Қазақстан құшақ жайып қарсы алатын Павел Дуровтың басы неге дауға қалды?

cover Фото: telegram/ durov

Соңғы күндері халықаралық жаңалықтардың басты тақырыбы – Telegram және «ВКонтакте» әлеуметтік желілерінің негізін қалаушы Павел Дуровтың Парижде ұсталғаны болды. 28 тамызда, кәсіпкерді сотқа жеткізіп, оған айып тағылды. 

28 тамыз кешінде Париж соты Павел Дуровты қамаудан босату туралы шешім қабылдады. Бұл туралы француздық BFMTV телеарнасы хабарлады. Соған қарамастан, Telegram негізін қалаушысы сот бақылауында қалады. Тергеу аяқталғанға дейін Франциядан кетуіне тыйым салынады.

Orda.kz Ресей, Франция және Қазақстан билігі мен Дуровтың арасы жайлы саралап көрді.

Парижге барып абақтыдан бір-ақ шықты

Цифрлық технологиялардың басында тұрған адамдардың үнемі дау-дамайға қалатыны жасырын емес. Олардың қолында қаншама адам жайлы жеке ақпараттар бар? Мысалы, америкалық кәсіпкер Илон Маск ChatGPT әзірлеушісі OpenAI мен оның бас директоры Сэм Альтманға қарсы соттасқан болатын. Бір қызығы осы соттан кейін, Илон Маск SpaceX-тегі әйелдермен қарым-қатынаста этика нормаларын бұзып, жыныстық емеурін көрсеткен деген ақпарат тарап кетті. Енді міне, ресейлік Павел Дуровтың да басы дауға қалып отыр.

The Wall Street Journal хабарлауынша, Павел Дуровқа Франция билігі бұрын әлдеқайда жылы қабақ танытқан. Мысалы, 2018 жылы ол тіпті Эммануэль Макронмен бірге түскі ас ішкен. Сол кезде француз президенті Дуровқа Telegram-ның штаб-пәтерін Парижге көшіруді ұсынған екен. Бизнесмен бұл ұсыныстан бас тартқан. WSJ дереккөздерінің қарасақ, ол сол кезде Франция азаматтығын сұраған.

Міне, алты жыл өткен соң жағдай түбегейлі өзгерді. Павел Дуров Париждегі Ле-Бурже әуежайына келгенде оны дереу тұтқындап, он екі бап бойынша айып тақты. Оның ішінде ауыр қылмыстар да бар. Оған онлайн қылмыстарға қатысы бар деген айып тағылып отыр. Соның ішінде балалар порнографиясын, есірткілерді және заңсыз ақпараттарды тарату айыптары да бар. Politico басылымының мәліметінше, бизнесмен мен оның ағасы Николайға қатысты тұтқындау жайлы ордер наурыз айында шыққан.

Тіпті сөз жүзінде деген күннің өзінде Павел Дуров билікпен шығыспады. 2006 жылы ол Ресей оппозиционерлері арасында танымал болған «ВКонтакте» әлеуметтік желісін құрды. Бизнесмен қауіпсіздік органдарына оның пайдаланушылары туралы ақпарат беруден бас тартты. Сайтын Путиннің жақын серіктерінің бірі, олигарх Игорь Сечинге сатудан да бас тартты. Өз сөзінде ол 2014 жылы Украинадағы жаппай наразылық қатысушылары туралы ақпаратты Ресей билігіне беруден бас тартқаны үшін туған жерінен кетіп қалғанын айтты.

Кәсіпкер өзін цензурамен күресуші, сөз бостандығын қорғаушы ретінде жақсы көрсете білді. Ол эксцентрик, бірақ тартымды жас байдың образын шебер көрсете білді. Уақыт өте келе жұрт назарын аударатын мәлімдемелер жасады. Мысалы, әлемнің 12 елінде жүзден астам баласы бар екенін айтты. Сондай-ақ мемлекеттік органдармен ынтымақтастықтан ашық түрде бас тартты.

Көшпенді

Ресейден кеткен миллиардер Таяу Шығыс, Еуропа және Америка арасында «көшіп жүріп», әртүрлі мемлекеттердің паспорттарын жинады. Франция мен БАӘ Дуровқа 2021 жылы азаматтық берді. Сонымен қатар, БАӘ Telegram-ды қабылдап, платформаға 75 миллион доллардан астам инвестиция құйды. Бұдан бөлек, Петербор тумасы Кариб теңізіндегі Сент-Китс және Невис микродемократиясы азаматтығын алды.

Франция мен БАӘ азаматтығын алғаннан кейін, миллиардер осы елдерде еркін жүре алды. Олар бұған дейін Дуровты мұқият бақылап келген еді. 2017 жылы француз барлау қызметі БАӘ әріптестерімен бірлесіп бизнесменді қадағалай бастады. Оның айфонын тыңдап, «Күлгін музыка» деген кодтық атауымен құпия операция жүргізді. Себебі, террорлық ұйымдардың, атап айтқанда «Ислам мемлекеті» (Қазақстанда тыйым салынған) террористерінің Telegram қолданғаны үшін бақылауға алған болатын. Сол үшін Telegram жалпы БАӘ-де алаңдайтын мәселеге айналды. Жергілікті мемлекеттік органдар шифрланған қоңырауларды қауіпсіздікке қатер ретінде санады.

Билік органдарының мұнша қадағалауына қарамай, миллиардер Дуров өзін барынша байыпты ұстады. Француз азаматтығы Дуровқа Еуропа бойынша еркін жүруге және АҚШ-қа тұрақты баруға мүмкіндік берді. Ол өз сұхбаттарында Такер Карлсонға АҚШ-та әр кез әуежайда оны ФБР агенттерінің қарсы алып, ынтымақтастық жөнінде келіссөздер жүргізуге тырысатынын мақтан тұтқан еді. Өзіне ешкім тиісе алмайтынына сенген Дуров қазір бармағын тістеп отыр. Ла-Бурже әуежайында оны тұтқындаған кезде, ол тіпті 6 айдан бері тергеу жүріп жатқанынан бейхабар болуы да мүмкін. 

«Францияның қатал саясаты, әсіресе Еуропада, ірі цифрлық компаниялардың қоғамға төндіретін қауіптеріне қатысты өсіп келе жатқан алаңдаушылықты көрсетеді. Билік Telegram, X, TikTok және басқа платформалардың дезинформация тарататынын, антисемитизм мен расизмді қоздыратынын және заңсыз сауданы қолдайтынынан қорқады. 2024 жылы Франция онлайн платформаларды мұндай контентті жою үшін билікпен ынтымақтастыққа міндеттейтін заң қабылдады» деп жазды The Wall Street Journal.

Дуровқа қатысты тергеу ісі құпия жүргізілді. Сондықтан Эммануэль Макронның бұл оқиғаның саясатқа ешқандай қатысы жоқ деген мәлімдемесі күмән тудырады.

«Дуров Қазақстанда қонақта болған еді»

Ресей мен Франция билігіне жақпаған Павел Дуровтың Қазақстан шенеуніктерімен қалай оңай тіл табысқаны таң қалдырады. Парижде ұсталғанға дейін кәсіпкер Қазақстанға келіп, «бизнеске қолайлы саясат пен тиімді салық» жайлы айтып кеткен болатын.

Дуровты Қазақстанға шақырған жаңа цифрлық даму министрі Жасұлан Мәдиев еді. Танымал IT-кәсіпкердің елге келуі оның өзіне де мәртебе болды. Сол себептен Мәдиев Дуровқа қолдау көрсетуге және оны қорғауға асықты.

Жасұлан Мәдиевке дейін цифрлық даму министрі болған Бағдат Мусин де миллиардермен келіссөздер жүргізді. Қазақстандағы Telegram жұмысының тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік беретін трафикті тікелей алмастыру туралы келісімге келді. Бірақ бұл келіссөздердің егжей-тегжейі құпия күйде қалды. Алайда Қазақстан келісім нәтижелеріне көңілі толғанын жасырмады.

Қазір Павел Дуров 5 миллион еуро кепілдік төлеп, қамаудан босату туралы шешім қабылдап отыр. Алайда аптасына екі рет полиция учаскесіне барып, есеп беріп тұруы қажет.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар