Қазақстандықтардың депозиттен түсетін табысы азаяды
Фото: www.invest-rating.ru
Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені төмендету саясатын жалғастыратыны туралы шешімінен кейін басқа банктер де салымдар бойынша мөлшерлемелерін азайтып жатыр, деп хабарлайды Orda.kz.
Базалық мөлшерлеме төмендеген соң Қазақстан банктері депозит шарттарын қайта қарай бастады. Салымдардың табыстылығы өзгеретіні туралы алғаш болып Home Credit Bank пен Freedom Bank Kazakhstan хабарлады.
Home Credit Bank 1 тамыздан бастап бірқатар депозиттер мен депозиттік сертификаттар бойынша сыйақы мөлшерлемелерін төмендететінін мәлімдеді.
Атап айтқанда, «Сберегательный Хоум+» депозиті (3 айға), сондай-ақ VIP-клиенттерге арналған осы депозит (6 айға) бойынша номиналдық мөлшерлеме 18,65%-дан 18,24%-ға дейін төмендейді. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) 20,50%-дан 20,00%-ға дейін азаяды.
Сонымен қатар банк «Стандартный 2.0» депозиттік сертификаттарының табыстылығын да төмендетеді. 12 айлық сертификат бойынша мөлшерлеме 19,5%-дан 19,0%-ға, ал 2 жылдық сертификат бойынша 18,75%-дан 18,25%-ға дейін азаяды. Барлық жағдайда төмендеу 0,5 пайыздық тармақты құрайды. Қалған шарттар өзгеріссіз қалады.
Freedom Bank Kazakhstan да депозит шарттарын өзгерткенін хабарлады.
6 тамыздан бастап «Стратегия» депозиті (3 айға) жаңа және ұзартылған салымдар үшін 18,09% номиналдық мөлшерлемемен және 19,50% ЖТСМ-мен ашылады.
7 тамыздан бастап «Капитал» депозиті бойынша да шарттар өзгереді. 1 айлық салымдарға 16,95% номиналдық мөлшерлеме және 18,00% ЖТСМ қолданылады.
Бұған дейін Altyn Bank те нақты мөлшерлемелерді көрсетпей, депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін төмендететінін хабарлаған болатын.
Депозит шарттарының өзгеруі Ұлттық банктің ақша-несие саясатын жұмсартуы аясында орын алды. 24 шілдеде реттеуші базалық мөлшерлемені жылдық 17%-дан 16,75%-ға дейін (±1 пайыздық тармақ дәлізімен) төмендетті. Бұл — маусымдағы шешімнен кейінгі екінші төмендету. Ол кезде мөлшерлеме бірден 1 пайыздық тармаққа қысқарып, 17%-ға түскен еді.
Ұлттық банк бұл шешім инфляцияның баяулауымен түсіндіреді. Маусым айында жылдық инфляция 10,3%-ға дейін төмендеді (бір ай бұрын — 10,4%) және қатарынан тоғыз ай бойы азайып келеді.
Сонымен қатар реттеуші алдағы шешімдер инфляция динамикасына, тұтынушылық сұранысқа және бюджет саясатының орындалуына байланысты болатынын атап өтті.
Базалық мөлшерлеме төмендегеніне қарамастан, экономикадағы ақша-несие шарттары әлі де қатаң күйінде қалып отыр. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы (ҚҚҚ) сарапшыларының айтуынша, бірінші жартыжылдықта нақты пайыздық мөлшерлеме инфляцияның жылдам төмендеуі нәтижесінде 5,7%-дан 6,7%-ға дейін өскен. Бұл ақша-несие саясатының ішкі сұранысқа тежеуші әсерін күшейткен.
ҚҚҚ деректеріне сәйкес, бұл әсер экономикада байқала бастады. Қаңтар–мамыр айларында бөлшек сауда өсімі өткен жылғы 6,5%-дан 3,6%-ға дейін баяулаған. Ал тұтынушылық несиелер беру көлемі өткен жылдың осы кезеңіндегі 17,8% өсімнен кейін 8%-ға қысқарған.
Сонымен бірге депозит нарығында бірінші жартыжылдықта қорландыру құны айтарлықтай өзгермеген. Мұны мөлшерлемелердің өсу кезеңінен кейінгі тұрақтанумен байланыстыруға болады. Ал банктердің тамыз айынан бастап депозит табыстылығын төмендетуі Ұлттық банктің шілдедегі шешімінің халық үшін алғашқы нақты көрінісі болуы мүмкін.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- Қазақстандықтардың депозиттен түсетін табысы азаяды
- ОСК Құрылтай депутаттарын сайлауға арналған бюллетенді көрсетті
- Президент: Басты мақсат – елімізді Еуропа мен Азияны жалғастыратын жетекші логистикалық желіге айналдыру
- Қазақстан Қорғаныс министрлігі Ресейдің әскери ынтымақтастық келісімін өзгерту жоспарына қатысты пікір білдірді
- Трамп: АҚШ пен Иран келіссөздерді бүгін қайта бастайды
- Мешітке келген жасөспірімдердің бірінің мұрнын сындырып, екіншісінің миын шайқаған адам сотталды
- Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы былық: 36 қылмыстық іс пен 3,5 млрд теңгеден асатын шығын
- Қазақстанды қоса алғанда ОПЕК+ құрамындағы жеті ел қыркүйекте мұнай өндіруді арттырады
- Иран СІМ: Соғыс пен бейбітшілік уақытын АҚШ белгілемейді
- АҚШ-та іздеуде болған әйгілі картель басшысы Мексикада ұсталды
- Қазақстанда жаңа теміржол желісі салынады
- Shubat Fest: Маңғыстауда шұбат пен түйе сүтінен жасалған өнімдер фестивалі өтеді
- Ғалымдар АИТВ-ның алдын алуға арналған жаңа препарат әзірледі
- Енді шенеуніктермен әңгімеңіз жазылады: Азаматтарды қабылдау тәртібі өзгереді
- Жалға пәтер беремін деп 20 адамды тақырға отырғызған алаяқ ұсталды
- «Адвокат» әкімнің аузын айға қаратып кетті
- Wildberries қоймаларын Қазақстанға көшіретіні туралы ақпарат рас па?
- Ақмола облысында бір тәулікте 230 гектардан астам дала өртенді
- Билік теракт деп атады: Мәскеудегі жарылыстан үш адам қаза тапты
- Семейдегі жаппай тексеру түрмеден адам қашқанына қатысты ма?