Алматының ескі орталығын жаңарту жобасы қалалықтарға ұнамады

cover

«Алматыбасжоспар» ғылыми зерттеу институты мен сәулетші-дизайнер Нұрлан Төреханов бірігіп жасаған Алматының тарихи орталығын жаңарту туралы жобасы жергілікті тұрғындар мен қоғам белсенділері арасында сынға ұшырады. ORDA. жаңа жоба туралы.

2020 жылдың 27 қазанында Нұрлан Төреханов қоғамдық талқылауға   Алматының тарихи орталығы болып саналатын Байсеитова көшесін қайта жаңарту туралы жобасын ұсынған болатын.

Жобаны жасауға «Алматыбасжоспар» ЖШС-нің сәулетшілері, Халықаралық сарапшы Рикардо Марини («Urban Living» ЖШС-нің плейсмейкинг жөніндегі директоры) және Нұрлан Төреханов басқарған басқа да сәулетші-дизайнерлер қатысқан.

Жоба авторларының ұсынысы бойынша Абай атындағы опера және балет театры мен Байсеитова көшесіндегі гүлзар төңірегінде велодром, скалодром және скейтодром сияқты шағын спорт алаңқайлары жасалынады, сондай-ақ «Иссык» мейрамханасының сырт көрінісі өзгертіледі, ал мейрамхананың ең төбесіне екі жаздық кинотеатр орнатылмақ. Жүргенов атындағы өнер академиясы төңірегі де өзгеріп, мұнда екіжақты көше сахнасы орналастырылады.

Қалалық Жоспарлау және урбанистикалық басқармасы онлайн дауыс беру арқылы жаяу жүргіншілерге арналған жолдардың ең таңдаулы эскиз-жобаларын іріктеп алды. Бұл жобаны жүзеге асыру 2021 жылғы қала күніне аяқтау көзделіп отыр.

ФОТО polis.qlab.city

Алайда ұсынылып отырған жоба тұрғындар тарапынан қолдау таппады. Арнайы интернет-алаңда жүріп жатқан талқылауларда  жобаға қарсы пікірлер өте көп.

«Алматыбасжоспар» сайтында қазір пікірлерді зерттеу, ұсыныстарды елеп-екшеу жүріп жатыр. Анығын айтқанда бұл жоба әзірге тек концепция түрінде ұсынылып отыр, жоба әлі мақұлданған жоқ. Оған кететін шығын да беймәлім. Оның үстіне, ашығын айтқанда, Нұрлан Төреханов жобаның бас сәулетшісі емес. Ол тек осы жобаға шақырылған адам. Негізінде жобаны сәулетшілер командасы  жасап отыр», - деді қалалық Жоспарлау және сәулет басқармасының баспасөз қызметі.

Негізгі талас тудырған сәт - қаланың тарихи орталығының, осы төңіректегі жасыл желектердің сақталуы, сондай-ақ жобаның қаржыландырылуы мен бұл жобаға Нұрлан Төрехановтың қатысуына байланысты. Ал белгілі болғаны – жоба қала бюджеті есебінен қаржыландырылады, жетпей жатқан бөлігін демеушілер көтеретін сыңайлы.

Сәулетші Нұрлан Төреханов Алматының тарихи орталығын өзгертуге қарсылықтар туралы

Нұрлан Төреханов / Facebook

«Бұл жобаға мені халықаралық сарапшы Рикардо Марини шақырды. Өзім келіп қатысуды ойламаппын. Жұрттың тарихи орталық деп отырғаны шын мәнінде дәл олай емес. Қалада мыңжылдық құрылыс нысандары жоқ екені белгілі. Жалпы, Алматының Ұлы Отан соғысынан кейін ғана құрылысы жанданғаны белгілі. Сондықтан ескі ғимараттарды сақтап қалғысы келетіндерге таңқалмасқа шара жоқ. Осы жобаны талқылау барысында бірқатар қарсылықтар пайда болды. Олар тіпті бұл  жобадан мүлдем хабарсыз адамдар болып шықты. Ал негізінде  жоба бойынша көкжелектердің бәрі сақталынып, қазіргі заманауи, яғни, скейтборд, велосипед, слалом сияқты спорт түріне лайық шағын алаңдарды мегаполиске лайықтап жасау көзделген еді. Біздің тұжырымдамамыз Алматыны заман үлгісіне лайықты мегаполис ету болды».

Аида Альжанова, БҰҰ-ның бұрынғы қызметкері, қоғам белсендісі

«Біздің Алматыда Санкт-Петербург немесе Париждегідей ерекше архитектуралық өрнек жоқ. Біздің қаламыздың сәулеті ТМД елдеріндегі көп қалалардың біріндей ғана. Бұған дейін, мысалы, Алматының ескі орталықтарының бірі ретінде қаланың Панфилов   көшесі жаңартылған болатын. Жеке пікірім ретінде айтсам, ол жаңартулар маған ұнаған жоқ. Себебі ол жерде айта қаларлықтай архитектуралық стиль байқалмайды. Бұдан да қызықтырақ етіп жаңартуға болар еді. Ал мына жобаға келер болсақ, суретте бәрі әдемі көрініп тұр. Ал іс жүзінде қалай көрінеді? Ол жағы маған  белгісіз. Адамдардың білгісі келетіні – дәл осы архитектуралық стиль не үшін таңдалып алынды, ол адамдарға не береді? –деген сұрақтар бола қалған сәтте оларға архитекторлардың жауап бере алуы».

Нұрлан Төреханов, Алматының тарихи орталығын өзгерту жобасына қатысушы - тұрғындардың қарсы пікірлері туралы

«Мұндай маңызды мәселеде қоғамдық пікірсайыстың болғаны дұрыс –деп есептеймін. Өйткені пікірлердің нәтижесінде егер  сәулетшілер ұсынған жоба қабылданып жатса – ол жоба Алматының көркіне сай екендігі дәлелденді деген сөз.

Естеріңізге түсірсеңіз, Париждегі Эйфель мұнарасы мен Луврдағы әйнек пирамида сол кезде тұрғындар тарапынан өте көп сыналған нысандар болатын. Ал қазір олар қаланың символына айналды. Сондықтан біз де болашаққа қарап, қаланың адамға ыңғайлы да заманауи болуына мән беруіміз керек».

Экология және қоғам белсендісі, суретші Салтанат Ташимова мұндай жобалар біреу ғана емес, ішінен ең жақсысын іріктеп алуға мүмкіндік болатын бірнеше жоба болуы қажет - дейді.

«Тұрғындар өздеріне ыңғайлы ортада тұрып сол ортаны қорғау құқығына ие. Төрехановтың жобасында не техникалық негіз, не есеп, не ғылыми негіз жоқ, жобада төңіректегі тұрғындардың пайдалануына қажетті спорт алаңдарына байланысты  тұрғындардың жас мөлшері көрсетілмеген, не тұрғындар пікірі ескерілмеген. Бұдан басқа жобалар болмады дегенге келер болсақ,  айтарым – ондай жоба бар және болды. Мысалы, мен Әсел Тәтішеваның жобасымен таныспын. Ол жоба былтыр желтоқсан айында конкурста жеңіп шыққан болатын. Алайда қазір сол конкурстың нәтижелері жойылып кеткен».

Әсел Тәтішеваның командасы жасаған жобада, Салтанат Ташимованың айтуынша, барлық мүмкін жағдайлар қарастырылған. Алаңды пайдаланудың ыңғайлылығы, экологиялық шарттардың сақталуы, көкжелектердің кесілмеуі, топырақтың құнарын сақтау, жартылай дөңгелек алаңқайлар жасау, пайдаланбай жатқан телімдерді қамту сияқты мәселелер ескерілген.

«Жобаға Төреханов ең бастапқыда инсталляция үшін (өнерде кеңістіктегі композицияларды реттеу) шақырылған еді. Кейін ол бүкіл жобаны жасайтыны белгілі болды. Әкімдік бұл мәселенің тігісін жатқызу үшін Әсел Тәтішеваға жобаны Төрехановпен бірлесіп жасауды ұсынған. Бірақ Тәтішева мұндай ұсыныстан бас тартты. Ал тұрғындар тарапынан да жобаға деген қарсылықтар көбейе бастады. Олардың пікірінше скейтборд алаңқайын жасау тарихи орталықтың эстетикасына жат нәрсе. Талқылауға неге бірнеше жоба ұсынылмайды? Неліктен тек Төрехановтың жобасы қабылдануы керек?», - дейді экобелсенді Салтанат Ташимова.

Ташимова сонымен қатар қалалық жоспарлау және сәулет басқармасының «Төреханов жобаның бас архитекторы емес» дегеніне сенбестік білдірді.

«Бұл өтірік! Біз бұл мәселенің анық-қанығын әбден зерттедік. Біздің белсенділеріміз онлайн-конференцияға қатысып көз жеткізгені – Төрехановтың жобасының қабылдануына ықпал етушілік байқалған. Әкімдік Төреханов пен Тәтішеваның жобаларын біріктіргісі келген, алайда Тәтішева келіспеген. Осыған байланысты біз Жасыл экономика басқармасының басшысы Ливинскаямен кездесуді ұйғарған едік, ол бұл кездесуге, неге екені белгісіз, Төрехановты ала келіпті. Ливинскаяның бір өтірігі - ол  қанша іздесе де архитекторлар табылмаған көрінеді. Қажетті маман таппаған соң амалсыз Төрехановты таңдаған сыңайлы».

Қорыта келгенде белсенділер мен қоғамшылардың қарсылығына қарамастан жоба әлі де талқылану үстінде. Авторлар ең соңғы жобаны жұртшылықтың пікірін ескере отырып мақұлдайтынын жеткізді. Сондықтан арнайы пікірталас платформасында әркім өз ұсыныс-пікірін, ескертпелерін айтып, ең таңдаулы шешімдерді қабылдауға өз дауыстарын беріп қатыса алады.

Аударған Баян Танатарова

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар