«Гипстеулі қолы мен бас-табанынан аяусыз ұрған». Алматылық Игісіновтің аурухана-абақты арасында көрген азабы

cover Рашид Игісіновтің изоляторға дейінгі және кейінгі суреті. Фото: Orda

Алматыда қаңтар көтерілісі кезінде көптеген адам түрлі дәрежеде жарақат алды, кемі 150 шақтысы қаза тапты. 49 жастағы Алматы тұрғыны Рашид Игісінов те алаң маңында жараланған. Ауруханадан таяқталып әкетілген ол өміріндегі ең ауыр күндерін абақтыда азапталумен өткергенін айтады. «ҰҚК қызметкерінің бұйрығымен полиция өлімші етіп азаптаған». Екі бірдей қылмыстық істе «негізсіз күдікті» әрі жәбірленуші ретінде танылған азаматтың басынан кешкен оқиғасын біліп көрдік.

Рашид пен Гүлмира екі қыздың ата-анасы. Қарашаңырақта қарт анасымен тұрады. Желтоқсан айында тұңғышын тұрмысқа беріп, қолдан ұзатқан. Игісіновтердің шағын жеке кәсібі бар. Әйелі Гүлмира Мақтаеваның айтуынша, жолдасы 5 қаңтар күндіз жұмыс орнын көріп қайтуға әрі анасының зейнетақысын банкоматтан шешіп алу үшін орталыққа барған.

Рашид Игісінов камераға сұхбат беруден тартынды, десе де адвокаты мен әйеліне басынан өткен жағдайды баяндап берген.

– 5 қаңтарда түсте жаңа жылдан бері жұмысқа шықпаған соң дүкенді қарап келейін деп әрі енемнің зейнетақысын банкоматтан алуға орталыққа кетті. Қоғамдық көлік не такси болмағаннан кейін Наурызбай батырға дейін жаяу жетеді. Әкімдіктің жанып жатқанын көріп қайтпақ оймен кері бұрыла бергенде қолым тыз етіп тоқ ұрғандай болды дейді. Сөйтіп сол қолына оқ тиген. Фурманов көшесінде адамдар жарасын таңып-байлап, бірнеше жаралымен бірге көлікке салып жіберген, – дейді жұбайы Гүлмира.

Рашид Игісінов отбасымен. Фото: отбасы мұрағатынан
Рашид Игісінов отбасымен. Фото: отбасы мұрағатынан

Палатадан жаралы хәлде сүйрелеп әкеткен

Рашидке Талғар ауданындағы ауруханада алғашқы жәрдем көрсетілген. Ауырсынуды уақытша басатын дәрі егіп берген соң кісі көбейіп, қарбалас болып кеткендіктен үйіне қайтқан. Дәрінің әсері қайтқан соң әбден мазасы кетіп, жарақат орны қақсатып ауырған. Келесі күні, қаңтардың 6-сы қалалық №4 ауруханаға барғанында УДЗ мен рентген нәтижелеріне сәйкес, дәрігер жатып емделу керектігін айтқан. Осылайша ауруханаға жатқызылады, алғашқы ота жасалады.

Көп өтпей, 8 қаңтарда полиция Рашидтің сырқатына қарамай палатада жатқан жерінен басқыншылықпен алып кеткен.

– 8 қаңтарда түскі астан кейін демалып жатқанда арнайы жасақтың екі жігіті төсегінен ұрып оятты. Олар бірден митингке неге бардың, қанша адам апардың, қару қайда деп сұрақ астына алып, бір-екі рет соққылады. Сол бойда шәркемен жүрген күйімде үстім желеңше қолымды қайырып алып шықты. Автозакқа оннан аса жаралы жігітті тиеп 70-ші разъезге (ЛА-155/18 түзеу мекемесі – ред.) алып келді, – дейді Рашид.

Бұл жағдайдан бейхабар Гүлмира жұбайының телефон қоңырауына жауап бермегеніне алаңдап, ауруханаға жетіп келген. Дәрігерлер құқық қорғау органдары әкеткенін ғана, басқа ештеңе білмейтінін айтқан. Ол күні бойы 1414, 102 нөмірлеріне хабарласып, дерегін біле алмаған. Күйеуін іздеп СИ-18, Түрксіб ауданының полиция басқармасы мен қалалық Полиция департаментіне де барған. Бәрі «ондай адам жоқ, келмеген» деген. Түрксіб аудандық басқармасына жазбаша арыз түсірген.

8 қаңтарда дәрігерлердің рұқсатымен әкеткеннін айғақтайтын шығару парағы. Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Азап ошағы СИ-18: «Апар, түсіндір мынаған!»

Қаңтардың 8-і түсқайта полиция түсінігіндегі «күдікті пациенттер» Түрксіб ауданында орналасқан ЛА155/18 түзеу мекемесіне жеткізілген. Рашид әйеліне айтқан сөзінде «автозактан түсе сала басымызды төмен қарата жүгіртіп отырып абақтыға кіргізді. Бәрімізді екінші қабаттағы №263 камераға тықты. Суық абақтыда таң атқанша аяқтан тік тұрғызып қойды. Жатып-отыруға рұқсат жоқ. Қайта-қайта тексеріп тұрады, өзара сыбырласып сөйлеуге де мұрша бермеді» дейді. Полиция айтқанына көндіру үшін адамдарды изоляторда адам төзгісіз жағдайда ұстаған.

– Ертеңгісін бергені – тек нан, ассуды краннан ішуге тура келді. 9 қаңтарда жігіттерді біртіндеп сұрақ-жауапқа алып кетіп жатты. Екі-үш сағаттан кейін ұрып-соғып әкеліп тастады. Кезек маған келді. Мені дәлізде-ақ сабай бастады, –  дейді ол.

Онсыз да ауыр жарақатпен түскен Рашидтің айтуынша, бетін тұмшалаған сақалды орган қызметкері дубинкамен басынан, қолының саусақтарын және табанынан аяусыз соққан. Көгеріп-қызарған, аяқ-қолы қан жара. Тіпті гипстеулі қолын ұрғылаған. ҰҚК терроризмге қарсы күрес бөлімінің қызметкері «жауап алудың» әдісі ретінде ұрып-соғуға нұсқау беріп тұрған.

«Тергеу кабинетінде митингке неге шықтың, қанша адамды апардың деп сұрақ астына алды. Шеруге қатысым жоқ, ешкімді ертіп барғаным жоқ дегеніне қарамай бастырмалай түсті. Комитет адамымын, 47 жастамын деген қызметкер істемегенімді мойындар болсам, жазаны жеңілдейтінін айтып ұсынды» дейді. Рашид жолдан қосылғанын, еш қылмысқа қатысы жоғын, заңбұзушылық жасамағанын әрі әкімдікке де жоламағанын қайталаған. Күткен жауабын ести алмаған комитетші «бұл түк ұқпайды екен, түсіндірші мынаған» деп қасындағы нөкеріне бұйырған.

Саусақ көбесінің жарақаттанғаны сонша үш аптадан кейін де толығымен жазыла қоймаған. Фото: отбасы мұрағатынан

– Артынша қараңғы бөлмеге апарды да қабырғаға қаратып, екі қолымды жоғары көтергізіп қойды. Арқамнан, бүйрек-бауыр тұстан қатты соққылады. Сол кезде ішімде бірдеңе кілт еткендей болып, қатты ауырғанын сездім. Жаңағының алдына қайта әкелді. «Сөзің енді өзгерген болар?» деген сұрағына ешкімге жала жаба алмайтынымды, ешкіммен байланысым болмағанын, жол-жөнікей қосылғанымды, қару-арандатуға қатысым жоғын айттым. Ұрып-соққаны қате тиіп, қатты ауыртты, өңім бұзылып кетті, – дейді Рашид.

Ештеңе шықпасын білді ме, өлімші етіп сабалған түрін көріп, камераға апарып тастаған. Күннен-күнге хәлі нашарлай берген. Содан бері қан құсып, кіші дәретке бара алмай, есі кіресілі-шығасылы, бүк түсіп жатқан. Қасындағы жігіттер аузына су тигізіп, жедел жәрдем шақыртуды сұраған. Түрме қызметкері «мынаның жанары бар екен, өлмейді әлі» деп медкөмек көрсетуден бас тартқан.

Рашид Игісіновтің абақтыда азапталғаннан кейін үш аптадан соң, жарты ай ауруханада емделіп оңалғандағы хәлі. Фото: отбасы мұрағатынан

Қапастағы қорлықтан қан құсып, есінен танған

14 қаңтарда жүруге мұршасы келмей, қатты сырқаттанып тұрған Рашидті күштеп тергеу сотына қатыстырған. Онда оқуға шамасы келмеген әлдебір қағаздарға қол қойғызған. Оған дейін тексеруге келген делегацияға жақ ашып, шағымданар болса, оңбай таяқ жейтінін айтып қорқытқан. Негізсіз азапталғанына шағынған камералас жігіттің бірін ыстық сумен күйдіргенін көрген соң сырттан келген қоғамдық өкілдерге тіс жарып бірдеңе айтудан жүрексінген.

Қаңтардың 9-ы күнгі соққыдан сол күйі тұра алмай төрт-бес күн қараусыз жатқан, жарақат орнынан қанына инфекция түскен. Кіші дәретке шыға алмай қатты қиналған.

Гүлмира 14-і күні камерадағы жігіттер күйеуіне ыстығырақ шай бергенін айтады. Оны іше алмай қою қан құсып, есінен тана бастаған. «Жанындағылар бүгін ауруханаға апармаса, көз жазып қалуы мүмкін деген соң жедел жәрдем шақыртқан». Мұны камерада бірге отырған Саят Әділбеков журналиске берген танымал сұхбатында да растаған.

«Игісіновтің табанынан соққан. Қансырай бастады. Адамша ұйықтай да алмады. Қолымыздан тілеуін тілеуден басқа ештеңе келмеді. Ол үш күн бойы дәрігер шақырттық. Ешкім мән бермеді. Тағы да таяқ жегілерің келіп тұр ма деп айқайға салады. Бақытыма орай болар, мені оларды азаптаған бөлмеге алып барып үлгермеді», – деп еске алады Әділбеков Динара Егеубаеваға берген сұхбатында.

15-25 қаңтар аралығында стационарда жатқан кезде қойылған диагноздар. Фото: отбасы мұрағатынан

«Бар айыбы – алаңда болғаны, атылғаны»

Бұл уақытта Гүлмира жолдасын жанұшыра іздеп жүрген. Екі адвокат ауыстырып үлгереді. 86 жастағы енесі ұлының жағдайына қатты алаңдап, сырқаттанып қалады. Қарияның күтімі мен үй шаруасы, бала-шаға, жұмыс... Бәрін мойнына арқалаған әйелге күйеуі отырған мекеме жалған ақпарат беріп, қалалық ПД-ға сандалтады.

Кейін Қылмыстық кодекстің 272-бабы 2-бөлігі («Жаппай тәртіпсіздік») бойынша күдікті ретінде танылғанын біледі. Әйелінің сөзінше, құқық қорғау органдары жараланғандардың бәрін шептің бірінші қатарында болғандар деп айыптаған. 15 қаңтарда түнгі коммендант сағатында 02.46-да жасырын нөмірмен хабарласқан әлдебіреу жолдасы ауруханада жатқанын айтып, дереу ауыстыратын киім әкелуін ескертеді. Таңды тағатсыздана атырған Гүлмира күнмен таласып, №4 ауруханаға жетіп барады.

Аурухана жеткізілген түні хирург ішкі құрылысына ауыр жағдайда ота жасаған. Төсекте күзетпен кісендеулі бүктеліп жатқан Рашид әйелі адвокатпен кіргенде тергеуде азапталып, таяқ жегенін ымдап әрең жеткізген. Үш күн жансақтау бөлімінде жатады. 25 қаңтарда сүйегі уатылған сол қолына тағы да ота жасады. Қанына инфекция түскен, анализдері нашарлап кеткен.

31 қаңтарда СИЗО-ға қайта жөнелтілген. Прокуратураға барып, тынымсыз шағымданған соң ақпаннның 1-і қолхатпен үйге жіберген.

– Алғашқы күндері антикордан азаптау фактісі бойынша арыз қабылдайтын маман келеді деп үйде күттік, келмеді. Жолдасымның дене қызуы көтеріліп, басы айналып, хәлі нашарлаған соң үшінші күні жедел жәрдемге жүгінуге тура келді. Көз алдымда әлі құрып, барған сайын хәлі нашарлай түсті. Айырылып қалам ба деп қорықтым. Аурухана мен емхана ресми тіркеуді алға тартып, бір-біріне сілтеп қабылдамады. Жолдың ортасында жолдасым есінен танып жатқанда бір-ақ әкетті. Қалалық орталық ауруханада толық тексерістен өткізді, гемоглобин құлдырап, асқазан-ішек жолдарында соққыдан жара пайда болған деген соң ақылы бөлімге жатты, – дейді Гүлмира.

Оқ тиіп гипстелген қолын ұрып-соққаннан кейін білек сүйегі монтедж сынығына ұшырап, Илизаров аппараты қойылған отаға байланысты үшінші рет ауруханаға жатқызылған. Фото: отбасы мұрағатынан

Гипстеулі қолынан ұрған, табанынан аяусыз соққан – абақтыда тапқан дерттер

Гүлмира күйеуі Рашидтің денсаулығына зиян келгенімен қоса, моральды қысымға ұшырағанын айтады. Түрмеден шыққалы әлі емделіп жатыр. «Жолдасым қатты қорқып қалған. Артынан біреу қойып қалатындай үрейде жүреді. Қазір әлсін-әлсін беті бері қарап келеді. Бірақ бұйығы болып қалған. Адаммен ашылып сөйлеспейді. Қыздарын төбесіне көтеріп, айналып-толғанып еркелетіп жүрген әкесі қазір бұрынғыдай жадырамайды» деп мұңаяды. Жарақатының ауырлығы сонша екі ай антибиотик алса да табанының қанталаған гемотомалары әлі жазылып үлгермеген. Гипстеулі жаралы қолының үстінен ұрғаннан сүйектері сынған, әзірге Илизаров аппаратымен жүруге мәжбүр.

Алаңда болған алғашқы күні «мылтық оғынан сол қолының білек сүйектерінің қосарланған монтедж сынықтары» диагнозымен түскен Рашидте тергеуден кейін көптеген ауыр дәрежелі жарақаттар анықталған.

Медициналық құжаттарға қарағанда, изолятордағы азаптаудан он екі елі ішегі тесіліп, ойық жара пайда болған. Азқазан жарасы қатты қансыраған. Бауырына қатты зақым келіп, диффузды серофибринозды перитонит диагнозы қойылған. Одан бөлек тері және тері асты тіндеріне инфекция түскен. Асқазан-ішек жолдарының перфорациясы, оң бөліктегі вена тамыры тромбозы ауруларына шалдыққан. Жаралы қолы соққыдан шынтақ сүйектерінің сынып-шытынаған [диафиза]. Қол саусақтарының ашық жарақаты тіркелген.

Қазір Рашид үшінші отада қойылған Илизаров аппаратымен жүр. 20 ақпанда түсірілген. Фото: отбасы мұрағатынан

«Полиция Рашидті төрт күн заңсыз қамаған»

Адвокат Нұғман Бданов ұстау-тергеу кезінде бірқатар өрескел заңбұзушылықтарға жол берілгенін айтады.

– 8 қаңтардан бастап төрт күн заңсыз қамаған, тек 12 қаңтарда жедел-тергеу тобы құрылған. Жалған хаттама толтырылған, онда 12 қаңтарда күдіктінің әйелі 7.00-де әкелді деп жазған. Осылайша полицияның ауруханадан басқыншылықпен әкеткенін жасырмақ болған. Қолына оқ тиген жарақатына байланысты шығару құжаты 8 қаңтарда таңғы сағат 8.00-де дайындалғанын көріп, аурухана басшылығы құқық қорғау органынан тапсырма алғанын білген деуге болады. Демек дәрігерлер алдын ала хабар алған болып отыр. Науқас пен туыстарына хабар бермей сырттай әрекет ету – заңсыздық. Абақтыда азаптау фактісі орын алған. Бұл жөнінде антикорға шағым түсірілді, сот-медициналық сараптама жасалды. Қазір тергеу жүріп жатыр, – дейді Бданов. 

Редакция қаладағы №4 аурухана әкімшіліген жағдай жөнінде сұрап-білмек болды. Алайда аурухана Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына, ал басқарманың баспасөз қызметі Бас прокуратураға сілтеді.

Қорғаушы Игісіновті алаңда кімнің атқаны белгісіз болғанымен, ұстап-әкеткендер мен азаптағандарды аурухана мен түзеу мекемесіндегі бейнежазбадан анықтауға болады. түрмеде азаптағандарды анықтауға болады дейді. Тергеу шынайы жүргізіліп, бейнебақылау тексерілсе, кінәлілерді – комитет өкілі мен ұрып-соққан камуфляждағы сақалды қызметкерді табу қиын емес.

Рашид антикор тергеушісімен азаптау болған оқиға орнында көрсетпе берген. Ал ол күдікті ретінде танылған іске байланысты қалта телефонын полиция айғақ зат ретінде алған. Деректерді саралау үшін сараптама тағайындалған болуы мүмкін. Игісінов өзіне тағылған айыпты жоққа шығарады.

«Желтоқсанда ғана қызымды ұзатқан адаммын, жас бала емеспін. Әкімдік жанып, айнала шашылып жатқанын көрген соң қайтпақ болдым. Сол бетте оқ қақты. Ешкімге, әлдебір қылмысқа қатысым жоқ» дейді Рашид.

Бір айдың ішінде төрт мәрте ауруханаға жатқызылған Рашидтің ақпан айындағы шығару парағы. Фото: отбасы мұрағатынан

Тергеушінің адвокатқа айтуынша, әу баста ҰҚК қызметкерлері келіп, керек адамдарын «заңсыз әдістерімен» қорқытып-азаптап алып кеткен. Гүлмира «мынадай жағдайдан кейін құқық қорғау органына қалай сенеміз» деп ашынады.

Қазір күдікті әрі жәбірленуші ретінде екі бірдей статуста танылған Игісінов пен оның туыстары құзырлы органдардан «272-бап бойынша негізсіз қозғалған істі тоқтатуды және азаптаған кінәлілер жауыздығына лайық жауапқа тартылуын» талап етеді.

Қанды қаңтар қырғыны

Биыл қаңтардың басында газ бағасының күрт өсуіне байланысты Жаңаөзенде басталған бейбіт ереуіл саяси талаптармен республика көлеміне жайылып, соңы қантөгіске ұласты. Ресми деректе қатарында бейбіт тұрғыны басым, кемі 227 адам қаза болғаны хабарланды.

Бас прокуратураның соңғы мәліметі бойынша, қаңтар оқиғасына қатысты сотқа дейінгі 3096 іс тіркелген. Арнайы прокурорлар қарауында «жаппай тәртіпсіздік және терроризм актісі» айыбымен 181 іс тергеліп жатыр. 741 адам сот санкциясымен қамауға алынған. Ал ІІМ қарап жатқан 2729 қылмыстық іс бойынша 250 адам қамауда. 

Сонымен қоса, жақыны изоляторда азапталғанын айтып-шағымданғандар көбейгеніне қарамастан билік мойындар емес. Бас прокуратура құқық қорғау органдарының азаматтарды азаптау арқылы тергеуде заңсыз әдістер қолданғаны жөнінде түскен 363 шағымның 178-іне қылмыстық іс ашылғанын мәлімдесе де, ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов қамауда отырған азаматтардың азапталғанын толығымен жоққа шығарды. Президент пен депутаттар мойындаған азаптауларға байланысты Үкіметтің ұстанымы кереағар көрініс тауып жатыр.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар