шықтым. Алматыға алып келді. Өзім не боп жатқанын түсінбедім. Менің не адвокатым жоқ. Өздері соттап, өздері босатып жүр. Онлайн сот болды. Төртеуін ақтап, төртеуін 366 баппен қалдырды. Ал бізді қылмысты жасырды деп айыптады.
Мен сонда Сот мырзаға: «Сот мырза, біз олардың несін жасырамыз? Олар бұның бәрін органдармен бірігіп істеп жатыр. Мен қазір тікелей Тоқаевқа арызданбасам, кімге барып айтамын? Прокурорың да, адвокатың да, комитет те жанымызда жүр. Біздің бастық солардың бәрімен бірге жұмыс істеп жатыр. Кімге айтуымыз керек?» дедім. Оны да тыңдамады. Содан әлі жүрміз. Не сотталғандар, не жұмыс істеп жүргендердің қатарында жоқпыз. Бізге әділдік керек», – дейді Нұрмаханбетов.
Екі жылын абақтыда өткізген Нұрмаханбетов үш рет қамалған. Олардың ішінде ең ұзақ подполковник Әзиз Жиеналиұлы Әділбеков 8 жылдың 6 жылын отырып шыққан. Айта кету керек, әскери сот Б.Нұрмаханбетовты 5 мыңнан үш эпизодта 15 теңге алды деп айыптаған. Яғни, айып тағушының пікірі бойынша, оның бастығы шекарадан жанармай өткізіп жүрген Қырғызстан азаматынан бір рет 4 миллион теңге алып, содан 5 мың теңге оған берген, тағы 3 миллионнан аса алып, тағы 5 мың берген екен, дәл солай үшінші рет те пара алған кезде ауызбастырық ретінде 5 мың берген-мыс. Сонда 3 эпизодтан 15 мың теңге алғаны үшін соттаған. Бұл солардың сөзі бойынша. Ал оның бастығы сотта куәгер ретінде тіркелген.
«Құрттаған тамақ, өзгертілген видео, ажырасу»
Сотқа дейін Б.Нұрмаханбетов біраз қиындықты бастан кешкен. Тіпті мойындату үшін оларға түрлі психологиялық шабуыл жасап, көрмегенді көрсеткен.
«Түрмеде көрмегенді көрдік. Жасыратыны жоқ, соғыста қолға түскен сарбаздардың өзіне бұлай істемейтін шығар. Комитеттің адамдарының қолы ұзын екен. Құрттаған тамақты да берді. Су, нан бермей екі күн жалғыз ұстады. Бәрін істеді. Эспертизаға барғанда осының бәрін айтсақ, олар да күледі, «Мүмкін емес» дейді. Дәлізде қолымызға кісен тағып, таңғы 9-дан, кешкі 6-ға дейін еңкейіп тұратынбыз. Бағынбасаң теуіп кетіп, бүйрегіңнен ұрып кетеді. Бұл деген психологиялық шабуыл ғой. 2 ай Уақытша қамау изоляторында жатқанымызда солай істеді», — деді Бақыт.
Ол өзіне және басқа сарбаздарға әділдік керек екенін айтты.
«Біздің сұраққа жауап беретін адам табылса дейміз. Сот болып жатса, комитеттің адамдары басқа бөлмеде камерамен көріп отырады. Оны көріп қойған адвокат «Судья неге олармен бірге жұмыс істеп отыр?» деп шағымданып, басқа Судьяны талап етеді. Ал ол өз көмекшісін жіберген. Содан адвокат оған да көңілі толмай, Астанадан шақыруды талап етеді. 15 минуттан кейін қайта бірінші судья келді. Бұл өзі қаншалықты дұрыс?», – дейді Бақыт шамданып.
Оның сөзінше, тіпті, комитет қызметкерлері видеоны да өзгертіп, пара алғанын мойындады деп көрсетуге тырысқан.
«Тоқаевқа арыз жазғанмын, ол кісіден комиссия да келген. Бәрінің істі қарап жатқаны туралы хат келген. Дәл менде дәлел жоқ. Істе бір видео бар. Өзім футбол ойнаймын. Мені кабинетіне Әбікенов шақырған, «ертең жарыс болады, соған барасың. Әке-шешең қалай?», «Аха, жақсы» деп кеткенбіз. Сондағы «аха» деген жауабымды комитеттің адамдары, «Ақша алдың ба?», «Аха» деп шығарып алған. Бұл істе бар видео. Монтаж жасалған. Сотта эспертиза бейнесі менікі, бірақ дауысы өзінікі емес деп көрсетіп берді. Дәлелденген күннің өзінде соттап отыр. Барлық органға бардық. Ешқайсысынан оң жауап алмадық», – дейді Нұрмаханбетов.
Жоғарғы сот шешімі
Бұл қылмыстық іс Жоғарғы сотта апелляциялық және кассациялық тәртіппен қаралғандықтан, ішінара ақталған шекарашылар үкімі қайта қаралмайды. Тек Бас прокурордың наразылығы бойынша қаралуы мүмкін. Бірақ онда да істі қайта қарауға жаңа негіздер пайда болған жағдайда ғана қарастырылуы мүмкін. Сондықтан шекарашылар қол қусырып отырмай, әрекет етіп жатыр. Еске сала кетсек, біз жоғарыда шекрашылардың біразын ақтап, біразын жауып жібергенін айтқан болатынбыз.
Қордай шекарашыларының даулы ісін түсіну үшін біз 2022 жылғы 19 шілдеде Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қаулысының көшірмесін және Бас прокурорға жолданған жеке қаулысының көшірмесін тауып, зерттедік.
Елдің ең жоғарғы сот инстанциясының гарнизондық сот пен апелляциялық алқаның жұмысына сын айтқан қорытындылары бізді таңғалдырды.
2018 жылы ҰҚК әскери қарсы барлау органдары Қордай шекара отрядының екі бөлімшесі – «Сарытөбе» мен «Ауқаттыдағы» сыбайлас жемқорлығы жайлы анықтайды. Бірінші бұл «Сарытөбе» бөлімшесінің бастығы, майор Руслан Әбікешовтің шекара одан жанар-жағармай өткізбек болған «Бек» есімді азаматтан пара алып отырыпты.
Енді істегі қызық жағдай — айыптау нұсқасына зер салсақ, «Сарытөбе» бөлімшесінің 24 әскери қызметкері пара алу туралы білгеннен кейін, майор Әбікешовтен заңсыз табысын олармен бөлісуді талап еткен. Сарбаздар бастықтың шетелдіктермен не қылып, қалай келіссөздер жүргізіп жүргенін білмейтіндерін айтты.
«Қарға қарғаның көзін шұқымайды»
Қылмыстық іс материалдарына қарасақ, қарсы барлаушылар Әбікешовті жедел бақылауға алды. Нәтижесінде олар оны сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деп әшкерелеп, 2018 жылғы 5 желтоқсанда тұтқындады. Ал келесі күні, 6 желтоқсанда, ол қарсы барлау қызметімен ерікті түрде «бірлесіп» шыға келді. Солай 24 адамды соттап жіберген Әбікешовтің ісі «қарға қарғаның көзін шұқымайды» дегенге саяды.
Қылмыстық іс материалдарында «Сарытөбе» шекара бөлімшесінің бүкіл жеке құрамы қылмысқа қатысты екені айтылады. Құжатта шекарашылар шекарадан өткен жүргізушілер мен құжаттары күмәнді адамдардан пара алып, кейін бұл табысты шендері мен лауазымдарына байланысты өзара бөлісіп отырған делінген. Бір тәуліктік кезекшілік кезінде бір бақылаушының ең төменгі заңсыз табысы 20 мың теңге, ал ең жоғарысы 200 мың теңге болған. Бірақ бұл көрсеткіштер бөлімше басшысы мен оның екі сенімді адамының сөздеріне негізделіп жасалды. Ал ұсталған шекарашылар пара алғандарын жоққа шығарды.
Мәселе судья сотталғандардың тағдырына қатысты әртүрлі шешім шығарғанында. Әбікешов 2018 жылғы 6 желтоқсанда ҰҚК-мен ынтымақтастық туралы құжатқа қол қойғандықтан, сот содан кейін парақорлыққа қатысты бар деректерді дәлел ретінде қабылдамады. Өйткені олар арандату мен манипуляция нәтижесінде алынған деп танылды. Сондықтан, 6 желтоқсаннан кейінгі эпизодтарда аттары аталған 13 шекарашы толық ақталды.
Жоғарғы Соттың қаулысында «бірінші және апелляциялық инстанциядағы соттар қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңдары нормаларын өрескел бұзды, бұл кінәсіз адамдардың сотталуына әкеп соқты» деп айтылған. Олар сотталғандардың әрекеттерін дұрыс сараламады, жазаны дұрыс тағайындамады.
Құжатта соттың «Сарытөбе» шекара бақылау бөлімшесінің әскери қызметкерлері Әбікешовтен параның қылмыстық үлесін шекара қызметкерлеріне бөлуді талап етті деген қорытындылары ешқандай дәлелмен расталмағаны анық жазылған. Сондықтан 13 сотталған шекарашыға қатысты ҚПК-нің 35-бабының 1-бөлігіне сәйкес, олардың әрекеттерінде қылмыс құрамы болмағандықтан, ақтау үкімдері шығарылды.
Сонымен қатар, Бас прокурордың атына «алдын ала тергеу органы тарапынан заңның өрескел бұзылуы» туралы жеке қаулы шығарылып, оларды жою үшін шаралар қабылдау тапсырылды.
Редакциядан
«Жұт жеті ағайынды» демекші, қырсық бір айналдырса, шыр айналдырып сотталған шекарашылардың біразы отбасынан ажырап қалған. Бірінің әйелі тастап кетсе, енді бірі, Нұрмаханбетов сияқтылар 8 жылға сотталғанда өз еркімен әйелімен ажырасуға бел буған. Яғни шекарашылардың уақыты да босқа кетіп, отбасы да ойран болған.
Біз 2019 жылы ҰҚК-де болған азаптау оқиғалары бойынша тергеудің одан әрі барысын бақылап отырамыз. Генерал-прокурордың Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы жемқорлық ісін жүргізу кезінде заңның өрескел бұзылуына жол берген ҰҚК тергеу-оперативтік тобының мүшелеріне қатысты қандай шаралар қабылдағаны өте маңызды.
Жаңалықтар
- Желіде әскери техниканы түсірген қорғаныс министрінің әйелінің бейнебаяны талқыланып жатыр
- 4 адамның өліміне себепші болған жүргізуші 5 жыл арқалады
- «Олар бізді пышақтап кетеді»: Қызылордадағы қыздың анасы Orda.kz-ке сұхбат берді
- Ақтөбеде бюджет қаражатын букмекерлік кеңселерге жұмсағандар анықталды
- Светлана Жолманова 2 айға қамалды
- 5 жылға созылған Лиза Пылаеваның ісі: айыпталушылардың бәрі ақталды
- «Бір адам көз жұмды»: Бокстан ұлттық құрама жаттықтырушысын атып кетті
- Қарағандыда ер адам 17 жастағы жігітті соққыға жықты
- «Ломбарқа өткізген»: Алматыда фельдшер науқастың алтынын шешіп алған
- Президенттікке кандидат болған экс-депутат өгей қызын зорлап, дүниесін тартып алған
- «Көкшетаудағы сыз үйге мәслихат төрағасы келді»: Ол қарт анаға қалай көмектеспек?
- «182 мың теңге үшін»: Теміртауда қылмыскер әйел 3 жылға сотталды
- «Зорлаған»: Өз пәтерінен мәйіті табылған жас дәрігерді танысы қасақана өлтірген
- Қазақстанның сыртқы қарызы 3 миллиард долларға өсті
- Қайрат Нұртастың жұбайы Жұлдыз бейтаныс адамдар қысым көрсеткенін айтты
- Полиция Талғар маңындағы атысты жоққа шығарды
- Шу ауданында ер адамның балаларына 11,2 млн теңге қарызы бар екені анықталды
- Астанада 18 млн доллар айналымы бар Sax Invest қаржы пирамидасы құрықталды
- Lenovo директорының өліміне қатысты күдікті ұсталды
- «Анам сатып жіберді»: құлдықта болған малшы мен баласының ауыр тағдыры