Аңызға айналған Орда: Ширек ғасыр бойы сахнада жүрген топ неге тарады?

cover Коллаж: Orda.kz

Ширек ғасыр бойы қазақ сахнасында өнер көрсеткен, әнге өзгеше леп әкелген, жастардың үні бола алған «Орда» тобы биыл соңғы концертін беріп, тыңдарманымен қоштасты. Orda.kz тілшісі топтың әншісі, продюссер Ерболат Беделханға хабарласып, сұхбаттасты.

«Орда» — 2000 жылдары құрылған қазақ музыкасында заманауи жаңа бағытымен ерекшеленген топ болды. Жаңа топтың сезім жайлы, махаббат жайлы сырға толы, замауи өңделген әндері халықтың, әсіресе жастардың жүрегін жаулады. Талай жас «Орданың» әндерін тыңдап өсті, есейіп орда бұзар азамат болғандар да әншілерді сүйіп тыңдайды. 

«Бауыржан шоу» Астанада болған кезде бізді шақырды. Үш ағайынды Беделхандар, биші болып 1999 жылы Астанада жұмыс істедік. 2000 жылы «Бауыржан шоу» театрына арнайы ұсыныспен келдік. Сосын Оразбековтер, Дастан мен Рүстем бар, «Бауыржан шоуда» басымыз қосылды. Сол театрға келген соң ән салдық. Содан кейін 3 жарым жылдан кейін барып біз жеке шықтық», — деді Ерболат Беделхан.
Ерболат Беделхан, «Орда» / Facebook

Ерболат Беделхан сол кезде Қазақстанның ішінде сұранысқа ие замауи музыканы қазақстандық әншілер өндіре алатындай жағдайға жеткізгілері келгенін айтты.

«25 жылдық өнердегі жолымыздан не байқадық? Маған Қазақстанда заманауи музыканың жетіспеуі, сұранысқа ие болмауы — қатты әсер етті. Себебі музыкаға өнім ретінде қарайтын болсақ, бұның өзі әлемдік деңгейде өзінің орнын алуы керек. Музыкамызға, бейнебаянға, келбетімізге қарай, заманауи бағытқа деген қызығушылыққа қарай жаңа бағыт туа бастады. Жергілікті эстраданың өзі Кеңес одағынан қалған жүйе еді. Кеңес одағы құлдырағаннан кейін: «біз сол бұрынғы жүйемен қала береміз бе? Әлде бізде жаңа жүйе қалыптасуы керек пе?» деген сұрақ тұрды. Сол мезетте осыған байланысты үлкен жұмыстар жүргізе бастадық. Тек қана «Орда» тобы ғана емес, «91» тобының пайда болуы да осыған байланысты болды. Тұтынушы халық ретінде «иә, қазақстандық өнім — эстрадамыз бар» деген оймен қалып қойды. Қалған өзінің қажетті музыкалық сұраныстарын халық шетелдік әншілерден алды. Мысалы, Америкалық музыка, Азиялық музыка, Түркия, Үндістан... Ол қажеттілікті солар қамтамасыз етіп тұрды. Осы мәселе мені қатты уайымдатты. Сұранысқа ие болып тұрған нәрсенің бәрін өзіміздің өндірістен алатын болсақ, өте дұрыс болады деп шештік», — деді Ерболат Беделхан.

2001 жылы Рүстем Оразбеков, Жанболат Беделхан, Есболат Беделхан, Ерболат Беделхан, Дастан Оразбеков секілді жігіттер «Орда» атауын жариялап, топ құрады. 2002 жылы «Бауыржан шоудан» топ бөлініп кетіп, жеке шығармашылығын бастайды. Сол жылы бүкіл хит-парадтарда көш бастап тұрған «Кеш мені» әні дүниеге келді. Топ 2003 жылы клиптарын түсіру үшін Ташкентке жолға шықты. Сол жерден бағыттары өздеріне ұқсас «Бангор» тобының жігіттерімен танысады. Кейін осы «Бангор» тобындағы Нұрлан Әлімбеков «Орданың» құрамына қосылады. 

Нұрлан Әлімбеков, «Орда» / Facebook

Алғаш  «Бауыржан шоудан» бөлініп шыққан кездері жайлы «Zamandas» жобасына берген сұхбатында топ мүшелері театр құрамынан шығудың қиындығы жайлы кеңінен айтып берген болатын. Қолы ұзын Бауыржан Ибрагимовтың беделді, «дөкей» таныстарының театр құрамында болғанда қамқор болып, кететіндерін айтқанда жылы қабылдамағандарын айтты. Топты театр барынша ұстап қалуға тырысқан. Кейін топ театрдан шығып, Алуа Қонарованың қолдауына ие болады. Ол кезде Алуа Қонарова «Daus international» тобының директоры болатын. Кейін «Орда» тобына продюссерлік етіп, продюссерлік жолын бастап кетті. Ол жайлы Ерболат Беделхан Orda.kz тілшісіне былай деді: 

«Алуа ханым сол кезде «Daus international» тобымен жұмыс істеді. Менің әйелім Асыл Беделхан сол құрамда болған. Әйелім арқылы сол Алуамен бірнеше рет танысып, көрісіп, араласып кеттік. Сөйтіп «Бауыржан шоудан» жеке шығып өзіміздің жеке жұмысымызды бастасақ па деген ойымызды ол кісіге айттым. Алуа ханым: «Егер мен сендерді «Бауыржан шоудан» алып шыға алсам, онда мен сендердің продюссерлерің боламын» деді. Сонымен мен оны балаларға айттым, балалармен келістік. Алуа ханым марқұм Бекмурзин (ред. Бекмурзин — Бауыржан Ибрагимовтың курстасы) арқылы бізді алып шығады. Содан кейін Бауыржан аға өз батасын беріп ақ тілекпен шығарып салды», — деді Ерболат Беделхан.

Содан кейін «Орда» тобы әуелі Ресейге, кейін Америкаға шықты.

«Сол кезде «Орда» тобының бірінші шетелге сапары Ресей елінен басталған. Ал Ресейге шығуға себепкер болған кісі Тоқтар Төлешов (ред. кәсіпкер) еді. Ресейде марқұм Юрий Айзеншпис аз уақыт қана продюссеріміз болды. Оқыс болып, ол кісі Мәскеуде қайтыс болды. Ресейдің музыка нарығына кіргелі жүргенбіз. Алайда ол кісінің қайтыс болуына байланысты сәтсіздікке ұшырап, елге оралдық. Басқа да продюссерлермен жұмыс істеуге тырысқанбыз, олар топтың құрамын өзгерткілері келген соң келісе алмадық. Артынша Америка баруға мүмкіндік туды. Алайда құрамда 6 адам. Ол ұсыныс жасағандар үшін өте көп адам еді. 4 адамды алып кетуге ұсыныс түсті. Екі ағамыз — Рүстем мен Жанболат соны естігеннен кейін бауырларына жол беріп, баталарын беріп, бізді шығарып салады. Бұл Мадина Алтынбаеваның Madu деген жобасы болатын. Солай әлі ешкім тыңдамаған ағылшынша альбом жаздық», — деді Ерболат Беделхан.

«Орда» болып 25 жыл жұмыс жүргізгенде арасында үзілістер болып тұрды. Расымен топ мүшелері өздерінің жеке жобаларына кірісіп, өзінше жеке дүниелер жасады. Мысалы, Дастан Оразбеков жеке әнші ретінде әндеріне бейнебаян түсіріп, дара әнші ретінде өзін көрсетті.

Дастан Оразбеков, «Орда» / Facebook

Сонымен қатар 2020 жылы «Почти мачо» комедиялық фильмінде басты рөлді сомдады.

Кәмшат Жолдыбаева және Дастан Оразбеков, «Почти мачо» фильмінен кадр

 Сондай-ақ Дастан Оразбеков «Қазақстан дауысы», «Егіз лебіз» секілді мега жобаларға әділқазы болып, қатысып жүр. Оның жаңа әндері, замауи стилі, өзіндік шығармашылығы қазірде көрерменнің жүрегінен орын тапқан.

Нұрлан Әлімбеков қазір қырғызстандық «Элес» тобында ән салып, концерттерге шығып жүр.

Ал Есболат Беделхан продакшнда қалып өз шығармашылығын жалғастырмақ.

 

Үзілістер жайлы айта отырып Ерболат Беделхан өзінің продюссерлік жұмыстарымен кеткенін және басқа топ мүшелері де келісіп жеке жобаларымен айналысқандарын айтты.

«2014 жылы өзімнің «Juz Entertainment» компаниясын құру және «91» тобын шығаруға байланысты 4-5 жылдай үлкен жұмысқа кірісіп кеттім. Уақыттың тығыздығына байланысты, назардың жоқтығына байланысты үзіліс болды. Тура солай мен ғана емес, басқа топ мүшелері өздерінің Solo жобалары бар т.б. қарбалас болды. Пандемия уақытында біз қайтадан жиналдық. Соңғы рет камбэк жасап, соңғы рет сахнамен әдемі қоштасып кетсек деген әңгіме болды. Енді бәріміздің жеке шаруаларымызға байланысты соңғы концертті толық ойдағыдай шығара алмадық. Халық соңғы сахнамызды өкінішпен, қимастықпен қабыл алды. Біз өзіміз де сол күйде жүрдік. Қазірдің өзінде қимастықтың дәмі сезіліп тұр. Мен кез келген жоба болсын, әншілер болсын уақытымен кеткеннің өзі өте дұрыс деп санаймын. Иә, егер сапалы дүние жүргізе алмасаң, ары қарай стратегияны қалыптастырып жаңа дүние шығара алмасаң, онда ұстап тұра бергеннің қажеті жоқ секілді. Адам үнемі ары қарай өсу керек, өну керек. Бұл — әлемнің заңдылығы», — деді Ерболат Беделхан.

Өнерге өзінше өзгеріс әкелген «Орда» тобының артынан ілескен өзгеше бағыттағы әншілер бар. Өзгеріс пен дамуды басты назарға алатын Ерболат Беделхан «91» тобына продюссерлік етті. 2015 жылы оның «JUZ Entertainment» агенттігінің «Айыптама» атты синглмен дебют алған «91» тобы әуелде хейтке ұшырағанымен, өзіндік аудиториясын жинап, кеңінен танымал болып, көтерілді.

Бұл топтың 2022 жылы агенттіктен кетуіне Ерболат Беделхан қаржы мәселесі әсер еткенін айтты.

«Бауыржан шоудан кеткен себебіміз — өнерге байланысты болды. Біз өнердің музыка саласын таңдап, сол музыка саласында өзімізді көрсету үшін кеттік. Пандемияның алдында АЗ топтан шықты. Ал қалған топ мүшелері сол жылы өнер саласына емес, керісінше қаражат жағына байланысты кетті. Қазақстанның музыка саласындағы нарығы өте шағын. Қаражат қинаған соң, пандемияда қиналған соң, балалар маған осындай ұсыныспен келді. Олар кетеміз дегенде келісімшарт уақыты бітпеген болатын. Ары қарай мен қарым-қатынасты сақтап қалуға тырыстым. Болмаған соң, батамды беріп жібердім», — деді Ерболат Беделхан.

Расымен қазақ музыкасының үдерісіне өзгеріс әкелген бұл топ елге өзгеше әсер етті. Ерболат Беделхан «91» тобынан кейін осы бағыттағы топтар көбейгенімен 2-3 жылда олардың қайтадан азайғанын айтты.

«Біз жаңа леп әкелгеннен кейін өзгерістерді байқадық. Ең бастысы жастарға заманауи музыкамен, әлемдік трендпен бірге қазақша өлеңді өңдей алатынымызды, өндіре алатынымызды көрсеттік. Дегенмен мұның өзі аз дер едім. Ең бір үміттенген себебім — «Орда» болсын, «91» болсын Q-pop деген субмәдениетті қалыптастырғымыз келді. Әсіресе, «91» тобынан кейін көптеген жастар қызығушылық танытып, әндер жазып, бейнебаян түсіре бастады. Бірнеше компаниялар кірісті. Бірақ ары қарай халықтан да, мемлекеттен де фидбэк болмағаннан кейін 2-3 жылдың ішінде қайтадан өшіп қалды», — деді Ерболат Беделхан.

Ерболат Беделхан бұл жаңа бағыттар халыққа жастардың өзіндік ойы бар, арманы бар екенін және жастарға көңіл бөлу керек екенін көрсеткенін айтты. 

«Субмәдениет Q-попқа байланысты айтар болсам, бұл жаңа бастамаларымыз жастарға әсер етті. Әуелде көпшілік кішкене түсінбей, ерте шешім қабылдап, сынап кеткен кезі болды. Бұл — қоғам ретінде, қауым ретінде мәдени өсудің алдында тұрғандығымыздың дәлелі. Себебі мәдениет дегеніміз біздің өмірлік көзқарасымыз. Бір орында қалғаннан кейін оны жылдам жүргізу маңызды болды. Сол мәдени майданда жүрген соң, сол жолды ертерек қозғасам деген ой болды. Жаңағы субмәдениет К-попқа Qazaq-поп деп өзге бағыт беріп, музыка саласындағы рөлімді атқара алдым деп есептеймін. Ал қауым сол қозғалыстан жастардың көкіректерінде жаңа ой бар екенін, армандары бар екенін және жастарға көңіл бөлу керек екенін көрсетті. Бұл мәселенің өзі мәдениетте үлкен рөл атқаратынын бәріміз мойындадық», — деді Ерболат Беделхан.

Продюссер Ерболат Беделхан сахнадан кеткенімен өнерден кетпейтінін және өнердің елімізді әлемге таныта алатын үлкен құрал екенін атап өтті. Ол алдағы уақытта қазақ музыкасынан кетпей, продюссерлік қызметін жалғастыратынын баяндады.

«Музыка әлемінде мәдениет, мәдениеттен кейін субмәдениет, субмәдениеттен кейін жанр деген ұғым болады. Бұл солай бөлінеді және үлкен музыка нарығын қалыптастырады. Соған байланысты мемлекет тарапынан болсын, көпшілік қауым тарапынан болсын осындай мәселелерге назар аудармаймыз. Демек өзіміздің қазба байлық, жер игеруден бөлек, креативті индустрияда да үлкен мүкіндігіміз бар. Оны «Орда» 25 жыл болды дәлелдеп келе жатыр. Бұл мүмкіндік. Менің салған кішкентай ғана үлесім. Мен бұны 25 жыл бойы зерттеп келе жатырмын, бұл тек зерттеу емес, бұл — үлкен жұмсақ күш. Елді ел қылатын, халқымызды, мәдениетімізді бүкіл әлемге көрсете алатын құрал. Оған қоса пайда көзі. Сол үшін мен 25 жыл бойы осы бағытта жұмыс істеп келемін, сахнадан қазір кетсем де, сахнаның артында әлі көп жұмыс бар», — деді Ерболат Беделхан.

Сурет, әдебиет, кино саласы секілді музыка өнерінің даму үдерісі түрлі бағыттарда дамып, тыңдарман қауымға өзінше сыр шертеді. Бұл ширек ғасырға дейін қазақ сахнасында жастардың үні бола алған «Орда» тобы. Орда тобы сахнадан кеткенімен, «Белгісіз жан», «Кеш мені», «Тағдыр», «Жауап бер», «Ғашықсың ба?» сынды әндері халықтың жүрегінен мәңгі кетпейді. 

Назарларыңызға Орда тобының соңғы бейнебаянын ұсынамыз.



Жаңалықтар

барлық жаңалықтар