Қараусыз қалған желі: қазақстандықтар «қара базарға» қалай қол жеткізіп жүр?

cover

Білетініміз бір тоғыз, білмейтініміз тоқсан тоғыз. Интернеттің адам өміріне тигізетін біз білмейтін тұсы қандай?

«Бір жарым-екі сағат отырып, өлі денеден қалай құтылуға болады деп ойландым. Мен «түрмеге жауып тастай ма» деп қорқып, дәлелдемелерден арылмақшы болдым. Жауап іздеп интернетке кірдім. «Мәйіттен қалай құтылуға болады?» деп іздеу жасап, бірден оқуға кірістім. Осылайша, ас үй пышағын алып, Аяжанды дәлізде, еденде бөлшектей бастадым» деген қылмыскер сөзін Алматы қаласы полиция басқармасы бастығының тергеу жөніндегі орынбасары, подполковник Рустам Әбдрахманов caravan.kz-ке хабарлаған.

Еске салсақ, 19 наурызда «Сымбат» академиясының студенті Аяжан Еділова бейтаныс түркістандық жігітпен кездесіп, қаза болған. Медициналық университетте оқитын 1994 жылғы жігіт бойжеткенді өлтіріп, денесін бөлшектеп тастаған жерінде ұсталған.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, жас жігіт адам өлтіріп қана қоймай, оны бөлшектеп тастаған. Ал адамды қалай бөлшектейтінін интернеттен қарап білген.

Orda.kz редакциясы мұндай сұрақтарға Google іздеу жүйесінде қанша веб-парақ жауап беретінін анықтаған.

Скриншот

Көбіне іздеу жүйесі кино сценарийлер мен соңғы жаңалықтарды ұсынды. Бірақ оның ішінде шыныменде «мәйіттен қалай құтылуға болатынын» қадам қадаммен түсіндіретін әдіснаманы да кездестіруге болады.

Бұл қарапайым қолданушы қол жеткізе алатын сұрыпталған ақпарат. Онда тіркелмеген қаншама ақпарат көздері бар?

Orda.kz редакциясы осы мәселені зерттей келе, Dark Web ұғымына тап болды.

Dark Net / Dark Web деген не?

Dark Net / Dark Web 1970-ші жылдары оқшауланған желілерге қол жеткізу үшін қауіпсіздік мақсатында қолданыла бастаған желі. Ол кейін қазіргі интернеттің терең әрі қараңғы бөлігіне айналған.

Жалпы интернет үш қабаттан тұрады:

Фото: Айнура Дарибаева

Жалпы қолданушылар көретін интернет – ақпаратты сақтауға және беруге арналған біріккен компьютерлік желілердің дүниежүзілік жүйесі.

Одан кейін Deep Web орналасқан. Ол іздеу жүйелерімен индекстелмеген дүниежүзілік интернет желісінің көптеген веб-парақтарына қол жеткізуге көмектеседі. Оны қолдануға ешқандай қосымша бағдарламалар керек емес.

Дүниежүзілік интернет желісінде ешкімге көрінбейтін үшінші қабатта Dark Web тұр. Қарапайым қолданушы оған үлкен ізденіспен ғана қол жеткізе алады. Жасырын желіге кіру үшін адамдар VPN қосып, қосымша бағдарлама орнатып қана кіре алады. Онда «қара базардың» тауарлары мен қызметтерін қолдануға болады.

Dark Web-ті заң аясында қай елдерде шектеу қойылған?

Dark Web-ті көбіне Нидерланды, Испания мен Италия да қолданады.

Оны қолдану үшін қажетті браузерді орнату заң жүзінде тек Қытай мен Біріккен Араб Әмірлігінде шектелген.

Неге Dark Web қолданысы қауіпті?

Шектеудің орнымен болғаны дұрыс, шамадан тыс шектеу адамға қауіп төндіруі мүмкін. Қандай қауіп дейтін шығарсыз?

Ақпаратты сараптау кезінде көптеген анонимді топтар мен ақпарат көздері бұғатталады. Салдарынан желіде ақпарат іздеген адамдар өздеріне қажеттіні ала алмай, керегін сырттан іздей бастайды. Осылайша, олар қауіпті тереңде жатқан «қараңғы желіге» тап болады.

Мұнда адам санасы уланып қана қоймай, сондай-ақ қолданушының жеке деректеріне де қауіп төнеді. Себебі, ондағы хабарламалар тізімі:

  • Есірткі сату;
  • Адам саудасы;
  • Ағза сату;
  • Адам өлтіруге тапсырма қабылдау;
  • Хакерлік шабуылдарға тапсырыс қабылдау және т. б.

Қазақстандықтар үшін желі қол жетімді ме?

Қажеттіліктерін қанағаттандыруды көксеген адамдар оған кірудің айла-амалын табады.

Қазақстанда желіге кіру мүмкін емес. Тек VPN қосып, арнайы қосымша браузер орнатып қана болмаса. Демек, Dark Web-ке кіруге болады.

Желі қолданушылары ондағы қызмет түрлерін пайдалану үшін криптовалютаны (биткойнды) қолданады.

Қазақстанда криптовалютаға тыйым салынбаған, бірақ олар қаржы құралы немесе меншік болып табылмайды. Сондықтан, оның айналымы есепке алынбаған. Қазақстанда 1 биткойн шамамен 14 млн теңге тұрады.

Билік тарапынан бақылау бар ма?

Желідегі қылмысқа жауапты Ішкі істер министрлігі болғандықтан, Orda.kz редакциясы оларға мониторинг мәселесімен хабарласты. Алайда, олардың тек профилактикалық шара жүргізетіндіктері белгілі болды. ІІМ желідегі қылмысты әшкерелеп, веб-парақты бұғаттау үшін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне хабар береді. Интернеттегі ақпаратқа жауапты ҚР Ақпарат министрлігі болып шықты.

Желідегі ақпаратты бақылайтын ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Orda.kz редакциясының сұрағына былай деп жауап берді:

– Қазақстан Республикасы аумағында Заң талаптары бұзылмаған жағдайда бұқаралық ақпарат құралдарына, оның ішінде интернет-ресурстарға шектеулер қойылмайды.

Өз кезегінде, Dark Web анонимдік жүйесі бойынша Министрлік тарапыннан мониторинг басталған жоқ.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар