«Қарға қарғаның көзін шұқымайды»: Қайрат Сатыбалдының бостандыққа шығуы ненің белгісі?

cover Коллаж Orda.kz

Соңғы жылдары елге қайтарылған қаражат пен активтері арқылы жұртты таң қалдырған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды бостандыққа шығатын болды. Мұндай жолмен тағы кімдер бостандыққа шығады? Бұның бәрі жаңа әрі әділетті деп ұрандатқан Қазақстанның принциптеріне жата ма? Orda.kz тілшісі осы шешімге байланысты алдағы уақытта Қазақстан билігіне деген сенім мен көзқарастың қандай болатынын білу үшін еліміздің танымал саясаттанушыларының пікірін білді.

Алдымен Қайрат Сатыбалдының қандай қызметтерде істегеніне көз жүгіртейік. Қайрат Сатыбалдының қызметтік жолы тек ірі мекемелер мен компанияларда жетекшілік қызметтерден тұрады. Атап айтар болсақ, «Qazaq oil», «Қазақстан темір жолы» компанияларының вице-президенті болды. Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің кадрлық қызметінде жетекші, бұрынғы «Нұр Отан» партиясының хатшысы қызметтерінде болды. Сонымен қатар, «Қазақтелеком» компаниясы акцияларына иелік етті. Сондай-ақ, бірнеше коммерциялық компанияға жетекші болды. Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында елдегі ең ықпалды бизнесмендердің бірі болған Сатыбалдының байлығын «Forbes Kazakhstan» журналы 163 миллион долларға бағалаған еді.

Сатыбалдының қаңтар оқиғасына қатысы бар ма?

 2022 жылы қаңтар оқиғасынан кейін ұсталған Қайрат Сатыбалды «Қазақтелеком» және «Көлік сервис орталығы» компанияларынан ақша жымқырды деген айыппен 6 жылға сотталған еді. БАҚ-да «Сатыбалдының қаңтарға қатысы бар және ол Тоқаевқа қарсы шыққан», —  деген қауесет тараған болатын. Назарбаевтың немере інісінің қаңтардан кейін ұсталғаны нені көрсетеді? Билік Сатыбалдыны қаңтардағы қақтығысқа қатысы бар деп ұстады ма, әлде бұл тек сәйкестік пе? Сұрақ көп, жауап жоқ.

Сатыбалдының мемлекетке қайтарған активтері

Биылғы жылдың қаңтарында жемқорлыққа карсы іс-қимыл агенттігі Қайрат Сатыбалды билікке 650 млрд теңге қайтарғанын хабарлаған еді. Сатыбалдыға «қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру», «салық төлеуден жалтару» фактілері бойынша іс қозғалған болатын. Қылмыстық жолмен келген ақшаға Қайрат Сатыбалды шетелден түрлі мүлік алған, ал жымқырған қаражатты қазақстандық және шетел банктерге салып келген.

Артынша қайтарылған активтер — әкімшілік ғимараттар, эксклюзивті зергерлік бұйымдар, люкс үйлер, пәтерлер мен автомобильдер, акциялар мен компаниялардың үлестері, теміржол тұйықтары мен ақша қаражаттары екені мәлім болды. Сонымен қатар, 661,5 млн доллары шетелден қайтарылды. Атап айтар болсақ, Австрия, Лихтенштейн, БАӘ, Түркиядан табылды.

Шартты түрде бостандыққа шығудың хронологиясы

Енді осы қайтарылған қаражаттың хронологиясына бір көз жүгіртейік. 12 тамызда жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен бас прокуратура Сатыбалдының мемлекетке заңсыз иеленген қаражаттар мен активтерін қайтарғанын бірінен соң бірі хабарлай бастады. Жалпы сома 1,6 млрд доллар теңге болды. Ал тамыздың 15-де мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи әлеуметтік желіде «Қайрат Сатыбалдыны шартты жазамен босатуға дайындап жатыр ма?» деген жазба жариялаған болатын. Айтып ауыз жиғанша 16 тамызда Өскемен қаласының №2 соты Қайрат Сатыбалдының өтелмеген жазасының бөлігін жеңіл жазаға ауыстыру туралы өтінішін қарады. Нәтижесінде сот сотталушының өтінішін қанағаттандырып, жазасының өтелмеген бөлігін 3 жыл 3 ай 7 күн мерзімге бостандығын шектеуге ауыстырды.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев Қайрат Сатыбалды мен басқа да тұлғаларға қатысты жағдай биліктің өз нұсқасындағы индульгенцияны іске қосқанын көрсететіндігі айтады. Яғни, Күнә жасадың, кешірім сұрадың, индульгенцияны сатып алдың, және кінәсіз болып бостандыққа шықтың.
 

«Мысалы, Қайрат Сатыбалдының үкімін өзгертіп, оны түрмеден босатып жатыр. Ал экс-президенттің екінші немере інісі (Самат Әбіш  —  ред.) тіпті түрмеге де отырмады. Шартты мерзім алды. Қайрат Сатыбалдыға пробациялық бақылау қойылғанымен, мифтік «Жаңа Қазақстан» тағы да қос стандарттарын көрсетіп отыр»,  —  дейді Сәтпаев.

Саясаттанушының айтуынша, Марат Жыланбаев сияқты саяси баптар бойынша сотталғандарды билік қауіпті деп есептейді. Сол себепті, олардың үкімдері толығымен орындалып отыр. Билікке жақын сыбайлас жемқорлар мен мемлекеттік мүлікті ұрлағандар – менталитет бойынша билікке жақын, ал ар-ұжданына сай өмір сүретін саяси қарсыластар олармен келісімге бармайтығын айтты.

«Сол себепті, миллиардтаған қаржыны ұрлаған адамдарға тек қаржылық липосакция процедурасынан өтуді, кешірім сұрауды және индульгенцияны сатып алуды сұрайды. Осыдан кейін, олар біраз әлсірегенімен, әлі де бай болып, түрме торынан толық жазасын өтемей шығып кете алады. Бұл ішкі элиталық келісімнің қандай мүмкіндіктері бар екенінің белгісі» , —  дейді Сәтпаев.

Еске сала кетсек, бұған дейін сот Сатыбалдыны 6 жылға соттап мүлкін тәркілеу туралы үкім шығарған болатын. Сонымен қатар Қайрат Сатыбалдының бұрынғы жары Гүлмира Сатыбалдыға байланысты  сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі  заңсыз бас бостандығынан айыру, аса ірі мөлшерде бопсалау және ауыр зардаптарға әкеп соққан заңсыз әрекеттер бойынша тергеуді аяқтаған болатын. 

 Сатыбалдының бостандыққа шығуы Қайрат Боранбайдың салып кеткен сара жолы ма?

Естеріңізде болса, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы құдасы, бизнесмен, Forbes Kazakhstan рейтингі бойынша, еліміздегі ең бай 50 бизнесменнің бірі Қайрат Боранбайды да наурыз айында Сатыбалдыдан соң араға екі күн салып құзырлы органдар құрықтағаны мәлім  болды.

2023 жылдың қыркүйегінде Астана қаласының апелляциялық соты Боранбаевтың мүлкін тәркілеп, 6 жылға соттап, жалпы режимдегі колонияға жіберіп еді. Ал оның алдындағы сот оны «ірі көлемде бөтеннің мүлкін иемденді», «қылмыстық жолмен алынған ақшаны жымқырды» деп танып, 8 жылға соттаған болатын.

Ал 2023 жылдың қазанында Ақмола облыстық соты Боранбаевқа жаза мерзімінің үштен бірін және мемлекетке келтірілген шығынды толығымен өтеп, тергеумен белсенді түрде ынтымақтасқаны үшін жазасын бас бостандығын шектеуге ауыстырғанын хабарлады. Сонымен қатар, ол мемлекетке 90 млрд теңгенің мүлкін өз еркімен қайтарды. Оның ішінде мұнай кәсіпорыны, газ таратушы компания, қызмет көрсету кәсіпорны, қонақүйлер мен сауда-ойын-сауық кешендері, фитнес-орталықтардың желісі мен кеңсе ғимараттары бар.

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев  Сатыбалдының ісі Қайрат Боранбаевтың ісімен ұқсастығына баса назар аудару керектігін айтады.

«Бұл Қайрат Боранбаевтан кейінгі, құқық қорғау органдары құқықтық алаңда дауласа алған әрі активтерін қайтаруға мәжбүр болған екінші адам. Бұл жерде тек ақша ғана емес, басқа да себептер болуы мүмкін. Мүмкін, осы жылдар ішінде Сатыбалдымен түрлі ведомстволардың жауапты тұлғалары жұмыс істеп, мемлекет саясатының бірнеше бағыттарын анықтайтын қажетті ақпарат алған болар», — деді саясаттанушы.

Жаңа әрі әділетті Қазақстан принциптері қайда қалды?

Жоғарыда келтірілген фактілерге қарасақ, қос Қайраттың да бостандыққа шығу жолы бірдей. Қаңтар оқиғасынан кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен оның айналасындағы адамдар, ықпалынан айырыла бастаған еді. Экс-президенттің туыстарының біразы жоғары лауазымды қызметтерінен алынып, кейбірі қамалып, кейбірі елден Дубай, Түркия асып кеткен болатын. Ел аузында Жаңа Қазақстанның жаршысындай болған қылмыстық істер бүгінде көз алдымызда ақталып жатыр.

Дәл осылай қалыптасқан жүйенің әлі де биліктің бір бөлшегі болып тұрғанын сясаттанушы Дос Көшім баса айтты.  

«Бұл осы 30 жыл бойы қалыптасқан жағдай. Жүйе сондай, қарға қарғаның көзін шұқымайды. Кезінде Қуандық Бишімбаевты да уақытынан бұрын босатты. Ақыры не болғанын көрдік. Бұл қателік емес, қылмыс (Сотта Сатыбалдының «Қателіктерімді  мойындаймын» деген сөзіне қатысты — ред.). 732,8 млрд долларды қалайша қателік деуге болады. Осы 732,8 млрд долларды жымқыруға көмектескен сыбайластары қайда? Ол оның барлығын жалғыз өзі ұрлаған жоқ»

Қоғам көзінде Қанды қаңтардан кейін құрықталған Қайрат Сатыбалды ескі жүйенің жойылғандығын және Елбасы дәуірінің аяқталу белгісі ретінде қабылданды. Енді Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісінің бостандыққа шығуы — кез-келген мемлекетің қаржысы мен мүлкін талан-таражға салғандар кешірім сұрап, жазадан қашу әлі де жалғаса береді деген сөз бе? 


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар