Екі жетім, бір жесір: Дәріханаға шығып, оққа ұшқан Тілеужанның қазасы
Марқұм Тілеужан Баталов. Фото: отбасы мұрағатынан
Дәріханаға шығып, жолшыбай бейбіт митингті көріп-қайтуға алаңға соққан алматылық Тілеужан Баталов 41 жасында әлдебіреудің оғынан қаза тапты.
Алатау ауданының Зерделі ықшам ауданында пәтер жалдап, өз бетінше күн көріп келген отбасы бүгінде арқасүйерінен айырылып, қара жамылып отыр. Мектеп жасындағы екі бала әкесін іздейді, сағынады. Тұңғыш қызы 12 жаста, кейінгі ұлы 11-де.
Айнұр Дөненбекова күйеуінің қырқы өтсе де жоғына әлі үйренісе алмағанын айтады. 14 жылдай отауласқан ерлі-зайыпты кейінгі жылдары үй жөндеумен, еуро үлгіде ақтау-сырлау жұмысымен айналысқан.
Айнұрға кіндік жарығы диагнозы қойылған, ауруына байланысты хирургиялық ота жасатпақ болған. Осы себепті 7 қаңтарға жоспарлы ота белгіленген. «6-сы күні ауруханаға жатуым керек еді. Соған қажетті полипропилен торын алып келем деп, күндіз Орталық дәріханаға кеткен» деп еске алады Айнұр оқиға күнін.
Әйелінің сөзінше, марқұм 5 қаңтарда күндіз 12.00-де дәріханаға шығып кеткен.
– Үйден шығарда митинг туралы әңгіме болмаған, ол күні интернет істемей тұрған кез. Жол-жөнікей бейбіт жиынды көрем деген ниетпен көпшіліктің арасына кірген болса керек. Көлігін Сейфуллин-Әйтеке би көшелерінің қиылысына қойған. Жолшыбай жолдастары хабарласып, достарымен алаңдағы бейбіт митингті көруге барған. Көрем де қайтам деп ойлаған. Телефоны мен жеке куәлігін көліктің ішінен таптық. Қасындағы жолдасының сөзінше, газ шашқан, содан кейін Тілеужанды таппай қалған. Алаңда көп тұрмай, қолтығының астынан кеудесіне оқ тиген. Кешкісін ауруханаға жеткізілген. Орталық қалалық клиникалық ауруханада ота жасаған, құтқара алмаған. Дәрігерлер 5 қаңтарда 200-дей науқас түсті, қолымыздан келгенше көмектестік дейді. Отаны кім жасағаны да белгісіз. Бір-біріне сілтейді, білмейді. Оқты алған да дұрыс тікпеген. Меніңше, қансырап өлген. Дер кезінде тиісті көмек берілмеген. Әйтпесе, өлетіндей хәлде емес еді, – дейді жұбайы Айнұр.
Оның айтуынша, Тілеужан қолына қару алмаған. Бүлік-тонауға ешқандай байланысы жоқ. Бейбіт шеруші ретінде қатысқанына жүз пайыз сенімдімін дейді.
Марқұмның денесін туыстары 6 қаңтар кешке қарай мәйітханадан тапқан. Келесі күні туған жері Талдықорғанда жерленген. Қазір Тілеужанның өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Жақындары әділ тергеу жүргізуді және кінәлілерді жазалауды талап етеді.
– Өз басым мемлекет тарапынан көмек беріледі дегенге сенгім жоқ. Әскерилерге өтемақы беріп жатыр, қарапайым халыққа келгенде үнемі тарылып қалады. Құқық қорғау органы қызметкерлері жолдасым атылған күні ота жасалғанына қарамастан, эксгумациялау қажет дейді. Қарсылық білдірсек те істейді екен. Қанша метр қашықтан кімнің оғы тигенін анықтауымыз керек деп отыр, – дейді марқұмның әйелі.
Күйеуім ұлтжанды болатын деп сипаттаған Айнұр Тілеужанды отаншыл еді дейді. «Ешкімге зияны жоқ. Бойына ойы сай арқасүйеріміз еді. Адал еңбек ететін, біреудің ала жібін аттамайтын. Міне, менің жарым деп көрсететін керемет жан еді. Жаназасына үш жүз адам қатысты. Доспейіл, көпшіл болды» деп еске алады.
Айнұр денсаулығына жасатуы тиіс емдік отасын қаражат тапшылығына байланысты кейінге қалдырған. Жиып-жоспарлаған қаржысын жерлеу рәсіміне, ас-садақа жиынын өткізуге жұмсауға тура келген.
«Көктемде жұмыс қайта басталады. Мемлекеттік ауруханада порталға құжат жина деп бюрократиямен әбігерге салады. Жолдасым барда тезірек сауығып шығасың деген соң жеке клиникаға келісіп едім. Қазір қаражат жоқ. Балаларыма бас-көз болуым керек. Енді күзге дейін жұмыс істеп, қаржы жағын реттеуім қажет. Алла жазса, сол кезде жасатармын» дейді, қаңтардағы қантөгістен кейін жалғызбасты анаға айналған Айнұр балаларының келешегі үшін күресу-төзу қажеттігін меңзеп.
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық