Қасіреті мол Семей полигонының жабылғанына 30 жыл!

cover

30 жыл бұрын 1991 жылы 29 тамыз күні тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұйрығымен Семей полигоны жабылған болатын. Қазіргі таңда, бірінші сынақтан бастап, осы күнге дейін уақыт аралығын қарайтын болсақ, талай адамның тағдырын өзгерткен бұл полигонның өткені мен болашағының айырмашылығын көреміз.

Полигон 18000 шаршы шақырым аумақта бұрынғы Семей облысы Абыралы ауданының, сондай-ақ Павлодар және Қарағанды облыстары жерлерін қамтыған.

Ядролық сынақтар

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқтала салысымен, екі держава: АҚШ пен КСРО арасында қырғи-қабақ соғыс басталды. АҚШ-та тек атом бомбасы ғана емес, сонымен бірге Жапонияда қолданылған соғыст тәжірибесі бар еді. Ал КСРО, керісінше, сол кездері атомды зерттеуде артта қалған болатын. Алғашқы кеңестік атом жобасын жасау үшін іс жүзінде өзінің тиімділігін дәлелдеген американдық прототипті көшіру туралы бұйрық қабылданды. РДС-1 аталған алғашқы кеңестік ядролық зымыран 1949 жылдың жазында дайын болды.

РДС-1 жарылысы

РДС-1 толық аты әр түрлі болып өзгеріп отырған. Бірі «Россия делает сама» десе, екіншілері «Родина дарит Сталину» деп санайды. Бірақ КСРО Министрлер Кеңесінің 1946 жылғы 21 маусымдағы ресми қаулысында құпиялылық режимін қамтамасыз ету үшін бомбаны «арнайы реактивті қозғалтқыш»( Реактивный двигатель специальный) деп атады.

Бомбаның диаметрі 1,5 метр, ұзындығы 3,3 метр, оның пішіні «тамшы тәрізді» болды. Салмағы 4,7 тонна.

Бомбаны автоматтандыру жүйесі бомбаның құлау траекториясының қажетті нүктесінде ядролық жарылысты қамтамасыз ететін. Өнімнің жұмыс істеу сенімділігін арттыру үшін бұзылу автоматикасының негізгі элементтері қайталанатын схема бойынша орындалды. Биік жарғыш істен шыққан жағдайға орай бомбаның жерге жасалуы кезінде ядролық жарылысты жүзеге асыру үшін соққы түріндегі жарғыш орнатылған.

1949 жылы 29 тамызда арнайы салынған Семей полигонында РДС-1 сынақтан өтті. Бұл Семей полигонынында жарылған 400-ден астам ядролық сынақтардың алғашқысы болды.

Бірінші сынақтан кейін Кеңес Одағы басшылығы Қазақстан даласы тек жерүсті жарылыстарына ғана емес, ұңғымалар мен жерасты жарылыстарына да жарамды деп шешті.

Полигон жұмыс істеген жылдар ішінде сынақтар барысында шамамен 30 жерүсті және кемінде 85 әуе заряды жарылды. Бұдан басқа, гидродинамикалық және гидроядролық тәжірибелер де жүргізілді. Полигондағы соңғы жарылыс 1989 жылдың 19 қазанында болды.

Полигон қаладан 130 шақырым қашықтықта орналасты. Семей полигоны ірі елді мекендер маңындағы жалғыз сынақ полигоны еді. Бүкіл ядролық сынақтар қатаң құпияда ұсталды. Жарылыстар Семей облысының 200 мыңнан астам тұрғынына ескертілмей жүргізілді. КСРО басшылығы нақты жарылыстар кезінде де сынақтар туралы ешқандай хабар таратқан жоқ.

Мысалы, 1954 жылы 1 наурыз күні американдық Бикини атоллінде «Кастл Браво» термоядролық бомбаның сынағы өтті. Жарылыс күші болжамнан асып, 6 мегатонна орнына 15 мегатоннаны құрады. Бұл АҚШ тарихындағы ең қуатты жарылыс ретінде тарих бетінде қалды. Американдықтар алғаш рет литий дейтериді термоядролық отын ретінде қолданылған екі сатылы заряд салған болатын. Оған жауап ретінде Кеңес өкіметі кезіндегі алғашқы екі сатылы термоядролық атом бомбасы РДС-37 шығарды. 1955 жылғы 20 қарашада РДС-37 сынақтары кезінде ауа райының қолайсыздығына байланысты ұшақ бомбаны нысанаға тастай алмай, Жаңа-Семей аэродромына қонуға мәжбүр болды. Алғашқы кеңестік бомбасы бар ұшақ ұшқыштың шеберлігі арқасында ғана екінші талпыныстан кейін аэродромға қонды. Бір күннен кейін – 22 қарашада нысанаға бомба тасталды. Бомба 1550 метр биіктікте жарылды.

Қуаты 1 мегатоннадан асатын сутегі бомбасы көптеген қайғылы оқиғаларға душар етті. Кіші Ақжар ауылындағы тұрғын үйдің төбесі опырылып құлады. Салдарынан үш жасар қыз бала көз жұмды. Құлау сәтінде жарылыс орталығынан 36 шақырым жерде орналасқан №1 күзет батальонының алты сарбазы жер астында қалды. Олардың біреуі қайтыс болды. Қалғандары жеңіл жарақат алды. Сондай-ақ Семейдің 26 тұрғыны әр түрлі сатыдағы жарақат алды.

РДС-37 жарылысы Семей полигонында жүзеге асырылған ең қуатты жарылыс ретінде зерттеушілерге ұмытылмас әсер қалдырды.

Экологияға тигізген зардабы

Атмосфераға, су мен топыраққа радиация сіңді. Жер құрылымы деформацияланды. Жарылыс болған жерлерде жасанды радиациялық көлдер пайда болып, тіпті жер асты суларында уран, стронций, цезий және басқа да радиоактивті өнімдер түзілді. Бұл тек аймаққа ғана емес, бүкіл республиканың экологиясына орасан зиян келтірді.

Радиацияға ұшыраған өңірдегі әрбір жиырмасыншы бала дімкәс болып туылды. Сондай-ақ, зерттеулер көрсеткендей, бұрынғы полигонға жақын аумақта эндокриндік жүйе ауруларының жоғары қатері әлі күнге дейін сақталуда.

Өңір түрғындары ластанған жергілікті дақылдар мен суды пайдалануды бүгінгі күні де жалғастыруда. Полигонды қорғауға алғанға дейін, көптеген адамдар білместікпен оның құрылғыларын бөлшектеп, металл сынықтарын алатын.

Радицияның тарау илюстрациясы

1989 жылы белгілі қазақстандық қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов бүкіл әлем бойынша ядролық сынақтардың құрбандарын біріктірген Невада — Семей антиядролық қозғалысын құрды. Қозғалыс әлемдік резонансқа ие болды. 1991 жылғы 29 тамызда Қазақ КСР Президентінің Жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылды.

Невада-Семей антиядролық қозғалысы
e-history.kz сайтынан

Полигоның тәуелсіздіктен кейінгі тынысы

Бұрынғы Семей сынақ полигонының проблемалары мемлекеттің жіті назарында. БҰҰ-ның 52-ші Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінде Қазақстан президенті Назарбаев бұл мәселені белгілеп, халықаралық қоғамдастықты оны бірлесіп шешуге шақырды. БҰҰ Бас Ассамблеясының «Қазақстандағы Семей өңірінің халқы мен экологиясы мен экономикалық дамуын жақсарту мақсатында халықаралық ынтымақтастық және қызметті үйлестіру» туралы қарарын іске асыру мақсатында БҰҰ даму бағдарламасы (БҰҰДБ) миссиясының жұмысы ұйымдастырылды.

Семей ядролық полигоны

Бұрынғы Семей полигоны аумағында орналасқан ғылыми-өндірістік кәсіпорындар базасында Қазақстан Республикасы Президентінің 1992 жылғы 15 мамырдағы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы (ҚР ҰЯО) құрылды.

Ұлттық ядролық орталық осы міндеттерді табысты атқарып келеді. Осындай орталықтың құрылуы жоғары білікті ғылыми-техникалық мамандардың көпшілігін жұмыспен қамтамасыз етіп, айтарлықтай дәрежеде зияткерлік әлеуетті сақтауға мүмкіндік берді. Ядролық қару инфрақұрылымын жою жөніндегі жұмыстар қазіргі уақытта аяқталу сатысында, ал ядролық қару сынақтары салдарын жою бүгінгі күнге дейін жалғасуда.

Полигон аумағында орналасқан ядролық сынақтар жүргізу нысандарын жою бойынша ауқымды жұмыстар орындалды. Атқарылған жұмыстардың жиынтық құны 1994 жылдан бастап 2019 жылға дейінгі кезеңде шамамен 187 млн АҚШ долларын құрады. Оның 98%  бюджеттен тыс қаражатпен қамтылды.

Полигон жүрегі - Курчатов

Семей ядролық полигонының бұрынғы орталығы – Курчатов қаласы, 2011 жылғы үлгідегі S.T.A.L.K.E.R. типті компьютерлік ойынның декорациясын еске салады. Оны Чернобль жарылысынан қалған Припять қаласы секілді «елес-қала» деп атауға болады.

Курчатов қаласы

Қала тарихы 1947 жылы Семейден 139 шақырым жерде жабық әскери қалашықтың құрылысынан басталады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Курчатовқа дейін қала Мәскеу- 400 деп аталған. Оның себебі бұкіл жабдықтау тікелей Мәскеу арқылы қамтамасыз етілетін. Кейіннен оны пошта нөмірі бойынша Семей-21 деп атады.

Жалпы, қазіргі Қазақстандағы ядролық ғылымның орталығы болып табылатын қалашық екі жақты әсер қалдырады. 90-шы жылдары ұрланған кәсіпорындардан басқа түк қалмаған. 2010-шы жылдары елде кәсіпорындар жандана бастағанда халық қайтадан қалаға қоныстанды. Қазіргі Курчатовтың кедей қала емес екенін көруге болады.

1991 жылы Семей сынақ полигоны жабылды. Сол кезден бастап қала өз тарихындағы жаңа кезеңге өтті. Қаладағы ядролық сынақтар салдарымен жұмыс, ластану мониторингі, бұрынғы инфрақұрылымды жою қолға алынды. Дәл осы себеппен Курчатовта Ұлттық ядролық орталық ашылды. Кеңес заманындағыдай, орталықтың құрамына кіретін институттар Курчатовтың құраушы кәсіпорындары болып отыр. 18 311 шаршы шақырым жер 13 бөлікке бөлінді. Олардың әрқайсысы белгілі бір бағдарлама бойынша зерттелді. ССП жабылуының 30 жылдығына орай, алаңы 2058,5 шаршы шақырым полигонның «шығыс бөлігін» зерттеу 2021 жылының соңына дейін аяқталады. Бүгінгі таңда полигонның жалпы алаңының 88,8 пайызы тексеріліп болды. Осы уақытқа дейін 2 миллионнан астам далалық және 100 мыңнан астам зертханалық зерттеулер жүргізілді.

Қазіргі уақытта біздің елімізде атом энергиясымен байланысты ғылымдардың дамуы еуразиялық кеңістікпен салыстырғанда керісінше болу керек еді. Соңғы әскери қызметкер Семейдегі сынақ полигонын тастап кеткенде, Курчатов қаласы посткеңестік көптеген елес қалалардың тағдырын бөлісуге мәжбүр болды. Радиация жұққан аумақтарды сыммен орап, олар туралы мәңгі ұмытып кету оңай емес.

Дегенмен бұл адам санасы қабылдамайтын қасіреттің бірі: ядролық сынақ салдары қазақстандықтардың қорқынышпен еске алатын үрейлі күндерінің күәсі іспеттес халықтың жүрегі мен тарихынан мәңгі орын алады. Уланған ауа мен топырақтың зардабын, экологияға келген орасан шығынды ешкім толтыра алмайды. Бұл Семей топырағында туылған талай жанның қасіреті, талай ұрпақтың жан жарасы...

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар