«Анашым, бізді әкетіңізші!»: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан далада қалған бала көбейді

cover Материалда қолданылған суреттердің авторы: Дилара Иса

Түркістан облыстық өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығында 38 бала өмір сүреді. Олардың 20-ы - тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалар.


Балаларды қолдау орталығы Түркістан облысы Сайрам ауданы Қасымбек датқа ауылында орналасқан. Айналасы қоршалған екі қабатты ғимараттың ауласы кең. Қақпа алдында күзетші қойылған. Облыстағы тағдыры қиын балалар паналайтын жалғыз орталықты 3-18 жас аралығындағы 38 бала бар.


«Үйге қайтпаймын»



17 жастағы Наргиза – орталық тәрбиеленушілерінің бірі. Жетісай ауданында туған, отбасында бес баланың екіншісі. Ол тұрмыстық зорлық-зомбылыққа төзбей үйінен төрт рет қашып кеткен. Наргиза - ата-анасына барудан бас тартқан балалардың бірі. 


Орталықтағы төрт бөлімде он-он баладан бірігіп өмір сүреді. Әр бөлімшеде жеке асхана, жуынатын бөлме, дәретхана, зал және екі жатын бөлме бар. Наргиза өзімен тағдыры ұқсас төрт қызбен бір бөлмеге жайғасқан. 



Түс мезгілі. Бірінші ауысымда оқитын ол сабақтан келіп ас әзірлеп, бөлімшенің тазалығына жауапты тәрбиешімен жылы амандасты. Жасы кішкентай балалардың басын сипап өтті де бөтен әйелді көргенде бойын тез жинап алды.


 - Мамаларың келді ме? Сендерді алып кете ме? - деді жалтақ-жалтақ тәрбиешіге қарап. Өзімен журналистің әңгімелесуге келгенін білгенде үнсіз қалды.


Наргизаның мінезі ашық болғанымен, көпке сырын ақтармайды. Жарты сағат түрлі тақырыпта өзара әңгімелескен соң басынан өткен оқиғаларды айтуға келісті. Өзге балалар сияқты аты-жөнін өзгертуді, суретке түсірмеуді сұрады.


Наргизаның әке-шешесі 8 жасында ажырасқан. Әкесі - психикалық ауытқуы бар, бірінші топ мүгедегі. Ауылда екі бөлмелі кепе үйде жалғыз тұрады. Кісінің малын бағып, күнелтеді. Анасы көрші ауылда бес баласымен бірге тұрады.


 - Әкем ішімдік ішетін. Мас күйде анамды, одан соң бізді ұратын. 9 жыл бірге тұрып тіл табыса алмаған соң ата-анам ажырасты. Біз анамның қолында қалдық. Анам әкемнен ала алмаған ашу-ызасын балаларынан алды. Қит етсе ұрып-соғады. Шыбықпен аямай сабайды. Қыстыгүні жалаңаяқ далаға шығарып тастайды. Күнде айқау-шу, шаршадым, - деп сөзін бастады ол.  


Наргизаның айтуынша, ес білгеннен ауылда жалдамалы қара жұмыс істеп, өз киімі мен тамағына ақша тапқан. Шабық шапқан, егіннің шөбін жұлған, көшет еккен, мақта теріп, оның қозасын да жинаған. 15 жасқа дейін анасының айтқанынан шықпаған, айдағанына көнген. Бірақ жылулық көрмеген. 


Ол қазір өзге балалар сияқты мектепке күнде бара алмағанына өкінеді. Киетін бүтін киімі, не оқу құралдары болмай, жиі сабақтан қалғанына ұялады.


- Қазір сабағым шамалы түзелді ғой. Үйде жүргенде «үш» деген бағаны әрең алатын едім. Дәптер, қалам жетпейтін. Жыл басында алып берген 12 беттік дәптерді оқу  соңына дейін жеткіз дейді. Ол қайдан жетсін? Оқығым келді. Кейде сол дәптер үшін анамнан таяқ жейтін едім. Шашымнан тартып сүйреп далаға шығарады, не бетімнен жұдырықпен ұрып, мұрнымды қанатады. Қазір ойласам, жаным түршігеді. Сөйтсем, әр баланың оқуға, білім алуға құқығы бар екен ғой, -  дейді ол.


Наргиза өткен өмірін баяндап бергенде үнемі оң аяғы дірілдеп, оны екі қолымен басып отырды.


 - Ол - менің анам. Ана деген баласына қамқор болмаушы ма еді? Соңғы екі жылда үйден төрт рет қашып шықтым. Алты рет мектеп алмастырдым. Алғаш рет аяқ киімім ескіріп, сыз өткенде жұмыс істеп тапқан ақшама жаңасын алғаным үшін таяқ жедім. Тек таяқ жесем мейлі ғой ол намысыма тиетін ауыр сөз айтады, оған менің жаным ауырады. Одан қалса үйден қуып шығады. Айтыңызшы, қашанғы шыдай беремін? Неге мені анам жақсы көрмейді? - дейді ол өксігін баса алмай. - Сенесіз бе, қазір анамның еркелеткенін, не өзім еркелегенім есімде жоқ. Анамды кешірдім, бірақ үйге қайтпаймын. Анамның өмірін қайталағым келмейді. Бәрін жаңадан бастағым келеді. Арманым – аспазшы болу. Кәсіп үйреніп, ешкімге масыл болмай өмір сүргім келеді.


«Ата-анамды сағындым»


Наргизамен көрші бөлмеде ағайынды төрт бала өмір сүреді. Олар – Қазығұрт ауданында зорлық-зомбылық көрсеткен күйеуін пышақтап өлтірді деген күдікпен қамауда жатқан Зылиханың (аты-жөні өзгертілді) балалары. Үлкені – 9 жаста, кенжесі – 1 жастан асқан. 


1 жастан асқан Нүркен өзінен үш жас үлкен әпкесі Жанардың жанынан қалмайды. Есіктен кірген адамның алдынан жүгіріп шығып, бетіне үңіліп қарайды да, қайта ойынға кіріседі. «Соңғы кезде анасын сағынып жүр. Анам келді ме дегендей кім келсе де осылай алдынан жүгіріп шығады» дейді тәрбиеші.



Жанардың көзі мұңды, жыларман күйде. Екі ағасы Берік пен Серікті жиі құшақтайды. Ал Берік пен Серіктің жанарында қорқыныш бар. Жасқаншақ. Көп сөйлемейді, ұяң. Сұрақ қойсаң көбіне басын изеп жауап береді. Олар әке-шешесінің жанжалдасқанын көріп өскен. Қорлық пен азапқа шыдай алмаған анасының ас үй пышағын әкесіне сұғып алғанына куә болған.  


 - Жасың нешеде? - дедім үйдің үлкені Берікке қарап.

 - 9-да, -  деді ол қысқа қайырып.

 - Нешінші сыныпта оқисың? Сабағың жақсы ма? - дедім басынан сипап.

 - Иә, жақсы. 2-сыныпта оқимын, - деді бетіме көзінің қиығын салып.  Жанында тұрған Жанардың қобалжи бастағанын байқап: «Ботақан, сенің жасың нешеде?» дедім қолымды созып.

 - 4-те, - деді ол.

 - Бұл жерге қашан келдіңдер? - дедім екеуіне кезек-кезек қарап.

 - Күн суықта, қар жауып тұрған кезде, - деді Берік.

 - Кіммен бірге тұрасыңдар? - дедім бөлмеде төсек-орынның саны бесеу болған соң. Осы кезде төрде інісін ойнатып отырған Серік сөзге араласты.

 - Әке-шешеммен бірге тұрған едік. Қазір Жібек әпкемен бесеуміз осы бөлмеде жатамыз, -  деді.

 - Әкең мен анаң қайда? - дедім. Берік пен Серік біріне-бірі қарады. Бұл сұрақты койған адам көп болуы керек бірден оқиғаның қалай болғанын айтуға көшті:

 - Әкем анамды ұрды. Сосын анам асханадағы пышақты алды да, әкеме сұғып алды. Сосын анам әкеме «тұр, тұршы»  деп жылады. Ол кезде әкем тірі еді. Екеуі кө-ө-өп ұрсатын. Папам арақ іше берді ғой. Сосын полиция мен дәрігерлер келді. Анам мен әкемді дәрігерлер алып кетті. Ал бізді осында алып келді. Әкемді де, анамды да жақсы көремін. Оларды сағындым, -  деді Берік көзіне жас толып. 

 - Содан кейін анаңды көрдің бе? - дедім Беріктің қолынан ұстап, басынан сипап жұбатпақ болып.

 - Анаммен телефонмен бір рет сөйлестік. «Сәл-сәл күтіңдер, келемін» деп уәде берді. Серік анама ренжіп, сөйлеспей қойды. Жанар болса жылай берді, - деді ол басын төмен салып. 

 - Анаңа хат жазасыңдар ма? - дедім.   

 - Жоқ. Бірақ «Анашым, бізді әкетіңізші. Сізді сағындық!» деп жазғым келеді», -  деді Берік.

 - Берік, өскенде кім боласың? - дедім ойын бөлмек болып.  

- Дәрігер боламын, -  деді төмен қарап тұрған басын көтеріп. Ойланып тұрды да:  -  Әкем мен анамның жүрегін емдегім келеді, - деді ол сол жақ кеуде тұсына алақанын басып.

 - Арманыңа жет, балапан! - дедім қоштасып жатып. Осы кезде артымнан ере шыққан Нүркен мен Жанар екі аяғымнан құшақтады. Оларды жұбатпақ болып еңкейгенім сол Нүркен кеудеме басын қойды. Жанар мойнымнан қатты құшақтап тұрды да ұялып қайта бөлмеге қарай жүгіріп кірді. Оны көрген Нүркен артынан ілесті. Олардың артынан үнсіз қарап ұзақ тұрдым.


«Итаяқтан тамақ жеген»



Түркістан облыстық өмірі қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының негізгі міндеті - ауыл-аймақта тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген, суицидке бейім, қорғансыз, панасыз қалған балаларды анықтап, оларға көмек беру. Олардың ата-аналары, туған-туыстарына түсіндіру жұмысын жүргізіп, мүмкіндігінше балаларды отбасына қайтару. Қайтпаған жағдайда әлеуметтік статусын анықтап, ата-ана құқығынан айырып, баланы мемлекеттің қамқорлығына өткізу. 


Орталықтың басшысы Саттар Нұрпейісов тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген балалардың жағдайы жетім балалардан да қиын деп есептейді. Өйткені жетім балаларға мемлекеттен заң жүзінде, тегін баспана беру сияқты көмек қарастырылған. Ал өмірлік қиын жағдайдағы балалар көбіне ата-анасының қарауынсыз, үйсіз-күйсіз, ас-сусыз далада қалады. Оларға заңмен бекітілген арнайы жеңілдіктер жоқ. Өйткені олардың әлеуметтік статусы анықталмаған.


Орталық басшысы Наргиза мен ағайынды төрт баланың әзірге әлеуметтік статусы анықталмағанын айтады. Наргизаның анасы қызына күн бермей, қабылдай алмағанымен одан бас тартпаған. Орталық одан алимент өндіру үшін сотқа арыз түсірген. Ал төрт баланың анасы үш айдан бері тергеуде.


Тұрмыстық зорлық-зомбылық кезінде «күйеуіне пышақ сұғып, өлтірді» деген күдікке ілініп, қамауда жатқан Зылихадан оқиғаға байланысты пікір алу мүмкін болмады.



 - Cоңғы екі жылда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қамқорсыз далала қалған балалар көбейді. Олардың барлығында дерлік тіпті туу туралы куәлігі жоқ. Сабаққа өз жасынан кеш барған. Өкініштісі, балалардың көбі осында кәмелет жасқа толып, мемлекеттен ешқандай көмек ала алмай, қамқорлықсыз үлкен өмірге аяқ басады. Қорғансыз бұлай аяқтан тұру, қалыпты өмір сүру қиынға соғады, - дейді ол.


Нұрпейісовтің пікірінше, тұрмыстық зорлық-зомбылық қолайсыз отбасында жиі кездеседі. Соңғы уақытта ішімдік пен жұмыссыздық, ата-ана жауапкершілігінің төмендігі мен өгей ата-ананың көбеюі орталыққа келетін балалар санын арттырған. Өгей әкенің таяғынан, зорлығынан қашып шыққандар бар. Балалардың дені Сарыағаш, Мақтаарал және Жетісай ауданына келеді.


 - Мысалы, бір жыл бұрын Мақтаарал ауданынан Жандосты орталыққа алып келуге мәжбүр болдық. Жасы – 13-те. Өгей әкесінен зәбір көрген. Артынан анасы бір рет іздеп келмеді. Анасы Өзбекстан азаматы. 4-сыныпқа дейін әріп танымаған. Туу туралы куәлігі болмаған, - дейді ол.


Орталық басшысының айтуынша, қиын жағдайға тап болған балалар облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының мамандарымен бірге анықталады. Арнайы психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер және полиция баланың жағдайымен танысуға көмектеседі. Жандостың жағдайын мектеп мұғалімдері хабарлаған.


- Жандос туралы естігенде аудандағы әлеуметтік маман мен психологты мән-жайды анықтауға жібердік. «Ағай, бала ит үйшігінің жанында малқорада өмір сүріп жатыр, итаяқтан тамақ ішетін сияқты» деді. Суреттерін көргенде жаным түршігіп кетті. «Баланы қалдырмаңдар» дедім. Сөйтсем, әкесі өгейлік танытып, үйінен шығарып жіберген екен. Анасының мінезі - момын. Отбасының тұрмысы нашар. Анасы екінші күйеуіне қарсы келіп, туған баласына араша түсе алмаған. Мамандар баланы алып кеткенде қарсыласу былай тұрсын бір ауыз сөз айтпай, үнсіз шығарып салған, - дейді орталық басшысы.


13 жастағы Жандос - Қасымбек датқа ауылындағы мектептің 5-сынып оқушысы. Сабаққа 2 жыл кеш барған. Алғашында әріп танығанымен, қосып оқи алмаған. Қазір өз бетінше сөздерді оқиды. Спорт үйірмелеріне қатысады.


 - Жандосты әкелгенде өзім күтіп алдым. Кір-қожалақ, бала бомжға айналуға шақ қалған. Денесінің кей жері көгерген, онысы қарая бастаған. Қызметкерлер шомылдырып, киімдерін бүтіндедік. Қазір орталықтың өміріне үйренді. Есін жинап алды. Жігіт болып қалды ғой, өткен өмірін айтуды намыс көреді. Ашылып сөйлемейді. Біз де балалардың жарасын тырнағымыз келмейді. Барынша басынан өткен оқиғаларды қозғамауға тырысамыз. Кейде қолым жұмыстан босағанда екеуміз шахмат ойнаймыз. Шахмат ойнағанда мені жеңіп қояды. Бір күні «аға, мені үйге қайтарып жібермей ме?» деді алаңдап. Отбасына оралудан қорқатынын байқадым, -  дейді Нұрпейісов. 


«Екі қызының аяқ-қолын ұрып сындырған»


Түркістан облыстық полиция департаменті Қазығұрт ауданында төрт балалы әйелдің күйеуін пышақтап өлтірді деген күдікпен ұсталғанын растады. Бірақ оның ісі Қылмыстық кодекстің қай бабымен сараланғанын нақтыламады. Тергеу кезінде анықталған мән-жайларға байланысты прокуратура істі қайта тексеруге алған. Қазір күдіктінің күйеуін қасақана өлтірді ме, әлде өзін-өзі қорғау кезінде абайсызда өлтіріп алды ма, анықтап жатыр.



Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, 2022 жылы сот шешімімен тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан аймақта 8 баланың ата-анасы ата-ана құқығынан шектелген, 2 баланың ата-анасы ата-ана құқығынан айырылған. Биылдың өзінде 4 баланың ата-анасын  ата-ана құқығынан айырып, екеуінің құқығы шектелген. 


Түркістан облыстық өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының директоры Нұрпейісов тұрмыстық зорлық-зомбылық нәтижесінде орталыққа келетін балалардың көбейгеніне алаңдайды. Қазір орталықта 3-18 жас аралығында 38 бала болса, олардың жиырмасы зорлық-зомбылық көрген не куә болғандар. 2021 жылы - 54 бала, 2022 жылы – 87 бала  орталыққа жеткізілсе, олардың сексен пайызы зорлық-зомбылық көрген не куәсі болғандар. Өкініштісі олардың артынан іздеп келушілер жоқтың қасы, іздеуі, сұрауы жоқ. 


- Анау теледидар көріп отырған 3-4 жастағы бір үйдің екі қызын көрдіңіз бе?  Туған анасы бірінің – аяғын, екіншісінің қолын оқтаумен аяусыз ұрып сындырған. Сындырғанда сүйегі шашылып кеткен. Ауруханаға алып барып, ауыр жағдайда тастап кеткен. Әкесі жоқ. Екеуі осында келгенде жүре алмайтын еді. Өз бетінше тамақ іше алмайтын. Жақында ғана қол-аяғынан гипсті шешіп алдық. Полиция мән-жайды тергеп жатыр. Біз анасын ата-ана құқығынан шектеу жөнінде сотқа арыз жаздық. Өз баласын өлімші етіп сабап тастау шектен шыққан қатігездік қой, - дейді Саттар Нұрпейісов төрде алаңсыз теледидар көріп отырған екі баланы нұсқап.


Ол тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсететін отбасында өскен балалар қатты ашушаң болатынын алға тартады. Не тұйықталып, өзімен өзі қалады. Кей балалар намыстанып арнайы ашылған орталықта өмір сүретінін жасырады. Ал ата-анасы не ата-ана құқығынан бас тартпайды, не баласын алып кетуге асықпайды. Мысалы, Наргизаның анасын алимент өндіру үшін сотқа бердік. Келіп қызымен тіл табысып, үйіне алып кетудің орнына, «Наргиза түбі көшеде қалады» деп хат жазған.


 - Бұл балаларға қолдау керек. Олар да қалыпты өмір сүруге құқылы, - дейді Түркістан облыстық өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының директоры.


Материал авторы – Дилара Иса


Материал «BIZ» жобасы Америка халқының көмегі арқасында АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржысымен Internews ұйымы іске асыратын «Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы» аясында дайындалды. ЖК «Дилара Иса» ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты жəне ақпарат USAID-тың немесе АҚШ үкіметінің, сонымен қатар Internews ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар