Үйдің иесі тіркеуден шығып қалса, не істеу керек?

cover

Orda.kz редакциясына шілде айында үйдің иесі өз үйінен тіркеуден шығып қалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Араға 3 ай салып, тіркеудің мәселесі шешілгенімен, жер мәселесі көтеріліп, сұрақ ашық күйінде қалып отыр.

Үйдің иесі қандай жағдайда тіркеусіз қалады? Құжаттарын қалай қалпына келтіру керек?

Алматы қаласы Алатау ауданындағы Шаңырақ-2 ықшам ауданының тұрғыны жеке куәлігінің мерзімі өтіп бара жатқандықтан, төлқұжат бөліміне барған. Бірақ онда оның тұрақты мекенжай тіркеуі жоқ екені анықталды. 20 жылдай өз үйіне иелік етіп келген Гуля не болғанын түсінбейді.

– Жақында келінім «сіз бізді үй тіркеуінен шығарып жіберіпсіз ғой» дегенде қалжың шығар деп ойлағанмын. Сөйтіп, жеке куәлігімнің мерзімі өткендіктен, төлқұжатымды жасатуға бардым. Қажетті құжаттарды жинау кезінде тұрақты тіркеуім жоқ екенін білдім. Неге олай? Мен үйдің қожайыны емеспін бе? Мені өзімнен басқа тіркеуден кім шығара алады? Шошып кеттім, - дейді Гуля ханым.

Халыққа қызмет көрсету орталығына барған Гуляны ондағылар «базада қате кеткен болар, арыз жазыңыз» деп, қайтарып жіберген.

Осылайша, Гуля жолдамасын алып, ХҚО-дағы көші-қон қызметіне кезекке тұрды. Кезекті 1 апта күту керек. Ақыры өз кезегін күтіп, тіркеуге тұрды. Ең қызығы, ешқандай құжаты жоқ үйге тіркеуге тұрды.

ХҚО-да көшедегі үйлердің нөмірі өзгерген деп айтылды. Тек жер учаскесі мен бір ғана үйдің нөмірі тіркелген құжатты қайта жөндету керек. Жауапты органдар Шаңырақ ықшам ауданы Әуезов ауданынан Алатау ауданына көшу кезінде қателік кеткен болар деген болжам жасады.

Үйдің нөмірлері өзгергенмен жергілікті картада ешқандай өзгерістер жоқ

Үйдің жаңа нөмірі мен ескі нөмірі

Осылайша, араға 3 ай салып ештеңе өзгермеген. Гуля біресе анда, біресе мында барып, құзырлы органдардың табалдырығын тоздырумен айналысып жүр. Әкімдік қызметкерлері жіберген қателік үшін өз қаражатынан 30 мың теңге төлеп, үйдің құжаттарын жедел түрде жасатып жатыр. Себебі, қазір ол үй ауада тұр, өзі болса ауадағы үйде тіркеуде тұр.

Orda.kz редакциясы базада қандай қателіктер кетуі мүмкін екенін сұрап, халыққа қызмет көрсету орталығына хабарласты. Бірақ ондағылар «мұндай сауалдар әкімдікке қойылуы керек» деді. Әкімдіктегілер болса, халыққа қызмет көрсету орталығына сілтеді. Одан кейін әкімдіктегілер білмесе, көші-қон полициясынан сұрап көру керектін айтты.

Бізге де «қалай үйдің иесі тіркеуден шығып қалғанын» анықтау үшін тұйық шеңберді айналып өтуге тура келді.

Көші-қон бөлімі базада ақаулық болмайтынын және оның басқа түрлі де себептері кездесетінін айтты.

– Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйесі ондағы деректерді қорғауды қамтамасыз етеді. Азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеуден техникалық ақаулықтарға байланысты шығарып тастау фактісін жоққа шығарады, - деді бөлімде.

Өз үйі бола тұра, өз үйінде бөтеннің күйін кешкен Гуля анықтай келе, өзінің жекеменшік үйінің тіркеуінен бірнеше жыл бұрын шығып қалғанын білген. Бірақ оған осы уақытқа дейін ешқандай хабарлама келмеген. Тек көрші-қолаңнан «жақын маңдағы бос жерлерге үйлер салынып, тіркеуге қойылғандығы» туралы естіген.

Сонда бұрындары үйінің құжатын жасатып қойған адам, жаңа тұрғындар қосылған сайын үйінің құжатын қайта-қайта жаңартып отыруы керек пе?

Белгілі болғандай, жақында министрлікте осы мәселеге қатысты жаңашылдық енген екен. Ол бойынша азаматтарға тіркеуге қатысты кез келген өзгерістер СМС хабарлама арқылы келіп отырады.

– 2021 жылдың 14 қыркүйегінен бастап азаматтарға олардың тіркеуден шығарылғаны туралы, ал үй иелеріне олардың мекенжайы бойынша азаматты тіркеу туралы СМС-хабарламалар жіберіледі. СМС-хабарламаларды алу үшін мобильдік азаматтар базасында (МАБ) тіркелу қажет, - деп хабарлады ІІМ көші-қон қызметі.

Мәселен Гуля өзінің үйінде тіркеуден шығып қалғанын және үйінің құжаттары жарамсыз екенінен хабарсыз болған, себебі мұндай жаңашылдық енді қолға алынған.

Еске салсақ, 2019 жылдан бастап ХҚО-дағы көші-қон қызметкерлері тұрғылықты тіркеуге қоюды Азаматтарға арналған үкіметке өткізіп берген. Салдарынан, тіркеуге заңсыз делдал арқылы қою фактілер көбейіп кеткен. Бұндай оқиғаларды болдырмау үшін де СМС хабарлама жіберу қолға алынған.

Осыдан екі жыл бұрын үйлерінің құжаттарын жасатқан жаңа көршілері үшін тұрғындар қайта уақытын бөліп, құжаттарына қажетті өзгерістер енгізу керек пе? Бұл қаншалықты әділ? деген сұрақ туындайды.  

Көші-қон қызметі «оның жаңадан келіп қосылған көршілерге ешқандай қатысы жоқ» дейді.

–  2018 жылғы қарашадан бастап әрбір жылжымайтын мүлік объектісіне мекенжай тіркеу кодын (МТК) беру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, - дейді бөлімде.

Мекенжай тіркеу коды – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі («Мекенжай тіркелімі»), ҚР Әділет министрлігі («Жылжымайтын мүлік тіркелімі»), сондай-ақ ҚР Ішкі істер министрлігі (ХҚТ ТП) және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының түрлі ведомстволарының ақпараттық жүйелерін интеграциялауды талап ететін ауқымды жұмысы.

МТК коды «электрондық үй кітапшасына» көшуге мүмкіндік береді. Электрондық үй кітапшасының арқасында пәтер иелері пәтерде кім тіркелгенін тексере алады.

Жүйеде ақаулық бар ма?

ҚР ІІМ Көші-қон қызметінің айтуынша, ақаулықтар бар. Атап айтқанда, МТК кодын беру кезінде деректер базасының біріндегі мәліметтер басқа ақпараттық жүйеде дұрыс көрсетілмеген техникалық қателер кездеседі.

– Мысалы, бір код бірнеше жылжымайтын мүлік объектілеріне беріледі. Болмаса, мекенжайға басқа үйдің МТК коды беріліп кетеді. Салдарынан, азаматтың деректері басқа тұрғын үй иесінің мекенжайы туралы ақпаратта болады. Әрбір осындай жағдайды біз жеке талдап, себебін анықтап, деректер базасындағы мәліметтерді өзектендіру бойынша шаралар қабылдаймыз, - деп мәлімдеді көші-қон қызметі.

Демек, 3 жыл бұрын енгізілген жүйе әлі де бір қалыпқа келе алмай жатыр. Жоғарыда ең жиі кездесетін техникалық ақаулық мысалға келтірілген. Ең бастысы - 2 жыл бұрын қолға алынған істі реттеу қажет.

Тұрғылықты тіркеуден шығып қалған үйдің иесі не істеу керек?

– Егер азамат тұрғылықты жері бойынша тіркеуден негізсіз шығарылдым деп санаса, көші-қон қызметінің аумақтық бөлімшелеріне, ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитетіне жүгінуді ұсынамыз, - деп түсіндерді көші-қон қызметіндегілер.

Айта кетсек, тұрғылықты тіркеуден шығару не кіргізу құқығы тек меншік иесіне, яғни, тұрғын үй иесіне тиесілі. Оның рұқсатынсыз ешқандай шаралар қабылданбауы керек.

Ал Гуляның жағдайына оралар болсақ, оған барлық жерде тек күту керектігі айтылған. Қанша уақыт күтері белгісіз.

Orda.kz редакциясы бұл оқиғаны өз бақылауында ұстап отыр.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар