Даудың басы — «Әл-Жәбірдің атасы»: Қазақстандағы ғылыми-танымдық әдебиеттер мен журналдар

Баяғыда қазақ оқырманы ғылыми-танымдық кітаптарды таласа оқитын. Журнал беттерін парақтап, жаңа дүниелерді тануға асығатын. Ал қазір ше? Ғылымды насихаттайтын, танымды тереңдететін басылымдар бар ма? Әлде бұл бағыт ұмыт қалған ба? Қазақстанда ғылыми-танымдық әдебиет пен журналдардың жай-күйі қандай? Orda.kz осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.
«Qazaq bubble»
Сонымен ғылыми-танымдық бағыт жайлы сөз қозғағанда әуелі қарыштап дамыған цифрлық әлемде блог жүргізіп жүргендер жайлы айтқымыз келеді. Әуелі ерекше көзге түсіп жүрген, қазақ тілінде таза осы бағытта блог жүргізетін «Qazaq bubble» жобасы жайлы айтқымыз келеді. Оның басшысы Бибарыс Сейтақ аудиторияның қолдауы өте жақсы екенін айтты.
«Халық мұндай контенттің маңызын жақсы түсінеді деп ойлаймын. Аудиториямыздың қолдауы өте жоғары деңгейде, біздің әр жаңа қадамымызды бақылап, қоштап отырады. Мысалы, YouTube-імізді қосқанда немесе бір іс-шара өткіземіз дегенде. Бірақ расымен өз қиындығы бар мазмұн түрі. Бір жағынан, байыпты, салмақты дүние шығарсаң, сенің бәсекелестерің — қып-қысқа, ойын-күлкі, жеңіл-желпі контент екенін ескеруің керек, адамдар әлеуметтік желілерге әдетте демалу үшін кіреді. Оның да өз орны бар, еш наразылығымыз жоқ, бірақ соның барлығын ескеріп, ғылыми-танымдық ақпаратты барынша қызықтырып, жеңілдетіп, реті келсе әзіл-оспақ айтып ұсына білу керек», — дейді Бибарыс Сейтақ.
Оның айтуынша, әу баста, 2020 жылы, бұл жоба лингвистика, тілге қатысты жаңсақ пікірлерді талдайтын топ болып ашылған. Бүгінде бұл барлық ғылымды қамтитын интернет-жобаға айналды.
«2024 жылдан бері ауқымымызды кеңейтіп, жалпы барлық ғылымды қамти бастадық. Қызық бір дүние жасайық, әдемі дизайнмен сауатты мәлімет таратайық деген ойдан шабыт алып, өз күшімізбен, таза энтузиазммен осы жобаны біраз деңгейге жеткіздік. Бізді қаржыландыратын нақты бір ешқандай ұйым жоқ. Алайда сәті түскенде, серіктестік негізінде еліміздің бетке ұстар ұйымдары мен бизнестерімен B2B негізінде жұмыс істейміз. Бұл адал еңбегіміздің жемісі деп түсінеміз», дейді Бибарыс Сейтақ.
Бибарыс Сейтақ бүгінде ғылыми, дүниетанымдық контентке жастар да, жасы егде тартқан адамдар да қызығатынын айтты.
Бұдан басқа жазушы, мифолог, киносценарист Зира Наурызбайды танымайтын адам кемде кем шығар. Ол да ғылыми деректерді келтіріп қана қоймай, зерделей отырып, оқырманға анализ жасап, түйгендерін баяндап жүр. Оның жүргізген блогында да ғылыми-танымдық жазбалар бар.
Сонымен қатар әлеуметтік желілерде ғылыми-танымдық бағыттан бөлек, ағартушылық бағытта қоғамның көзін ашу үшін ашылып жатқан жаңа жобалар саны көбейді. Мысалы, Бибарыс Сейтақ QazaqGrammar, Kartahana, Tanda Bilim, beimalim, Terek Story, oibaq media сияқты жобаларды ерекше атап өтті.
Сонымен қатар біз екі сайтты ерекше атап өткіміз келіп отыр. Бірі — Зира Наурызбайдың Otuken.kz сайты, екіншісі Әннәс Бағдаттың — Oner.kz интернет-басылымдары. Бұлар мифология, тарих және өнерден сыр шертетін ерекше бастамалардың бірі. Бұдан басқа да сайттар бар, алайда олардың көбі 1-2 жыл ғана істеп, жұмысын тоқтатқан.
«Өкінішке қарай, ай сайын шығатын жалғыз журналмыз»
Елдегі ғылыми басылымдардың дамуына қатысты көп талас бар. Бірі нақ осы ғылыми-танымдық бағыт дамып жатыр деп, «Әл-Жәбірдің атасы» журналын алға тартады. Бірі дамымай жатқан осал тұстарды көрсетеді. Сонымен ғылым туралы дау туса, аты аталмай қалмайтын бірден бір журнал — «Әл-Жәбірдің атасына» келсек. Осы саланың қазіргі жағдайы жайлы «Әл-Жәбірдің атасы» атты журналын ашқан Садық Шерімбектің өзі айтып берсін. Әрине, ол да бұл саланың кенжелеп тұрғанын айтып, таза ғылыми-танымдық бағытта шығып жатқан жалғыз журнал — осы «Әл-Жәбірдің атасы» екенін айтты.
Айта кету керек, мұндай журнал шығару идеясын белгілі математик Асқар Жұмаділдаев айтқан. Садық Шерімбек сол ойды өрбітіп, концепциясын жасап шыққан. Бүгінде республикалық ғылыми-танымдық «Әл-Жәбірдің атасы» журналының бас редакторы – Асқар Жұмаділдаевтің өзі. Асқар Жұмаділдаев қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру жайлы ойлар айтып жүрген ғалым. Ол «Төрткен» және «Төртқара» алгебрасын ойлап шығарған қазақтың тұңғыш математигі.
«Бұл журналды ашу — Асқар Жұмаділдаевтың идеясы болды. Сонымен біздің компанияға қонақ болып кеткен. Сол кезде журнал шығару қажет екенін айтып кеткен болатын. Кейіннен Өзбекстандағы офисімізді ашып жатқанда ағамыздың айтқаны есімізге түсіп, сол жақта жүргенде ғылыми-танымдық журналдың концепциясын жасап шығардық. Асқар ағаның поштасына жазып жібердім. «Аға, өткендегі айтқан журналымыздың концепциясының жасап қойдық. Бір көріп шықсаңыз. Мақұлдап жатсаңыз, ары қарай шығаруға дайынбыз» дедік. Өйткені біздің Qalan publishing командасы осы ғылыми-танымдық бағыттағы кітаптар мен журналдар және контенттер шығару бойынша маманданғанбыз»,деді Садық Шерімбек.
Академикке журналдың концепциясы бірден ұнаған. Садық Шерімбектің айтуынша, бірінші санын жасауға 3-4 ай уақыт кеткен. Асқар Жұмаділдаевтың талаптары өте жоғары болған. Сонымен бірнеше нұсқасын дайындап жүріп, Әл-Хорезмиге арналған алғашқы саны шыққан. Қазір Qalan компаниясы журналдың 14-ші саны шығып жатыр. Басқа екі айда бір, үш айда бір шығатын журналдар бар. «National geographic», «Ойлар» журналы бар. Жалпы газет-журнал өте көп. «Балдырған», «Ақжелкен» сынды журналдар мәдени-әдеби бағытта шығып тұрады. Оларда да ғылыми-танымдық элементтер бар. Садық Шерімбектің сөзінше тек қана ғылыми-танымдық бағытқа арналған жалғыз журнал — осы «Әл-Жәбірдің атасы».

«Бірақ біз енді жұмыс бастағанда «ай сайын шығатын ғылыми-танымдық жалғыз журналмыз» деп қуанып айтатын едік. Қазір осы саланың ішінде жүрген компания ретінде «Өкінішке қарай, біз жалғыз ғылыми-танымдық журналмыз» деп айтамыз. Қазір журналымызда мың жарым жазылушымыз бар. Ай сайын көрсеткішіміз көтеріліп келеді. Бір жыл біз толыққанды аяқтан тұруға қаржы жұмсадық. Бір жылдан кейін енді коммерциялық тұрғыдан өзін-өзі ақтап жатыр», деді Садық Шерімбек.
«Мемлекетке қарап тұрған жоқпыз»
Садық Шерімбек әр бөлімді басқарып, ғалымдарды тартып, сапалы материал шығару үшін жұмыс істейтін ұжымда 20 шақты адам бар екенін айтты. Сонымен қатар бұл тәуелсіз басылым екенін айта кеткен жөн.

«Бұл ұжымдық жұмыс. Журналды жай ғана шығарып қоя салмаймыз. Ғалымдарды тарттық, штатымыздың өзінде 4 Ph.D маман жұмыс істейді. Магистрант зерттеушілер, осы салада біраз жыл істеп жатқан мамандар бар, аудармашыларымыз бар. Бас-аяғы 20 шақты адам жұмыс істейді. Сату бөлімі, маркетинг бөлімі секілді... Жалпы оңай емес. Десек те мемлекетке қарап тұрған жоқпыз. Тәуелсіз басылымбыз. Өзі аяғынан тұрған басылым. Көпшілікті қинамаймыз, жаны ашығанын күтпейміз. Біздің көзқарасымызда «Қазақ тілді қолдайық» деген сезіммен ала салмауы керек. Бұл журнал толыққанды оқушыға да, оқыған адамға да ғылым туралы терең түсінік пен таным беретін, ғылымды таңдағалы отырған жас балалардың «тәбетін» ашатын толыққанды «құрал». Бұл үйде жай ғана тұруы үшін алынатын журнал емес. Кәдімгі оқылатын журнал» деді Садық Шерімбек.
Қазақ тілді ғылыми-танымдық контентті тұтынушылар саны артып келе жатқанына тағы бір мысал – «AjA Kids by Qalan» журналының шығып жатқаны. Садық Шерімбек бұнымен тоқтап қалмаймыз деді.
«Қазір 4 жастан бастап 10 жасқа дейінгі «AjA Kids by Qalan» атты балаларға арналған ғылыми бағытта тағы бір журнал шығарып жатырмыз. Одан кейін ғылыми-танымдық бағыттағы кітаптар жазып жатырмыз. Qalan.kz деген парақшамыз бар. Негізгі контентті жариялап тұрамыз. Цифрлық контент бойынша қарасақ, қазақ тілінде контент жасап жүргендер көп. Алайда журнал, кітап деген нәрсе бәрібір бөлек. Мысалы, біз жасап жатқан дүниелерді айтайын. Жалғыз журнал шығарып жатқанымыз сын болмасын деп, қазір 4 жастан бастап 10 жасқа дейін «AjA Kids by Qalan» деген балаларға арналған ғылыми бағытта тағы бір журнал шығарып жатырмыз. Бұл — біздің екінші журналымыз», дейді Садық Шерімбек.
Сонымен қатар Qalan компаниясы ғылыми-танымдық бағыттағы кітаптар жазып жатқанын айтты.
«Біздің баспаның мақсаты импорттау емес, яғни аударма жасау емес. Сырттан дайын нәрсені аударып, былай қоғамға бере салу емес. Керісінше біз қоғам ретінде өзіміз контент өндіруіміз керек деген көзқарасты ұстанамыз. Өзіміздің кітаптарымыз шығуы керек және біз экспорттауымыз керек. Қазір көркем жанр мен ғылыми жанр екеуін араластырып, балалар оқығанға өте ыңғайлы кітаптар шығарып жатырмыз. Қазір сондай 7 кітаптың жұмысы жүріп жатыр. Ол кітаптар ғылыми-танымдық бағытта болады», деді Садық Шерімбек.
Ол бұл бағыт Қазақстанда кенже қалды деп қол қусырып отырмай, әрекет ету керек дегенді алға тартады.
«Қазақстанда осы бағыттың дамымағанын бәріміз білеміз. Дами алмай жатқанын да білеміз. Меніңше әрекетке көшу керек. Дамытуға атсалысу қажет. Мысалы, үлкен компаниялар журнал-кітаптарды шығаруға қосқан үлесіне қарайтын болсақ, шығыны 1%-ға да жетпейді. Үлкен компаниялар содан 0,1% шығын көрген күннің өзінде қоғамға қандай игілікті іс істейтінін ұғуы керек. Осы саланың ақсап жатқанын білеміз. Бірақ ол мүлде жоқ деген сөз емес. Жастау кезімізде бәріміз айқайлап «жоқ!» деп жататынбыз. Қазір түсіндік. Шыны керек Қазақстанда ғылыми-танымдық бағытта біздің басылым маманданған, қалғандары енді аралас. Бұл елімізде бар және бола береді, әрі қарай дамиды», деді Садық Шерімбек.
Неге Meloman-да қазақша кітаптар аз?
Біздің тілшіміз ең үлкен кітап сататын Meloman дүкеніне барып қайтқан болатын. Ондағы қазақша кітаптардың аздығы мұндай бағыттағы еңбектердің жоқ екенін білдірмейтіні рас. Біз қазақша кітаптардың осы дүкенде неге қарасы аз екені жайлы Садық Шерімбектен сұрадық. Ол кітап шығаратын авторларға 50%-ын алатын келісімшартпен келісу тиімсіз екенін айтып, өздерінің интернет дүкендері арқылы сататындарын жеткізді.
«Meloman дүкенінің шарттары бізге келмейді. Ол жаққа қазір жаңа басшылар келді ғой. Сол үшін бәлкім серіктес бола алатын шығармыз. Шарттарына неге келісе алмаймыз дейсіз ғой? Мысалы, автор бір кітап басып шығарады делік. Бір кітаптың шығыны маркетингпен бірге есептегенде 2000 теңге болады. Мен Meloman дүкеніне кітап қойғым келді делік. Алайда ол жақ сатылған пайданың 50%-ын алып қояды. Ресми шартта солай көрсетілген. Кітапты 4000 теңгеге сататын болсаңыз, 50% Meloman алады, 50% автор алады. 2000 теңгеге кітап шығарған болсам, оны 4000 теңгеден сатқан болсам, 50% осы кітап дүкені алатын болса, онда сол кеткен шығынның ғана орнын толтырады. Авторға ешқандай пайда түспейді. Ол үшін мен кітапты ең аз дегенде 6000 теңгеден сатуым керек. Ал 6000 теңге деген нарық үшін қымбат баға. Міне сондықтан қазақ авторларының кітаптары Meloman дүкенінде жоқ. Өйткені ол біз үшін пайдасыз. Сондықтан өзіміз интернет дүкен арқылы сатамыз. Солай сатқанда тіпті арзанырақ сата аламыз», деді Садық Шерімбек.
Әрине, ғылыми-танымдық бағыттан бөлек нон-фикшн жанрында кітап шығарып жүрген баспагер Бақытжан Бұқарбайдың Amalbooks баспасы бар. Оның айтуынша, нон-фикшн жанрында қазақ тілінде алғаш кітап жазған – өзі. Бүгінде бұл жанр елге кең таралып, авторлар саны көбейген.

«2016 жылы «Күміс кітап» деген атпен жарық көрді. Бұл кітап несімен ерекшеленді? Құрылымын өзгерттік, дизайнын өзгерттік. Нон-фикшн деген ойдан шығарылған нәрсе емес. Ол шынайылыққа негізделіп жазылады. Нон-фикшн деген аты айтып тұр ғой. Фикшн «ойдан шығарылған, ал нон-фикшн «ойдан шығарылмаған». «Күміс кітабымда» мен 17 жылдық оқырман тәжірибемді жазған болатынмын. Жастар арасындағы кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру үшін. Осы кітапты жазғаннан кейін көп нәрсе өзгерді. Біріншіден, көп адам менімен кездескенде «сізді бір 50-60 жастағы адам деп ойлаушы едік» дейтін. Яғни, адамдардың санасында кітапты сол егде жасқа келгендер ғана жазады деген стереотип бар еді. Ол қазір жойылды», – деді Бақытжан Бұқарбай.
Ол осы кітабын жазған кезде 30 жасқа да толмаған, қалам ұстаған жас азамат болған. 2016 жылы шыққанда сыни пікірлер де айтылғанын айтты. «Неге мұның тілі жұтаң?», «неге көркем сөздер аз?» деген пікірлердің көбі ақын-жазушылар болған. Бақытжан Бұқарбайдың сөзінше, олар нон-фикшн деген жанрдың бар екенін білмеген.
«Осыдан кейін нон-фикшн бағыты қазақтар арасында танымал бағытқа айнала бастады. Кітаптар қатары да толықты, кәдімгідей көбейді. Осындай бір ремарка десем болады. Былтыр халықаралық Фракфурт кітап жәрмеңкесінің президенті, басшылығы Алматыға 2 күнге келіп, бізге семинар оқыды. Сол кезде нон-фикшн жанры қазір жалпы әлем бойынша ең сұранысқа ие жанр деді. Бұл жанр 1960 жылдары Америкада пайда болған. Алғаш Труман Капотенің осы жанрда шығармасы шығады. Әрине, бұған дейін де осы жанрға ұқсайтын дүниелер шыққан. Бірақ оны деректі әдебиет деп атаған. Ал қазіргі таза қалыптасқан нон-фикшн сол 1960 жылдары АҚШ-тан бастау алады. Біз енді қатты кешігіп жаздық деп айтпаймын. 2016 жылы «Күміс кітап» шығып отыр. 50 жылдай жарты ғасыр кешігіппіз. Динара Болаттың кітабы, Перизат Мырзахметтің соңғы жазғаны осы бағытта жазылған. Қазір осындай авторлар бар. «Күміс кітаптан» кейін осы үрдіс басталды», деді Бақытжан Бұқарбай.
Елдегі ғылыми-танымдық бағыттағы басылымдар мен контенттердің жағдайы осындай, қадірлі оқырман. Біз бұған дейінгі тілшіміздің жазған мақаласын осылай толықтыруды жөн көрдік. Orda.kz осы мәселені көтергеннен кейін көптің назары осы ақсап тұрған салаға бұрылғанына қуанады. Тарихқа көз жүгіртсек, 1960 жылы қазақ журналистикасының қара нары Камал Смаилов «Зерде» деген атпен ғылыми-көпшілік басылым шығарған болатын. Кейін жалғасын тауып, басылым тәуелсіздік алғаннан кейін де Әшірбек Амангелдиевтің бастауымен шыға бастаған. Марқұм қазір көз жұмғанымен оның ұлы осы журналдың жұмысын біраз уақыт жалғастырды. Қазір ол журнал шықпайды.
Қай заманда да болсын қоғамның көзін ашып, ағартушылық бағытта жұмыс істейтін тұлғалар болған. Енді қазіргі заманда сол миссияны жалғау, қолдау – осы заманның адамы ретінде біз үшін парыз.
Жаңалықтар
- 2025 жылы Түркістанда Ислам институты ашылады
- Маңғыстау облысындағы жерасты Бекет-Ата мешіті көгілдір отынмен жылитын болды
- Трамп: Әлемде менен басқа Путинді тоқтата алатын ешкім жоқ
- Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 80 жылдығына орай 42 мың адам мерейтойлық медаль алады
- Еліміздің үш облысында су басу қаупі бар
- Украина мәселесі Украинасыз талқылануда: Эр-Риядта АҚШ-Ресей келіссөздері басталды
- Алматы әуежайында билет беру кешікті, «Эйр Астана» ұшағы Бакуде апатты жағдайда қонды
- Оңтүстік Корея елдегі орман өртін – ұлттық апат деп жариялады
- Экрем Имамоғлы Түркия президенттігіне үміткер атанды
- Ким Чен Ын Кремльге Украинаға қарсы соғыста «бекем» қолдауға уәде берді
- Көкшетауда ақ кимешекті аналар шеруі рекорд орнатты
- АҚШ пен Украина арасындағы Эр-Риядтағы келіссөздер аяқталды
- Ақтау көшелерінен 350 текше метр су шығарылды
- «Ең үлкені 100 жаста»: Ақтауда ұлттық киім киген 5 мың адамның басын қосқан кім?
- Депрессия салдарынан атыраулық әйел екі баласын тұншықтырып өлтірді
- Алматыдағы «Ақсай» су қоймасы 80 пайыз дайын
- Отанымыздың табиғатын сақтау тақырыбында «Жер сағаты» акциясы өтті
- Жауын-шашын салдарынан Маңғыстау облысын су басты: Халық зардап шегуде
- Алматы облысында қар көшкіні жүрді
- Елшілік Түркияда жүрген Қазақстан азаматтарына үндеу жолдады