Есірткі, түрме, АИТВ-ті жеңіп, өмірге қайта оралған адам

cover Коллаж: Orda.kz

Жылдар бойы қоғамда АИТВ тек жезөкшелер мен нашақорлардың ауруы деген теріс түсінік қалыптасқан. Бұл стереотиптер қоғамда көптеген аңыздар мен қателіктерге әкелді.

Orda.kz  АИТВ-инфекциясы – адамның иммун тапшылығы вирусы туралы жиі қойылатын сұрақтар мен қалыптасқан аңыздарға жауап іздеп, осы мәселеге терең үңілді.

Нұрәлі Аманжолов – өмірінің тең жартысын АИТВ-мен өмір сүріп, бұрын есірткімен ұсталып, сотталған, қазір «АИТВ-пен өмір сүретін адамдардың Орталық Азия қауымдастығы» ЗТБ президенті.

Мен Теміртау қаласының тумасымын. 8-сынып оқуымды аяқтап, колледжге «Эскаватор машинисі» мамандығына оқуға түстім. Кейін Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде «Менеджмент және басқару» мамандығы бойынша жалғастырдым, алайда оқуымды аяқтамадым.

АИТВ жұқтырғаныңыз жайлы қалай білдіңіз?

Өзімнің ауру жұқтырғаным туралы түрмеде жүргенде білдім. Бұл 27 жыл бұрын болған оқиға. Ол кезде өлім жазасына кесілгендей болдым. Менің алғашқы әйелім АИТВ жұқтыруыма түсіністікпен қарады, алайда 14 жылдай ол бізбен бірге емес. Бір кездері мен АИТВ өлімге әкелетін ауру деп ойлаушы едім, бірақ біздің елде АИТВ-нан да қауіпті кең таралған ауру бар, ол – онкология. Онкологиядан болатын өлім-жітім  көрсеткіші АИТВ инфекциясынан әлдеқайда жоғары. Сонымен қатар, стигма АИТВ-позитивтілерге қарағанда кең таралмайды. Бұл көбінесе берілу жолына да байланысты деп ойлаймын

Вирусы бар ата-анада АИТВ жұқтырған бала дүниеге келеді, бұл қаншалықты рас? 

Менің 23 жастағы ұлым, немерем де бар. Екінші рет үйлендім, 3 жастағы қызым бар. Қазіргі күні антиретровирустық терапия (АРТ) бар, яғни терапияның арқасында АИТВ позитивті ата-анадан көп жағдайда сау бала дүниеге келеді. Шамамен 15 жыл бұрын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы АИТВ-ті өлімге әкелетін ауру қатарынан алып тастады, қазіргі таңда бұл созылмалы және бақылауда ұстай алатын инфекция түрі.

АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың қоғамдағы тап болатын бірден бір мәселесі – әлеуметтік стигма. Стигма — бұл вирусқа шалдыққан адамдарға қатысты теріс көзқарастар мен дискриминация жиынтығы.

Бұл адамдарды қоғамнан шеттету, оларға деген жаман көзқарас немесе олардың құқықтарын шектейтін әрекеттер арқылы көрініс табады.

20 жыл бұрын және қазіргі қоғамдағы стигма жағдайы өзгерді ме?

Қоғамдағы 20 жыл бұрын және қазіргі стигма бойынша жағдайда айырмашылық бар, бірақ, өкінішке қарай, сондай алшақ  емес. Қоғамдағы стигманы барынша азайту қажет. Қазір ЖИТС (СПИД) термині қолданылмайды, өйткені терапия бар, яғни, уақтылы ем қабылдап жүрген адам осы сатыға дейін жетпейді. Бүгінгі күні вакцина да табылды, бірақ ол қымбат. Дегенмен ол бар.

Нұрәлі сотталғанына қарамастан, қазір «Қазақстан Халық партиясының» мүшесі, сондай-ақ 2023 жылы мәжіліс депутаттығына сайлауға түсті.  

Есірткі үшін ұсталып, 13 айдай отырып шықтым. 27 жыл өтті, сотталғаным өтелді. 2023 жылы Мәжіліс депутаттығына үміткер болдым. Бір кездері темір тордың ар жағында отырғаннан кейін, тексерістен өте аламын ба деген қызығушылық та болды. Сайлауға түсер алдында үміткерлерді прокуратура, ІІМ, Ұлттық қауіпсіздік комитеті тексереді. Маған рұқсат етілер ме екен деп ойладым. Тексеруден өткен кез мен үшін үлкен жеңіс еді. 

Мемлекет тарапынан қолдау бар ма?

Біз мемлекеттік органдармен тығыз жұмыс істейміз, мақсатымыз бір. Халыққа терапия қолжетімді болуын қалаймыз. Еліміз осы тұрғыдан ерекше, себебі антиретровирустық терапия мемлекет есебінен сатып алынады. Егер «Шығыс Еуропа - Орталық Азия» өңірін қарастыратын болсақ, онда тек екі ел өз азаматтарын АРТ қамтамасыз етеді. Ресей АРТ өзі өндірсе, біз сатып аламыз. Ал басқа Орталық Азия елдерінде бұл Жаһандақ қордың қаржысы есебінен жүзеге асырылады

«АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың Орталық Азия қауымдастығы» немен айналысады?

Біз психологиялық көмек көрсетеміз, дөңгелек үстелдер, адамдарды тестілеуден өткіземіз. Қазіргі уақытта облыстарда біздің 21 ұйымымыз бар. Көпшілік байланысқа дейінгі және байланыстан кейінгі терапия туралы айтпайды, бірақ бұл өте маңызды. Байланысқа дейінгі терапия – бұл жыныстық қатынас немесе басқа да жоғары тәуекелді байланыстарға дейін АИТВ жұқтыру ықтималдығын азайту үшін дәрі қабылдау. Бұл жағдайды сау екеніңізде сенімді болуыңыз қажет. Ал байланыстан кейінгі терапия-  егер сіз ине шаншып алсаңыз немесе АИТВ-позитивті адаммен жыныстық қатынасқа түссеңіз, жұқтырып алмас үшін 72 сағат ішінде дәрігерлерге жүгініп, препарат алу қажет және оларды бір ай бойы қабылдау керек.

АИТВ анықтай алатын ең жақсы тестілеу түрлері қандай?

Қазақстанда АИТВ тестілерінің 20-дан астам түрі бар, бірақ олардың сапасы күмән тудырады. Қазіргі таңда 4-ші ұрпақ тестілеріне басымдық берілуде, себебі олар 3-4 апта бұрын инфекция жұқтарған адамның АИТВ статусын дәл көрсете алады. Ал 3-ші ұрпақ тестілері тек 6-9 айдан кейін ғана нақты нәтиже береді, бұл кезде инфекция адамда бар болса да, тест оның бар екенін көрсетпеуі мүмкін — бұл «сұр терезе» кезеңі уақытын ұзартады. 4-ші ұрпақ тестілерінің дәлдігі жоғары және ерте диагностикаға мүмкіндік береді.

Балалармен қалай жұмыс істейсіздер?

Жасөспірімдермен көбірек жұмыс істеу керек, себебі қатарымызды көбейтетіндер солар. Мектептерге де барамыз, бірақ шектеулер көп, сондықтан жоғары сыныптағы оқушылармен ғана жұмыс істейміз.

Өзінің АИТВ статусы бар екенін жаңа білген адамға берер кеңесіңіз?

Ең бастысы — қатты қобалжымау. Барлығын тексеріп, қайтадан анализ тапсыру керек. Бұл өмірің бітті, бәрінің түбіне ауру жетті деген сөз емес, мүмкін, бұл менің жағдайымдағыдай жаңа өмірдің бастамасы ғана шағар. Қазіргі уақытта терапия бар, күн сайын бір дәрі ішесіз. Жақын болашақта, айына бір инъекция да болуы мүмкін.

Бүгінгі таңда Қазақстан бойынша өз статусын білетін АИТВ-мен өмір сүріп жатқан 34 300 пациент бар, Алматыда тіркелгендер саны 5000 емделуші. 2030 жылға дейін инфекцияны толық тоқтатып, өлім-жітім деңгейі нөлге жеткізу мақсаты бар.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар