Ауада қалқыған мигранттар: тығырықтан шығар жол

cover

Мадина 22 жастағы қырғыз азаматы. Қазақстанда тұрып жатқанына 10 жыл болды. Жақында ана атанған бойжеткен туу туралы куәлікпен ғана шектелген. Қазіргі таңда тұрғылықты мекенжай анықтамасы мен жеке куәлігі жоқ. Құжаттарды жасату үшін қаражат керек көрінеді.

Осы орайда редакция Ішкі істер министрлігіне ресми сауал жолдады.

Қазақстан Республикасының аумағындағы мигранттардың құжаттануы қалай жүзеге асады?

Министрлік: 2013 жылдың 29 қаңтарындағы «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» заңға сәйкес, Қазақстан аумағында тұруға рұқсат берілген мигранттар ықтияр хат пен азаматтығы жоқтығын растайтын куәлікпен құжаттанады.

Ескерту: Ықтияр хат – шетел азаматының жеке басын куәландыратын және Қазақстан аумағында тұруға рұқсат беретін құжат. Ықтияр хатты 16 жастан бастап 10 жылға алуға болады. Ол үшін мигрант төлқұжатының қолдану мерзімі өз елінде өтіп кетпеуі керек.

«Шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында уақытша және тұрақты тұруға рұқсат беру қағидаларын бекіту туралы» Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 4 желтоқсандағы бұйрығына сәйкес:

  1. Тұрақты тұруға рұқсат беру туралы өтініш - сауалнама
  2. Ұлттық паспорттың көшірмесі мен түпнұсқасы / азаматтығы жоқ адамның төлқұжаты
  3. Азаматтың тұрақты тұратын мемлекетінен жазбаша рұқсат
  4. Өзінің төлем қабілетілігін растау туралы құжат
  5. Өз мемлекетінің құзіретті органынан сотталмағанын растайтын құжат
  6. 14 -18 жастағы баланың нотариалды куәландырылған келісімі
  7. Тұрақты тіркеу есебіне қою туралы келісім
  8. Медициналық куәландыру анықтамасы
  9. 35х45 мм мөлшерлі бір фотосурет
socport.ru
Құжатсыз жүрген мигранттарды ұстау мақсатында, түрлі операциялар жүргізілетіндігі белгілі. Алайда, бірі құжатын Қазақстан аумағында жоғалтып алып жатса, бірі ешқандай құжатсыз кіріп жатады. Мигранттармен жұмыс істеу жүйесінде олқылықтар бар ма?

Министрлік: Ішкі істер органдары Қазақстан аумағында заңсыз жүрген шетелдіктерді анықтау мақсатында тұрақты түрде жедел-профилактикалық шаралар («Мигрант», «Заңсыз келуші», «Құқықтық тәртіп») өткізіп тұрады. Ал рұқсат қағаздары бар шетелдіктерді жарты жылда кемінде бір рет тексеріп отырады.

Егер де шетел азаматы Қазақстан аумағында құжаттарын жоғалтып алып жатса, оны өз елшілігіне барып жасата алады. Құжаттары жоқ шетелдіктерге келер болсақ, олар бақылау өткізу пункттері арқылы шекарадан жіберілмейді. Елімізге заңсыз кірген мигрантқа «Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» заңның 26-бабы бойынша әкімшілік айыппұл салынып, сот шешімімен белгіленген уақыт ішінде депортацияланады.

Түрлі операциялар барысында ұсталған мигранттарға не болады? Оларға көмек көрсетіле ме, әлде тек депортациялана ма? Көмек көрсетілетін болса, қай жерге жүгінген жөн?

Министрлік: Халықаралық шартқа сай шетел азаматы сотта процессуалдық құқықтарын пайдалана алады. Олар өз құқықтарын қорғау үшін сотқа немесе басқа да мемлекеттік органға өтініш жасауға құқылы.

Швейцария дамыту агенттігінің қолдауымен Халықаралық көші-қон ұйымы өмірлік қиын жағдайға тап болған мигранттарға ерікті түрде Отанына қайтаруға көмек көрсетеді. Атап айтқанда, айыппұл төлеп, жол жүруіне ақшалай көмек береді. Бұл ұйымдар барлық облыс орталықтарында бар.

Қазақстан Республикасының аумағында қалуды жөн көретін құжатсыз жүрген шетел азаматтары не істей алады? Құжаттарды республика аумағында жүріп, жасатуға бола ма?

Министрлік: Қазақстан аумағында тұрақты тұруға рұқсат алу үшін жоғарыдағы құжаттарды өткізу қажет. Сонымен қатар, Қазақстан аумағында бес жылдан көп тұрып келе жатқан азаматтар жеке басын куәландыратын дәлелі жоқ болса, құқықтық мәртебесін анықтай алады. Мигрант басқа елдің азаматы еместігі дәлелденсе, азаматтығы жоқ адамның куәлігімен құжаттандырылуы мүмкін.

Өз құқықтарыңызды білу өміріңізді жеңілдетеді!

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар