Енді шенеуніктермен әңгімеңіз жазылады: Азаматтарды қабылдау тәртібі өзгереді
10 тамыздан бастап Қазақстанда азаматтарды жеке қабылдаудың бірыңғай тәртібі күшіне енеді. Онда нақты мерзім, цифрлық есеп және кездесулерді міндетті түрде тіркеу қарастырылған, деп хабарлайды Orda.kz.
Жаңа ережелер 2026 жылғы 28 шілдедегі №663 Үкімет қаулысымен бекітілді. Құжатқа премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Ведомстволық регламенттердің орнына бірыңғай тәртіп енгізіледі. Жаңа тәртіп 2023 жылдан бері қолданылып келген екі құжаттың орнын басады. Яғни, енді №214 «Жеке қабылдаудың үлгілік регламенті» мен №490 «Азаматтарды қабылдау орталықтарының жұмыс қағидалары» қолданылмайды.
Бұған дейін Үкімет жалпы талаптарды ғана белгілеп, әр мемлекеттік орган өз регламентін жеке бекітетін. Енді азаматтарды қабылдау өтінішті тіркеуден бастап хаттама беруге дейін бірыңғай сценарий бойынша жүргізіледі.
Ауыл әкімдері де тұрғындарды қабылдауға міндетті болады. Халықпен жеке кездесуге міндетті шенеуніктердің тізімі кеңейтілді.
Қабылдауды орталық мемлекеттік органдардың басшылары мен олардың аумақтық бөлімшелері, аудан және қала әкімдері, олардың орынбасарлары, басқарма және бөлім басшылары өткізеді.
Бұл талап кент, ауыл және ауылдық округ әкімдеріне де қатысты. Сондай-ақ тізімге мәслихат төрағалары енгізілді. Шенеуніктер азаматтарды кемінде айына бір рет қабылдауға тиіс. Кездесулер бекітілген кесте бойынша өтеді, ол тоқсан сайын жаңартылып отырады.
Қоғамдық қабылдау бөлмелері мен азаматтарды қабылдау орталықтарында өтетін кездесулер аудио және бейнежазбаға түсіріледі. Кездесу басталар алдында қызметкерлер жабдықтың жарамдылығын тексеруге міндетті. Жазбалар іс жүргізу, мұрағатта сақтау және мемлекеттік органның ішкі талаптарына сәйкес сақталады.
Бұған дейін мұндай кездесулерді жазып алу міндетті болмаған. Енді әңгіме, берілген уәделер мен қойылған тапсырмаларды жазбалар арқылы қалпына келтіруге болады.
Қайта қабылдаудан формалды бас тартуға болмайды. Егер мәселе бұрын қаралған болса да, шенеунік азаматты қайта қабылдаудан бас тарта алмайды.
Қайта қабылдау шешім қабылданбаған немесе қабылданған шаралар мәселені шешпеген жағдайда міндетті түрде өткізілуі тиіс. Сондай-ақ өтінішті қайтадан сол істі бұрын қараған қызметкерге тапсыруға болмайды.
Бұл норма бір шағымның қайта-қайта сол орындаушыға қайтарылып, бірдей жауаппен аяқталатын бюрократиялық айналымды жоюға бағытталған.
Өтінішті түзетуге үш күн беріледі. Енді өтінішті рәсімдеудегі қателіктер үшін де қабылдаудан бас тартуға болмайды.
Егер өтініш Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс талаптарына сәйкес келмесе, азаматқа кемшіліктерді жою үшін үш жұмыс күні беріледі.
Құзыретіне жатпайтын өтініш үш жұмыс күні ішінде тиісті органға жолдануы тиіс. Бұл туралы өтініш берушіге міндетті түрде хабарланады.
Өтініш тіркелгеннен кейін 15 жұмыс күнінен кешіктірмей азаматқа қабылдаудың күні мен уақыты көрсетілген жауап беріледі. Кездесуден кейін ресми хаттама беріледі. Реформаның негізгі тетігі осы — енді өтініш берушінің өзіне де хаттама беріледі.
Құжатта қабылданған шешім, шенеуніктің тапсырмалары және оларды орындау мерзімдері көрсетіледі. Қол қойылғаннан кейін хаттама үш жұмыс күні ішінде «Электрондық өтініштер» жүйесі арқылы азаматқа жіберіледі.
Бұған дейін хаттама мемлекеттік органның ішкі құжаты болып есептеліп, тек өздерінде қалатын. Азамат әңгіме мазмұнын дәлелдеп, берілген уәделерді ресми растаусыз еске салуға мәжбүр болатын.
Енді нақты тізбек қалыптасады: тіркелген өтініш, белгіленген кездесу, әңгіменің жазбасы, хаттама және орындау мерзімі. Әр өтінішке жеке нөмір беріліп, жұмыс «Электрондық өтініштер» жүйесіне көшіріледі.
Әрбір өтінішке бірегей тіркеу нөмірі беріледі. Қабылдауға қатысты барлық деректер мен қорытынды хаттама электрондық түрде сақталады.
Қабылдау орталықтары қызметкерлері өтінішті рәсімдеуге көмектеседі, өтініш берушінің жеке басын тексеріп, тіркелгені туралы растау береді. Ұсынылған құжаттардың түпнұсқалары иесіне қайтарылады.
Егер азамат жауаппен келіспесе, оған шағымдану тәртібі түсіндіріледі. Қажет болған жағдайда қызметкерлер шағымды қабылдайды.
Кезектен тыс қабылдау құқығы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне және оларға теңестірілген тұлғаларға, басқа мемлекеттердегі ұрыс қимылдарының ардагерлеріне және еңбек ардагерлеріне беріледі.
Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жүкті әйелдер және «Алтын Қыран», «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» наградаларының иелері кезексіз қабылданады.
Қабылдау бейнебайланыс арқылы да өтуі мүмкін. Өтініш берушінің келісімімен кездесуді бейнеконференция арқылы ұйымдастыруға болады. Қауіпсіздікке байланысты шектеулер енгізілген жағдайда қашықтан қабылдау міндетті.
Егер шенеунік ауырып қалса немесе іссапарда болса, қоғамдық қабылдау бөлімі бұл туралы кемінде екі жұмыс күні бұрын хабардар етілуі тиіс. Ал қабылдау уақытының өзгергені туралы азаматқа дереу хабарланады.
Жаңа модель жеке қабылдауды жай ауызша әңгімеден цифрлық ізі бар нақты рәсімге айналдырады. Азамат тіркеу нөмірін, кездесу күнін, жазбаны, ресми хаттаманы және тапсырмаларды орындау мерзімдерін алады. Бұл құжаттарды қайта жүгінгенде немесе шағым түсіргенде пайдалануға болады.
Камеранығ болуы шенеунікті мәселені шешуге мәжбүрлемейді. Бірақ берілген уәделерден бас тарту немесе кездесуді құжатсыз қалдыру мүмкіндігі жойылады.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- Ғалымдар АИТВ-ның алдын алуға арналған жаңа препарат әзірледі
- Енді шенеуніктермен әңгімеңіз жазылады: Азаматтарды қабылдау тәртібі өзгереді
- Жалға пәтер беремін деп 20 адамды тақырға отырғызған алаяқ ұсталды
- «Адвокат» әкімнің аузын айға қаратып кетті
- Wildberries қоймаларын Қазақстанға көшіретіні туралы ақпарат рас па?
- Ақмола облысында бір тәулікте 230 гектардан астам дала өртенді
- Билік теракт деп атады: Мәскеудегі жарылыстан үш адам қаза тапты
- Семейдегі жаппай тексеру түрмеден адам қашқанына қатысты ма?
- АҚШ 50 елдің азаматтарына 20 мың долларға дейін визалық кепілдік енгізеді
- Ағайынды алты егіз мерзімді әскери қызметін бірге өткеріп жүр
- TikTok-тағы алаяқ «ҰҚК майорына» Петропавлда үкім шықты
- Түркияға жұмыс істеуге кеткен қазақстандық Грекияда 125 жылға сотталды
- Қазақстан Конституциясы мен домбыра Памир шыңына көтерілді
- «Қарасора – 2026»: Есірткі тасушы «жұмысын бастаған» әйелден 113 түйіншек табылды
- UIM F1H2O әлем чемпионаты: Орталық Азия мемлекеттері президенттері қатысты
- Әлемдік жанжал: ФИФА коммерциялық құқықтарын жеке инвесторларға сатпайтын болды
- Президент Қостанай облысының құрылғанына 90 жыл толуымен тұрғындарды құттықтады
- Энергетика министрлігі: КҚК мен жүк жөнелтушілер арасында тұрақты байланыс орнатылды
- Қостанай облысында жол апатынан екі адам қаза тауып, төрт жолаушы түрлі жарақатпен ауруханаға түсті
- Жамбыл облысында пара алды деген күдікпен полиция бөлімі бастығының орынбасары ұсталды